Жаңашыл жас маманмын
01.10.2020
645
0

Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына еніп, тереземіз тең болу үшін заман талабына сай білім қажет. Қазіргі таңда қазақстандық білім саласына да көптеген өзгерістер енгізілуде. Осы үдерістерді түйсіну мен үшін жалпы мектептердегі білім беру саласындағы жаңа технологияларды игеру мен дамытуға байланысты әдіс-тәсілдерді Алматы педагогикалық Университеті қабырғасынан үйренуден басталды.

Жаңаша сабақ құрылы­мын жоспарлауды игеріп, оқушылардың ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс жасап, шығармашылық қабілет­терін дамыта отырып өз ойын толық жеткізе алатын белсенді жеке тұлғаны тәрбиелеу басты мақсаттың бірі екеніне көзім жетті. Ол үшін мұғалімнің шеберлігі қажет-ақ. Жаңартылған оқу бағдарламасында алған теориялық білімімді тәжірибемен ұштастыру мақсатымен аталған жоғарғы оқу орнын үздік дипломмен бітіріп, биология пәнінің мұғалімі ретінде қаладағы №57 мектепке орналастым. №57 мектеп ұжымын ұлағатты ұстаз, әдіскер, «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы Тәуекелова Гүлбану Қонысбайқызы мен оқу ісінің меңгерушісі, бірнеше халықаралық байқаулардың жүлдегері болып жүрген қазақ тілі пәнінің майталман ұстазы Венера Қасенова басқарады екен. Мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған жас маманға осындай мәртебелі мамандармен бірлесе жұмыс жасау үлкен қолдау болған сияқты. Қазір білім жүйесінде әртүрлі қиыншылықтар туындауда. Қашықтықтан оқытудың қыр-сырын меңгеріп, жаңа технологияны жетік біле отырып, мұғалім мен оқушының арасындағы жағдайды оңтайлы шешу ұстаздардың басты парызы. Сондай-ақ негізгі мақсат – сапалы білім беру екені анық. Мұның бәрі ұстаздық жолды жаңа бастаған маған үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі.
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты туындаған білім беру саласындағы үлкен өзгерістер дәстүрлі білім беру жүйесінен  жаңа форматта жұмыс жасауға көшу қажеттілігін айқындап отыр. Бұл барша ұстаздар қауымының алдына жаңа мақсат-міндеттер қойып, оқытуды сапалы ұйымдастыру жолдарын іздестіруді талап етуде.
«Қазақтың тағдыры да, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі», – деген екен педогика ғылымына зор үлес қосқан, ойшыл ұстаз Мағжан Жұмабаев.  
Бүгінде жаңартылған білім беру бағдарламасының нәтижесі – ғылым-білімге қызығушылығы зор, қай салаға да бейімі бар, сенімді, жауапкершілігі мол, сын тұрғысынан ойлай алатын, өзгелермен тез тіл табыса алатын, қоғамның белсенді азаматтарын қалыптастырады деп ойлаймын.
«Әлемнің өзгеруін қаласаң, өзгерудің алғашқысы өзің бол! Болашағыңның өзгеруін қаласаң, сол өзгерісті қазір жаса!» деген қағида басты назарда болса, болашағымыз да жарқын болмақ. Мен де осы мақсатты негізге алып Қазақ­станның дамуына өз үлесімді қосқым келеді. «Шәкірттің білімді болуы – ұстаз қолында» дегендей, абыройлы әрі артар жүгі мен жауапкершілігі зор мамандықтың алғашқы тоқсанының алғашқы айын да артқа тастадым. Алдағы ұстаздар мерекесі қарсаңында жас ұрпақты тәрбиелеу жолында өзім еңбек жолын бастаған №57 мектеп әкімшілігі мен ұжымына зор табыс тілеймін…
Ұстаз мәртебесі әр кез жоғары бағаланған. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп, барлық жақсы ниет-тілек те ұстазға арналған.  Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев:  «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан басталады», – дейді. Ендеше, білім шыңына жетелеген ұстаздар қауымы жасай берсін!
Мағжан ӨТИКЕЕВ,
№57 мектептің биология пәнінің мұғалімі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір