Оба һәм Шекспир
19.10.2020
1188
0

Тарих сахнасындағы зілзала, апаттар мен сан түрлі қақтығыстар, адамзат алдындағы қауіпті де сындарлы сәттер қай қашанда әдеби шығармалардың маңызды элементтері мен тақырыптары болып келеді. Шекспир пьесалары осы элементтерден ада дей алмаймыз, тіпті оның шығармашылығының өзі бір «апат» екенін уақыт көрсетті… Жер басып жүрген пенденің обалы мен сауабын арқалаған – оба кім-кімді де өз ырқына жібермеді. Шекспир сол обаның қасіретті сәттерін пьесалары арқылы сөйлетті.

Гу ЧУНФАНГ

(Gu Chun Fang), Пекин университеті өнер факультетінің профессоры


Ромео мен Джульетта» пьесасында мынадай бір маңызды сюжет бар. Лоуренсо пірәдар өзінің сенімді досы Джованниге бір парша өте маңызды хат береді, ол хатты Ромеоға апару керек болатын. Десе де, дәл осы хат Ромеоға жетпей, «өлі Джульеттаны» (әсілінде дәрі қабылдағаннан кейінгі ұзақ талықсу еді) көрген Ромео өзіне қол салады. Джованни Лоренсоға:

«Ауруларды күтіп жүрген тақуаны,

Ерте кеткім келіп еді өзіммен.

Барған бойда құлып салып есікті,

ОБА шығып жатқан үйдің адамы деп,

Сыртымыздан мықтап жауып кетіпті.

Мантуяға бара алмадым сонымен…

Ауру жайлап кете ме деп о жақты,

Мен ешкімге бере алмадым бұ хатты,

Оны, міне, қайта әкелдім өзіңе», –

дейді. (Бесінші перде екінші көрініс)

Пьесаның бұл үзіндісінде хаттың неге уақытылы жеткізілмегенін түсіндіріп қана қоймай, обадан кейін адамдарға төнген қауіптің әлі сейіле қоймағанын, күдік пен күмән, үрей ортасында жүрген адамдардың жағдайы сипатталады. Бұл үзіндіден біз тағы Шекспир өмір сүрген XVI ғасырда да обадан зардап шеккен аумақтарда тиісті оқшаулау шаралары жүргізілгенін түсінгендей боламыз. Оба кезінде инфекция жұқтырған адамдардың сыртқа шығуына рұқсат етілмеді. Кеселдің таралуын бәсеңдету үшін, дерт жұқтырды деп күдікке ілінген адамдар карантинге жабылып, елдің көбінің жұмыс істеуге құлқы болмады.

Шекспирдің тағы бір пьесасы – «Антоний мен Клеопатра»-да Антоний мен Октавийдың некелескені туралы хабар Мысырға жеткенде, Клеопатра бұл істі қабылдай алмайды да, хабаршыға тіл тигізіп, әрі қарғап: «Дүниедегі ең жаман оба саған жұқсын, сен өзі не оттап тұрсың? Жоғал, жексұрын ит. Әйтпесе, көзіңді ойып аламын да қарашығыңды өкшеммен езем, шашыңды жұлып қолыңа беремін. Темір қамшымен жоныңнан таспа тілем де, тұзды суға тоғытам, тіпті сірке суына тұншықтырып өлтіремін» (Екінші перде бесінші көрініс), – дейді.

Шекспир дәуіріндегі обаға шалдыққан адамның беті бері қарамайтыны белгілі, бітеу жара асқынып, безгек қысқанда адамдар жанын қоярға жер таппайды. Ол кездегі обаның тағы бір аты – өлім болатын. Сондықтан басқаларды «обаға шалдыққыр» деп қарғыстаудан асқан қарғыс жоқ еді. Дәл осындай қарғыс оның «Кориолан» атты римдік пьесасында да қайталанды. Онда ке­йіпкер Маршалл римдіктерге қарғыс айтып: «Оңтүстікті жалмап біткен оба бастарыңа келсін, өңшең сұмырай римдіктер. Үсті-бастарыңа шешек қаптасын. Құдай бар болса, соққан желден ауру жұқтырыңдар! Сонда лептеріңді иіскеген адам сендерге жуымайтын еді. Адам терісін жамылған өңкей сасық қаздың әруақтары» (Бірінші перде төртінші көрініс).

Сондай-ақ, «Король Лир», «Троил мен Крессида» және «Афиналық Тимон» қатарлы пьесаларында обаны әр қырынан сипаттайды. Шекспир шығармаларында обаны көп суреттеуінің себебі, ол шынымен де оба жайлаған ерекше кезеңді көзімен көріп, көңілімен түйсінген адам. Адамдардың сенімі мен түсінігі «Құдайдың құрсауынан» енді ғана босатылып, еуропалық география­ның ашылуы – шет елдердерді отарлаудың пердесін ашып береді. Британия Испанның жеңілмейтін флотын жеңгеннен кейін, олар ғарыштап дами түседі. Еуропадағы протестантизм мен ескі діни көзқарас арасындағы қатігез қақтығыстар, ел ішін кеңінен жайлаған қара індет пен дауасыз оба… Бұл біз үшін әрине мифке айналған қатпарлы тарих картинасы болғанымен, Шекспир өмір сүрген дәуірдегі шынайы өмірдің бет-бейнесі сондай еді.

Уильям Шекспир 1564 жылы Эйвон өзенінің бойындағы Стратфорд деген кішкентай қалада дүниеге келді. 1569 жылы Шекспирдің әкесі осы қаланың жергілікті губернаторы ретінде, екі театр үйірмесіне сыйақы төлеуге жауапты болды, 1587 жылы Шекспир оқыған мектепте, кем дегенде, бес театр үйірмесі өнер көрсетті. Шекспирдің балалық шағы – Ковентри қаласының христиан евхаристін тойлайтын маңызды орынға айналған кезіне тұспа-тұс келді. Табиғи зауал немесе техногендік сипаттағы апаттар болмай тұрып, Ковентри аймағында түрлі мерекелер жиі өткізілетін еді. -1575 жылы Стратфорд қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан Кенилворт сарайында өткен Корольдік мереке 19 күнге созылды. Мереке – Елизавета I-дің келуін қарсы алуға арналды. Мереке барысында сарайдағы макияж биі биленіп, жергілікті театр қойылымдары қойылды.

Елизавета дәуіріндегі діни қақтығыстар, саяси қудалаулар, қала ішіндегі зорлық-зомбылықтан басқа, ең қорқынышты апат – адамдардың обадан жаппай қырылуы еді. Онда көп таралған бубон обасы (қара індет) болатын. XIV ғасырдың басында Британияда пайда болған қара індет, қара тышқандарда болатын бүргелерден тарап, жаз ортасында асқына түсетін еді. Бактериялар денеге енгеннен кейін, олар лимфа жүйесіне әсер етеді. Инфекцияның белгілері – қолтық пен шап ісінеді де, біртіндеп іріңдей бастайды, соңында қол-аяққа қара дақтар пайда болады. Инфекция жұқтырған адамдардың ең алдымен ыстығы көтеріліп, тыныс алуы қиындайды және ес-ақылынан адасады. Оба дертін жұқтырып алғандар соңында ағзаның жетіспеушілігінен қайтыс болды.

Шекспир көзі тірісінде көптеген ірі обаларды басынан өткерді. Питер Акройдтың «Шекспир өмірі» атты еңбегінде, 1564 жылы, яғни Шекспир өмірге келген жылы жазда, 6 айға жетпейтін уақыт ішінде, сол қаланың 10-нан бірін ұстап тұрған, 237 тұрғыны обадан көз жұмғанын айтады. Қалашықтағы нәрестелердің 1/3-і ғана бір жасқа толатын. Сол кезде құндақтаулы Шекспирді анасы ауылға алып кетіп, обадан аман қалған бақытты жандар қатарына қосады.

Еуропа орта ғасырындағы қара індет

Шекспирді, шынымен де, Құдайдың сүйген құлы болды деуге әбден негіз бар. 1592 жылы жазда Лондоннан етек алған қара індет 1594 жылға дейін жалғасты. Оба әрбір он екі тұрғынның бірін жалмап отырды. Дәл сол жылдары Лондонда тұратын Шекспирді ажал тағы да айналып өтті. Сол дәуірдегі жазушылар сияқты, оның өміріне де оба мен өлім қаупі төніп тұрған еді, өз ойындағы шығармашылық ізденіс шеңбері де тари түсті. Өзі жақсы көрген көптеген көршілері, достары мен көрермендері бірінің соңынан бір өлім құшып жатты. Десе де, Тәңірдің оны сүйгені сонша, төрт құбыласын жайлаған обадан аман қалған Шекспир, «артына өлмейтұғын сөз қалдырды». Бұл, енді, тарих бетіне алтын әріптермен әдіптелген құбылыс.

Сол кезде Лондон, Еуропаның басқа өңірлері сияқты, обаның таралуын тізгіндеу мен бақылаудың ресми шаралары едәуір шектеулі еді. Қазіргі ғаламтор дәуіріндегі ғаламдық эпидемияның алдын алу және бақылау механизмімен салыстырғанда, сол кездегі обаны бақылау әдісі өте қарапайым. Әлеуметтік орындарға хабарландырулар жапсыру әдісі ең ұтымды амалдардың бірі болған. Індет өршіп тұрған кездері, үкімет эпидемияның алдын алуға қажетті сақтық шаралары туралы ережелерді басып шығарып, оларды қаланың көрнекі қоғамдық орындарына жапсырды. Апаттан кейін, үкімет қайтыс болғандардың санын санап, көпшілікке жария ету үшін Приход маңындағы Өлгендердің тізімін қағазға басып шығарды.

Театрдан қол үзіп қалған Шекспир

Обаның өршуіне байланысты, Лондондағы барлық қоғамдық театрлар 1593 жылдың ақпан айында жабылуға мәжбүр болды да, бір жылдан кейін қайта ашылды. Сәл де болса қайғының бұлты сейіліп, арқасын кеңге сала бастаған халық үшін ашылған театрды, көп өтпей «жабу керек» деген пәрмен келіп, Приваттық кеңес Лондонға бес миль қашықтықта әрекет етуге тыйым салуды бұйырды, сөйтіп Шекспир мен оның театр үйірмесі қиындыққа тап болды.

1592-1594 жылдар аралығында театрлар жұмысын тоқтатып, Шекспир тұрмысын қамтамасыз етіп отырған кәсіп көзінен айырылады. Сонымен, оның сарай шонжарларының жеке үйіне барып, спектакль қоюына тура келеді. Десе де, мұндай байлардың көңілін көтеру үшін ғана қойылатын арзан әзіл-оспақ стиліндегі спектакльдерден түсетін пайда да өте мардымсыз еді.

Тірлікке талғажау етерлік тиын-тебен оның отбасын асырауға мүлде жетпейтін-ді. Пандемия кезінде Шекспир «Лондонға тұрақтап қалуды жөн санайды әрі қайткен күнде де ақша табудың жолын іздестіру керек» деп шешеді. Бір жағынан ол Стратфордтағы отбасын асырауы керек, ал екінші жағынан, шығармашылық өрісін кеңейту үшін, өзінің театр саласындағы орынына балама жұмысшы әрі өзіне демеушілік көрсететін адам табу қажеттілігі туды. Ол кезде әдеби-көркем шығарма жазумен айналысқандар үшін ең керегі – меценат табу еді.

XVI ғасырдың аяғында дворяндар ақындар мен суретшілерге сүйеу болып, сән және мәдениетті дамытуларына демеушілік көрсетті, ал өзіне лайықты меценат табу – үлкен амбициясы бар ақын үшін де өте маңызды саналатын. Мұның екі себебін көреміз. Бірінші себеп – өнер адамдары отбасын асырау үшін ауыр еңбекке жегілмей, уақытын, қажыр-қайратын һәм өнерін шынайы өнер туындысына шоғырландыруы керек, екінші себебі – беделді меценаттар арқылы, өнер иелері өздерінің қоғамдық орны мен мәртебесін тез көтере алатын.

Шекспирдің меценаты – атақты Елизавета I патшайымның есігін қақпай кіретін Генри Ризли, 3-граф Саутгемптон (3rd Earl of Southampton,1573~1624)екені көпке мәлім. Десе де, 1592 жылдары (Обаның алғашқы кезеңі), Шекспир өзінің талантының арқасында біраз бедел жинап, ақшалы һәм абыройлы ақсүйектердің көзіне түсе бастаған. Генри Ризли, 3-граф Саутгемптонның ата-бабалары мен Шекспирдің анасы дүниеге келген Арденс әулеті өткен ғасырлардан бері өте жақын туыстас боп араласып келе жатқандықтан, ол екеуі де бірден табыса кетеді. Өң-шырайы келіскен, әдебиетті жаны сүйетін бұл бисексуалды – Генри Ризли, 3-граф Саутгемптон – Фолтер мен Ампер аумағында да кеңінен танылған. Саутгемптонның әкесі Ұлыбританиядағы ең діндар католиктің бірі болған, Шекспир де католик отбасында дүниеге келгендіктен Саутгемптон оған бірден ұнайды. Протестантизм мен ескі діни көзқарас арасындағы қақтығыстар кезінде ұқсас көзқарастағы әр екі адам бір топта бой көрсетіп жатты. Саутгемптонның анасы Монтекки әулетінің мүшесі болған, ал осы отбасының атауы Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» да жиі кездеседі.

«Венера мен Адонис» поэмасы да дәл сол Саутгемптонға арналған, ол 1593 жылы сәуір айында жазылды. Бұл – Шекспир жариялаған ең алғашқы поэма 1194 жолдан тұрады. Поэма желісіне Ұлыбританиядағы оба арқау етілген, негізгі мазмұны Овидийдің «Метаморфозасынан» алынды. Сондағы жас Шекспирдің арманы – Овидийдің Ұлыбританиядағы мұрагері болу еді. Шекспирдің аталмыш поэманы жазуындағы себеп – оба кезінде де өзіне демеушілік танытқан Генри Ризли, 3-граф Саутгемптонның сенімі мен қолдауына ие болу, екінші жағынан ол классикалық әдебиет ресурстарын пайдалану арқылы, өзінің талантын көрсетіп, Кембридждік студенттерден кем түспейтінін дәлелдегісі келді. Өйткені Марлоу мен Спенсердің бір кездері Шекспирді: «Грамматика мен логика дегенді білмейтін, өнер мен әдебиетті түсінбейтін қуыскеуде», – деп кемсіткені бар еді.

«Венера мен Адонис» поэмасы жазылғаннан кейін, Шекспир Генри Ризли, 3-граф Саутгемптонға хат жазады:

«Мәртебелім!

Мен осынау жұпыны өлеңді өзіңізге арнадым, әлем мені қалай кінәласа да өз еркі, бірақ сіздің ыстық ықыласыңызға бөленген осы бір жұпыны өлеңнің айтары бар. Тек, сіз қуансаңыз, маған деген үлкен қолдау сол болмақ. Уақыт өте келе, мен сізге дүниедегі ең көркем шығармалар мен классикалық туындылар арнаймын.

Егер менің тырнақалды туындым ұнамаса, онда мен сізден кешірім өтінем, тіпті ілікке алғысыз деп қабылдасаңыз, сізге арнағаным үшін ұяттан өртенем. Егер осы туынды беделіңізге дақ түсірсе, «таяз адамның өрескел шығармасы» дейтін сөзді содан кейін естімейтін боласыз. Менің осы шығармама батыл сын беріңіз, жүрек сөзіңізді айтыңыз, ол – сізге бақыт әкелсін, бүкіл әлемнің алқауына бөлесін.

Құрметті мырза!»

Поэма жарық көргеннен кейін көптің назары өзіне соншалық ауатынын Шекспир алдын ала сезбесе керек. Аңыздарға қарағанда, Лондондағы ақсүйек отбасы ханшалары да «Венера мен Адонис» кітабын жастанып оқыған дейді. Ал өлеңдерін сол кездегі Кембридж студенттері мен төрт негізгі заң колледж студенттері жатқа оқыған. Түптеп келгенде, Шекспирді бір-ақ түнде танымал еткен дәл осы – оба кезінде жазылған поэмасы еді. Қаламгердің көзі тірі кезінде «Венера мен Адонис» қатарынан 9 мәрте қайта басылып шықты, замандастары оның басқа шығармасынан қарағанда, осы поэмасын жоғары бағалаған. Оның өлеңдері де пьесалары сияқты, қайта өрлеу дәуіріндегі ағылшын әдебиетіне құбылыс әкелгендігіне күмән жоқ.

Дәл осы поэмадан Шекспирдің талантын таныған Саутгемптон, оған оң көзімен қарады. Тіпті оба кезінде ол Саутгемптонның жеке хатшысы да болды. «Эдуард III»-де король мен жеке хатшының арасындағы комедиялық үзінді бар, бұл жолдар сол кездегі Шекспирдің өз өмірінен алынса керек. Бай-манаптардың қас-қабағына қарап, бас еңкейіп, тізе бүгіліп жүрсе де, обаның асқынып тұрған кезінде ақсүйектердің үйінде болып, оның қамқорлығын көру, шарапатына бөлену – сол кездегі кез-келген ақынның қол жетпес арманы-тын.

Ғалымдардың пайымдауынша, Шекспирдің екінші поэмасы – «Лукрецияда» да, дәл сол оба жайлаған тұстағы үй карантині кезінде жазылған дейді. Жалпы, поэма 1855 жолдан тұрады. Поэмада Рим тарихындағы шынайы оқиғалар бейнеленген. Ежелгі Рим генералы Куратиннің айдай сұлу әйелі Лукреция өте ақылды да нәзік жан. Күйеуі әскер бастап, жорыққа кеткен кезде, оны Рим князі зорлап кетеді. Күйеуі қайтып келген соң, болған жағдайды әкесі екеуіне айтып, өзі үшін кек алуды тапсырады да, өз-өзіне қол салады. Бұл оқиға римдік бұқараның наразылығын тудырады. Наразылық жаппай көтеріліске ұласып, Тарквинийдің билігін құлатады.

1592–1593 жылдар аралығында обадан, шамамен, 10 662 адам ажал құшты. Бұл – сол жылы Лондондағы қайтыс болған адамдардың үштен екісі ғана. Десе де, «Венера мен Адонис» және «Лукреция» поэмалары сол кездің өзінде-ақ Шекспирді даңққа бөлеп, танымал етеді. Элизабеттің тұсындағы оба Шекспирдің талантын шектеп, шығармашылығына тосқауыл бола қойған жоқ. Керісінше, театрдың күрделі де ұсақ-түйек істерінен уақытша болса да оны алшақтата тұрды. Саутгемптонның арқасында ол өзіне ыңғайлы орта қалыптастырып, шынайы поэзияға ден қояды. Сөйтіп, өршіп тұрған қорқынышты оба кезеңінен де аман өтеді.

Заманалар көшіндегі ірі оқиғалар мен ревалюциялар драматургияның дамуы мен құлдырауына әсер етуі мүмкін, бірақ нағыз ақынның талантын шектей алмайды.

Елизаветаның кезеңіндегі Лондондағы қоғамдық театрлар үздіксіз өзгерістерге ұшырап, қоғамға қаншалықты әсер еткенін елестетуге болатындай. Мысалы, қазіргі эпидемия көптеген салаларға, соның ішінде ойын-сауық индустриясына біршама залал келтіріп жатқан жоқ па? Тіпті құлдыратып жіберуі мүмкін, бұл салалардың қысқа мерзімде қалпына келуі де екіталай…

Айтып өткеніміздей, обаның шырғалаңынан бірде ашылып, бірде жабылып, бірнеше рет қайталанған мұндай өзгерістерден кейін театр саласының актерларына басқа кәсіппен айналысуға тура келеді. Көптеген театр компаниялары тарап, саусақпен санарлықтайы ғана қалады.

Шекспир жұмыс жасаған театр үйірмесі сол тарамай қалған санаулы театрлардың бірі. Шекспирдің өзі болса, обадан кейінгі театрдың қайта құрылуына дайындық жасап жүреді. Ол көптеген театрлардың тарап кететінін сезсе де, табандылық табысқа жеткізетінін білген. 1594 жылы ақпан айында, Шекспирдің «Тит Андроник» атты ең алғашқы трагедиялы пьесасы жарық көреді. Қазір сценарийдің 1594 жылғы және 1595 жылғы қолжазбасы бар, қолжазбаның сыртындағы қолмен бояған тұста, оның уақыты анық жазылған. Содан кейін «Ричард II», «Король Джон» сияқты тарихи пьесалары бірінен кейін бірі жарық көрді.

Пандемия кезінде Шекспир жұмыс істейтін театр үйірмесі демеуші Эрл Дарбиден айырылады. Пандемиядан кейін көп ұзамай, 1594 жылы мамыр айында Барон Хенстонның қамқорлығымен «Сарай іші театр үйірмесі» құрылды. Шекспир де, міне, осы реинтеграцияланған театр серіктестігінің құрамына кірді, ол өзі бұрын жазған сценарийлердің барлығын меншікті капитал ретінде театрға берді. Шекспирден өзге жеті акционер болды. Айталық, Уильям Кемп, Ричард Бербаг, Томас Поп, Августин Филипс, Джордж Брайан, Ричард Коули және Джон Хеминг. «Шекспир шежіресі» – 1594 жылдан бастап, оның Бурбиджбен үлкен ынтымақтастық орнатқанын көрсетеді. Сондай-ақ, Джон Хемингтің Шекспир үшін өте маңызды тұлға екенін атап өткен жөн, кейінірек ол үйірмеде менеджер ретінде қызмет етті. 1623 жылы Шекспирдің алғашқы шығармалар жинағына редакторлық жасаған екі негізгі адамның бірі де осы Хеминг. Сондай-ақ, ол Шекспирдің пьесаларын классификациялауға үлкен үлес қосты.

Осы кезеңде Шекспир үйірменің басты актері және сценаристі ретінде «Ромео мен Джульетта», «Ричард II» және «Түнгі арман» сияқты драммаларын ізін жалғастыра сахнаға алып шықты. Бұл кезең Шекспир шығармаларының алғашқы легіне жататын: «Пайдасыз махаббат» (1594), «Түнгі арман» (1596), «Венеция көпесі» (1596), «Генрих IV» (1-бөлім 1596), «Виндзордың көңілді әйелдері» (1597), «Генрих IV» (2-бөлім 1598), «Ешнәрсе туралы ештеңе жоқ» (1598), Генрих V» (1599), «Юлий Цезарь» (1599), «Барлығы ұнады» (1599) сынды маңызды репертуарларының премьералары қойылып жатқан кез еді. Әсіресе, 1600 жылы «Гамлет» премьерасын сахналаумен қатар, Джиксинг театры құрылып, Глобус театрымен бәсекеге түсе алатындай пейзаждың шымылдығын ашты. Өкінішке қарай, оның жалғыз ұлы Гамлет обаның қатыгез тырнағына ілініп, 1596 жылы қайтыс болды. 1601 жылғы Роберт Эссекс көтерілісі қарсаңында, Шекспирдің «Ричард II» пьесасы Глобус театрында сахналанды. Ал оның «Он екінші түніде» де осы жылы премьера жасады. Обадан үрейленіп, көкірегі шер мен мұңға толған халыққа аз да болса көңілді сәт, серпіліс сыйлау үшін, Шекспир комедия жанрына да көптеп барды.

Патшайымның әруағын сескендірген Лондон аспаны…

Алайда қуаныш ұзаққа созылмады, 1603 жылы Ұлыбританияда қайтадан кең ауқымда таралған оба ұлттық турбулентті жағдайды одан әрі ушықтыра түсті. Бұл – Елизавета патшайым індеттен төсек тартып, енді тұрмастай халге жетсе де, өзі жүргізген діни реформалар мен шетелдердегі экспансиясына мастанып жатқан кез. Испанның жеңілмейтін флотын жеңуі және Еуропа тарихындағы Англияны қайта өркендеу сатысына жеткіздім деп масайрап жатқанда, тағдыр оны адамдар арасынан мәңгілікке аластайды. Сөйтіп, оның мәйіті Вестминстер сарайына бара жатқан жолда, әлем өзінің басты кейіпкерін өзгертті…

Осы жылғы жыл басында Шекспир мен оның үйірмесінің шығармалары негізінен – өлі патшайымның рухына арналды. Осылайша, 1603 жылы 24 наурызда жетпіс жасқа келіп қайтыс болған патшайымның дәуірі өтіп, Генри Тудордан (Генри VII) бастап монархтардың бес ұрпағы үстемдік жүргізген 118 жылға созылған Тюдорлар әулетінің базары тарқап, жарық күні батты. 1603 жылы 28 сәуірде патшайымды жерлеу салты қарсаңында оба жұқтырғандар қынадай қырыла бастады. Жерленуге үлгермей қалған мәйіттердің күлімсі иісі бүкіл қаланы шарлап, індеттің таралуын тіпті де үдете түседі. Өлімнің қара бұлты төнген Лондон аспаны – күні батқан патшайымның әруағын да сескендірді… Патшайымның мұрагері ретінде таққа отырған Джеймс I билік тізгінін ұстаған тұста, оны халықтың қуанышты қошеметі емес, қайта обаның қорқынышы мен үміттен күдігі басым ауыр кезеңі қарсы алды. Жерлеу рәсімі немесе билік басындағы өзгерістер болсын, обаның қанды шеңгелінен құтқармады.

1603 жылы оба шарықтау шегіне жеткен кезде, Лондонда ресми түрде басылған «Өлілер тізімі» апта сайын шығарылып, әр кітапша бір тиыннан сатылды. (Сол кездегі Глобус театрының билет бағасы да бір тиын еді.) «Өлілер тізімі» мыңдаған, миллиондаған адамдардың есімімен толықты. Індет әу баста қаладан шыққанын білген қара халық «қоныс жаңалап, басқа жаққа кетсек, құтыламыз» деп ойлады да, аурудың кеңінен таралуына үлкен себеп болады. Дворяндар ауылдағы саяжайларына тайып тұрды да, қайшыласқан адамдардан өздерін оқшаулай алды. Ал «таяқ сорлыға тиіп», сіңірі шыққан кедейлер қайда барса да алдарынан қазулы көр шығып, індетке көп шалдықты. Қаладан қашқандар обаның таралуын тіпті де күшейте түспеуі үшін үкімет шұғыл түрде карантиндік шара қабылдап, елдің жүріп-тұруына қатаң шектеулер қойды. Дей тұрғанмен, 1603 жылы қала халқының 1/5-і қырылып кетті.

1603 жылы Джеймс I (James I, 1566-1625) таққа отыра салысымен, Англия тағына ие болу үшін бірден оңтүстікке тартты. Бірақ обадан сақтанамын деп жүріп, Лондонның маңындағы бір шағын ауылда тұрып жатқан жаңа тақ иесі, қалаға кіруге жүрексінеді. Ол таққа отыру рәсімін өткізбестен бұрын, төтенше жағдай жариялау үшін дереу «Эпидемиялық қаулы» шығарды.

Ғалымдар әуелі обаның алдын алуға арналған мәзір бар екенін де дәлелдеген. Бұл мәзірде: «Кедейлер алты тиындық алоеға алма қосып жесін, байлар Шангхао дәріханасында сатылып жатқан руфус таблеткасын қабылдауына болады. Десе де, осы әдістерді қолданар алдында қан шығарып, ішек жолдарын тазарту керек», – делінген.

Осы айтылып отырған «Эпидемиялық қаулыда» руфус таблеткасы деген қандай таблетка екенін анықтап, дәлелдеу өте қиын, десе де, дәрі қабылдау алдында қан шығарып, ішекті тазалау деген өте қорқынышты жайт еді. Сондай-ақ, жарлықта халықтың эпидемияға қарсы препараттар жасауы үшін розмаринді, арша жидектерін, інжірді, соус пен даршынды қалай қолдану керектігі туралы нұсқаулықтар да жазылған. Бұл бүгінгі таңдағы эпидемияның алдын алу нұсқаулығына ұқсайды. Ал дәл осы жерде, Ромеоның Мантуа жерінде қуғын-сүргінге ұшырап, дәрі сатушымен кездесетін көрінісі еріксіз еске түседі. Біз бұл деректерден, Еуропадағы оба кезеңінде, халықтың дәрішөптерге деген сұранысы зор болғанын, қарапайым халық күтпеген қажеттіліктер туындаған жағдайда, эпидемияға қарсы дәрішөптерді қолданғанын аңғарамыз.

(Жалғасы бар)

Қытай тілінен тәржімалаған
Нұрбек КЕҢЕСБАЙ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір