МАРОККО МАЙТАЛМАНДАРЫ: МҰХАММЕД ӘЗИЗ ЛАХБАБИ
29.10.2020
963
0

(Соңы. Басы өткен санда)

«До чего же мы хрупкие с вами созданья!
И хотя для Аллаха,
Для Брахмы,
Для Бога-отца
Люди были венцом мирозданья.
Однако какой-нибудь сущий пустяк —
Инфузория, жалкий микроб —
Без особых усилий
Сводит нас в гроб.

О, боги из бронзы!
Творение рук человека!
По образу своему и подобию
Создавал он вас, боги.
Молитесь на человека,
Молитесь за человека,
Потому что ему вы обязаны многим.

О, боги из камня!
Неустрашимых и сильных,
Вас изваял человек,
Боязливый и хилый…
С высоты пьедесталов своих
Вы глядите, как мимо проходят века,
И ни время, ни бури
Не могут лишить вас величья и силы.

Так явите же милость тому,
кто вам жизнь даровал,
Кто вас создал и, как говориться,
поставил на пьедестал.
Он, создавший вас, любит цветы –
вихри рвут их со злобой,
Он боится болезней – разносят
их ваши микробы,
Дорожит своей жизнью – её поломать вы
способны шутя,
Позабыв, что извлёк он вас, боги,
из небытия.
Почитает он вас, очищает от грязи и пыли,
Строит пышные храмы, чтоб вы
среди роскоши жили,
Оживляет и бронзу, и камнь, и дерево,
чтобы вы плоть обрели,
И чтобы пылкая вера
Пред вами склонялась до самой земли.

И, однако,
Во власти своих постоянных
забот и тревог,
Дать вам сердце
Создатель ваш так и не смог.
По вине человека
Бессердечны вы, боги!»
Мұхаммед Әзиз Лахбаби,
«Кто кого создал»
(орыс тіліне аударған М.Кудинов).

«Неткен нәзік туынды ек біз, жарандар!
Алайда Алланың ісінде,
Брахма мен Ата-Құдай үшін де
Жаратылыстың тәжі еді ғой адамдар,
жаралғалы ғаламдар.
Бірақ бір инфузория – болмашы,
я, түкке тұрмас микробтың ордасы –
еш күшеніссіз
өлімге бізді жеткерсе,
өмірден ізгі өткерсе,
көрге де түсеміз біз…
қандай шараң бар?
Уа, кімдер…қалай амалдар?!

О, қоладан құйған Құдайлар!
Адам қолынан жалғанға мынау келгендер!
Өз болмысынан сендерді бөлгенде
өз бейнесін берген-ді ол сендерге.
Адамға құлдық ұрыңдар,
ол үшін дұға қылыңдар,
өйткені өтелмеген парыздарың көп көлден де,
бәрің де қарыздарсыңдар оған,
түптеп келгенде.
О, құдайлар тастан қашаған!
Қорқынышы жоқ, қуаты күшті сендерді,
үрейлері көп, әлжуаз адам жасаған…
Тұғырларыңның биігінде тұрып,
төменге салып зерді енді,
ғасырларға да тасырлап
өткен тасадан
бермейсіңдер-ау аса мән;
Уақыт та, дауылдар да,
даурыққан қауымдар да
құдіреттеріңді қалай баса алар?
Ұлылықтарыңнан қалай аса алар?!

Ғұмырларыңды болдырған,
тұғырларыңа қондырған,
жарық дүниеге әкелген,
аяласаңдаршы пақырды,
аямасаңдаршы рақымды.
Туындыгерлерің сүйеді гүлдің
көркемін –
құйындарың қырғын оларды жұлды,
ашуын шақырып ақырғы,
үлкен үрейі дерт еді –
микробтарың індет таратып,
сан алуан сырқатты сапырды,
қымбат еді оған өмірдің өртеңі –
миықтарыңнан күліп тұрғанда
күрт сындырасыңдар, келтіріп залал,
зақымды,
Құдайлар, ұмыттыңдар ма,
жоқтан бар жасап,
фәниге сендерді кім шақырды?!
Тазартқан шаң мен тозаңнан,
қызықты қиып, иманға ұйып, қиырдан
жиып ақылды,
қылған құлшылық, құрметі
тыс қалғаны ма назардан?!
Ғибадатханалар тұрғызды,
дүниә дәмін білгізді,
разы ғып сендерді, рахатқа батырды,
Қола мен тасқа, ағашқа да жан кіргізді,
болмыстарың болғай деп құнды, ізгі,
тәндерің толғай деп татымды;
Сендерге сыйындырып,
жерге дейін иілдіріп
сенімдегі сергек лапылды!

Алайда Құдайы амалдарының,
ұдайы алаңдарының
жүріп ырқында,
Жаратушыларың жарылқамаған жүрекпен,
жасай алса да түр-тұлға.
Адамның кінәсі ғой(арғысын кім ойлар?!),
түкке де тұрмайсыңдар,
ізгілік қылмайсыңдар,
жүректен жұрдайсыңдар, Құдайлар!»
Мұхаммед Әзиз Лахбаби,
«Кім кімді жаратқан».

Арқалы ақын 1948 жылы Мароккодан Францияға жол тартып, Париж университетін тәмамдайды. 1953 жылы философия магистрі дәрежесінде Париждегі Ұлттық ғылыми зерт­теулер орталығына қызметке қабылданып, тек бес жыл өткен соң ғана отанына оралған екен. Қазіргі таңда Африкадағы ең қуатты әдебиет ұйымы саналатын Араб Мағрибы Жазушылар одағының негізін де 1959 жылы Мұхаммед Әзиз Лахбаби қалағаны мәлім.
Тұңғыш жинағы «Үміт жыры» жарық көргенде, отыз жастағы шайыр Рабат университетінің филология факультетінің деканы болатын. Бұдан кейін екі жыр жинағы:«Түнектен жарыққа» (1958 ж.), «Оның дауысын іздеген менің үнім» (1968 ж.) жарық көріпті.
Ұрпақ тәрбиесін, азаттық жолындағы күрес пен рух еркіндігін жырларынан бөлек, прозасының да негізгі тақырыптарына айналдырған қаламы қарымды қаламгердің үш романы бірдей әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылған жауһарлардың санатында тұр.«Шөліркеген буын» (1965 ж.), «Адасқақ үміт» (1972 ж.), «Өмір нәрі» (1974 ж.) романдары бірқатар тілдерге аударылып, өз оқырмандарының сүйіспеншілігіне бөленген тұғырлы туындылар екендігі еш талас тудырмаса керек.
Философияда француздың персонализм (тұлға даралығы) ілімін ұстанған ғұламаның әр жылдары «Болмыстан тұлғаға» (1954 ж.),«Жабықтан ашыққа» (1961 ж.), «Мұсылманшылықтағы тұлға даралығы» (1964 ж.) атты академиялық еңбектері кітап болып басылып шыққан. Осынау омыртқалы, олқы түсер тұсы жоқ, ойсара ғылымында ойып тұрып орнын айқындаған ғылыми жұмыстары мұсылман әлемінде де, төрткүл дүниеде де түгелдей мойындалған монографиялар еді. Ішкі болмыс пен қоғамдық дамудың үйлесіміне үндеген, сананың жалпыжаһандық жаңғыруына шақырған шығармалардың авторы Марокко мемлекетінен шыққан тұңғыш ғылым докторы болатын. Оның танымалдығының тағы бір сыры араб тілінде ғана емес, жүздеген миллион адамдардың қолданысындағы француз тілінде де қалам тартқандығында жатқандай…
Лахбабидың қаншалықты қуатты ақын, қаншалықты ғажап ғалым болғандығын ол туралы жазылған ғылыми зерттеулердің ауқымынан-ақ аңғаруға болады. Е.А.Торчинов пен М.Я.Корнеевтердің бірлесіп жазған «Хайдеггер және шығыс философиясы: мәдениеттердің бірін-бірі толықтырулары бағытындағы ізденістер» (2001 ж.) зерттеу­інде, Академиялық бакалавриатқа арналған «XX ғасыр философиясының тарихы. Заманауи шет елдер философиясы» оқулығында (А.С.Колесниковтың редакторлығымен 2016 ж. жарық көрген), Ә. Дербісәлиевтің «Араб тілді Марокко әдебиеті», «Араб әдебиеті» еңбектерінде, М.Балтымованың «Шығыс әдебиеті» дәрістер курсында (2016 ж.), ҚР БМ Ғылым Комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты дайындаған «Шығыс пен батыстың мәдени – тарихи концептіндегі ілім мен сенім» ұжымдық зерттеуінде жан-жақты талданған.
Ақын мұраларын ең көп әрі толыққанды зерттеген ғалымдар Е.А.Фролова («Дискурс Арабской философии» монографиясы, Москва, 2016) мен С.В.Прожогина екен. М. Я. Корнеевтің «XX ғасырдағы Африка ойшылдары. Лахбаби: ақын, прозаик һәм философ» (1996 ж.) ғылыми еңбегі ең маңызды зерттеулердің бірі екендігін баса айтқымыз келеді.
Жиырмасыншы ғасырдағы Марокко әдебиетінің майталманы, араб тілді әдебиеттің ақсақалы, француз тілді Мағриб поэзиясының пірі болған алпауыт ақын, ғұлама ғалымның күні бүгінге дейін қазақ тіліне аударылған бір ғана өлеңі бар болып шықты («Тыңда, балам», 1970 ж.). Озық ой мен рух жасампаздығын шығармашылығының шырағданына айналдырған айбоз ақынның көркемдігі мінсіз, тұңғиық туындыларын ана тілімізге тәржімалау ісі келешектің еншісінде болмақ. Бұл құбылыстың бүгін бар болмысын, шексіз шығармашылығын баянымызға сыйғыза алмасымыз анық. Фесте туған заманының заңғар тұлғасы Мұхаммед Әзиз Лахбаби 1993жылы тамыз айының жиырма үші күні Марокко астанасы Рабатта көз жұмды… Тағы бір алып бәйтеректің фәнилік дәуренінің дәм-тұзы таусылып, барзақ әлемінің әлдиінен кейінгі бақилық баһадүр дәуірі басталды!

(Жалғасы бар)
АЛАШТУҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір