Ғылымды игергенмен, жан-дүниемізді зерделеуді ұмыттық
17.10.2020
1163
0

Үндістандық ақын, жазушы, аудармашы Мулинат Госвами 1970 жылы Үндістанның батыс бенгал штатындағы шағын ғана өндіріс қаласы – Асансолда дүниеге келген. Әкесі тұрмыс ауыртпашылығына қарамастан, ұлын туған жеріндегі ең мықты мектептердің біріне беріп, Ирландия, Аустралия, т.б. мемлекеттерден келген христиан миссионерлерінен білім алуына жағдай жасады. Онда бала мулинат ағылшын әдебиетімен сусындаған. Сол себепті, қазір туындыларын ана тілімен қатар, ағылшынша да еркін жазады.

– Мулинат мырза, қазір бүкіл әлем үшін қиын кезең туып отыр. Мемлекеттердің барлығы дерлік, қауіпті індеттің зардабын тартып жатқан бұл уақытта сіздің еліңіз вируспен қалай күресіп жатыр? Шығармаларына осы тақырыпты арқау еткен үндістандық қаламгерлер бар ма?

– Үндістан «Корона» деген көзге көрінбейтін жаумен қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, жоғары деңгейде арпалысуда. Бірақ бізде халықтың тығыз қоныстануы және қоғамдағы төменгі тап өкілдерінің бейқамдығы мен жауапкершілікті сезінбеуі күресті қиындатады. Мұны түсінуге де болады. Өйткені көп адам шектеу шаралары кезінде күнделікті нанын тауып отырған жұмысынан айырылды. Бірақ жанашыр азамат­тар (ішінде өзіміз де бармыз) шама-шарқымыз жеткенше, айналамызға көмектесуге тырысып жүрміз. Қазір бәріміз де экономикалық, физикалық және эмоционалдық тұрғыда дағдарыс пен күйзелісті бастан өткерудеміз. Мұндай ауыр кезеңде пандемия құрбандары мен қазір аурумен арпалысып, қиналып жатқандар үшін уайым-қайғыдан көкірегі қарс айырылмаған адам Жер бетінде жоқ шығар. Вирус жұқтырғандар ғана емес, жұмыссыз, ішер ассыз қалғандар да көңілге алаң ұялатады. Әлбетте, мұның бәрін үндістандық ақын-жазушылар да сана-сезімімен түйсініп, жан-жүрегімен ауыр қабылдап, қиын шақты туындыларына арқау етуде. Өзім бұл мәселеге бірнеше өлең мен шағын әңгімелер сериясын арнадым. Шығармаларымда қарапайым халық, жұмысшы тап ұшыраған сынақтар мен қиындықтарды суреттеп, көпшілікке жеткізуге тырыстым. Себебі күнкөріс қамымен мыңдаған шақырым жердегі елді мекендерден үлкен шаһарларға келген олар зауыт-фабрикалар мен өндіріс орындары уақытша жабылғанда жұмыссыз, табыссыз қалды. Ит арқасы қияндағы туған өлкесіне қайтып баратын да жөні жоқ. Қызметім бойынша Үкімет әкімшілігінің мүшесі болғандықтан, жұмыс бабында шарасыз, ашынған бұқараның аянышты халін көзіммен көріп, олармен бірге жүрегім ауырды. Біраз жұрт жұмыс істеген шаһарынан жырақтағы туған жеріне жету үшін талай күн мен түн жаяу-жалпылап шұбырды. Халықтың бұлай үдере көшуі, босуы 1947 жылы Үндістан тәуелсіздік алып, Үндістан және Пәкістан деген екі мемлекетке бөлінуінен бері болмаған еді.

– Сіздіңше, адамзаттың қателігі не?

– Адам баласы дамуды желеу етіп, көптеген қателік жасаса да, бұрынғы шалыс қадамдарынан сабақ алар емес. Атап айт­қанда, адамзат ғаламшарларды, аспан әлемін, ауаны, Жерді, мұхиттарды зерттеді. Тіпті, жердің терең қатпарларын да үңгіп, қазды. Алайда ең үлкен қателігіміз – сонша ғылымды игергенмен, біз жан-дүниемізді зерт­теп-зерделеуді ұмыттық. Көбіміз ар-айнасына үңіліп, өзімізге есеп берген жоқпыз. Дүниенің – атақ-мансаптың, ақшаның, ықпал мен биліктің – соңынан қуып жүріп, жанымызды кірлеттік. Өзін жазушымын дейтін кей кісілердің, жаңашыл қаламгерлердің қызғаныш батпағына белшесінен батқанын көріп, қынжылдым. Бүкіл әлем күнәлардың кесірінен әбден былғанды. Құрдымға апаратын жолға түскендейміз.

– Адамзаттың болашағы жөнінде не ойлайсыз?

– Егер осылай жалғаса берсе, технологиямыз қарыштап, өркендей түсетіні даусыз. Бірақ рухани жағынан біз өзімізді төменге құлдыратып, құбыжыққа айналдырып жатырмыз. Көзге де көрінбейтін кіп-кішкентай вирус таудай көкірегімізді басып тастағанын қараңызшы! Ал біз әлі күнге дейін ғылымдағы жетістіктерімізді айтып, мақтанамыз! Бәлкім, мен пессимист болып көрінермін. Бірақ ғаламға, айналаңызға мән беріңізші. Адамдар бір-бірін алдап-сулап, қиянат жасауда, әртүрлі топтар мен топтар, мемлекеттер мен мемлекеттер соғысып жатыр. Зорлау, тонау, өртеу, қару қолдану, зымыран ату, қантөгіс, жымысқы саясат жөнінде есту, көру үйреншікті нәрсеге айналып кетті. Біз қайда бара жатырмыз?! Бұл ғаламшарда тұратын барлық адам бір күнге бүкіл ісін, шаруасын ысырып қойып, қасындағы көршісінен «Қалың қалай? Қандай көмегім керек?» деп сұрағанын қалар едім.

Сөз өнерінің жалғыз қызметі – адамның ішіндегі арды ояту шығар

– Әдебиетке қандай анықтама берер едіңіз? Сөз өнерінің қызметі мен мақсаты қандай?

– Әдебиет – мен үшін өмір-сапарымыздың әр кезеңіндегі ішкі сезімдерімізді, көңіл-күйімізді, көрген-білгеніміз бен көңілге түйгенімізді көркем түрде жеткізетін өнер. Яғни, бізге рахат не азап беретін, сүйіспеншілігімізді не жеккөрінішімізді оятататын түрлі оқиғалар мен құбылыстарды суреттеу. Өмір ақ пен қарадан тұратыны ақиқат. Әдебиетшілер ақ параққа қара сиямен жазады. Егер араластырсаңыз, қара түс өзге барлық түсті сіңіріп алады. Ендеше, ақ пен қарадан тұратын ғұмырды ақ параққа қара сиямен жазатын қаламгерлер, мейлі, поэзия, мейлі, проза, мейлі, драмада болсын, өмір шындығын толық сіңіріп, бейнелеуі керек. Әдебиет – заман мен қоғамның айнасы. Осы айнаға үңіліп, біз ой түйеміз, алдағы уақытта қалай әрекет ету керек екенін бағамдаймыз. Бәлкім, сөз өнерінің жалғыз қызметі – адамның ішіндегі арды ояту шығар. Әрқайсысымыз арлы болсақ, қоғам оянады, түзеледі. Сөйтіп, дүниенің соңынан қуып, мән беруге мұрша болмай жүрген түрлі мәселелер өзінен-өзі шешілер еді. Сондай-ақ, бәріміздің ішімізде арманшылдық, ойшылдық бар. Әдебиет қалғып кеткен осы қасиеттерімізді оятса, өмірге өзгеше көзбен қарап, анағұрлым мейірімді әрі парасатты болар едік. Бір сөзбен айтқанда, сөз өнерін оқу арқылы жанымызды тазартамыз.

– Қазақ әдебиетінен хабарыңыз бар ма?

– Сөз өнері шеті мен шегі көрінбейтін үлкен қазына болғандықтан, бір адамның бәрін игеруі мүмкін емес. Жақында маған Алпамыс Файзолла деген қазақтың жас ақынының бір топ өлеңін оқу және аудару мәртебесі бұйырды. Осы арқылы қазақ әдебиетінің бағыт-бағдары жөнінде аз-кем болса да, түсінігім қалыптасты. Алпамыстың образдарының көркемдігіне, ерекшелігі мен ойын ұғынықты жеткізетініне сүйсіндім. Өзге халықтың әдебиетін оқудың жалғыз жолы – аударма саласын дамыту. Қазақ әдебиеті жөнінде кеңірек біле түскім келеді.

– Оқырмандарға өмірбаяныңызды айтып берсеңіз.

– 1970 жылы Үндістанның Батыс Бенгал штатындағы шағын ғана өндіріс қаласы Асансолда, орташа тұратын отбасыда тудым. Марқұм әкем Үндістанның темір және болат өндіретін зауытына жалданып, жұмыс істеді. Атам Шығыс Пәкістаннан (қазіргі Бангладеш) қоныс аударған эмигрант еді. 1947 жылы Үндістан Британия билігінен құтылып, тәуелсіздік алғанда, еліміз Үндістан және Пәкістан болып екіге бөлінді де, күнкөріс қиындады. Біздің жеткілікті ақшамыз болған жоқ. Өсімдікті тамырымен қазып алып, басқа топыраққа отырғызғаннан кейін жерсініп, жайқалып кетуі үшін біраз уақыт керек емес пе? Адамдарға да жаңа қоғамдық құрылыста аяққа тұру үшін уақыт керек. Тұрмыс ауыртпашылығына қарамастан, әкем мені Асансолдағы ең мықты мектептердің біріне беріп, Ирландия, Аустралия, т.б. мемлекеттерден келген христиан миссионерлерінен білім алуыма жағдай жасады. Маған бұл мектептегі кітапхананың есігі айқара ашылды да, ағылшын әдебиеті деген таңғажайып әлем мені өзіне тартып әкетті. Сөз өнеріне деген қызығушылығым осы кезде оянып, қабілетім ашылды. Мектепті бітірген соң, туған өлкемдегі Бурдван университетінде оқып, Жаратылыстану ғылымдары саласына мамандандым. Содан кейін Бизнес әкімшілігі бағытында магистратурада оқыдым. Қазір Батыс Бенгал штаты үкіметінің мүшесімен, Асансолда тұрамын. Бала кезімде фольклордан ауыздықтансам, ал ержетіп, ақыл тоқтатқан шақтан бастап, бенгал және ағылшын тілдерінде қатар көптеген поэзиялық, прозалық шығармалар оқып, ізденгенімді де айта кетейін.

Аласұрған ізденістің арқасында, мен – ақынмын

– «Дайал» деген жыр жинағыңыз жарық көріп, Колкатадағы (Калькутта) халықаралық кітап көрмесінде таныстырылған екен. Бұл еңбекте қандай мәселелер көтердіңіз? Ал атауы қандай мағына береді?

– «Дайал» деген сөз бенгал тілінен аударғанда, «мейірімді жан» деген мәнде қолданылады. Ақын ретінде менің жолым – шексіз ізденіс. Мен әлденені іздеп жүрмін. Бірақ не екенін өзім де білмеймін. Тапқан күні ақын болмай қалатын шығармын. Өйткені ондай жағдайда мен үшін өмірдің мәні қалмайды. Осы шарқ ұрған, аласұрған ізденістің арқасында мен – ақынмын. Іздегенім мейірім бе, жанашырлық па, махаббат па, ақиқат па, нақты айта алмаймын. Алайда жан дүнием әлдебір ғажайыпқа, кемелдікке сусайды. Бәлкім, жер шарын кезген дәруіштей мен де жоғымды іздеумен бүкіл ғұмырымды өткізермін. Мен бүкіл нәрседен поэзияны көремін. Мен үшін су да, аспан да, жұлдыздар да – кәдімгі өсімдіктер мен жануарлар сықылды жаны бар тіршілік иелері. «Дайалда» осы кемелдікке ұмтылған күйді, сезімді жеткізуге тырыстым. Сондай-ақ, күздегі бақ сияқты, жалпы табиғаттың өзі тәрізді мейірімді, кең болуға шақырдым. Дүниелік істердің аясынан шығып, анағұрлым биік рухани әлемнің шыңына үндедім. Көбіміз елеусіз қалдырған ішкі ар үнін тыңдауды насихаттадым.

– Үндістанның орталығындағы Бхопал қаласында өткен жазушылар кездесуіне қатысыпсыз. Бұл шара жөнінде толығырақ айтып берсеңіз.

– Бұтақтарын төңірекке жайып өсетін ағаш сияқты қаламгер де шығармашылық мүмкіндіктерін жан-жақты жетілдіруі, көрсетуі қажет деп ойлаймын. Сол себепті, өлең ғана емес, бірнеше жылдан бері әңгімелер, повестер және драмалық туындылар да жазамын. Жоғарыда сіз айтқан кездесуде мен ана тілім бенгалша прозалық шығармаларымды оқыдым. Бұл басқосуды еліміздегі Мадхья-Прадеш штатының Мәдениет басқармасы 38 жыл бұрын ашқан беделді «Бхарат Бхаван» ұйымы мерейтойына байланысты өткізген еді. Урду, ория, хинди, т.б. тілдерде жазатын көптеген танымал автор қатысқан шарада пікір алмасып, тәжірибе жинадық.

Сөз зергері тек әдебиетке тәуелді

– Аудармашы екеніңізді де білемін…

– Джибанананда Дас, Джелум Трибеди, Шамсур Рахман, Нирмаленду Гун секілді бенгал ақындарының жырларын және Нұр-Сұлтанда өткен Азия қаламгерлерінің форумына қатысқан Амар Митраның әңгімелерін ағылшыншаға аудардым. Керемет шығармалар жазған бұл ұлы қаламгерлерге бенгал халқы мәңгілікке қарыздар. Үкіметте жұмыс істейтіндіктен, шығармашылықпен айналысуға кешке ғана қолым тиеді. Өзім де поэзия және прозада қалам тербейтіндіктен, тәржіма саласында өнімді жұмыс істеуге уақытым жете бермейді. Бірақ алдағы уақытта жақсы аудармалар жасағым келеді.

– Сүйікті ақын-жазушыларыңыз кімдер?

– Тірі кезінде еленбеген, лайықты сый-құрмет көрмеген бенгал шайыры Джибанананда Дас – менің сүйікті ақыным. Ал сүйікті жазушым деп нақты бір адамды атай алмасам да, бенгал қаламгерлері Самареш Бос пен Бибхутибхушан Бандиопадхяйдың және ағылшынша жазатын үнді сөз зергері Амитав Гоштың шығармалары маған қатты әсер еткенін айта кетейін. Ал шетелдік жазушылардан Габриэль Гарсиа Маркес, Салман Рушди, Лев Толстой, Томас Харди, Франц Кафка, Оливер Генри, т.б. көптеген қаламгер ұнайды. Әдебиетте аса дарынды жазушылар да, ғажап туындылар да өте көп…

– Үнді жастары кітап оқи ма?

– Иә, оқиды. Ғаламтордың кесірінен ке­йінгі буын кітап оқудан қол үзді деген қоғамдық пікірмен келіспеймін. Асансолда 39 жылдан бері әр қаңтар айында дәстүрлі түрде үлкен кітап көрмесін өткізетін ұйымда қосымша жұмыс істеп келе жатқаныма біраз уақыт болды. Жастардың әдебиетке деген қызығушылығы мен ынтасын сырт­тай бақылап, риза боламын. Оның үстіне, қолжетімді болғандықтан, қазір электронды кітаптар мен электронды басылымдарды да оқу кең тараған. Сол себепті, жастар кітап оқымайды деу ақылға қонымсыз. Бірақ Үндістан – өте үлкен ел. Сондықтан жалпы үнді жастарының арасында әдебиеттің қай жанрларына сұраныс күшті екенін нақты айта алмаймын. Алайда өз өлкем Батыс Бенгалияда сөз өнерінің барлық саласы оқылады. Бенгал жұртының әдебиетке жақын болуына біздің бай әдеби мұрамыз себеп. Поэзия әр бенгалдықтың жүрек төрінен орын алғандықтан, өмірінде бір рет болсын өлең жазбаған жерлесіміз жоқ. Мол рухани қазына қалдырған ең танымал үш ақынымыз Рабиндранат Тагор, Джибанананда Дас және Кази Назрул. Мұсылман халықтарының сүюі қалыпты әрі түсінікті жәйт деп есептеймін. Олардан басқа да көптеген ақын-жазушымыздың шығармашылығы әр буынның әдебиетке деген ынтасын, құштарлығын оятып келеді.

– Үндістанда Жазушылар одағы бар ма? Болса, қаламгерлерге қалай қолдау білдіреді?

– Үндістан – өте үлкен мемлекет. Сондықтан еліміздегі әдеби ұйымдар мен бірлестіктердің нақты санын айта алмаймын. Өзім қандай да бір ұйымға мүше болудан ерікті түрде бас тарттым. Өйткені жазушының жаны еркін болуы керек. Сөз зергері әдебиетке, тек әдебиетке ғана тәуелді. Ал кез-келген одақтың не қауымдастықтың өкілі болса, белгілі бір дәрежеде сөз бостандығы, ойлау еркіндігі, таңдау еркі шектелуіне әсер етеді.

– Заманауи қаламгерлер қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Бұл сұраққа жұрттың бәрінің көңілінен шығатындай дұрыс жауап беруге шамам жете ме, білмеймін. Бірақ, меніңше, нағыз сөз зергерінің басты қасиеттері ешқашан өзгермейді. Жазушы әртүрлі оқиғаларға куә болып, әрқилы жәйттарды бастан өткеріп, бақылап, ой түйіп, сезініп, жүрегімен қасірет шегіп, көрген-түйгенін жазу үшін ғаламға жіберілді. Алайда өлең-дастандар Жердің барлық пұшпағында бағзы замандардан бері жазылып келе жатқандықтан, айтылмаған тақырып, көтерілмеген мәселе, жырланбаған сезім пернесі қалмаған шығар. Ендеше бұрыннан жазылған нәрсені тура сол қалпында қайталап берудің қандай пайдасы, не қажеті бар? Демек, ақын бұрын мың рет жырланған тақырыпты мүлде басқа қырынан, өзіндік өрнегімен ерекше түрде өлеңге айналдыруы керек. Заманауи қаламгерлердің шығармашылығында өзгешелік, жаңашылдық болғаны жөн деп ойлаймын.

– Газетімізге және оқырмандарға қандай тілек айтасыз?

– Кез-келген әдеби басылым сапалы, ойлы дүниелерді жариялау арқылы оқырмандардың интеллектуалдық деңгейінің өсуіне әсер етеді. Ал оқырмандар, керісінше, осы пайдалы материалдарды оқып, губка секілді сіңіріп, жүрек көзінің ашылуына әрекет етуге жауапты. Бұл әлем – сондай таңғажайып жаратылыс. Енді махаббат, мейірім және өзара түсіністік арқылы ғаламды келешек ұрпақтар үшін одан сайын жақсартуға тырысайық. Дүниеде әдебиеттен асқан ұстаз жоқ болғандықтан, сөз өнерінен жырақтамаңыздар. Оқыңыздар, оқыңыздар және оқыңыздар. Газеттеріңіз одан әрмен өркендеп, адамзаттың санасына оң әсерін тигізе бергей. Баршаңыздың руханият әлеміне саяхатыңыз сәтті болсын. «Қазақ әдебиетіне» сұхбат беріп, керемет халық – қазақтарға ой-пікірімді жеткізу мен үшін үлкен құрмет. Маған осындай мүмкіндік ашқан ақын Алпамыс Файзоллаға алғыс айтамын.

– Сізге де көп рақмет!

Сұхбаттасқан Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір