Көсем (романнан үзінді)
05.10.2020
1367
0

Рафаэль НИЯЗБЕК

Ғарышкер

Ұлан-ғайыр байтақ даласына сұғанақ көз қадалып, жау қолы жағасына жармасқанда кеудесін оққа төсеп, елі мен жерін көздің қарашығындай қорғап өткен со..на..а..ау Едігеден басталатын қазақ батырларының жұбы жазылып, қарасы үзілген емес. Соған қарамай өз басын алып жүре алмай екі күннің бірінде кір-қоқыста аунап жататын маскүнем мұжығына шейін қазақты кемсітіп сөйлейтін Мәскеу қазақ жерін пайдаланып отырса да, «бұлар мал баққаннан басқа не біледі?» деп мұрнын шүйіріп, Байқоңыр космодромынан бір қара домалақ қазақ баласын жал-құйрығын түйіп, ғарышқа ұшырғысы келмеді. Бірақ олар Алла Тағала қазақты сом тұлға етіп сомдап, бойына ілім мен білімнің неше алуан қасиетін сіңіріп жаратқанын қайдан білсін.
Ел мен ер намысын қатар ойлаған Қонаевты бұл шамдандырмай қоймады. Сол бойда Совет Одағының Қорғаныс министрі Андрей Антонович Гречкоға космонавтар отрядына қазақ жастарын қабылдау жөнінде арнайы хат жазбақ боп отырды да, кенет Бауыржан Момышұлы екеуінің арасындағы кикілжің есіне түсіп, сәл тосылып қалды. Дінсіз неме тағы да «черезь мой труп» деп доқ көрсетіп жүре ме деп күдік ойлаған. Қайбір жылдары Бауыржан Мәскеудің әскери училищесінің оқытушысы боп қызмет атқарып жүрген. Ол кезде Андрей Антонович Гречко маршал емес, көп генералдың бірі болатын. Бірде әскери училищені аралап тексеруге келгенде Бауыржан Момышұлының оқыған дәрісіне қатысады. Дәріс аяқталғанда Гречко офицерлер мен солдаттардың Момышұлының дәрісін қызыға тыңдап, ыстық ықылас білдіргенін хош көрмесе де: «Жолдас Бауыржан Момышұлы, дәрісті өте тартымды оқыдыңыз», – дейді. Артынан өзін жақтырмайтынын және аңғартып: «Бірақ сіздің орысша акцентіңіз нашар екен», – деп бір түйреп өтеді. Бүкіл офицерлер мен солдаттар құрамы бұған не деп жауап қайтарар екен деп сілтідей тынып, әліптің артын бағып тұрады. Бауыржан көздегенін қаршығадай қағып түсіретін сөз мерген бекзат кісі еді. Орайлы сәтті қалай қапы жіберсін. Генералға оқты көзін қадап: «Пошел ты на хрен!» – деп от бүркіп, бетіне сарт еткізген. Артынан: «Ну как акцент?» – дейді суық жымиып.
Уәжден тосылып, аузына құм құйылған Гречко не айтарын білмей ақ көз ашудан түйіліп тұрып қалады.
Кейін Қонаев Бауыржан Момышұлын Совет одағының Батыры атағына ұсынғанда Бас хатшы Брежневтің алдында «Черезь мой труп» деп осы Гречко ескі кегін ұмытпай, қасарысып отырып алған-ды. Өшпенділіктің табы қырық жыл өтсе де өшпейді деген осы.
Алайда, Қонаевтың бір қасиеті: ұлт­тық мүддеге келгенде тартынып қалмайтын. Қалайда өз ойының үдесінен шығуға тырысып, барын салатын. Бұл жолы да сөйтпек болды. Тілегімді хош көрсең – жақсымсың, хош көрмесең – бақсымсың деп шамырқана хат жазып, жедел пош­тамен асығыс жөнелткен. Содан кейін көп өтпей отрядқа қабылданатын қазақ жастарын іріктеу басталып, оған Тоқтар Әубәкіров те қатыстырылған болатын. Сол жолы маңдайынан шертіп жүріп, сайдың тасындай ірі әрі салауатты жігіттер таңдалған еді. Бірақ, өкінішке қарай, космонавтар отрядына ұсынылған бір ұшқыш жігіттің денсаулығынан кінәрат табылып, ол бұрынғы әскери қызметіне қайтарылды да, орнына Тоқтар қабылданған. Сөйтіп, ғарышқа ұшу бақыты Әубәкіровке бұйырған-ды.


Бірақ ірі мінезді адамның қай жерде де жолы ауыр болған. Қызғаныштың қызыл иті алдынан үріп шығып, шалғайына жармасып, шаңға аунатып кетсем деп жаныққан. Бұл қызыл көз қысастық Тоқтар Әубәкіровті де айналып өтпеді. Ол Совет одағы бойынша жан баласына жалынан сипатпаған МИГ-терді тізгіндеп, ұршықтай үйіріп ала жөнелген ұшқыр ойлы ұшқыш ретінде мойындалса да, одан әрі еркін самғап көтерілуіне жол жабық болды. Оған себеп: советтік жүйенің қабағы астында жүрген қазақ азаматы болғандығы. Ал, славян ұлтының өкілі болғанда, несін айтасың, баяғыда-ақ бағы ашылып, кемесі өрге жүзіп, сән-салтанат құрып жүрер еді. Сірә, өздерінен түсі бөтенді бөгде, жат көре ме, қалай? Оның Кремльге, одан бергі құзырлы орындарға жазған хаттарын да жауапсыз қалдырған. Сосын мұңын шағып, Қонаевқа хат жазбақ болды. Әдепкіде заңгерлердің көмегіне жүгінген еді. Олардың үш парақ қағаздың бетін шимайға толтырып жазып бергені көңіліне қонбады. Оны жыртып тастап, мән-жайды толық қамтып, айтар ойын жарты бет қағазға сыйдырып, ақырында өзі хат жазған.
Хат қолына тиіп, мән-жайды білген соң Қонаев Мәскеуге жолы түсіп, бір барғанында сол жердегі консул арқылы Әубәкіровті іздестірген. Содан кейін де Кремль арқылы оны үгіттеп: «Бүкіл қазақ елі өзіңе сенім артып отыр. Сұңқар самғау үшін жаралған. Қалайда ғарышқа ұшып, еліңнің мерейін сен көтермесең кім көтереді», – деген ағалық өтінішін айтып. Бірақ ол бұл кезде әлі дайын емес-ті. Ғарышқа ұшып барып қайтқаннан кейінгі тағдыры күмәнді көрініп, қатты алаңдатып тұрған. Себебі, онда әлі атақ та, разряд та жоқ болатын. «Бұйырып тұрса, әуелі жерде тамырымды тереңге жіберіп, шыңыраудан шырын тартып жинап, қанат-бұтағымды қатайтып алайын» деп ойлаған. Арада төрт жыл өтіп, «Боранның» тізгінін қолына ұстатқанда ғарышқа ұшу мәселесі тағы көтерілген. Тоқтар ол жолы да бас тартты.
Алайда, қазақ елінің қазақтан ғарышкер дайындау жұмысы Қонаевтың тұсында ерте басталған еді. Тоқтар Әубәкіров Ұлы Даланың көкбөрі рухын ту етіп көтеріп, ғарышқа ұшқан кезде бүкіл жер-жаһан қуаныштан жарыла жаздап, тебіреніп, теңіздей толқыған. «Комсомольская правда» газеті «Қонаевтың арманы орындалды» деп бүкіл елден сүйінші сұрап, көлемді мақала жазды. Ал қаны қарайып, ішіне көк мұз қатқан Михаил Горбачев бұл хабарды алғаш естігенде: «Қалың орман орыстан бір адам табылмады ма?» – деп тұлан тұтып тулаған.
Анасының өсиетін бала кезден көңіліне тоқып, ұлттық рухта өсіп жетілген Тоқтар Әубәкіров Бас хатшының әлгі қыжыртпасын естісе де оған онша мән бермеді. Өйткені, оның белгілі бесбике екенін бұрыннан жақсы білетін. Шындығында ол император болатын кісі емес-ті. Ставропол өңірінің можан-топай бір мұжығы еді. Бақ пен тақ мұжықтың да айпарасын асырып жіберетінін кім білген.
Тоқтар, бірақ, күйкі тірліктің ондай ұсақ-түйегіне мән беріп, дыбыстан жылдам МИГ-29К ұшағын кеменің алақандай айлағына қондырып, бүкіл дүние жүзінде авиация тарихында тұңғыш рекорд жасаған әлемдік биігінен төмендеп, аласарғысы келмеді.
Сыртта жүрсе де сырғақтап, сара жолдан тайып көрген емес. Мәскеудің қалалық мәжілісінде Батыр атағының белгісін кеудесіне таққанда: «Саулығыңды тілеймін, аса мәртебелі Бас қолбасшы!» – деуі керек еді. Бірақ олай деуге дәті бармады. Баяғы өжет мінезіне басып: «Совет Одағына қызмет етемін», – деп устав бойынша ізгі ниетін білдірген болды. Бұның арғы астарында: «Қазақтан басқа адам жоқ болды және менен басқа ғарышқа ұшатын ер жігіт таба алмады. Ал, қайтесіз?» – деген кекесінді мысқыл ойдың мұз астында жүзген жайын балықтай жонын көрсетіп, жарқ-жұрқ етіп тұрғанын Горбачев те, оның жантайшап нөкері де түгел түсінді.
Алайда, ол ғарыштан оралған бойда Қонаевтың қара шаңырағына ат басын тіреген еді. Балаларын бірге ертіп барып, батасын алған-ды. Үй иесі ғарышкерді аса жылы шыраймен қарсы алса да, сәлден соң бір әңгіменің орайында:
– Балам, маған сәлем бергелі келгенің кісілікке тән қасиет болғанмен, қазіргі уақытта бұның өзі үлкен қателік екенін білуің керек еді. Енді ана жоғарыда, төрде жүрген төрелер саған қырын қарап, қанатыңды қайырып, құрсаулап ұстай ма деп қауіптенем. Себебі, сен саясатты, қазақ қоғамының көзге көрінбейтін бұлым-бұлым қалтарысын, жіңішке жолдарын және байқамасаң түбіне тартып, жұтып жіберетін жылым-иірімдерін білмейсің. Оның жықпыл-жықпыл қаракөлеңке қойнауы саған әлі есік аша қойған жоқ. Балаққа жабысқан бит басқа өрмелеп шығып жатқан зауалды шақта қауіп-қатер қайда деме, – деді ел ішінің өз жаулығы барын аңғартып.
Жас кезінен дүниенің қабағын бағып, суық желдің қай тұстан ысқырып соғатынын жіті аңғарып өскен ғарышкер бұл үйге салып ұрып ойланбай келе салған жоқ-ты. Бұның арты неге апарып соғарын күні бұрын сезіп, өзін соған іштей дайындап, тас түйін бекіп келген болатын.
– Димаш аға! – деген төрге шығып жайғасқан бойда алабұртып. – Мына кішкентай ақ ботаның сүйкімді мүсіні менімен бірге космосқа барып қайтқан еді. Осыны Сізге сыйлағым келеді. Олқы көрмеңіз. Мені космонавтар отрядына қабылдатқан Өзіңіз едіңіз. Соның куәсі боп, үйіңіздің бір бұрышында тұрса деймін.
– Әлбетте, әлбетте… Сыйлықтың үлкен-кішісі болмайды. Мәселе оның құндылығында. – Үй иесі ақ ботаның сүйкімді мүсінін қолына ұстағанда бүкіл космос кеңістігі алақанында тұрғандай сезініп:
– Бұдан өткен сыйлық бар ма? – деді тебіреніп. Сосын ғарышкерге көзін серпе тастап: – Бұ ақ бота жәй мүсін ғана емес. Бұл – тұнып тұрған сұлулық. Ақындар арыс туатын ару қыздың нұрлы жанарын ботаның көзіне теңеп жыр жазған. Оны өзің де жақсы білесің. Алайда, ақ ботаның мүсінін өзіңмен бірге космосқа алып ұшқаныңның өзі сенің ауылда туып, сиырдың жаңа жаппасына тайып жығылып, жамбасын былғап, дала тіршілігін қанына сіңіріп, ұлттық рухта өсіп жетілген нағыз қазақ екеніңді танытып тұр. Мен сенің өне бойыңнан сол ізгі қасиетті көріп сүйсініп отырмын. Шынтуайтына келгенде, қазақша сөйлей білгеннің бәрі бірдей қазақ емес. Осыны үнемі есте сақта, – деді бір шындықтың бетін аша сөйлеп.
Дінмұхамед қонағын оң жағына жайғастырып, өз қолымен шай құйып беріп:
– Космос кеңістігінен не байқап, не көрдің? Құпия болмаса содан сыр шерте отыр, – деді адамға тән әуесқойлығы ұстап.
Тоқтар да ішіне сыймай бұлықсыған бір жәйтті айтқалы маналы бері өзі де асығып отырған.
– Димаш аға! – деді іркілмей орнынан желпіне бір көтеріліп қойып. – Ғарышта «Алла! Алла!» деген бір ұлы сарын қашан жерге қонғанша құлағымнан кетпей қойды. Тіпті жүрегімнен, өз кеудемнен естіліп тұрғандай болды. Бұ не құдірет сонда? – деп Үлкен Кісінің жүзіне барлай қараған.
– Япыр-ай, ә! – деді Ол бұған қайран қалып. – Данышпан Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп, сол ұстанымынан айнымай өмірден өтіп еді. Көрегендікпен айтқан екен-ау, жарықтық. Енді, міне, ғарыш кеңістігінен «Алла! Алла!» деген ұлы сарынды өзің естіп, жер бетіне қайта оралып отырсың. Бір Жаратушы құдіреттің бар екеніне бұдан өзге қандай дәлел керек. Ал, Батыс ғалымдары бұл жөнінде не дейді. Тыңда. Ғалымдар медициналық атлас парақшасымен (лупаның көмегімен) адам жүрегінің оңаша бұрышында «Алла!» деген жазу бар екеніне көз жеткізген көрінеді. Қанша тексерсе де «Алла!» деген жазу шыға берген. Олар бұл жазуды адамға операция жасағанда көріп, қайран қалған. Жүректің әр қағысы «Алла!» деп соғады екен. Бұған қалай таңданбайсың.
Тоқтар:
– Расында да, таңғаларлық құбылыс екен, – деді де, көңілін мазалаған өзге бір жәйтті термелеп айтуға асықты ма, немене, сөзін одан әрі тез сабақтап: – Содан соң бір байқағаным: ғарыш кеңістігіне жер бетінің сұмдығы әлі жете қоймапты. Кесір-кесапаттан ада. Таза. Ақша бұлттардың арасында ақ қанатты періштелер ағындап ұшып жүргендей… мұндай кереметті бұрын кім көрген, – деді көзі жарқ-жұрқ етіп ұшқындап.
Қонағының аузынан «Ғарыш кеңістігіне жер бетінің сұмдығы әлі жете қоймапты» деген сөзді естігенде Қонаев:
– Қайдан жетсін. Ол жаққа адамдар әлі барған жоқ. Осынау сұлу дүниеге сұмдықтың бәрі адам қолымен орнап жатқан жоқ па, – деді шытынып.
Екеуі сол жолы емен-жарқын отырып ұзақ әңгімелесті. Арада едәуір уақыт өткенде үй иесі ғарышкердің иығына бағалы шапан жауып, өзінің жеке коллекциясынан балаларына мәшине, тікұшақ сыйлады. Қонағы дәм-тұзына алғыс айтып, кетуге ыңғайланғанда оны сәл кідіртіп:
– Марқұм Мұстафа Өзтүрік көз жұмар алдында өзін күзетіп қасында отырған сырлас жан досына: «Қазақтың жықпыл, иірімдері мені қабылдамады», – депті. Сол сияқты сені де жуық маңда қабылдай қоймайды. Себебі, сен арпа ішіндегі бір бидайсың және тас диірменнен аман шығатын қызыл бидайсың. Ғарыш кеңістігін бағындырған Батыр болсаң да, заман – түлкі болса, тазы боп шалатын, көзге көрінбей көлеңкеде жүретін күштердің алдында дәрменсіз екеніңді ұмытпа. Күш-қуатың бойыңда, ақылың кемелінде, бірақ көлеңкемен қалай күресесің. Қазір керуен кері кетіп, ақсақ түйе алға шыққан заман. Байқа! – деді күреңітіп…
Ғарышкердің жастау, албырт шағы еді. Қиыр Шығыста жүргенде әлдеқалай қолына түскен Абайдың «қара сөздерін» парақтап оқығаны бар-ды. Бірақ төрт-бес беттен кейін көңілі суып сала берген. «Өз қазағын жек көретін бұ қандай ақын?» деп ұнатпай лақтырып жіберген. Араға екі-үш жыл салып қайта қараған. Бәрібір ұнамады. «Абайды – данышпан ақын дейді. Ендеше, жазғанын түсінбеуім қалай?» деп таңырқап жүрді.
Сырт жерде ержетіп, жат өңірдің ауасын жұтып, тәлім-тәрбиесін көріп, азамат боп қалыптасқан Әубәкіров сияқты қазаққа туған топырағында тамыр байлап, қара емендей көктеп бой көтерген жұмбақ Абай ішін неге берсін. Тіпті есігін де ашпай қойған.
Кейін елге келіп, алып-ұшқан көңілі басылып, арнасын жаңа тапқан өзен секілді өз үйіріне қосылған шақта Абайдың «қара сөздерін» қолына қайта алып еді. Мұндай кереметті бұрын кім көрген. Абай тіріліп келіп, сыртын берген қазақ қоғамының бет-пердесін ашып, кескін-келбетін анық көрсетіп берді. Ол қазақ қандай халық екенін сонда ғана түсінді.
Теміртаудың жұмысшыларымен бірге еңбек етіп жүргенде де, әскери әуе училищесінде оқып жүргенде де, әскери сынақ өнеркәсібінде қырық мың адамның ішінде жүргенде де өзін ылғи жалғыз сезініп, сонда да кеудесін тірі жанға бастырмай қасқырдың көзіне тура қарап, шиыршық атып өскен оны қазақ қоғамының жыра-жықпыл, иірімдері онша жылы қабылдай қоймады.
Бірде Ақордаға қызметке тұрған еді. Ұзақ тұрақтай алмады. Ел назарында жүрген бір қатар ақ жағалы азаматтардың былық-шылығын көргенде, ал бастарына іс түсіп, тұтылғанда қайықты бірге ескен серіктерін өзімен бірге ала кетпек боп жанталасқан сатқын тірлігін және байқағанда қарадай жүріп шошынып: «Бұл жерде де тазалық жоқ екен. Ендеше, тазалық аспанда. Аспанды сағындым!» – деп, қараұйықтан бойын аулақ алып қашып, өз өтініші бойынша лауазымды қызметінен босап шығып кетті.
Одан кейін халық дүрк көтеріліп қолдап қалаған соң Парламентке сайланып еді. Оның аурасы да қолайына жақпады. Парламенттің алғашқы отырысынан бастап, тура жолдан таймай өжет мінезіне басып: «Бізге дейін сайланған депутаттар не қарап, не қойды. Онда шаруам жоқ. Енді халықтың жағдайын ойлап, рухын көтеру керек, үкілеп ұстайтын үкіметі, қорғап, қамқор болатын мемлекеті барын сезінсін» деген ұсыныспен шығып, ұлттық мүддеге қайшы заңдардың жолын кесіп еді. Арда басы арылмайтын таза пәлеге қалды. Іштегі қыжылын сыртқа шығармай тізгіндеп ұстап, жоғарыдағылардың көңіл ауанына қарай бөркін ауыстырып, өңін өзгертіп отыратын желбуаздардан: «Басың аман, бауырың бүтін тұрғанда жоқтан өзгеге килігіп, ақ тер, көк тер боп шырылдай беретінің қалай? Қазақ жайында, қазақтың тілі жайында, тіпті ділі, діні жөнінде не білесің сен? Қалың орман орыстың арасынан жүнін жұлған тауықтай боп сымпиып келгенің кеше. Әуелі әйелің де орыс», – деген бейпіл сөз де естіді. Баяғы батыс пен шығыстың ортасында атойлап өткен көкбөрі қазақ замандардан заманға көшкенде шибөріге айналып, осынша ұсақталып кетеді деп кім ойлаған. Советтік жүйенің қасап мәшинесі бастарын қырқып, тек қуыс кеудесін ғана қомпитып қалдырған. Құдды, басы жұлынған тауық секілді. Содан үрейленіп, жалтақ боп қалған. Ал, ол үрейді Тәңір сыйлаған тәуелсіздік те сейілте алмаған сияқты. Ендеше, Тоқтардың жүйкесін тоздырып, діңкесін құртқан қайдағы-жайдағы шибөрілер немесе қыздырманың әлгіндей қаңқу сөздері емес, айналасында тәуекел деп ашық айқасқа түсуге жарайтын көкбөрі еркектің жоқтығы.
Халықтың мұңын жоқтап, сөзін сөйлейтін орақ ауыз, от тілді өзі сияқты бірді-екілі депутатты көп көріп, солардан ың-шыңсыз құтылғысы келді ме, жоқ басқа да түйткілді себептері болды ма, әйтеуір сол жолғы Парламенттің ғұмыры қысқа болды. Оған Мәжіліс депутаты шопырының бір ауыз сөзі себеп боп, тез тарап кетті. Ой, сұмдық-ай! Бұл елде халық сайлаған депутаттан гөрі шопырдың сөзі өтімді болғаны ғой, шамасы.
Уағында қайырымсыз қара күштен кімдер зәбір көріп, кімдер зардап шекпеді. Желден жүйрік Құлагері Сағынайдың асында Батыраш сілтеген айбалтадан мерт болып, Көкжендет қаршығасы құс аулап, саят құрып жүрген кезінде қайыру бермей желдеп кетіп, Тәңірі қосқан асыл жары Ақтотыдан және айырылып, күйік арқалап, бақсының моласындай күңіреніп жалғыз қалған Ақан сері өзін қоршаған ойсыз ортадан безіп, айдалаға лаққанда Көкшенің сұлу көркіне көз суарып, қайта түлеп, баянды тірлік кешетінін білген жоқ-ты. Енді, міне, тарғыл түсті тағдыр әйгілі ғарышкердің қайығын да сол арнаның бойымен ақ жал толқынын аспанға атып, бұрқанып ала жөнелген. Ол да Ақан сері сияқты жан тыныштығын сарыарқаның сұлу табиғатынан тауып, қыран құс баптап, саят құрып, сәйгүлік жылқы өсіріп, Астананың жанынан ірге көтерген үйінде баянды тірлік кешіп жатты.
Сатқын – сардар, алаяқ – азамат, ұры – ұлық атанып, көргені жоқ көш бастаған зауалды шақта туған елдің ар-намысы жолында басын қатерге тіккен көзсіз батырдың ата ерлігі соқыр тиын ғұрлы құны жоқ көрінді. Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров қазақ қоғамы сыйдырмай қуғындаған соң отбасын асырау үшін сарыарқаңда жылқы бағып жүр деген мақаланы оқығанда Ақеділ ақынның көзі атыздай болды. Төбе шашы да шошынып тік тұрған. «Бұ не сонда? Қонаев космос дәуіріне көтерген елдің осынша құлдырап, төмендегені қалай?» деп күңіренгенде көз жасы ақ қағазға өлең боп төгіліп кетті.
Боз даласы бусанып, таңы арайлы атқанда,
Туған елдің арманы ақ қанатын қаққанда, –
Жер жүзінде бірінші Тоқтар еді, ағайын,
Кемеге ұшақ қондырған ұшып бара жатқанда.

Бұлттың бәрін ысырып, көк аспанды торлаған,
Ғарышкерді қашанда Құдай қорғап, қолдаған.
Оған дейін, ағайын, мына жарық әлемде,
Кемеге ұшақ қондырған ешбір ұшқыш болмаған.

Шындықты айтқан кісіні – талатқалы бүргеге,
Қамайтұғын заман жоқ көрдей суық түрмеге.
Біздің елде, ағайын, құны жоқ па ерліктің,
Сарыарқада ғарышкер жылқы бағып жүр неге?!

Оған жылқы бақтырған қай тәңірдің жарлығы,
Талай ерді жоқ қылған – құрғыр іштің тарлығы.
Қарға, құзғын аспанда қаптап ұшып жүрген соң,
Жерде жүрмей қайтеді, сұңқар құстың барлығы.

Қалтырайды жүрегім – емес, бірақ, суықтан,
Қысас қанша ішімді – аш бөрідей ұлытқан.
Бізден өзге ел бар ма – жұмыр жердің үстінде,
Бағаламай батырын – тірісінде ұмытқан.

Кімге тұтқа бұл күнде дүниенің кеңдігі,
Белі мықты ел қайда – үзілсе де белдігі.
Сатқын сардар атанған мына өтпелі кезеңде,
Көзсіз батыр ерлердің кімге дәрі ерлігі.

Төбесінен ызыңдап қара шыбын ұшпаған,
Күндер қайда жоғалған – ақ найзасын ұштаған.
Елді, сірә, тұра ма кім көрінген басынбай,
Ерін ту ғып көтермей – ат қорада ұстаған.

Ғарышты бағындырған көзсіз батырдың өмірін жер бетінің сұмдығы өксітеді деп кім ойлаған. Әй, опасыз жалған дүние-ай!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір