ҚЫРАННЫҢ ҚАЙҒЫСЫ
26.09.2020
1329
0

Сәбит ДОСАНОВ

Жалдама өзенінің жағасындағы биік жотаның етегінде қабырғалары шикі кірпіштен қаланып, төбесі қамыспен қоянжондана жабылған жеті үй тұр. Күншығыс жақтағы ең шеткі үйдің алдындағы жерошақтың отын темір көсеумен анда-санда бір көсеп қойып, ақ жаулықты кейуана отыр. Күнбатыс беттегі қырқадан қасқа бұзау жетектеген ұзын бойлы, ақ шашты, ақ сақалды қария келе жатыр. Қасқа бұзаудың соңында алға қарай иіле біткен имек мүйізді қазандай басын шайқап қойып, оқта-текте бір мөңіреген қара-ала сиыр. Қос мүйіздің бірі орта тұсынан сынған, екіншісі – ұшы кесілген тұқыл. Батып бара жатқан күннің қасқа бұзаудың қызғылт жонына қиғаштай құйылған сәулесі сәт сайын құбылып қара-ала сиырдың көзін қарықтырып келеді.
– Қарасан келгір қасқа бұзау енесін еміп қойыпты, – деді қара қазанда сақылдап қайнап жатқан қара суға қос уыс бидай салып жатқан кейуанаға кінәлі адамдай жасқанып, жаси сөйлеген қария желмен желбіреген аппақ сақалын оң қолымен тарамдап.
– Әй, шал-ай, – деді кейуана маңдайына түсіп кеткен ақ жаулығын жөндеп жатып, – ана… ой, Алла-ай, кім еді әлгі Ноянның қызының аты…
– Ой, қайран кемпірім-ай, сен де қартайыпсың ғой әбден. Не көрінді саған күнде көріп жүрген Пүліштің атын ұмытып?!
– Сол Пүлішке барып бір тостаған сүт алып кел. Қара шайды қайтіп ішеміз енді?
– Әй, кемпір-ай, – деді қария тоқтықтан маужырап тұрған бұзауды ауладағы қазыққа байлап жатып, – осы сенің атыңды әке-шешең Шәйгүл деп біліп қойған-ау, нәті. Соншама шайқұмар болармысың?


– Мен емес, сенің атыңды Жайбасар деп тауып қойған, кім қойса да. Жайбасар, жалқау болмасаң, айдың-күннің аманында жалғыз бұзауға ие болмай, емізіп алар ма ең. Артыңа қарамай қырынып, жуынып, үсті-басыңды қаққыштап, сыланып-сипанып жүріп аласың түге.
– Қайран кеңес үкіметінің көзіндей жалғыз костюмімді қағып-сілкіп таза ұстасам, қырынып, жуынып, сыланып-сипанып күнде таза жүрсем, оның не сөкеттігі бар? Тазалыққа жас кезден үйренген жақсы әдет қой ол.
– «Кедейдің кербезінен сақта» демей ме қазақ. Үйіңде шайқап ішер шалабың жоқ, сенің үстіңе қыл-қыбыр жолатпай қақиып жүргенің кімге керек?
– Өзіме керек, өзіме! Адамның жаны да, тәні де, киген киімі де таза болуы шарт. Сосын сен мені «кедей, кедей» деп тақымдай берме, білдің бе? Мен туа кедей болғам жоқ, жүре кедей болдым. Арғы атам бай, өз әкем болыс болған. Совет үкіметі кезінде өзім де завферма болып, аузыңнан ақ май ағызғаным қайда?
– Әй, шал, сайрай бермей сүт алып кел.
– Өзің ғой, сөзге айналдырып бөгеп жатқан, – деп бүгежектеген Жайбасар жайлап басып аз ғана үйлі ауылдың екінші шетіне қарай кетіп бара жатты. Барған ізімен іле кері қайтқан қария сүт толы сырлы ағаш тостағанды кейуанаға ұсынып жатқанда күншығыс жақ қырқадан құйғытып шыға келген бір жеңіл машина бұлардың жанына тоқтай қалды. Аппақ түсі батып бара жатқан күннің қызғылт-сары сәулесімен шағылысқан ақ машинадан түскен ұзынды-қысқалы екі жігіттің бірі:
– Ассалаумағалейкум, ақсақал, – деп Жайбасармен, екіншісі:
– Есенсіз бе, апа? – деп Шәйгүлмен амандасты.
– Қай балаларсыңдар? – деді еңкіш иығын тіктеп, сәлем берген екі жігітке көз қиығын кезек тастаған Жайбасар.
– Мына жігіттің аты – Нағышыбай, фамилиясы – Нұриденов. Астанада, КНБ-да жұмыс істейді, – деді екеудің ұзын бойлысы жанындағы аласа жігітті нұсқап.
– КНБ деп тұрғаның Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғой, – деді Жайбасар өзінің әр нәрседен хабары бар екенін танытқысы келген сыңаймен ұзын мұртын ширатып.
– Тас төбесінен түстіңіз, – деді ұзын бойлы, қарасұр жігіт қулана жымиып.
– Өзіңнің ныспың кім?
– Менің атым – Қыдырәлі, әкемнің есімі – Қарғабай. Бизнесменмін.
– Қай жердің тумасысың?
– Осы Жалдама бойын жайлаған қырық­мылтық руынанмын.
– Тоқта, тоқта, – деді Жайбасар Қыдырәліні бастан-аяқ бір шолып өтіп. – Сен сонда өзіміздің қарға бойлы Қарғабайдың баласы болдың ғой. Онда сен бізге жиенсің. Сол сәт Қыдырәліге көзінің астымен қараған Шәйгүл ұрлана, дауысын шығармай ақырын күлді. Ол күлкінің себебін біле қойған Жайбасар кемпіріне қарап, жұмсақ жымиды. Қарға бойлы Қарғабай соғыстан кейінгі жылдары көңілдесімен ләззат ойынын ойнағаны үшін әйелі Айсұлу оны қолындағы сорпа құйып жатқан ыстық ожаумен жанды жеріне салып қалған. Сосын әйелінің ашуы басылғанша бой тасалай тұрайын деп даладағы дәретханаға кіргенде соңынан ілесе шыққан әйелі дәретхананың есігін сыртынан бекіте салған. Дәретхананың ағаш есігін әрі итеріп, бері тартып, қара терге түскен, жаздың ыстығында жағымсыз иіс қолқасын қауып, қақпанға түскен қасқырдай аласұрған қарға бойлы Қарғабайдың ащы дауысын бүкіл ауыл естіп күлген. Сол оқиға ойларына оралған Жайбасар мен Шәйгүл бір-бірін тілсіз түсініп еді.
– Әй, шал-ау, – деді Шәйгүл Жайбасарға бұйыра сөйлеп, – балаларды прокурор құсап тергей бермей үйге кіргізсеңші.
– Ә, иә, жігіттер, төрлетіңдер, – деді Жайбасар. Қабырғасы жарылып, іргесі шөге бастаған аласа жер үйге кіргісі келмеген Нағашыбай үй іргесінде жатқан тулаққа қисая кетті.
– Үй ыстық шығар, осы жер қолайлы ғой, – деді ол.
– Апа, жолға алып шыққан су мен сырамыз таусылып, қатты шөлдеп келдік, – деді Қыдырәлі Шәйгүлді жақын арта жылы сөйлеп, – бізге тезірек шәй бере көріңіз. Мосыға ілінген қара шәйнектің астында жанып жатқан отқа құрғақ тезектің үш-төртеуін тастап жіберген Шәйгүл:
– Қазір, қалқам, қазір, – деп дастархан жая бастады.
– Шай қайнағанша шөл баса тұрыңдар, – деп, Жайбасар ұсынған бидай көжені басына бір-ақ төңкерген Нағашыбайдың маңдайынан тер бұрқ ете қалды.
– Қайдан жүрсіңдер, қайда барасыңдар? – деп сұрады шай үстінде Жайбасар.
– Нағашыбайдың мына Аманкелді ауданының орталығында тұратын жиені үйленіп, соның тойына келгенбіз, – деді Қыдырәлі. –Тойдан соң құс атып, аң аулап жүріп осы жерден бір-ақ шықтық. Бұл өзі қай ауыл?
– Бұл жердің бұрынғы атауы Құсұя болатын. Қазіргі аты– «Жетім ауыл», – деп әңгімені әріден бастады Жайбасар. – Ертеректе бұл өлкені Нұрдәулет атты атақты бай мекендеген. Осы төңіректегі ат аяғы жетер жердің бәрі сол Нұрдәулет байдың арғы аталарынан мұраға қалған жер екен. Осы өздерің ат басын тіреген ауыл ертеректе Молотов атындағы колхоздың орталығы, кейін тың игерген кезде «Амантоғай» атты астық совхозының бір бөлімшесі болды. Ол кездері мұнда қырық шақты түтін болған. Содан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бір өзі кішігірім бір мемлекет сияқты совхоздар мен колхоздар жаппай таратылып, халықтың маңдай терімен келген бар байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеді ме? Аса қуатты ауыл шаруашылығы күйреген елде не береке болушы еді? Жер азды, ел тозды. Бар тірлігі қолындағы азын-аулақ малға қарап, жұмыссыз қалған ауыл қазағының бір тобы Арқалық пен Рудныйға, енді бірі Қостанай мен Астанаға үдере көшті. Жаппай көтеріле көшкен елдің жұртында қозғалуға көлігі, қаржысы жоқ мына біз секілді шал-шауқан мен жетім, жесірлер ғана қалды. Бұл жерде қазір бар болғаны жеті үй, он бес адам бар. Ауылдың айналасындағы мына қалқиған жартыкеш қабырғалар мен томпиған төбешіктер қалаға көшкен елдің ескі жұрты.
– Ауылдың желке тұсында тұрған анау еңселі ғимарат ше? – деп сұрады Нағашыбай.
– Е, ол Нұрдәулет байдың өзінің көкжал арғымақтарына арнап салдырған ат қорасы ғой, – деді шашы ұстарамен алынған тақыр басын бір сипап қойып.
– Өзі қай қырынан қарасаң да әрі көрікті, әрі биік екен, – деп қалды Қыдырәлі.
– Еңселі болатыны, – деп түсіндірді Жайбасар, – мына біздің тапал үйлерден әуелде-ақ әлдеқайда биік салынған. Көрікті болатыны қабырғалары жылқының құйрық, жалының қылы қосылып иленіп, біркелкі болып құйылған сапалы кірпіштен өрілген. Ғасырдың басында сомдап соғылған ғимарат уақыт желіне желініп, сәл шөге түскені болмаса, әлі де өңін бермей, қабырғасы қақырамай қасқайып тұр. Бұл ғимарат кезінде Молотов атындағы колхоздың клубы болған. Кітапхана мен почта сонда орналасқан-ды.
– Қазір не бар онда?
– Бос тұр.
– Соған неге көшіп алмайсыздар? Мына үйден ол әлдеқайда жақсы емес пе?
– Ә, онда гәп бар?
– Ол қандай гәп?
– Сұлуынан жылуы демей ме қазақ. Ол пәлен бөлмелі әйбат үй болғанмен оны қыста жылытуға көп отын керек. Ол бізде жоқ. Көмірге қолымыз жетпейді. Мына аласа үйді қыста қоға, қамыс, тезекпен әзер жылытамыз.
– Кеш түсіп, іңір қараңғылығы қоюланып барады. Мына жерошақтағы оттың жарығы әлсіз екен. Шам бар ма?
– Шам бар.
– Онда жақпайсыздар ма шамды?
– Шам болғанмен, керосин жоқ.
Қыдырәлі мен Жайбасардың манадан бергі әңгімесін үнсіз тыңдап отырған Нағашыбай орнынан тұрып «Джиптің» фарын жағып, радиосын қосты. Сол сәт айнала жап-жарық болып, «Ленд крузердің» ашық тұрған есігінен ән мен күй кезек шалқып жатты. Мұны байқап қалған «Жетім ауылдың» тұрғындары Жайбасар үйінің ауласына жинала қалды. Шәйгүл мен Жайбасардың киімдері ескі, өңдері жүдеу болғанмен дастарханы мен ыдыс-аяғы тап-таза екен. Сүт қатқан қызылкүрең қою шайды терлеп-тепшіп ішіп отырған Нағашыбай мен Қыдырәліге кезек қарап алып сөз бастады Жайбасар:
– Қарақтарым, өздерің білесіңдер, қазақ құдайы қонағынан ештеңе аямайды. Біз де қолдағы барымызды ауыздарыңа тосып отырмыз. Мына дастархандағы нанға сары майды жағып жеп, тойып алыңдар. Сендерге соя қоятын ұсағымыз жоқ. Бес-алты қой ешкіміз бар еді, ұнға айырбастап тауыстық. Желініне қарап отырған жалғыз сиырды да, оның бұзауын да соймады деп айыптамассыңдар. Біз ыстық сорпа ішпегелі қашан?
– О не дегеніңіз? Көңіліңізге ризамыз, ақсақал, – деді Қыдырәлі елпілдеп.
– Ендеше бүгін ыстық сорпа ішеміз. Қыдырәлі, кәне, ана машинадағы бүгін атып алған құстарды тегіс алып кел мұнда. Бірін үйітіп, бірін асып, ас әзірлеңдер, – деді Нағашыбай. Сол екі ортада «Жетім ауылдың» барлық тұрғыны Жайбасар үйінің алдына жинала қалды. Осынау жеті үйде тұратын ұзын саны он бес адам жетім, жесір үшін Нағашыбай мен Қыдырәлінің келуі әжептеуір оқиға еді. Жаз бойы ешкім ат ізін салмаған, бір үйден кіріп, бір үйден шыққан қамкөңіл жандар ойламаған жерден келе қалған жолаушылардан жөн мен жаңалық сұрасып, қауқылдасып қалды. Біреулері Нағашыбайдың ине-жіптен жаңа шыққан шетелдік спорттық киіміне, біреулері Қыдырәлінің қолындағы күн нұрымен шағылысқан алтын баулы алтын сағатын қызықтаса, енді біреулері өздері бұрын-соңды көрмеген аса қымбат «Джипке» таңырқай қарады. Газет, журнал оқымаған олар, радио тыңдап бір жасап қалды. Газ дегеннің не екенін білмейтін ауыл тұрғындары жүні жұлынған құстарды лезде күйдірген Қыдырәлінің құралын сиқыршының қолындағы кереметтен кем көрген жоқ. Электр жарығы болмағандықтан кеш түсіп, ымырт қараңғылығы қоюласымен жатып қалатын жарықтық қарттар түні бойы машинаның қараңғылықты қақ жарған жарығында рахаттана отырып әңгіме-дүкен құрды.
– Осы өңірді кешеден бері шарладық, – деп сөзге араласты Нағашыбай. – Осы жақтың шалдары бұл өлкенің табиғаты керемет деп тамсанып отырушы еді. Көре алмадық қой сол тамаша табиғатты. Өңкей бір шаңы шыққан сұрғылт дала, сұрқай сурет көргеніміз.
– Е, шырағым-ай, бұл қазір ғой. Бұрын бұл жерлер Нұрдәулет байдың еншісі болған кездегі көркін мен өз көзіммен көрдім ғой. О заманда жер жәннаты еді-ау бұл өңір, – деп әңгімені әріден бастар кездегі әдетімен тамағын бір кенеп қойды Жайбасар. – Жиырмасыншы ғасырдың басында бұл жерлер ерекше сұлу, өзгеше абат өңір болатын. Жап-жасыл шалғыны атты кісінің үзеңгілігін сүйетін, тобылғы бұталарының қызғылт бояулары күн нұрымен шағылысқан, сайын далада сан мыңдаған төрт түлік өрген, ауылдың сол жағындағы Аман тоғайының алуан түрлі жеміс-жидектерінің жұпар иісі желді күндері ауаға таралып, жан сарайыңды шайдай ашатын. Оң жақтағы қарағайлы қалың орманмен жалғасып жатқан тоғайдың көркі қысы-жазы бір үзілмейтін әнші құстар таңмен таласа сайрай жөнелгенде қиялыңды қияларға самғататын. Сауырын күнге сүйгізіп керіліп жатқан кең дала, сол Ұлы Даланың бетін жапқан жібектей жасыл шөп пен ақ селеу, боз көде мен боз жусан, қыр мен қырқада қаулай өскен қызғалдақ пен сарғалдақ… көздің жауын алатын. Ата-бабасынан мұраға қалған осы жерде туып-өскен Нұрдәулет айналаға сүйсіне қарап, Сарыарқаның саумалдай дәмді, саф алтындай тап-таза ауасын кеуде кере жұтып, өзінің замандасы көзі соқыр, көкірегі ашық Қайыржан ақындай шалқушы еді-ау. Сондай бір сәттерде ол: «Төрт құбыласы түгел жұмақ, түгесілмес сұлулық болып жаратылған осындай байтақ өлке, бай мекен қайда бар?! Асан Қайғы бабамыз армандаған Жерұйық та осындай-ақ болған шығар. Жаннан қымбат жәннат қой мынау! Қазақтың соңғы ханы Кенесарының оң қолы болған қас батыр Тойшығара айтып, қайран әкем Бабахан қайталаған: «Сенде тудым, сенде өлсем – арманым жоқ. Болашақ ұрпақтарым да туған жердің әр сүйемін көзінің қарашығындай сақтаса екен» деген сөздерде теңіздей терең мағына бар ғой», – деп тебіренетін.
Аты белгісіз арғы замандардан бері қазақтардың атамекені болып келе жатқан Ұлы Даланың сұлулығы мен байлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе? Бұдан он ғасыр бұрынғы сұлулығы тіпті ғажайып еді бұл Ұлы Даланың. Оны кейінгі ұрпаққа жеткізген даланың дана қарттары айтқан дәйегі мол әңгіме, дерегі көп шежіре, қала берді тасқа қашалып жазылған өнегелі өсиет.
Жайбасардың әңгімесін тыңдай отырып ақ арақты аянбай ішкен Нағашыбай әдеттегісінен ерте оянды. Денесі күйіп-жанып, екі шекесі солқылдап тұрған ол «Жетім ауылдың» қарсы алдында баяу ағып жатқан Жалдама өзеніне шомылмақ болды. Қыдырәліні ертіп алып өзен жағасына келген ол өз көзіне өзі сенбеді.
Кеше ғана айнадай жарқырап жатқан жарықтық «Жалдама» бүгін жоқ.
– Осы менің өңім бе, түсім бе? – деді ол жанындағы Қыдырәліге алақ-жұлақ қарап.
– Өңің ғой, кеше кешкісін екеуміз шомылған өзен қайда кеткен?
– Қайдан білейін, мен де соған таң қалып тұрмын, Нықа.
– Кеше кешкісін ғана бар өзен бүгін таңертең жоқ дегенге өз көзімен көрмегендер сенер ме? – деді Нағашыбай айран-асыр болып. – Осыны ертең біреулерге айтсаң, бізді өтірікші дер.
– Өтірікшің не, Ныққа, ақыл-есі ауысқан нақұрыс дейді ғой. Екеуі бір түннің ішінде жағалауды шайған мол су әлдебір жарықты жарып өтіп, жер астына түсіп кеткен өзен арнасына таңдана қарап, бастарын қайта-қайта шайқап біраз тұрды. Күні кеше жарқырап жатқан өзеннің орнында ұзыннан -ұзақ созылған терең сай жатыр. Көзге анық көрінген сай түбі толы көкшіл мүк пен балдыр басқан батпақ. Әр жерде жағаға шығуға тырмысып, тырбаңдаған бақа, шаян, ауа жетпей, желбезегі желпілдеп, жанталаса тулап жатқан шалажансар балық. Аспанға көтерілген тозаң түстес будан тараған сасық иіс қолқаны қабады. Көз көрмек тұрмақ, құлақ естімеген мына сұмдықтан төбе шашы тік тұрған Қыдырәлі мен Нағашыбай біраздан соң естерін жиып, «Жетім ауылға» қарай беттеді. Сол сәт қарсы алдарынан қос шелекті иінағашқа асып алған Шәйгүл шыға келді.
– Әже, қайда барасыз? – деді Нағашыбай амандық-саулық жоқ.
– Өзенге, – деді Шәйгүл.
– Су алуға барасыз ба? – деді Қыдырәлі.
– Иығында иінағашқа ілген қос шелегі бар мына мен секілді кетік кемпір өзеннен су алуға бармағанда таң атпай не үшін барушы еді? – деп таңданды кейуана.
– Онда кері қайтыңыз, – деді Нағашыбай жұлып алғандай.
– Неге? – деді Шәйгүл.
– Су жоқ. Мұны айтқан Қыдырәлі.
– Су жоғы несі, өзенде су болмаушы ма еді? – деген Шәйгүлдің таңданысына Нағашыбай:
– Суды айтасыз, өзеннің өзі де жоқ, – деп таңдайын тақ еткізді.
– Ау, балаларым-ау, не айтып тұрсыңдар? Өзен жоқ, су жоқтарың қалай? Кеше ғана ағып жатқан өзен қайда кетіпті? – деді мына екі жігіттің айтып тұрған сөзіне сенбеген Шәйгүл. – Қойыңдар, боталарым, ондай қылжақты. Мен сендердің аналарыңмен жасты, бәлкім үлкен де шығармын. Үлкен кісімен бұлай әзілдеспес болар.
– Біз сізбен әзілдесіп тұрған жоқпыз.
– Сенбесеңіз барып, өз көзіңізбен көріңіз, – десті.
– Иә, балалар, біздің кемпірмен біраз шүйіркелестіңдер ғой. Жүйкесі жұқарып жүрген кейуана ғой. Бос сөзбен бастарыңды қатырса, көңілдеріңе алмаңдар, – деді манадан бері Жалдама жаққа қарап тұрған Жайбасар.
– О кісіде жазық жоқ. Біз ол кісіге бүгінгі күннің ең басты жаңалығын айттық, – деді Нағашыбай.
– Иә, ол не жаңалық? – деп елең ете қалды Жайбасар.
– Жалдама өзені жоғалып кетіпті, – деп қойып қалды Қыдырәлі.
– Тек! – депті шоқ басқандай шоршып түсті Жайбасар. – Зат емес, мал емес, оны айтасың, тіпті адам да емес, жылдар бойы жарқырап жатқан үп-үлкен өзен жоғалушы ма еді? Не айтып тұрсыңдар?
– Сенбесеңіз барып, өз көзіңізбен көріңіз.
– Не дейді? Не көкіп тұрсыңдар? – деп зекіп тастады Жайбасар.
– Мынау рас болса, сұмдық қой.
– Сусыз қалай күн көреміз? – деп шулады мұны естіп тұрған «Жетім ауылдың» тұрғындары. Сосын бір-біріне қарап, аң-таң болып тұрған олар сәлден соң Жалдама өзеніне қарай беттеген Жайбасардың соңынан тұра жүгірді. Бұлар келгенде Шәйгүл суы жерге сіңіп кеткен өзен арнасының жағасында:
– О, қу шұнақ құдай-ай! Енді жетпегені осы ма еді? Құдайдың қара суын да қимағаның ба бізге? – деп аңырап отыр еді.
– Апыр-ай, ә?!
– Не болып қалды?
– Кеше бар өзен бүгін жоқ!
– Ой, Алла-ай.
– Бір-ақ түнде жоқ болыпты ғой Жалдама.
– Бұл не масқара!
– Енді қайттік?
– Құдайға не жаздық?
– Сусыз қалай өмір сүреміз?
– Сұмдық-ай!
– Басқа жаққа көшіп кететін күш те жоқ бізде.
– Құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық қой мынау.
– Ниеті бұзылған адамдарға Алла Тағаланың жіберген зауалы шығар бұл.
– Алла, Алла дейсіңдер, біздің көз жасымызды көрмеген сол Алланың көзі соқыр шығар.
– О, қу шұнақ, қу құдай-ай, бізді сонша зарлататындай не жазып едік саған?
«Жетім ауылдың» жаны жара, көңілі нала тұрғындары осылай зар илеп іштегі зәрлі уын сыртқа шығарып жатты.
Кеше ғана жарқырап жатқан өзеннің бір-ақ сәтте жоғалып кеткеніне әрі таң қалып, әрі қорқып, естері шыға есеңгіреген топтың арасында Пүліш те бар еді. Қыздай қосылған күйеуі «бала тумайтын бедеусің» деп бұдан он шақты жыл бұрын кетіп қалған болатын. Содан бері екі тізесін құшақтап, көшкен елдің жұртында жалғыз қалған жетім көңіл жесір әйелдің бірі осы Пүліш. Жалғыз сиырдың емшегінен басқа қорегі жоқ еді оның. Қанша күннен бері жөнді тамақ ішпей жүрегі сазып жүрген сол Пүліш барлық суы жер астына сіңіп кеткен өзен табанындағы тыпырлап жатқан бір топ балықты алмақ болып жағадан батпақты терең сайға секіріп кетті. Сол сәт ешкім күтпеген оқыс оқиға болды. Пүліш дік етіп түскен жерінде жер астына сіңіп бара жатты. Жан дауысы шыға шыңғырған Пүлішке Шәйгүл сай жағасында тұрып иінағашын ұсынып «мынадан ұста» деп айғай салды. Алайда Пүліштің созған қолы оған жетпеді. Пүліш қас-қағым сәтте «Жетім ауыл» тұрғындарының көз алдында екі қолы ербеңдеп, жер астына сіңіп кетті.
– Апыр-ай, мынау тағы не сұмдық?
– Не де болса бұл жақсы ырым емес.
– «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген.
– «Пәледен машайық қашыпты» демей ме атам қазақ.
– Қой, кетейік.
– Кеткенде қайда барасың?
– Бәсе деймін-ау, аяқ артар көлігің де жоқ. Ендігі жетпегені осы еді.
– Сусыз өмір жоқ.
– Шетімізден шейіт болатын шығармыз енді.
– Мәйітіміз итке жем болып, көзімізді қарға, құзғын шұқымаса болғаны да.
– Иә, өлсек те ит пен құсқа жем болмасақ екен.
Жұрт осылай улап-шулап жатқанда манадан бері қазандай басы салбырап, көріктей кеудесіне құлап түскен Жайбасар кенет бүгілген белін жазып, бойын тіктеді де, шың басындағы қарт қырандай саңқылдап сөйлеп кетті:
– Уа, жұртым! Ұлардай шуламай тоқтаңдар енді. Құдай өзі берген жанын өзі алады. Ноқталы басқа бір өлім. Күні бұрын жамандық шақырмаңдар. Араларыңдағы жасы үлкендерің мен екенмін. Ақылым тасығандықтан емес, жаным ашығандықтан айтамын. Ескіден жеткен есті сөз бар:
«Күніне тоқсан түрлі пәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір Алладан», –
депті ғой бір ақылман. Алланың әмірінсіз ештеңе болмайды. Бәріміз бір Аллаға жалынып, мінәжат етейік. Қазір мына жастар жағы ауылға барып, Пүліштің қара сиырын, үй-үйде бар суды алып келсін. Сиырды сойып, етін жеп, күш жинайық. Бұл әрі Пүлішке берілген құдайы тамақ, әрі бір Аллаға сыйынып берген тасаттығымыз болсын. Сосын тағы ақыл қосып, тағы бір әрекет жасармыз. Құдайды қарғап, сілеп құр зарлай бергеннен гөрі осы дұрыс болар. Уа, жұртым бұған не дейсіңдер?
– Жөн сөз.
– Осы дұрыс.
– Алдымен есімізді жиып алайық осылай.
– Иә, сосын алқа-қотан отырып ақылдасайық.
– Бір ақыл жақсы, екеу болса – бекем болады.
– Айтқаныңа құлдық, Жәке!
– Сіз бәрімізден жасы үлкен аға ғана емес, сауатты азаматсыз ғой.
– Иә, сіздің көргеніңіз де, көкейге түйгеніңіз де көп.
– Сіздің дегеніңіз болсын.
«Жетім ауылдың» тұрғындары осылай улап-шулап жатқанда көптен жырылып шыққан Нағашыбай мен Қыдырәлі өзара сыбырласты.
– Апыр-ай, не газы, не светі жоқ осындай да ауыл бар екен-ау.
– Үлкен жерден алыста жатқан арал сияқты ғой.
– Как-будто каменный век.
– Соның бәрі аздай-ақ, бұл сорлылар енді сусыз қалды ғой.
– Ендігі өмірі не болады екен бұл бейбақтардың?
– Әркім маңдайына жазылғанын көреді де.
– Жая жеген жая, қая жеген қая жейді. Өмірдің қатал заңы сол.
– Өздері де бір өмірі маңдайының соры кетпеген өңкей сорлылар екен.
– Әй, айдаладағы қаймана қазақтар үшін несіне қайғырамыз.
– Бұл жерден тезірек кетейік.
– Иә, есің барда еліңді тап деген.
– Радиатордағы су қайнап кетпей тұрғанда тезірек Астанаға жетіп алайық.
Осылай бірінің сөзін бірі қостаған Нағашыбай мен Қыдырәлі «Джипке» отырып алып, алды-артына қарамай зып берді. Сол сәт «Жетім ауылдың» төбесіне төне түсіп, топ-топ қарға төмендей ұшып, жар жағасындағы адамдарға қарай беттеді. Мұны көрген Жайбасардың тұла бойы тітіркеніп кетті. Ол қарқ-қарқ еткен қара қарғаларға тіксіне қарады.
Бұл кезде Ақбас бүркіт қазақтың Ұлы Даласын шарлап, шарқ ұрып жүр еді. Қызбел тауының Қыземшек деп аталатын арудың анарындай қос шыңның ортасында туып-өскен қыран құс бүгін де жалғыз. Өмір серігі Көкдауылды тың игеруге келген бір есерсоқ орыс ана бір жылы атып өлтірген болатын. Алатаудан Ұлытауға асығып жеткен Ақбас бүркіт өзі туып- өскен өңірді қырағы көзімен шолып келеді. Міне, мынау Аман тоғайы. Жиырмасыншы ғасырдың басында бұл тоғайда сан түрлі әнші құстар сайрап, жасыл жапырақтар жайнап тұратын. Бүгінде оның бір бөлігі адам қолымен аяусыз оталған, бір бөлігін өрт шалған. Ақбас бүркіт туып-өскен Құсұя ғой. Нұрдәулет байдың бір кезде жарық дүние есігін іңгәлап ашқан, ер жеткен, Алла Тағаланың жазуымен жастық шағы өткен қасиетті жері де осы. Бұл жердің неге бұлай аталып кеткенін ешкім анық білмеуі мүмкін, бұл жері баталы Жалдама жағалауына ұя салған сан мыңдаған құстардың құтты мекені болған шығар, бәлкім, осында қанаттанып, кейін жан-жаққа тарап, жылы жаққа қайтпай қоймас құс құсап, туған жерге қайта оралған адамдар үшін өз руластарының қимас, қымбат ұясына айналған шығар. Қалай болғанда да, Нұрдәулет те, оның замандастары да сонау сәби кездерінен Құсұя Қаражар жайлауының бір шөкім бұлттай ғана бір бөлшегі деп білетінін баяғыда-ақ жан жүрегімен ұғып еді Ақбас бүркіт. Ал Қаражар болса – Мәмбетәлі, Қараман, Төлек руларының қашаннан бергі қонысы. Ал мына ұланғайыр Ұлы Дала, оның аса бай, асқан сұлу табиғаты – Алла Тағаланың қазаққа берген сыйы.
Сол Ұлы Даланың бір өңірі – Нұрдәулеттің атамекені. Айналасы ат шаптырым аумақты алып жатқан, орта тұсы ойпаңдау болып келген осы бір өңірдің жаратылысы тым бөлек-ті. Ауылдың дәл қарсы алдында, күншығыс жақта ұзындығы жүздеген шақырымға созылатын Жалдама өзені баяу ағып жатушы еді-ау. Басын сонау Ұлы таудан алатын арнасы кең, ағысы қатты өзен суы мөп-мөлдір, тұп-тұнық болатын. Көбіне жайпақ болып келетін өзен жағасына әрі биік, әрі тіп-тік нар қамыстар өсіп тұрушы еді. Жағасы елсіз, қамысы қалың тұстарда жолбарыстар жортып жүретін. Сол қайратты жолбарыстардың бірі бірде Нұрдәулеттің атын жарып кеткені бар. Жердегі төрт аяқтылардың ең күшті, ең тегеуріндісімен аспандағы қанаттылардың тәңірісі Ақбас бүркіттің күш сынасқысы келгені қайда? Жалдама өзенінің құмды, тасты, құлама тік жартастары да жалаңаш емес, бұтақтары тырбиған аласа бұталар мен солқылдаған сәмбі талдарға толы болатын. Су бетінде қалқи жүзген құс төресі аққулар да бар еді. Ұзын, әдемі мойындарын әсем иіп, жүрек қылын шерткен сыбызғы үнмен сыңси жүзген аққулар сыры терең, сымбаты бөлек сұлулықпен көзді арбап, көңіл толқытатын. Қаңқылдап ұшқан қараша қаздар мен сұңқылдаған сұр үйректерден көз тұнатын.
Ауылдың желке тұсы теңіз толқынындай бүктетілген қабат-қабат төбе. Бірте-бірте биіктеп, Құсұядан күндік жерге созылатын сол төбелердің бір шеті Ұлытаумен, екінші шеті бірінен-бірі көркем бес шыңы аспанға қарай шаншылған Бестаумен ұласып жатыр. Тау беткейі қысы-жазы көкпеңбек болып көгеріп тұратын жасыл шыршалармен көмкерілген. Тау баурайы ит тұмсығы өтпейтін қарағайлы қалың орманға ұласып жататын. Орман іші аса бағалы аңдарға толы болатын. Со заманда мұнда арқардан бастап ақ барысқа дейін бар еді. Аса епті, аса сезімтал ақ сілеусін мен ақтөс қоңыр аю да жиі кездесетін. Кейде орман арасынан жазық далаға шығып бой жазған кербез бұғылар тарам-тарам шаңырақ мүйіздерін шайқап қойып, үп-үлкен, мөп-мөлдір сүйкімді жанарымен айналаға сүйсіне қарап тұрушы еді-ау… Бүгінде соның бірі жоқ. Өзі туып өскен осынау байтақ өлке жиырмасыншы ғасырда бар бояуын, барлық байлығын жоғалтты. Тың игеру дейтін ондаған жылдарға созылған аса ауқымды жұмыс жерді құнарынан айырып, эрозияға ұшыратты. Осының бәрі – жердің тозуы, табиғаттың тоналуы, елдің азуы Ақбас бүркіттің көз алдынан өтіп жатты.
Жүрегі бір сұмдықты сезген Ақбас бүркіт өзі туып өскен өлкеге асығып жеткенде талай сұмдықты көріп, қатты шошынды. Алдымен байқағаны аспанға ұшырылған космос корабльдерінің жерге құлап түскен қаңқалары, содан тараған радиациядан уланып өлген жүздеген ақбөкеннің жүні жидіп, арса-арса болған қабырғасы мен күнге күйіп қарақошқыл тартқан қызыл еті. Ақбас бүркіт «Жетім ауылды» қанша айналып ұшса да, ол жерден тіршіліктің бірде-бір белгісін көре алмады. Мал да, жан да көрінбейді. Даладағы ошақтардың оты өшкен. Жатаған үйлердің мұржасынан ұшқан түтін тағы жоқ. «Жетім ауыл» өлі ауылға айналыпты. Одан да өткен сұмдығы – ғасырлар бойы көз алдында көлбеп жатқан Жалдама өзені жер астына сіңіп, жоқ болыпты. Сусыз қалған өзеннің орнындағы терең сайды жағалай жатқан өліктер. Қос шелегін – сусыз қаңырап қалған бос шелегін құшақтай құлаған бір кейуана ақ жаулығы желбіреп өліп жатыр. Оның жанына сақал-шашы ағарған бір шал жүрелей құлапты. Қаназасы кеуіп, шөлден өлген адамдардың мәйіті иістене бастапты. Жалдама өзенінің сусыз қалған арнасындағы «Шайтантіс» мүйісінде шұңқырға жартылай шөккен дәу қара тастың үстіне дәу қарақұс отыр. Өлген адамдардың мәйітін айнала қарқ-қарқ етіп бір топ қара қарға ұшып жүр.
Ақбас бүркіттің ойына Айнамкөз ана атымен байланысты аңыз оралды. Алла Тағала аты белгісіз арғы заманда ауада ұшып жүрген шаң мен тозаңды, топырақ пен қиыршық ұсақ тастарды қысып, сығымдап жұмыр жерді жаратқанда қазақтың еншісіне бар өңірі жерұйық жәннат жерді – осынау Ұлы Даланы сыйласа керек. Ұлы Даланың перзенттері – қазақтар қала салып, егін егіп, көрші елдермен сауда жасап, әуелете ән салып, күмбірлете күй тартып, бақытты өмір сүріпті. Қазақтардың бақытын көре алмаған шайтан көкшіл көзі көкшіп, сап-сары өңі күреңітіп, қызғаныштан жарылып өле жаздапты. Батыстағы шайтан аз болғандай, шығыстағы қиық көз әзәзіл де қызғаныштың қызыл итін айтақтап, айдап салыпты қазақтарға. Екі бүйірдегі екі бірдей құдайын ұмытқан құдайы көршілер қазақтарды қанжоса ғып қырып салып, Ұлы Далаға иелік етуді армандапты. Алайда ат құлағында ойнайтын, сілтеген қылышы қара тастың өзін қақ айыратын, құралайды көзге ататын епті де ержүрек қазақтарды жер бетінен жойып жіберу қолдарынан келмесе керек. Әбден ыза болған көк көз, сары шайтан қиық көз әзәзілдің азғыруымен қара қоңызға айналып, қара түнді жамылып, қазақтарды шаға бастапты. Оның тісі тиген адал адамдардың өздері де қызғаншақ, күншіл, қатігез, қаныпезер пенделерге айналыпты.
Сонда жарықтық Айнамкөз ананың түсіне әруақтар кіріпті. Олар оған шайтандар шоғырланған жерге баруға бұйырыпты. Айнамкөз ана әруақтардың аманатын арқалап, шайтандар шоғырына жетіпті. Оған сап-сары шайтан да, қысық көз әзәзіл де кедергі жасай алмаса керек. Себебі, ол – әулие ғой. Шайтан қанша шақса да ол қыңқ демепті. Айналасына адамдарды жиып ап, қанының қызуын, жанының жылуын беріпті Айнамкөз ана. Ызадан жарылып өле жаздаған шайтан бір улы тісін жұлып алып, қазақтың Ұлы Даласына лақтырыпты. Сол улы тіс түскен жер Шайтантіс аталады. Содан бері шайтан мен әзәзіл басқа жерге кетіп, басқа елдер мен басқа адамдарды қазақтарға айдап салып жүрсе керек. Сонау ту, ту алыс, тым алыс арғы замандағы қасиетті Айнамкөз анамыз бен киелі атамыз шайтан мен әзәзіл атаулыдан ел мен жерді қорғап жүрсін деп өз әруақтарының рухын екі Ақбас бүркітке айырбастапты. Содан бері сол қос қыран құс ел мен жердің иесі мен киесіне айналыпты. Олар барда қазақ дейтін халықтың қорғаны мықты. Егер олар өлсе қазақтың рухы да өледі дейді аңыз.
Ақбас бүркіт енді бір сәт ой желісін үзіп, төңіректі тағы бір шолып өтіпті. Күні бойы көрген сұмдық суреттерді көз алдынан қайта бір өткізген оның жүрегі сыздап сала берді. Қайғыдан қан құсқан Ақбас бүркіттің қуатты қос қанаты бұрынғыдан бетер ауырлап кеткен денесін әрең көтерді. Қайғыдан қанаты талып, Қызбел тауына әзер жеткен ол Қыземшек шыңына келіп қонақтады. Қандай қиындық көрсе де қайыспай қарсы тұратын қыранның қиядағыны шалатын қос жанары тұманданып, көз алдындағыны анық көре алмады. Шың басына қонақтаған Ақбас бүркіт жылап отыр еді…
Ақбас бүркіттің қайғысын бөліскен күн бүгін әдеттегісінен тез батып, ымырт қараңғылығы күрт қоюланып шыға келді…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір