Даналық дауылпазы
09.10.2020
1635
0

Қай кезеңде және қай халықта болмасын, әдебиетшілер шындықты қайдан іздейтінін білетін ойшылдармен, философтармен теңестіріліп, адам жанының қозғаушы күші саналды. Сондықтан, кез келген әдеби жанрда өмір сүру қағидаттарын құру және ондағы кереғарлыққа қарсы тұру тәжірибесі қалыптасты. Детектив жанры да бұл тұрғыдан алғанда осындай құдіреті күшті құбылыс. «Неге құдіретті күш?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Құдіреті сонда – детектив жанры дүние жүзінде ержүрек, батыр, дарынды, ақылды, адал және кәсіпқой жастардың өсіп жетілуіне зор ықпал етті.

Мысалы, қай детективті алсаңыз да, басты кейіпкердің тұрпаты жағымды образдар арқылы жасалады. Біріншіден, олар – ержүрек, батыр бейнесінде сомдалып, әр кез өлім қаупімен бетпе-бет келіп, шытырман оқиға арасында әрекет етеді. Екіншіден, оларға – профессионалдылық тән. Бұл арқылы оқырманның кәсіби білікті мамандарға деген құрметі артып, жеткіншек жастарды ынталандыру қалыптасады. Үшіншіден – талантты. Джозеф Кэмпбелл айтқандай, шығармада басты кейіпкердің дарынды болуының өзі оқырманның оған деген сүйіспеншілігін арттырады. Төртіншіден – әрдайым шапшаң ойлай білетін және қорытынды жасай алатын ақылды болса, бесіншіден – еңбегін сатпайтын, әрқашан достарына көмек қолын созуға дайын адал және әділ адам кейпінде кейіптеледі.

Бірде белгілі америкалық жазушы Роберт Б.Паркерден: «Сіз неге детектив жазасыз?», «Неліктен салмақты шығарма жазбайсыз?» – деп сұраған екен. Сонда жазушы: «Детектив – сол салмақты әдебиет­тің дәл өзі», – деп жауап беріпті. Бұл арқылы біз детектив жанрының аса зор тәрбиелік маңызына назар аудартқымыз келеді.

Детектив жанры – оқырманды дүниежүзіне әйгілі әрі аты аңызға айналған Эдгар Аллан По, Уильям Уилки Коллинз, Гилберт Кит Честертон, Агата Кристи, Ян Флеминг, Артур Конан Дойл, Рэй Дуглас Брэдбери, Уильям Сомерсет Моэм, ағайынды Стругацкиилер сияқты бірегей жазушылармен таныстырды. Өз кезегінде әдебиеттің хас шеберлері шығармалары арқылы оқырманды Джеймс Бонд, Эркюль Пуаро, Шерлок Холмс, Кинси Милхоун, Кей Скарпетта, Перри Мейсон сияқты ержүрек ізкесушілер образымен қауыштырды.


Детективті шығарманы зейін-зердесі кең, білімді, қиялы ұшқыр қаламгерлер ғана өз дәрежесінде жаза алады. Бұл ретте Кемел Тоқаев қазақ әдебиеті әлеміне бұрын тосын көрінген детектив жанрына тыңнан түрен салып, іргетасын қалаған дарабоз тұлға. Жоғарыда аты аталған әлем детективіндегі хас шеберлердің есімдері қандай танымал болса, қазақ детективіндегі Кемел Тоқаевтың да орны сондай биік!


Тіпті, аталған авторлардың шығармашылығында кездесетін қызықты және ұқсас деректермен қатар, Кемел Тоқайұлына тән ерекшеліктер жетіп артылады.
Мәселен, «Казино Рояль», «Из России с любовью» романдарының авторы Ян Флеминг 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына дейін ағылшын барлауында жұмыс істеген. Осы қызметі оған Джеймс Бонд туралы роман жазуға көмектесті. Өйткені замандастарының пікірінше, бақылаушы адам бола отырып, ол өзінің кітаптарына қызметі барысында кездескен көптеген оқиғаларды енгізген. Оқырман Джеймс Бондты Гонконгта арнайы тапсырыспен тігілген қымбат жібек костюм киген, «бентли» автокөлігін мінген Ұлыбритания әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы ретінде таныды. Осы образ арқылы Ян Флеминг өз оқырмандарын жақсы өмірге құштар еткені сөзсіз.


Өз кезегінде қаруды қаламға айырбастаған майдангер жазушы Кемел Тоқаев та шығармаларындағы кейіпкер образдары арқылы майдан даласындағы ерлік, қайсарлық, жігерлілік, өжеттілік сияқты қасиеттерді шынайы суреттеп, оқырманды сендірді, оқыған жанды алмағайып аласапыранның арасына ендіре білді.


Детектив дарабозы шығарманы жазғанда өзін ұмытып, кейіпкер бейнесіне енді. Оқиға барысында кейіпкері күлсе – қоса күліп, мұңайса – бірге мұңайды. Жазушыларға қатысты мұндай эмоционалды көңіл-күйді белгілі ағылшын қаламгері Уильям Сомерсет Моэм: «Жазуға кірісіп, кейіпкерді тудыру сәтінде ол сенімен, сен онымен біргесің, ол өмір сүреді», – деп дәл тауып айтқан.


Бауыржан Момышұлы, Әзілхан Нұршайықов сынды майдангерлердің еңбектері несімен құнды? Әрине, тарихи шындығымен! Тарихи шындықты жазуды мұрат тұтқан жампоз жазушылар соғыс шытырманының небір ұсақ көріністері мен штрих, детальдарына дейін көңіл түкпірінде сақтап, қиялында қайта тірілтіп, майдан даласына тіл бітіріп, үн дарытып, шебер суреттей білді. Соғыс тақырыбына қалам тербегендердің ішінде майдангер жазушы Кемел Тоқаевтың орны ерекше десек, артық айтпаған болар едік.

Ал «Собака Баскервилей», «Этюд в багровых тонах», «Знак четырех» шығармаларының авторы атақты ағылшын жазушысы Конан Дойлдың персонаждары, кей деректерге қарағанда, шын мәнінде өмірде болмаған. Мәселен, Шерлок Холмс образы – Конан Дойлдың ойы мен қиялынан туған сюжеттерге құрылған, тек әдебиетте өмір сүретін шығарма кейіпкері.
Тіпті, кей мәліметтер Артур Конан Дойл­дың өзін Шерлок Холмсқа теңейді. Себебі автор Шерлок Холмс секілді өте байқампаз болған және қылмыстық істердегі шешуі қиын жұмбақтардың жауабын оңай таба білген.

Әрине, бұл әдебиет әлеміндегі сыры ашылмаған, сұрағы көп және күрмеуі шешілмеген құпия дүние болып қала бермек… Қалай дегенмен де, өз ісінің білгірі, интеллектуал Шерлок Холмс бейнесі оқырман есінде мәңгі қалғаны анық.


Бұл ретте біз Кемел Тоқайұлының өз туындыларына өмірде болған оқиғаларды, нақтылы прототипі бар кейіпкерлер өмірін арқау еткеніне назар аударғымыз келіп отыр. Оның шығармаларының оқырманды бірден тартып, үйіріп әкететінінің сыры да осында. Соның нәтижесінде автор қалың көпшілік сүйіп оқитын детектив жанрына терең тамыр тартып, болашаққа байыпты бағдар, қалыпты мұра ретінде роман, повесть, хикаят, әңгімелер жазып қалдырды.


Жоғарыда аталған асқақ тұлғаларды біріктіретін дүние – ізгілік пен даналыққа толы өмірі, мазмұны терең, алуан қырлы шығармалары. Қанша уақыт өтіп, қаншама ұрпақ алмасса да, бұл туындылар ешқашан ұмытылмайды. Халық жадында мәңгі сақталады. Әлем әдебиетінің қазынасына олжа салған хас шеберлерге қарап, еліктеп өскен жас ұрпаққа ескірмейтін үлгі-өнеге болып қала береді.

Кемел Тоқаев жас кезінен соғысқа дейінгі барлық әлеуметтік-саяси күйзелістерді, соның ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы фашистік агрессия қасіретін, отбасылық трагедияны басынан кешірген, тағдыр тауқыметіне мойымаған ерекше тағдыр иесі еді.

Жазушының қыр-сыры, қиын түйіндері көп детектив жанрын таңдап алуының да өзіндік себеп-салдарлары бар. Қаламгер ретінде қалыптасып, «Социалистік Қазақ­стан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне жұмыс бабымен ауысқаннан кейін көркем шығармаларының мазмұнын да өзгерткені белгілі.

Құқық қорғау органдарының қылмыскерлерге қарсы күрестегі ерен еңбегін көрсету Кемел Тоқайұлының азаматтық парызына айналады. Кемел жазушы тыныс-тіршілігі тынымсыз, құпиясы мол, адамдардың психологиясы мен іс-әрекеті де күрделі саланы ден қойып зерттей бастайды.

Милиция қызметкерлері мен чекистер арасынан ақылдастары мен сырлас достарының бар болғаны заңдылық. Солардың мәліметтерін, кейіпкерлерін алып, шығармаларына арқау етеді. Сөйтіп, ол қазақ әдебиетінде бұрын-соңды сирек жазылған детективтік жанрдың көшбасшысы әрі негізін салушысы ретінде танылады.

Өкінішке қарай, Кемел ағаның ғұмыры ұзақ болмады. 1986 жылы 10 қарашада 63 жасында өмірден озды. Бір таң қаларлық сәйкестік, өмір бойы милиция өмірінен шытырман оқиғалы кітаптар жазған жазушы тұп-тура КСРО «Милиция қызметкерлерінің күні» мерекесінде дүниеден өтті. Осы ретте, құқық қорғау органдарының қызметін қалың оқырманға дәріптегені үшін «Милиция қызметінің үздігі» белгісімен де марапатталғанын айта кеткеніміз артық болмас. Бұл – қоғам мен адам өмірінің қауіпсіздігіне тікелей жауапты құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста еңбек етіп, олардың тыныс-тіршілігінен толымды туындылар жазған, милиция қызметкерлерін өзінің өміршең, өршіл ой-толғамдарымен қанаттандырып отырған жазушы еңбегіне берілген жоғары баға.


Елдің қорғаныс күшін, қоғамның қалыпты, қауіпсіз өмірін жіті қадағалайтын елдерде қалыптасқан жақсы бір дәстүр бар. Соның жарқын бір мысалы – Израиль. Израиль тарихшысы Арон Шнеер Израиль армиясының әр офицеріне қарумен қоса Бауыржан Момышұлының ерлігі жайындағы «Волоколам тас жолы» кітабының берілетінін және оның оқу құралы ғана емес, қажет кезде басшылыққа алатын нұсқаулық та болғанын атап өтеді.


Сондай-ақ батыр Бауыржан Момышұлы Куба еліне барғанда сол елдің басшысы Б.Момышұлының соғыс, әскери қорғаныс тақырыбындағы кітаптары кубалық жауынгерлердің сүйіп оқитын туындыларына айналғанын жылы ілтипатпен әңгімелеген.

Осы орайда Кемел Тоқаевтың қылмыстық істерді ашудағы, қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы тәртіп сақшыларының ерен еңбектері, амал-тәсілдері барынша кең көрініс тапқан бірегей шығармалары да ерекше назар аударуға тұрарлық. Тіпті, хрестоматия ретінде кеңінен пайдалануға да болады. Бұл көркем туындыларда ең бастысы қоғамның тыныс-тіршілігін ізгілендіруге, адам өмірін бағалау, сақтау, құрметтеуге қатысты ой-толғамдар алға тартылады. Сол үшін де жазушының осы бағыттағы шығармалары кеңінен насихатталып, құқық қорғау қызметкерлеріне оқулық ретінде таратылса, оқуға міндеттелсе мұның ешбір айыбы жоқ дер едік.

Кемел Тоқайұлы қаламынан туған туындылардың қай-қайсысы да оқырманды ойландырады, онда суреттелетін оқиғалар еріксіз өз иіріміне тартады. Осы орайда ұлт­тық әдебиетімізде детектив жанрының қалыптасып, дамуына көп еңбек сіңірген тұлғаның тәлім-тәрбиеге толы, терең мазмұнды, құнды еңбектері қазіргі таңдағы тәуелсіз ой-сана тұрғысынан қайта қаралып, тарих таразысына салынып, жаңаша көзқараспен жүйелі түрде зерттелуі және дәріптелуі тиіс деп есептейміз.

Кемел Тоқаев шығармалары классикалық детективке негізделген. Оның маңызды сипаты – фактілердің толықтығы. Өйткені, жұмбақтың дұрыс шешімін табуға қарағанда, қиын жұмбақты ойлап табу оңай.

Кемел Тоқаевтың кезінде лайықты бағасын алған, шиыршық атқан шынайы оқиғаға негізделген шығармаларының бірі – «Түнде атылған оқ». Егер детективтің көптеген авторлары үшін, ең алдымен, қылмыстың себептері маңызды болса, К.Тоқаев үшін қылмысқа итермелейтін қылмыскердің сипаты маңызды болып табылады.
Жазушының бұл интеллектуалды детективтік хикаясы – әділеттілікті қалпына келтіру туралы жай ғана әңгіме емес, ақиқат­ты анықтау жолындағы амал-тәсілдер турасындағы оқиғалар. Бұл ретте соңғысының ғылыми білімнің негізгі мақсаты екеніне назар аударғанымыз жөн.


Осы хикаядан-ақ Кемел Тоқаевтың жекелеген кейіпкерлердің (қайырымды ата-әже Мырзаш пен Қалампыр, қылмыстың ізін кесуші, ашушы оралымды топ мүшелері майор Бөгембаев, Талғат, Бақытжан, Нәсір, ақылына көркі сай ару қыз Алтыншаш, қанды қол қылмыскер Черноносов, т.б.) өмірдегі ізін және уақыт талабын терең білетіндігін, шебер игергендігін, осы бағытта тынымсыз еңбек еткенін анық байқауға болады.


Оқиғаға толы шығарманың негізгі мақсаты қызметтеріне адал тәртіп сақшылары мен көңілдері дархан, жүректері таза жандардың адам мен қоғамға жат пиғылды қылмыскерді құрықтау барысындағы жанқиярлық жауапты жұмыстарын қалың оқырманға шынайы жеткізу болған.

Өз кезегінде ғалым Ш.Елеукенов: «…Осы жаппай оқылатын жанрдың майын ішкен Кемел Тоқаев енді детектив формасын ар-ождан, құлық тақырыпты проблема көтеру мақсатына пайдаланған. …Кемел апас-құпас оқиғалары шапшаң алмасып, тартысы қатты бұралған домбыра ішегіндей шертіп тұрған сюжеттен саңылау тауып, ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ойын дамытатын тақырыптың жаңа бір қырын тауып, үлкен әңгіме қозғайды», деп әділ бағасын берген.
Кемел Тоқаев бірнеше повесть, роман, пьеса жазып қалдырған мол қазыналы жазушы. Қаламгердің шығармашылығы жөнінде Қасым Қайсенов, Қалмұқан Исабаев, Әкім Тарази сынды әдебиет майталмандары қалам тербеген.

Қазақта «аға алдында пейіліңді көрсет, іні алдында мейіріңді көрсет» деген керемет сөз бар. Ендігі кезекте Кемел ағаның жұртқа жақсы таныс жазушылық өнерінен тыс, оны көпшілікке ерекше сыйлы, қадірлі еткен ерекше қасиеттері жайлы сөз тарқатсақ…

Кемел Тоқайұлы өмір жолының қай кезеңінде де, қандай тағдырлы шақтарды бастан өткерсе де, табиғи қалпын бұзбай, маңдайына жазған адамдық асыл қасиеттерінен айнымай ғұмыр кешкен. Жүрегі таза, жайсаң тұлғаның ағалық қамқорлығы мен шапағатын көргендер көп болған.

«Әділдік адам іс-әрекетінің нормасы болуы тиіс» деген қағиданы берік ұстанған Кемел Тоқаев халықтық рухани-мәдени қазынамыздан сусындаған, ұлттық салт-дәстүрімізді бойына жеткілікті жинаған тура жолдан таймайтын бірбеттілігімен, әділдігімен баршаны баураған. Замандастары мен ізін басқан ізбасар інілеріне көмек қолын созуға даяр тұрған. Өтініш жасаған жанның меселін қайтару дегенді білмеген, жақсылықты жан қалауымен құлшына жасаған және оны азаматтық борышым деп қана қабылдаған.
«Жақсының шарапаты тиер тар жерде» деген, Кемел Тоқаевтың қайтарымсыз қамқорлығының, аялы алақанының арқасында қызмет бабында өсіп, жетіліп кеткендер көп болыпты. Осыған кереғар – ағаның өзі орынсыз сұранудан, тіленуден бойын мүлде аулақ ұстаған абзал жан.

Кемел Тоқайұлының осындай адамгершілік қасиеттері жайында қызметтес болған әріптестері, үлкенді-кішілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері кезінде, кейін де көп жазды. Олардың қатарында жоғарыда аты аталған қаламгерлермен бірге Серік Қирабаев, Шерхан Мұртаза, Қалихан Ысқақ және т.б. қазақ әдебиетінің майталмандары, Мәткәрім Әкімжанов, Рафаэль Ниязбек сияқты т.б. ізбасар інілері, Сейфолла Оспанов, Шөмішбай Сариев сияқты өлең-толғауларын арнаған ардақты ақындар бар.

Түрлі толғаныстарда Кемел ағаның биік болмысы, азаматтық ақ жолы, кісілік келбеті барынша ашып көрсетілген, жеріне жеткізе жазылған. Сол жүрекжарды жазбалар тоғысып, жеке жинақ болып та жарық көрді. Солардың бір парасы мынадай. Мәселен, «Халық Қаһарманы», аты аңызға айналған партизан жазушы Қасым Қайсенов: «Маған үйір боп, табандылық танытып, мен туралы қазақша, орысша кітап жазған Кемел Тоқаевтың еңбегін жоғары бағалаймын», – деп толғанады.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Жазушылар одағы бірігіп өткізген, құқық қорғау қызметкерлерінің жанқиярлық еңбектерін бейнелеген көркем туындылар байқауының тұрақты әділқазысы болған жазушы Қалмұқан Исабаев мынадай бір жайды әсерлі әңгімелейді: «…Кемел бірінші бәйге алды. Бірақ өзі қандай таза, адал адам десеңізші! Бәйгеге түсіп жатқанын бірге отырған маған ескертпепті. Байқаудың қорытындысы жарияланған соң Кемелге: «Бірге істеп жүрміз, маған неге ескерте салмадың?» – десем, Кемел: «Жабық сайысқа қатысқан соң олай істеуге болмайды ғой», – деп қарап тұр…»


«Ердің жақсысы елімен ойласады, әйелдің жақсысы ерімен ойласады» деген қазақ даналығы бекер айтылмаса керек. Қаламгермен қызметтес, аралас-құралас, дәм-тұздас болған әріптестері, сыралғы дос-жаран кезінде Кемел Тоқаевтың осындай қадір-құрметке бөленуіне отбасының берекесін келтіріп отырған сүйікті жары, адал өмірлік серігі Тұрар Шабарбайқызының да зор үлесі болғанын, оның қонақжайлылығы мен пейілінің дарқандығын, кісіге деген қайырымы мен биік парасатын, адамгершілік ізгілігі мен ілтипатын разылықпен жазады.


Әр отбасының өсіп-өнуі мен өрісі де, жақсылығы мен тапшылығы да әйелге байланысты. Өмірден тоқығаны көп, ілімі мен парасаты мол, Ұлжандай ұлағатты, Ұлпандай ақылшы, рухы мықты, жан дүниесі бай, тұла бойына даналық тұнған аналарымыз қаншама?! Тұрар ана да солардың бірі еді. Кемел Тоқаев жазушы қауымымен, жақсы-жайсаңдармен дәмдес-тұздас, сыйлас болуының түп-төркіні де, айналып келгенде, осы Тұрар ананың кішіпейілдігі мен кең пейілдігінде жатса керек.

«Инабатты болса – әйел, өнегелі болса – бала көрікті» демекші, Тұрар ананың балаларына деген ықыласы тіпті ерекше болған. Бұл жөнінде дүниежүзіне танымал дипломат, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғұмырнамалық эссесінің «Ана» атты тарауында: «Біздің анамыз ұсақ-түйек нәрсеге дейін бәрін білу қажет деп санады. Ол кісінің қатысуынсыз өткен ата-ана жиналысы жоқ та шығар, сірә. Төрт баласының барлық мұғалімдерін жақсы білетін. Біздің балалықпен жасаған тентектігіміз, қуаныш пен күйініш-сүйінішімізге қатысты жайдың бәрі оның назарынан тыс қалған емес. Басқаша айтқанда, анамыздан жасыратын құпиямыз болған жоқ», – деп жазады.

Тұрар ана әдебиет майданында жүрген отағасының бар жағдайын жасап, үйдің шырайын, отбасының берекесін келтіруден ешқашан жалықпады. Өзі де қызметтен қалмай, Алматы шет тілдері педагогикалық институтында жұмыс істеп, бесігін қыдыр тербеген берекелі отбасында төрт бала өсіріп тәрбиеледі.

«Аға – еңбекпен көркем, бала – біліммен көркем» дегендей, балалардың барлығы өнегелі ата-ананың талап-тілегіне сай, қалыпты білім алып, байыпты маман, азамат болып қалыптасады. Жанұядағы балалардың үлкені Қасым-Жомарт Кемелұлы жастайынан ерекше қабілетімен, білім-ілімге деген құштарлығымен дараланып Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтында білім алады. Оған да талапшыл, талғампаз әкенің ынта-ықпалы ерекше болған. Қиын кезде білім қуған баласының оң талабын қуаттап, алыс кетіп, бірегей оқу орнында оқуына барынша жағдай жасап, қолдау көрсеткені Кемел ағаның көрегендігі еді.

Тегінде жүрегі таза, жақсылық үшін жаратылған текті жандар – шамға ұқсайды. Өйткені, шамның жарығы айналасындағыларға тегіс жарық шашады. Сондай-ақ, жақсы адамдар – жеміс ағашы сияқты. Басқалар оның тәтті жемісіне таласып, ырзығын пайдаланады! Кемел Тоқаев дәл осындай айналасын жан шуағымен жылытқан, аты халық тарихына алтын әріптермен жазылатын кемеңгер тұлға еді.

«Ұлттың дамып өркендеуі – оның әрбір өкілінің қаншалықты және қалай тәрбиелегеніне тікелей байланысты» деген аталы сөз бар қазақта. Соның бір жарқын көрінісі – Кемел Тоқайұлының ұрпағына берген үздік үлгі-өнегесі, баласының бойындағы бар қасиетін тамыршыдай тап басып тани білгені, соның ашылуына барынша жағдай жасағаны. Кемел әкенің туған елге, өскен жерге қатысты аманат, өсиетін Қасым-Жомарт Кемелұлы асырып орындай білді. Бұл – асқар тау әке арманының орындалғаны!


Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты қысқа сөзімізді де тағы да сол Қасым-Жомарт Кемелұлының мына бір толғанысымен түйіндегіміз келеді: «Әкемнің шығармашылығы туралы ойлағанда оның не себепті детектив жанрын таңдағанына жауап іздеймін. Бала кезімде бұл мәселеге мән бермеуші едім, өйткені адамды бірден жетелеп алып кететін шым-шытырық оқиғалы шығарма шаршатпайтын, еліктіріп, қызықтырып отыратын. Сол себепті де мен балалық талғамның таразысына салып бағалап, мұндай дүниелерді ең үздіктер санатына қосушы едім. Кейін ержеткен соң дүниеге ақылдың көзімен қарайтын болдық қой. Бірақ бәрібір сол баяғы бала кезімдегі көзқарасымнан айнып көрген жоқпын. Қайталап оқығанда ұғынғаным – әкемнің шығармалары үлкенге де, кішіге де түсінікті екен.
Олар уақыт, заман өзгергенде із-түзсіз жоғалып кететін арзан кітаптардың санатына қосылмайды екен. Ол кісінің оқырманының көп болатыны, кітаптарының жүздеген мың данамен тарағаны осы жағдайларға байланысты-ау деп ойлаймын!»


Кемел Тоқайұлы кәсібіне көлеңке түсірмей, жауапкершілікті абыроймен атқарып, өскелең ұрпаққа өшпейтін үлгі-өнеге қалдырды. Сондықтан да өрелі парасат-пайым иесі, бірегей жазушының жарқын бейнесі, оның адамгершілікке толы бекзат болмысы ешқашанда ұмытылмайды, халқымен бірге мәңгі жасай береді.

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
өнертану ғылымдарының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір