ҚЫРАННЫҢ САМҒАУЫ
22.09.2023
2183
0

Дүние — дүние боп жаралғалы қанша мыңдаған ғасырлар өткенін кім білсін, әйтеуір сол тұңғиық әлемнің әу бастағы кезінен бастау алып, тауарихтың талай-талай топалаңы мен ақыр замандарынан жойылып кетпей аман өтіп, Адамзат деген ұлы ұғымды құрайтын үлкенді-кішілі ұлт­тар мен ұлыстардың қатарында бүгінгі күнге келіп жеткен қазақ деген бір ел бар. Менің бала кезімде бақи болған шидем шекпенді, ши төсекті Барақат шалдың сөзімен айт­қанда: «қыбырлаған құрт қылып, жыбырлаған жәндік қып, бақа-шаян, жын-жыбыр етіп жаратпай, тіл мен көз беріп, еститін құлақ, көңіліме сана беріп, қолыма таяқ ұстатып, қойшы ғып, мал соңында салпаңдатып қойсаң да Адам етіп жаратқаныңа мың да бір шүкір, Жар Ием!».

 Ешбір халықтың түпкі тегі мынау деп ешқандай ғұламаның кесіп айта алмайтыны сияқты, сан атауды басынан кешіріп, сансырап келіп Қазақ боп қалған сол бір ұлт иір түйенің иленбеген терісіндей далиған даланы иемденіп, бүгінгі күнге жет­ті. Маңдайының бағына берді ме, сорына берді ме, ол жағы тағы бұлыңғыр, жер-әлемнің өзге жұрт қызығатындай осы бір пұшпағын сыбаға етіп, ырду-дырдуы мол жиырма бірінші ғасырға көш түзеді.

Бұл ғасыр – жалаңаш қылыш пен жалаңтөс батырлардың ғасыры емес, айла мен ақылдың, тәлім мен тәсілдің заманы, бұл заман елдесу мен белдесудің алуан түрін бойына сіңіріп, ниет түзу, пиғыл арам, адалдығынан арамдығы мол болса да оны өлтірген сынаптай жуас көрсетіп үйренген, ізгілігінен гөрі сыпайы жауыздығының тамыры сұңғыланың тамырындай тереңге кеткен алмағайып заман. Алакөзбен атысып, қыли көзбен қырқысып, ен даласына ата-баба моласымен ен салған қазақ ендігі заманда бұл даланы терең білім, алғыр ой, биік парасатпен ғана ұстап тұрмақ. Қырсығы мол қилы замандарда қиқулап шығып жау қашырған батырлардың орнын ендігі жерде көреген ойлы, көсем сөзді ер баспақ. Түйенің қомында туып, ер үстінде ер жеткен қазақ үдере қашып, түре қуып қана қоймай, сөз деп аталатын тұңғиық теңізден жүре сіміріп, қанын ішіпті. Қаһарынан қаратас қақ айырылатын хандарға қасқайып тұрып қарсы дау айту да қазақ дәстүрінде қалыптасып, «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген мақал тудырыпты. Бірде діндар, бірде мұңдар, кейде мүсәпір, кейде кісәпір мінез танытып, ержеткен қазақ мына өмірге ашық көз, сергек көңілмен қарап, шындық болмысты өмірдің өз бояуымен ғана қабылдап кепті. Ғасырлардың ащы-тұщы таяғынан аямай сыбаға бере білген Жаратқан Ием бейғам жүрген бұл қазаққа келер заманның қамын жегізіп, оның тал бесігіне сол заманға лайық нәресте беруді де ұмытпапты. Қазақты сөз бен құлақтың халқы етіп қалыптастырған ауыз әдебиетінің сан ғасырлық дәурені арт­та қалып, оны көз бен сананың халқы етіп қайта тудырған жазба әдебиетінің жаңа кезеңі басталды. Ақтабан боп қашумен, қызылтабан боп қуумен күн кешіп жүргенде өзге жұрт­тар жазба әдебиетінің бірнеше ғасырлық кезеңін артқа тастап, сөз өнерін адыр-адырға, жанр-жанрға әлдеқашан бөліп тастапты. Не істеу керек? Тау асып кеткен өзгелерді қуу керек пе, әлде, қуғанмен жеткізбес деп атқа ер салып әуре болмай-ақ қойған жөн бе? «Жүргенге жөргем ілігеді», тәуекел!
Сөз өнерінің өткені мен бүгінін, оқығаны мен тоқығанын жиынтықтап, қазақ елі баяғыда көшкен жұрт­тың ізіне түсті.
Сөйтіп, ғасырлар бойы өз буы өзінде қайнап жатқан қазақтың сөз өнері деп аталатын ұлы қазанының қақпағы ашылды. Ғасырлар бойы өзі мен өзі айтысып, өзі мен өзі бәсекелесіп келген қазақ өнері діні мен ділі, тілі мен тіні бөлек өзге елдердің өнерімен алғаш рет ашық сайысқа ат­танды.
Тума сайыс қума сайысқа ауысты.
Бұл кезең тарихи дүрбелеңдердің тұсына тап келді. Қазақ халқы әдебиет әлеміндегі ұлы бәйгеге өз ұлдарын сайлап шығара бастады. Ә дегеннен-ақ бұл аламан бәйгеде аты да, заты да бөлек, атқа отырысы мен шабысы ешкімге ұқсамайтын, бітімі мен болмысы ерекше шабандоздардың тұлғасы көріне бастады. Сол ерекше тұлғалардың басы боп қазақтың қоңыр төбел ат­ты майталман шабандозы – Бейімбет Майлин шабысы естілді. Оның тағлымы мен тақылеті бұл жолды өзінен әлденеше ғасыр бұрын шауып өткен басқа жүйріктерден бірде-бір кем емес екені, бірақ өкініштісі сол – «бап шаппайды, бақ шабадының» кесірінен, оның дүбіріне құлақ түріп, мән беріп жатқан ешкім болмады. Ақыры ол Құлагердің күйін кешіп, «баран болмай қылаң болды да», орта жолда қаскөйлердің керген арқанынан мерт болды. Проза деп аталатын ен-таңбасы бөлек өлкеге жалындаған жас жігіт Сат­тар Ерубаевтың бурылтайы шаңдатып енді. «Мына шаң кімдікі?», «Мынау қайсы?! деп былайғы жұрт жыға тани алмай жатқан сәт­те, ол жиырма екі жарым жасында ат­тан өзі жығылып, мерт болды. Жанбай жатып өшті. Қазақтың әдебиет әлеміндегі болашақ ең жарық жұлдызы тумай жатып ағып түсті. Бағы мен соры қатар жүретін қазақ байғұстың маңдайына Алла Тағалам тағы айрықша дарын сыйлады. Оның болашағы алдыңғыларға қарағанда бақыт­тылау, өмір жолы мың бұралған тайғақ кешу болса да, халқының ырысы үшін ұзақтау өмір сүрді. Құдай оның пешенесіне «Қазақ» деген дүниеге беймәлім елді өзгелерге танытуды, оның бір ғасырлық тіршілік-тынысы мен болмысын былайғы жұртқа паш етуді жазып, қатар шөккен қос-қос қара нардың белі қайысып, орнынан тұра алмас ауыр салмақ артыпты. Бірақ әуелі құдай, онан соң өзі жар болып Абайша айт­қанда: «еңбегі мен ақылы екі жақтап» ол орнынан тұрды. Тұрып қана қойған жоқ, қабырғасы сөгілсе де қабағын шытпай, заманы мен халқының жүгін жетер жеріне жеткізіп тынды. Ұзақ жылға созылған ақыл мен азаптың арпалысы оны да алып ұрды. Шүкіршілік ететін бір ғана жұбаныш – жетіп барып жығылғаны. Аламан бәйгеде ғасырлар бойы алдына жан салмай үйренген кәнігі кәрі тарландардың ішінен қазақтың сүлік қара жүйрігі жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысының бас кезінде өзгелерден оқ бойы озық келіп, момын халқын мәре-сәре ғып қуантып кет­ті. 1959 жылы Мұхтар Әуезовке «Абай» және «Абай жолы» эпопеясы үшін
Лениндік сыйлық берілді.
Үлкен әдебиетке қазақ халқы осы­лайша именбей кіріп, осылайша төрге шықты.
Соңынан шығар Тайбурылдар болмаса, Шалқұйрықтар мен Қарақасқалар, Күрең Бестілер мен Құлагерлер тумайтын болса, Пайғамбардың Шамбыл қасқасынан не пайда? Әуезов сияқты бір тумалардан соң мына әдебиетке кім келеді, қалай келеді? Оның ауыр жүгін кімдер арқалайды? Қолына қалам ұстаған жазушылар, Құдайға шүкір, жоқ емес, бар, бірақ олар дүние жарысына араласа ала ма? «Әкең де болса аяма» деген қазақ көкпарындағы қатыгез қағида ежелден қанына сіңген, бөгде жұрт­тар қаптаған аламан сайысқа «мынауым бар еді» деп қай ат­ты ұялмай қоса алар екенбіз?
Дүниенің басынан тағы бір дүрбелең өтіп, қазақ халқы да қанды соғыстан қалжырап шықты. Міне, дәл осы тұста қазақ прозасының көгінде кенет екі жұлдыз пайда болды. Олар әне-міне дегенше Алпамыстай тез ер жетіп, сәулесі тек қазақ жеріне ғана емес, басқа елдерге де анық көріне бастаған жарық жұлдыздарға айналды. Ол екі жұлдыз – Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Тахауи Ахтанов еді. «Тағы сынды жан едік, тағы да келдік тар жерге, таңдансақ тағы болар ма?» деп ұлы Махамбет жырлағандай, бұ халықты талай-талай тар қыспақтың тезіне аямай салып көрген оны сөз несібесінен тағы да ұмыт қалдырмапты. Кешегі Кеңес, бүгінгі ТМД, қала берді күллі қазақтың сөз өнерінде орны ерекше, жазуы бөлек тұлға – біз сөз еткелі отырған Тахауи Ахтанов шығармашылығы.
Ахтанов қандай жазушы? Б.Майлин, С.Ерубаев, М.Әуезовтен кейін қазақ прозасының классикалық үлгісін үзіп алмай, оны әрмен қарай жалғастырып кеткен үлкен суреткер деп айт­қанда біз қандай жауапқа, қандай жауапкершілікке сүйенеміз? «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын» (И.Оразбаев), ел тұщынатын, елге ұнайтын, тіпті ел мақтайтын прозашылар, әсіресе соғыстан соңғы жылдары аз еңбек еткен жоқ. Алайда, жазушы бар да, суреткер бар. Шын суреткер өзінің ақыл-ой тереңдігімен, парасат биіктігімен, шығармасының мейлінше шыншылдығымен һәм көркемдігімен, тілінің нәрлілігімен және жеке баяндау тәсілінің ерекшелігімен өлшенбек. Оның шығармаларын өзгелерден бөле-жара қарағанда, әсте, осы қасиет­терінің молдығына қарап бөлетін болуымыз керек.
Ахтанов – суреткер бүкіл шығармаларында жасандылық дегенге жастайынан жау болды. Оның алғашқы әңгімелері («Алғашқы ән», «Күй аңызы», т.б.) кейінгі ұрпаққа ұнар-ұнамас, ол басқа әңгіме, өзіне ұнар-ұнамас – ол да басқа әңгіме, бірақ сол туындылардан болашақ реалист суреткердің қолтаңбаларын анық көретініміз ақиқат. Жазған шығармалары былай тұрсын, әшейінгі ауызекі сөзінің өзінде жалғандық пен жасандылықты, жылтыр сөз бен жат­танды тұжырымдарды «ит­тің етінен» жек көретін Тахаң романдары мен повестерінде және драмалық шығармаларында кейіпкер болмысының табиғилығын, оқиға мен іс-әрекет­тердің сол контекстегі қисындық шынайылығына қат­ты да қатал көңіл бөліп келді. Жазған шығармасына кім жоғары талап қоймайды дейсің, кім өзіне қатал қарағысы келмейді дейсің, айтып-айтып келгенде бәрі де талант пен талғамның, Құдай берген түйсік өлшемінің (чувство меры) дәлдігіне байланысты ғой. «Талант деген не?» дегенде М.Горький: «Түйсік өлшемі» деп жауап берген емес пе? Шындап келгенде, бәрінің тоқайласатын жері осы – түйсік өлшемі. Бір мысқал аз айтсаң – өтірік, бір мысқал артық айтсаң – суайт боп шыға келесің. Реалистік прозаның ең бір қас жауы – бір бояудың не артық, не кем жағылуы. Осыдан соң бірнеше жүз бет­тік роман жазып, бірнеше жылдық оқиғаны баяндап көріңіз. Шын жазушының шынайылығы әуелі осыдан басталады. Айта білсең адам сенбейтін оқиға жоқ, сендіре алмайтын жазушы бар. «Жаман», «жақсы» деп бөлінер болса, жазушы атау­лы осы тұста бөлінбек. Өзге қаламдастарымен Тахаң да осы тұсқа шейін бірге келіп, дәл осы тұста бөліне бастайды. Бөліне бастайды деу нысанаға дәл тимес, қатал прозаның қалың орманы шын суреткерді өзі жетелеп әкетеді де, қалған қауым ну орманның ішіне бытырап кетіп, әрқайсысы әр бүйірден шығып жатады. Ал суреткер Ахтанов қалың орманды қақ жарып, діт­теген тұсынан шығады. Жай суреткер мен қас суреткердің арасындағы бұл да бір туа біткен айырмашылық.
Алғашқы әңгімелерден соң Т.Ахтанов қолынан «Махаббат мұңы» повесі туды. Он жетісінде майданға ат­танған балаң жігітпен бірге оның көкірегіне ұялап, окопта ержеткен романтикалық-эллегиялық сарын, жаңа жаза бастаған келбет­ті жас офицердің қаламынан Алматыға аман жеткен соң өмірдің бір кесек шымыр шындығына айналып, көркем шығарма формасында қайтадан дүниеге келді. Бұл повесть қазақ әдебиетіндегі жаңа сөз, жаңа үн болды. Жаңалыққа жаны ғашық жастар былай тұрсын, «Махаббат мұңы» жаппай оқылатын шығармаға айналды. Қазақ әдебиеті оқимын деген адамға бұған дейін де махаббат мәселесін әр қырынан көрсеткен шығармаларға зәру емес еді. Революция тақырыбы, коллективтендіру, бес жылдықтар, соғыс жайын сөз еткен роман-повестерде де сүйіспеншілік мәселесі ажырамас егіздей қатар жүрді, ал осы тақырыпты арнайы жырлаған шығармалар өз алдына бір төбе еді. «Махаббат мұңы» табиғаты мен тақылеті жағынан солардың бірде-бірін қайталамаған, тақырып пен уақыт, тақырып пен кеңістік, тақырып пен концепция, авторлық трактовка, образ табиғаты мен іс-әрекет табиғилығы дегенді өзінше көрсетіп, қазақ прозасындағы таным мен талғам деңгейінің планкасын бірнеше шкалаға көтеріп тастаған шығарма болды. Және бұл шығарма да өзінің алдындағы «Күлпәш», «Шұғаның белгісі» (Б.Майлин), «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу», «Қараш-Қараш оқиғасы» (М.Әуезов) секілді, көзі мен қолы қомақты дүниені ғана місе тұтып үйренген қазақ қауымына қомға салатын жастықтай шығарма емес, қойынға тығатын асықтай шығармамен-ақ көп нәрсені айтуға болатынын, тіпті әдебиет деген өлкеде көсілтіп көп жазбай, тамсантып аз айтып та төрде отыруға болатынын тағы дәлелдеп өт­ті. Сондықтан да болса керек, Тахауи Ахтанов деген есім буыны қатайып, қабырғасы көтеріліп қалған қазақ әдебиетінің ауласына еркін еніп, еркін аралап жүре берді. Сөз басында айт­қанымыздай, өзге жұрт­тар өз әдебие­тін «адыр-адырға, жанр-жанрға» бағзы заманда бөліп тастап, енді соны үңгіп, кеулеп жатқанда кенже керуен – қазақ әдебиеті осы айтылған қадау-қадау шығармалар арқылы көне керуеннің қарасына көз іліктірді. Әдебиет­тің таза профессионалдық жетілу кезеңінің қиын процесінде дөң асқан шығармалар осылай туып жат­ты. Бұл шығарма көп ұзамай сахналық формасын тауып, қазақ театрларын аралап кет­ті.
Әдет­те, белгілі бір ірі суреткер жайлы жаза бастасақ оның алғашқы шығармаларын оның ең басты шығармаларына апарар жол, соған жасалған дайын­дық деп қарауды дағдыға айналдырып алғанбыз. Мұның, әрине, анау айт­қан өрескелдігі де жоқ шығар, бірақ кез келген тұжырым, кез келген пайымдау жиі қайталанғанда ол трафаретке айналып, жас буынның ойлау жүйесіне қабыршақ қатыратын (панцырь) қаупі бар. Әйтпесе, М.Әуезовтің «Қараш-Қарашы» мен «Қилы заманы» көркемдік деңгейі мен авторлық шеберлік жағынан «Абай» эпопеясынан кем түсіп жатыр деп айтуға бола ма? Егер объектіге бұлай қарайтын болсақ, Ф.Достоевскийдің «Бейшараларын», Э.Войничтің «Бөгелегін», А.Гончаровтың «Үйреншікті жәйітін», Э.Ремарктің «Батыс майданда өзгеріс жоқ» романдарын қай шығармаға дайындық деп айтар едік? Бұл туындылар олардың қаламалды дүниесі боп есептегенмен, әлем әдебиетінің алтын қорына еніп, адамзат мәдениетінің ілгерілеу, өркендеу тарихындағы белгілі белестер боп қалған жоқ па? Олай болса
Т.Ахтановтың бұл повесі де қазақ әдебиетін формалық, мазмұндық, көркемдік жағынан үлкен белеске көтеріп, дүниауи деңгейге иек артқан, сөйтіп, автордың өзін қазіргі прозаның шеберлері қатарына қапталдастырып кеткен туынды болды.
Қазақ прозасы жүріп өткен азғантай ғана кезеңде қалың оқырман М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, М.Иманжановтың, Ғ.Слановтың көптеген шығармаларымен танысып үлгірген еді. Өзінің ғасырлар бойғы әрі мұңдасы, әрі сырласы боп келген поэзия жанры да жаңа биіктерге көтеріліп, сан жағынан да, сапа жағынан да өркендеген шақ болатын. Бұл аралықта қазақ қауымы бұған дейінгі кезеңдегідей тиіп-қашып емес, дүние ақыл-ойы мен көркемдік әлемінің тылсымдарымен жүздесіп, шығармашылық деген сиқырдың сыры мен қырына біршама қанығып қалған шақ еді. Бір сөзбен айт­қанда, батырлар жыры мен лиро-эпостың оқушысы еуропалық үлгідегі профессионалдық прозаның оқушысына айналып үлгірген-ді. Қазақ қаламгерлері өз шығармаларын түсіне білетін, бағалай білетін тірегі бар екеніне кәміл сеніп, биік парасат­ты оқырмандардың талғамына сай келер парасат­ты шығармаларға батыл ден қойды. Прозаның ішкі даму процесі жалғасып, оған ұлт­тық өрнек, ұлт­тық колорит қосылып, таза еуропалық жанр еуро-қазақылық реңкке ауыса бастады. Ұлт­тық бояусыз ұлт­тық прозаның бүгіні мен ертеңі жайлы сөз ету арықтан акула іздегенмен бірдей еді. Ол да өзінен-өзі келе қойған жоқ, оның да іргесін көтеріп, жаңа қоныстарға көшірген әрине, әдебиет­тің дарынды өкілдері еді. Солардың бірі тағы да Тахауи Ахтанов болды.
Елуінші жылдардың соңына таман оның қаламынан «Қаһарлы күндер» романы туды. Бұл жылдары Кеңес өкіметінде екі жүз қырық миллиондай оқушы, он мыңдай жазушы бар еді. Он мың! Бір дивизия! Офицер портупеиін жай костюмге енді ғана ауыстырған жас жазушы осы бір дивизия жазушының бәрі дерлік соғыс тақырыбына жаппай шығарма арнап жатқанын жақсы білді. Олардың ішінде А.Фадеев, К.Симонов, С.Смирнов, М.Шолохов, И.Эренбург, Н.Стаднюк, т.б. көптеген ірі тұлғалардың бар екенінде дау жоқ еді. Таласу керек пе? Неге таласпасқа! Бірнеше ғасыр бұрын тау асып кеткен осы елдің ежелгі көшіне қазақ прозасының керуені қосылып, олармен үзеңгі қағыстырып үлгірген жоқ па еді! А.Чеховтың сөзімен айт­қанда: «Үлкен ит­тер үрді екен деп кішкентай ит­тер үнсіз жата беруі керек пе?» (Чехов бұл жерде Толстой мен өзін айтып мысқылдап отыр). Әркімнің өз сөзі бар. Өткен шындық бар да, өз шындығың бар, өткен оқиға бар да, сен көрген оқиға тағы бар. Тіпті, қазақ тілі бар да Махамбет пен Абай тілі бар, Әуезов пен Нұрпейісовтің, Ерубаев пен Ахтанов тілі бар емес пе?! Демек, қазақ жазушыларының да сөз-патшаның алдында өз даты бар, өз дауысы бар. «Шерсть надо – Жанбаев надо, учиться надо – Жанбаев не надо?» деп Жанбаев айт­қандай, соғысқанда қазақ керек те, жазғанда қазақтың керегі жоқ па? Өз жерінде бір мылтық атылмаса да бұл байғұстар не үшін жанталасып жан тапсырды? Тым болмаса осыны тұспалдап көрсететін шығарма керек қой.
Заман, уақыт, суреткер. Өз талант деңгейі, өз ізденіс дәрежесі бір басқа, Құдай әуел-баста суреткерді жаратқанда оны табиғи интуициямен қосып жаратады. әуелгі кез­де интуиция, онан соң талғам түйсігі. Қазақ әдебиетіндегі «Курляндия» («Күткен күн»), «Қаһарлы күндер» осындай толғаныстардан соң дүниеге келді. Бүгінгі менің замандастарымның қатарында «Қаһарлы күндерді» оқымай өскен адам жоқ. Романның жеке кітап боп басылған күннен бастап қолдан-қолға көшіп кеткен жалпы-халықтық шығарма болғаны оның бұл тақырыпта қазақ топырағындағы тұңғыш сүбелі туынды болғандығы емес, майдан жайлы жаңа сөз, жаңаша баяндау, жаңа лепті шығарма екендігінде еді. Кебенек киіп кеткен боздақтардың намыс жолында өз халқының рухын биік көтере білгендігінде, өзгелерден озық болмаса жігері ешкімнен кем емес екенін танытып, елде қалған жаралы халқының намыс туын желбіретіп кеткендігінде болды. Шығармадағы басты кейіпкерлер Ержан, Мұрат, Раушан бейнелері бәріміздің ұлт­тық сезімімізді оятып, кеуде біткенге мақтаныш орнатып кетпеп пе еді? Біліп айт­қаны бар, тұспалдап болжағаны бар қайсар Мұрат­тан көп адам Бауыржан прототипін көргендей болып еді ғой. Ойлы оқушы осы роман оқиғалары шиеленіскен сайын, қазақ жігіт­тері жан аямай шайқасып, кеудесін Отан үшін оққа төсеген сайын: «бұл бейшаралар соншалықты не үшін құрбан боп жатыр осы?» деп өз-өзіне ұры сұрақ қоймап па еді? Әрине, қойды. Бірақ жауабын дәл айтудан жасқанды. Бәлкім, осындай ой туар-ау деп сол кез­дегі жас автор да жалтақтаған болуы керек. Бірақ автордың басқаша жазуға да хақысы жоқ еді. Тіпті әлгі айт­қан интуицияның құдіреті оны жалпы суретке жібермес еді.
Бұл тұста совет әдебиетінде соғыс жайлы роман, повесть, әңгіме, пьесалар бірінен соң бірі туып, жұртшылық оны оқып үлгіре алмай жатқан кез еді. «Қаһарлы күндер» тез арада орыс­шаға аударылып, орталық басылымдарға ұсынылды. Мыңдаған жауынгер-жазушылардың қаптаған шығармалары аз болғандай, аты беймәлімдеу қазақ авторы да қабат­тасыпты. Анау-мынау шағын дүние емес, роман! Қалай болғанда да роман «Дружба народов» журналында жарияланды. Жарық көрген күннен бастап роман сол кез­дегі совет әдебиетіндегі елеулі шығарма боп бағаланды. Автордың аты бүтін бір континентке бірден мәлім бола бастады.
Кеңестер одағындағы белгілі суреткер, үлкен жазушы Тахауи Ахтанов қаптаған қалың шығармалар тосқауылын «Қаһарлы күндерімен» осылай бұзып өтіп, қаптаған қалың авторлардың арасынан осылайша ерекше тұлғаланып көрінді.
Ол кәнігі суреткер қатарына қосылды. Бұл кез­де қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафинді, Ілияс Есенберлиндер жаңа туындыларын бірінен соң бірі ұсынып, күні кеше ғана тарихи теперіштерден енді ес жиған елінің еңсесін көтеріп, оның рухы берік, іргелі жұрт екенін күллі дүниеге танытып жатқан тұс еді. Тахауи Ахтанов бірден солардың қатарына барып тұрды да, қазақ деген елдің талантқа тап­шы емес екенін, әдебиет майданына бұдан кейін де талай-талай тарландар берерін тарих алдында тағы бір дәлелдеп кет­ті.
Кешегі қан майданда қазақтың қаншалықты талант­ты ұлдарының қаза болғаны бір Аллаға ғана аян, ал барға береке, жоққа қанағат деп қарайтын болсақ, туған әдебиетінің ырысы үшін осы бір қара торы жігіт­тің ажал оғынан аман қалып, ақ қағаз бен ар-намыстың адал ұлы боп оралғанына шүкір дейміз.
Сөз басында біз көлем дегенді айт­тық. Көлемі жағынан шағын болса да айтары мол, тұспалы көп. Аңдап оқыған зерек оқушыға бой тітіркендірердей зілі ауыр шығарманың бірі – «Боран» повесі. Ол әуелгі кез­де «Дала сыры» боп танылып, өзге әлемге әлгі атпен – «Боран» деген атпен мәлім болды. Бұл шығарманың арқалаған әлеумет­тік жүгі, саяси мәні, қоғамдық танымы бұрынғы шығармалардан қомақты жатыр десем шығарма авторы ренжімес деп ойлаймын. «Қаһарлы күндер» романында, әлгіде айт­қандай, оқиға өрбіген сайын, қанды қырғын молайған сайын қазақ халқының не үшін текке науыт боп жатқанын ойлап отырсақ, «Борандағы» мал қырғыны молайған сайын, кейіпкерлер өмірі сәт санап қайғылы халге тіреле түскен сайын, долы табиғат пен адам жанындағы қатыгездік, найсаптық ашыла түскен сайын сол кезеңдегі қалыптасқан бүкіл жүйенің соншалықты солақай, соншалықты келеңсіз екенін түсіне түспеуші ме едік? Осы шығарманы оқыған кезімізде біз, студент­тер қауымы ду-ду айтысып, кейбір көрегендер оны «кеңес өкіметіне қарсы шығарма» деп таныды да ғой. Ал шынында, осы сөздің жаны бар еді. Айдаладағы ақ боранда ашық айқасқа түскен адам болмысы мен табиғат болмысы екі жақты шайқастан соң қоғам болмысының бетпердесін ашып кеткен жоқ па еді? «Құдай сақтағанда» көп сақшы-сыншылар бұл астарды аңғармады, Ахтанов совет қойшыларының қиын-қыстау өмірін көрсет­ті деп қоя салды, ал партия қайраткері Қасболат қайшылығы мол қайсар басшы боп бағаланып кете барды. Ал Қоспан болса қайсар совет адамының әдебиет­тегі көрінісі боп қана қабылданды. Заман суретін осы повесімен айнытпай сала білген Ахтанов қорыққан болса осы Қоспан жөнінде қорқып еді, енді оның жүрегі орнына түсті. Тіпті, «Новый мир» журналында жарияланған бұл повестің осы қауіпті бағытын Мәскеу сыншылары да аңғара бермеді-ау деймін, автордың сәт­ті шығармасы туралы тамсанып көп жазып жат­ты.
Жоқ, сақшылар бәрібір бар екен. Бұл шығарма алпысыншы жылдардың аяқ шенінде Лениндік сыйлыққа ұсынылды. «Сақшылар» «Боранның» сырын ұғып қалды. Ұғып қалды да шығарманы болашақ сыйлықтан үміткерліктен үн-түнсіз ысырып қоя салды.
«Боран» – көркем сөз шебері
Т.Ахтановтың шығармашылық өмірінде ерекше орын алатын ең күрделі, ең салмақты дүние. Бұл шығарманы оқып отырып кезінде Нобель сыйлығына ие болған Эрнест Хэмингуэйдің «Шал мен теңізін» еске аласың. Бұлай салыстыра қарағанда кейбір скептиктер, бәлкім, иығын қозғап, түсінбеген болар. Ал әр шығарманың арқалаған әлеумет­тік жүгін, қақтығыстар табиғатын, образдың ашылу айшықтарын таразылап қарасаң, біздің нардың артқан теңі салмақтырақ екенін көрер едік. Амал не, дүние жүлделері мен сыбағалары әркез әділ бөліне бермейді. Кеңестер Одағы деп аталатын үлкен біріккен хорда қазақтың жетілген жеке дауысын құлаққа ілген жан болмады, көп дауыстың бірі деп қабылданып қала берді. Біздің дауысымыз барша жұртқа бірдей естілемін дегенше әлі де біраз уақыт бар сияқты…
Қазақтың қай өмірі қауіпсіз, қалт-құлтсыз өтіп еді, сан ғасыр сабырмен күн кешіп, санат­тан қалмай келе жатқан ел «сабыр түбі – сары алтын» деген мақалын жадынан тез шығара қоймас.
Жоқшылықтың арасынан тоқшылық, жамандықтың жағасынан жақсылық іздеген елміз ғой. Орайы келгенде айта кетер болсақ, дәл осы концепция Т.Ахтанов­тың да бүкіл шығармасына тән. Мейлі, «Махаббат мұңында» болсын, мейлі «Қаһарлы күндерде» болсын немесе жаңа ғана сөз болған «Боранда» болсын, жамандықты айта отырып жақсылықты іздеу, ал жақсылықты айта қалса «осылай болса екен» деген аңсау үнін естиміз. Жазушының «Сәуле» драмасындағы Сәуле бейнесі осындай армандаудан, қиялдаудан туған образ. Ол қоғам өмірін көз алдына пьесада сурет­тегендей әділ болса екен деп, ал адамдар, әсіресе партия қайраткері Сәуле сияқты жан-жақты болса екен деп елестет­ті. Жоқ нәрсені бар деп айтып та, соған өзі сеніп те көрді. Қоғам негізі әу баста дұрыс қаланған шығар, біздер, адам-сәулетшілер оны биіктетіп үй сала алмаған шығармыз деп өзін-өзі алдаусыратып та көрді. Жазушы Т.Ахтанов қоғам негізінен түзулік іздеп, өзін-өзі алдаусыратқанын ұқты, сол үшін қазір де қысылатын болуы керек, бірақ дәл осы пьесаның өзінде ол саясат пен күнделікті өмірде азамат­тық пен әйелдік тірлікті қатар алып жүре алатын парасат­ты қазақ әйелінің бейнесін жасауда қателескен жоқ және сол үшін суреткер Ахтанов бүгінде мақтанбаса қызармайды. Қайсар мінезді, нәзік жанды әйел қазақ арасында аз ба? Тіпті әдебиет­тегі образын іздесек, «Қобыландыдағы» Қарлығаны, «Ақан Сері – Ақтоқтыдағы» Ақтоқтыны, «Ұлпандағы» Ұлпанды еске алыңыз. «Сәуле» – сол образдардың формасы мен өмір тақылетін өзгерткен жалғасы. Тіпті, Қазақ­станның Ресейге «өз еркімен қосылғанына 250 жыл» толғанына бағыштап жазылған «Ант» драмасының өзінде ұлт бостандығы, ел бірлігі, тәуелсіз мемлекет идеясы менмұндалап тұрған жоқ па?!
Қазақ қара сөзінің хас шебері боп, шеберлік шыңына көтеріліп, өткен мен кеткенді қайта таразылар тұста Т.Ахтанов өзі өткен жолға қайта оралды. «Қаһарлы күндер» көбінесе қайсарлық пен ерлікті, халық рухының қаһармандығын жырласа, «Шырағың сөнбесін» романы – майдан өмірінде де адамның адамшылық қасиеті бірінші планда тұратынын моральдық кісілік нормаларды негізгі арқау еткен соғыс жайлы соңғы туындылардың бірі болды. Майдан, Отан, сол Отанға деген сағыныш және солар арқылы өткенді ойша таразылап барып, қай кез, қай заманда болса да адамшылық қасиет әрқашан жоғары тұруы керектігін
Ахтанов суреткер шығармаға басты желі етіп алды. Бұл шығарма майдан тақырыбына жазылған ең сәт­ті туынды ретінде халық­аралық В.Пикуль атындағы сыйлыққа ие болды.
Шығармашылық өмір деген бар болғырдың асау өзендей арындап, буырқанып, толысып, асып-төгіліп жатар кезі болады-ау! Жазушы үшін бір шығарманы бітіріп, сол күні жаңа шығарманың алғашқы бет­терін бастап қойған күннен асқан бақыт­ты шағы бола қоймас. Жетпіс жылдың биігінен қараған адамға ол кез­дердің де жастық шақпен бірге бірте-бірте алыстап қалғанын сезіну де өкініш. Әу баста жетпестей боп көрінген жол, бітпестей боп көрінген мұрат-мақсат ақырамаштың суындай бірте-бірте тартылып, мор ошақтай мүжіле бергенін адам байқамай да қалады екен. Ұзақ боп көрінген өмір жолында суреткер біткен қанша құдірет болса да басты-басты бес-алты шығармадан алысқа сирек барады екен. Жүз томдық шығарма қалдырды деп жүрген Л.Толстой да, әлемді күні бүгінге дейін аузына қаратып келе жатқан Ф.Достоевский де, жиырмасыншы ғасырдағы бірі – еуропалық, бірі – азиялық екі ірі суреткер
М.Шолохов пен М.Әуезов те осы сандардан көп аса алмапты. Ә.Нұрпейісов «Курляндия» («Күткен күн»), «Қан мен тер», «Сең», Т.Ахтанов «Махаббат мұңы», «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» романы және бірнеше драмалық шығармалар мен эссе кітаптарын беріпті де, тоят­тап қалыпты. Бәлкім, бұрқыратып, боратып, әдебиет жолын шаңдата бермеген де жөн шығар. Немесе қарасөздің хас шебері Тахауи Ахтанов жазам десе, сөз құрастырам десе оңай оқиға таппай жүрген жоқ шығар. Сүтпен кіріп, сүйекке сіңген сол баяғы талғам мен түйсік өлшемі арзанға жібермей, қыран қанаты аласа ұшуға арланып, көп айт­қанша аз айтуды қалайтын секілді. Ең бір таңғаларлығы сол – осындай аласапыран заманда ең талант­ты деген сөз зергерлері үнсіздік танытып келеді. Мұның сыры неде? Әлде олар өмір шындығын домна пешіндей іште қорытып жатқан шығар? Әлде, социализмнен бір күнде арылып, бауыр басқан романтикадан біржола айы­рылған соң, алыстан көрінген капитализм­ді қалай образ­ға айналдырудың амалын таппай, жол айырығында тұрғандықтан ба? Бәлкім, көркем әдебиет­тегі аяңмен айтылатын шындықты газет бетіндегі шындық алдын орап кетіп жатқандықтан болар?
Қалай болған күнде де заман шындығы көркем әдебиет­те көрінбей қалуы тиіс емес. Бәлкім, адамзат дамуындағы бір цикл біткен кез­де, ұрпақ алмасар алдында осындай үнсіздіктер болуы заңды құбылыс шығар. Бірнеше кезеңнің шындығын бір суреткерден талап ете беру де күпіршілік. Әр жазушы өзі түйсінген, өзі ұққан, өзі таразылаған өз дәуірінің шындығын жеткізе айтып берсе, ол да аз міндет емес.
Қазақ прозасындағы қыран дауысты суреткер Тахауи Ахтанов қазақ халқының ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан ерлік, батырлық, шешендік рухының бүгінгі жалғасы, сөз өнеріндегі бүгінгі көрінісі.
Қазақ әдебиетінің көгінде 50 жыл бойы қыран құстай самғап ұшқан Тахауи Ахтанов 70-тен асқан шағында жүрек ауруына шалдығып, оның аяғы инсульт деген айықпас дертке ұласып, сол кеселден айыға алмай өмірден озды. Бір кез­дері ұлы Мұхтар Әуезов үлкен сенім артқан қазақ руханиятының биік бәйтерегі осылайша мәңгілік көз жұмды. Алғашқы әңгіме, повестерімен-ақ қыран биігінде самғап ұшқан Ахтанов сол биігінде мерт болды.
Биіктер сырласады, аласалар сыбырласады. Қазақ оқырманымен биіктен сырласып келген Тахаң сол биігінде қалды. Әйтсе де, қазақ әдебиетінде Ахтанов рухы, Ахтанов стилі, Ахтанов мектебі өз халқымен бірге жасай бермек.

Дулат ИСАБЕКОВ,
Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір