Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА: АБАЙ – ҰЛТ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
24.09.2020
1376
0

Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА, ҚР Ұлттық кітапхана басшысы

Карантин уақытында руханият үшін маңызды іс-шараларын онлайн түрде әр күн сайын жарқыратып өткізіп жатқан ел астанасындағы Ұлттық академиялық кітапхананы ұлт мәдениетінің кеніші десек болады. Дәуір жаңарып, заман өзгеріп, жаңа технологиялар бәрімізді еркімізден тыс онлайн қызметтер мен коммуникацияларға икемдеп жатқан кезеңде әдебиет пен мәдениеттің бүгіні мен ертеңінің, ұлт пен ұлыстың тегі мен тарихының бұлжымас шырақшысы болған кітапхана болашағы туралы ҚР Ұлттық кітапханасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Дәуренбекқызымен сұхбаттасқан едік.

Үнемі қозғалыс пен жаңашылдық арнасындамыз

– Үмітхан Дәуренбекқызы, биылғы ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай жоспарланған іс-шаралар әлемдік пандемия жағдайына байланысты тоқтап қалса да, ұлттық кітапхана қазақтың бас ақынын ұлықтауын бір сәт тоқтатқан емес. Онлайн іс-шаралар өткізу туралы идеяны алғаш айтқан да өзіңіз екенсіз, рухани құндылықтардың кеніші – Ұлттық академиялық кітапхананың бүгінгі тынысы туралы айтып берсеңіз.

– Ұлт ұстазы Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшіншісі – залымдық деп білесің. Надандық – ғылым-білімнің жоқтығы, дүниеден ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды», – дейді. Бүгінгі өркениет адамнан озық ойлы әрі рухани бай болуды талап етеді, олай болмаса, жаһандану аранына жұтылып кету қаупі зор. «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» иесі – кемел ұлттың негізгі құраушысы бола алатынын меңзеп кеткен Абайдай темірқазығымыз тұрғанда, руханият пен мәдениет жағынан кейін қалуымыз мүмкін бе? Биыл мерейтойы кең көлемде аталып өтіп жатқан Абайдың 175 жылдығын тойлауды Ұлттық академиялық кітапхана қаңтар айынан бастап кеткенін жақсы білесіздер. Осыған орай, кітапхананың мұрындық болуымен Чехияның Прага қаласында «Абай» ақпараттық-мәдени орталығы ашылып, чех елін Абай тағылымымен сусындатып қайтқан едік. Киіз үйлер тігілді, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен Абай әндері шырқалды, Абай өлеңдері оқылды. Нәтижесінде, қазір Абай сөзі чех тіліне аударылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында ұлы ақын тойын лайықты атап өтуді тапсырғаннан кейін, Абай мерейтойы іс-шарасын ақын өлеңдерінің челленджінен бастап кеттік. Фейсбук әлеуметтік желісінде Абай жырларын оқуды кәрі мен жас, зиялы қауым, тіпті, мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетелдің танымал тұлғаларына шейін іліп әкетіп, эстафетаны өзгелерге де ұсынып жатты. Кітапхананың бастамасымен Словакия, Венгрия, Германия елдерінде «Абай оқулары» өткізілді. Карантин жағдайы жеңілдетіліп, шекара ашылса, алдағы уақытта БАӘ астанасынан да «Абай» орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Онлайн іс-шараларға келсек, алғаш карантин жарияланған кезде, бұл – тығырықтан шығуымыздың төте жолы болды. Ел зиялыларымен қоса, Түркия, Венгрия, Қытай, Ресей, т.б. елдердің танымал ғалымдары мен қаламгерлері Абай мұрасының зерттелуі тақырыбында ойларын ортаға салған халықаралық ғылыми-конференциясын алғаш рет «Zoom» торабында онлайн өткізгенімізде, интернет желісінен бір мезетте бес мың көрермен тамашалады. Онлайн іс-шаралардың мүмкіндігі мен тиімділігіне бірінші рет сонда көз жеткізгенбіз. Қазір игі іс жалғасын тауып, онлайн кездесулер, кітап тұсаукесерлері, дөңгелек үстелдер мен «Үлгілі отбасы» сынды онлайн конкурстар үзілмей келеді. Руханиятқа қызмет етуге келгенде, ұлттық кітапхана бір сәтке де қалғыған емес, үнемі қозғалыс пен жаңашылдық арнасындамыз.

– Абайдың тағылымды мұрасын ғана емес, ұлттық рухани-мәдени құндылықтарымызды да насихаттайтын орталықтар Прагадан басқа әлемнің 33 мемлекетінде ашылды ғой?

– Оныңыз рас, қазақ халқының бай әдебиеті мен мәдениетін, өнері мен салт-дәстүрін өзге жұртқа паш ету үшін Ұлттық академиялық кітапхана 2016 жылдан бері шет мемлекеттердің ірі кітапханаларынан «Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталықтарын» ашқан болатын. Атап айтқанда, Корея, Финляндия, Венгрия, Малайзия, Түркия, Қытай, Грузия, Франция, Жапония, Швеция, Италия, АҚШ, т.б., ұзын саны 33 мемлекетте бұл халықаралық жоба жүзеге асырылып, ұлттық кітапхана қорларында Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Дәурен Қуат және басқа да ақын-жазушыларымыздың шығармалары бүгінде шетелдік оқырмандар үшін қолжетімді болып отыр.

Шымкент қаласын фарабитану орталығына айналдыру керек

– Қазір әлемдік өркениетте электронды кітапхананың алатын орны ерекше ғой. Оның үстіне, көпшілік арасында жүргізілген сауалнамада кітапхананың 24 сағат бойы жұмыс істеп тұруын сұраған оқырмандарыңыз бар екенін де айтып қалдыңыз. Интернет қолжетімді заманда электронды кітапхана қызметіне жүгінетін оқырмандарыңыз аз емес шығар?

– Ұлттық академиялық кітапханамыз карантиннен бұрын да қашықтық режимінде оқырмандарға онлайн қызмет көрсетіп келген. Карантин басталғалы электронды кітап­ханаға сұраныс бірнеше есе артты. Кітапхананың цифрлық жүйесіне тіпті шетелдерден де кірушілер саны күн сайын көбейіп келеді, атап айтқанда, электронды порталымызды 60-тан астам елдерден оқырмандар қолданып отыр. Олар көркем әдебиеттен басқа сирек кітаптар мен қолжазбаларға, газет-журнал беттеріне шыққан мақалаларға, сонымен қатар авторефераттар мен диссертацияларға, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми басылымдарына, сондай-ақ кітапхана жазылған IPR Books және Euromonitor Passport толық мәтінді деректер қорына қол жеткізу мүмкіндігіне ие.

– Күллі түркі жұртының мақтанышы, «екінші ұстаз» атанған ғалым-философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы да биыл мемлекеттік деңгейде аталып өтуде, бұған Ұлттық кітапхана қандай үлес қосып жатыр?

– Осыған дейін әл-Фараби бабамыздың шыққан тегі туралы үлкен тартыстардың толастамай келгенін білеміз. Бұл жөнінде кеңес идеологиясына бұра тартқан орыс ғалымдарының тұжырымы бір бөлек болса, араб елдері ғалымдары өздерінен шыққанын дәлелдеуге тырысып келді. Осындай үлкен тартыста Ақжан әл-Машанидей ғалымның табандылығы мен ғылыми ізденісінің арқасында әл-Фарабидің қазақ елінен, Отырар жерінен шыққандығын бұлтартпас айғақтармен дәлелденіп, елу жыл бұрын 1100 жылдық мерейтойын атап өту Қазақстаннан басталған еді. Артында 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар қалдырған әл-Фарабидың биыл 1150 жылдығын Абай мерейтойымен қатар тойлап отырмыз. Бір сүйінетін жаңалық, Шымкенттегі Отырар кітапханасына біраз уақыт бұрын әл-Фараби аты берілген болатын. Ондағы мақсат – әл-Фараби бабамызды жүйелі зерттеуді қолға алып, болашақта Шымкент қаласын фарабитану орталығына айналдыру. Өздеріңіз білесіздер, қазір елімізде фарабитанушылар саусақпен санарлық, сондықтан, әл-Фараби тағылымын насихаттау, басқа елдің ғалымдарымен байланыс орнату – алдағы күндердің мәселесі. Әл-Фараби атындағы кітапхана залдарын ойшыл ғұлама зерттеген ғылым салаларына арнап жабдықтау концепциясы жасалды: ақыл-ой, музыка, жаратылыстану, тіл, логика, құқықтану, құдайтану сынды жеті бағыт таңдалды. Кітапханаға кірген оқырман әл-Фараби әлеміне енгендей әсер алса, біз өз мақсатымызға жеткеніміз. Ал «Отырар» атауы Түркістан қаласында салынып жатқан кітапханаға беріледі деген жоспар бар.

Кітап сату жүйеленсе, қаламақы мәселесі өздігінен шешіледі

– Ұлттық кітапхананың бүгінгі атқарып отырған жұмыстарына қарасақ, тәуелсіз әдебиет пен мәдениеттің дамуына қосқан елеулі үлесін анық байқаймыз. Әл-Фарабиден бастап, ұлы Абай, Шәкәрім, Әуезов, одан бертіндегі қаламы қарымды жазушыларымыздың еңбектерін Ұлттық кітапхана талмай насихаттап келеді. «Әбіш Кекілбаев», «Дүкенбай Досжан», т.б. өзіңіз мұрындық болып жасақтаған атаулы залдарды былай қойғанда, зиялы қауымды оқырмандарымен жиі жүздестіріп, кітап тұсаукесерлерін өткізіп, шетелдердегі ұлттық мәдени орталықтардың ашылуына да қалдырмай апарып жүрсіз. Жақында руханияттың осынау еңселі қара шаңырағы жанынан «Әдеби агенттіктің» құрылуын да қолдадыңыз…

– Бүгінгі кітапхана баяғыдай оқырманға қызмет көрсетумен ғана шектелмей, әдебиет пен мәдениеттің, ғылым мен рухани жаңалықтардың ізгі жаршысына, қолдаушысы мен жанашырына айналып отыр. Тәуелсіздік алған отыз жылда нарықтық әдебиетке көшу жолға қойылмағандықтан, қазір оқырман мен жазушы арасы қатты алыстап кетті. Әдеби агенттік тәжірибесі алғаш Еуропада 1881 жылы қолға алынса, көрші Ресей КСРО-дан іргесін бөле сала, 1991 жылы алғашқы әдеби агенттігін құрған. Әдеби агенттік – баспа мен жазушының арасындағы дәнекер. Кітап пен авторды көпшілікке насихаттай отырып, кітапқа деген қоғамның сұранысын арттырады, кітап неғұрлым бестселлерге айналса, бұрынғы замандағыдай сұраныс артқан кітаптың таралымы да көбеймек, оқырман мен жазушы арасы да жақындай түспек. Кітабы сатылған сайын қаламгерлердің де қаламақы мәселесі өз-өзінен шешіледі. Әдеби агенттер баспа ісінің дамуына, олардың өзара бәсекелестігін арттыруға да ықпал етеді.

– Өркениет беталысының өзгеруіне байланысты кейбір мамандықтардың жойылып, орнын жаңалары басатыны сияқты, бұдан былай «әдеби агент» қызметі де өмірімізге енеді дейсіз ғой?

– Дұрыс айтасыз, белгілі бір жағдайда өз құқығын қорғай алатынына күмән келтірген адам заңгер мен қорғаушының қызметіне қалай жүгінсе, ақын-жазушының авторлық құқығын қорғап, баспалар мен кітап сататын дүкендермен тиімді келісімшарт жасасу арқылы қаламақысын алып беретін әдеби агент нарықтық әдебиет жүйесінің ажырамас бір бөлшегі іспетті. Автордың кітабын шет тілдерге аудартқызып, әлемдік әдебиет нарығына да шығара алады, халықаралық әдеби конкурстарға да ұсынады. Бір сөзбен айтқанда, әдеби агент – әдебиет нарығын дамытуда таптырмайтын маман.

– Авторлық құқық демекші, кеше ғана Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігі өкілінің қатысуымен көркемдік кеңестің кезекті отырысы өткен еді. Сол кезде авторлық құқыққа байланысты жақсы жаңалық айтылып қалған сияқты?

– ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры К.Қ.Сейітова және қазақтың зиялы қауымы, белгілі ақын-жазушылары қатысқан көркемдік кеңестің онлайн отырысында авторлық құқықтың бұдан былай бес жыл мерзімге ғана берілетіні туралы мәселе қаралғаны сөз болды. Оған дейін мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың авторлық құқығы 30, 70 жылға дейін сатылып алынатын. Бұл біздің қаламгерлер үшін жағымды жаңалық болатыны анық.

– Әңгімеміз әдебиет арнасына ауған екен, ендеше, кітапханадағы балалар әдебиеті қоры туралы не айтасыз? Кішкентай оқырмандардың әдебиетке қызығушылығы қай деңгейде?

– Рас, барлық кездегідей, кітапхана бүгінгі күні де жас ұрпақты рухани тәрбиеге баулитын мәдени-ақпараттық орталық болып табылады. Ұлттық кітапхананың ішінен арнайы «Балалар кітапханасы» орталығын ашқанбыз. Бұл орталық баланы тек қана кітаппен қамтамасыз етіп қоймайды, мұнда ойын түрінде оқуға, демалуға, жалпы, бала жанына жайлы жағдайдың бәрі жасалған. Балаларға арнап жазатын қазіргі ақын-жазушылармен кездесу де жиі өткізіліп тұрады. Байбота Қошым-Ноғай, Баянғали Әлімжанов, Лили Клаус, Мирас Асан, Серікбол Хасан және басқа да бүгінгінің танымал қаламгерлерімен мағыналы кездесу өткіздік. Жалпы, балалар ертегі, көркем әдебиетке ғана емес, энциклопедиялар мен анықтамалықтарға, комикстар мен «Гравити Фолз» бағытындағы шым-шытырық оқиғаға құрылған анимациялық кітаптарға құмар болып келеді. Өкінішке орай, аталған жанрларға сұраныс көп болғанымен, қазақ тілінде бұндай кітаптар өте аз шығарылады.

– Үмітхан Дәуренбекқызы, өзіңіз бұл күні бүкіл елдің аузында жүрген «праймериз» науқанына қатысып жатыр екенсіз, ертең көп дауыс жинап, депутат мандатын алсаңыз, ел дамуына қандай үлес қосуды мақсат етіп отырсыз?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында жолдаған Жолдауынан ел болашағының жарқын болатынын сезініп және соған сеніп, праймеризге қатысып жатқаным рас. Бүгінгі қоғамда түйіні шешіле қоймаған мәселелер аз емес қой. Оның ішінде әдебиет, мәдениет я кітапхана мәселелері де бар. Нарықтық әдебиетті жолға қою – тәуелсіз әдебиеттің дамуына үлкен демеу болып табылатынын жақсы түсінемін, сондықтан қазіргі күні Ұлттық кітапхананың онлайн платформасы арқылы біраз әдебиет өкілдері оқырмандармен қауышып жатыр және мұндай салмақты іс-шаралар алдағы кезде де жалғасын таба береді. «Қазақ әдебиеті» газеті оқырмандары, әдебиет өкілдері мен жанашырлары бұл сынақта маған қолдау білдіреді деп ойлаймын. Праймериз – үлкен мақсат жолы, ұлт болашағы үшін жауапкершілікті сезіну екені рас. Соңғы күндері праймериз шарты бойынша дебат өткізіп, сайлаушыларыммен кездесіп, бағдарламаммен таныстырып жүрмін. Бағдарламамда, әрине, көбінесе руханиятты дамытуға көбірек басымдылық берілген.

– Уақыт бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Анар КАБДУЛЛИНА,
әдебиеттанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір