ЖАЗЫЛМАҒАН ЖЫРДЫ ӨЗІҢЕ АРНАППЫН…
13.10.2020
1036
0

Жұлдыз МОЛДАҒАЛИЕВА

***

Сен – Көк Аспан. Ал мен – Жұлдыз. Егіз боп,
Шалқимыз да толқимыз кеп, теңіз бе ек?!
Жазылмаған жырды өзіңе арнаппын,
Сүрілмеген өмірімде сені іздеп…

Бақтың құсы баста мəңгі тұра ма?!
Сезіміңді сұрамаймын!

Сұрама!
Жүрілмеген бақтардағы сəтті аңсап,
Қосам сені оқылмаған дұғама.

Жолдар, жолдар,
Қашан, қалай түйіспек?!
Неге біздер сағынбауға тиісті ек…
Арналмаған сөздеріңе балқимын,
Сыйланбаған гүлдеріңді иіскеп…

Уақыт қайсы, кеткен бізді жылатып…
Қайғы қайсы, қалған бізді ұнатып…
Жолданбаған хаттарыңды сақтаймын,
Шалынбаған қоңырауың жұбатып…

Тайсалмадым тағдырыммен таласып,
Аңсамауың – аппақ ардың наласы…Ұқ!
Тағылмаған жүзігіме сүйсінем,
Киілмеген ақ көйлегім жарасып…

Жылатады – біз өмірден өтеміз…
Қуантады – қиылмаған некеміз.
…Менің мұңым – сенің мұңың болса ғой,
Сенің мұңың – менің мұңым…
Не етеміз?

***
сүйенбей-ақ ережеге, мақалға.
(ал, сіздіңше, тағдыр біздің қатал ма?)
келер күнім жайлы ұзааааақ ойлаймын,
жалға алған пәтерімде жатам да.

ескермей-ақ бунақты да көлемді,
жазғым келген іштегі өлең. ол өлді.
жұрт көңілін қалдырмаймыз дегенде,
жұрттан қалған көңіл бізге не берді?

аралап-ақ көшені де, қаланы,
ауылды һәм, шексіз-шетсіз даланы,
өнеге алар кісі іздеп келесің,
ал өнеге беретінің шамалы…

өмір жайлы әдемі өлең жаздым деп,
жүрген ақын… сосын бізде азғын көп…
сен өзімді таппадым деп налисың,
ал мен өлең жазғаныма мәзбін бе?!

қалғың келсе келер күнге мұра боп,
(әттең, бізде жасап қойған күнә көп…)
өстіп жүріп өлуге де қорқасың,
құдайына қалай барад(ы) мына бет…

жапыраққа бар сырыңды аштың ба?!
кейде өзім ұқсап кетіп қашқынға…
тастай жүрек болатынын адамда…
жүрегі бар болатынын тастың да…

сен бәріне, бәрі үшін күйесің.
сен әлемді жүрегіңмен сүйесің…
құдайыңдай сосын тағы сыйлайсың,
жалға алған пәтеріңнің иесін…

жүрегімді қасқыр сынды ұлытып,
жоқ адамдай түк қайғысы, мұңы түк…
дым ойламай ұйықтап кеткің келеді…
(ЖАН СЫЙЛАҒАН ҚҰДАЙЫҢДЫ ҰМЫТЫП…)

***
Емес еді ғой онсыз да менің аз қайғым…
(Ақын емеспін! Өлең де мүлде жазбаймын)
Ақиқаты жоқ албасты мынау тірліктен,
Жалығамын да, жынданып кете жаздаймын…

Көңілге мүлде төселмей кетті жаз кілем…
Байқалды содан қабағымнан да назды рең.
Өлеңді осы түсінетіндер көп те емес,
Өмірді де ұғынатындар аз… Білем!

Жүрегің жылап, көз жасың кеппей жанардан,
Мұңайтты біраз орындалмайтын сан арман…
Әлемде мынау адамның бәрі, негізі,
Бірін-бірі кінәлау үшін жаралған…

Шыдамы бәлкім таусылған шығар төзімнің…
Шаршадым деп ем… «Өмірің дейді өзіңнің…»
Өмірдің мәні жоғалып кеткен (сенбейсің) –
Өлгені үшін САҒЫНЫШ дейтін сезімнің…

***
Тұйықтау ем. Айтпаушы едім көпке сыр,
Достарымнан тиді (ұқтым) көп кесір.
Мен ренжітпеуге тырысатын адамдар,
Неге маған өкпешіл…

Арайлы атпай тірлігімнің ақ таңы,
Жоқ мейірім… Жаныма сол батқаны…
Мен ылғи да мақтап жүрген адамдар,
Неге мені даттады…

Ескермей-ақ күн кешемін сынақты.
Сенгендерім биігімнен құлатты…
Мен қуантсам деп жүретін адамдар,
Неге мені жылатты…

Өмір сүрсем деп ем ерек екпінмен,
Адам үшін көңілде жоқ кек мүлдем.
Танысыма алыс болып содан соң,
Бейтанысқа жақын болып кеттім мен.

Сүрінбейін! Сүрінсем кім демейді?!
Жалғыз өлең өмір құнын төлейді.
Бағынуға тұрмайтұғын тағдырда,
Сағынуға тұрмайтындар көбейді.

Кетер ме едім қия жақты мекендеп,
Ар алдында қарыз қалай өтелмек?!
Ештеңені көп ойлайтын боп алдым,
Ешкім мені сұрамаса екен деп…

Қиялыммен санамды кеп алдаймын,
Күн кешпедім көңіліме алмай мұң.
Бәрі шындық іздеп жүрген заманда,
Мен біреуге шындық айта алмаймын.

Өлең – дәрі жан дертімді жүр емдеп,
Өзім жайлы мен мынаны білем тек:
Ойламаппын бес-ақ күнгі жалғанды,
Жалған күліп сүрем деп…

Байғұс дейді. Бәлкім, босқа түнерем.
Өледі өмір… Өлмейтін тек бір ӨЛЕҢ!
Бір білерім: бар ғаламды жылатып,
Мен әйтеуір өлең өлген күні өлем!

Ақымақпын жоқ ойларды бағамдар.
(Азды пенде, азды сосын заман дәл!)
Мені босқа жылатпаңдар, жақсылар,
Мені босқа мұңайтпаңдар, адамдар!
Бәрі жақсы…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір