Тұрсын ЖҰРТБАЙ. CАНДЫРАҚТАН САҚТАНАЙЫҚ!
17.09.2020
1915
0

Таяуда «Экспресс К» басылымында  (18.07.2020) «Загадка Абая: величайший неизвестный поэт Казахстана» (қазақшасы – «Абай жұмбағы: Қазақстанның беймәлім ұлы ақыны») атты мақала жарық көріп, іле-шала Stan.kz сайтына мақала авторының «Абай туындылары Әлихан Бөкейхановқа тиесілі болуы мүмкін» деген мазмұндағы сұхбаты жарияланды. Зәуре Батаеваның кереғарлыққа толы пайымдары оқырман арасында түрлі пікірге тиек болды. Осы орайда, хакім мұрасын терең зерделеп, Абай жұмбағына ақиқат тұрғысынан үңіліп жүрген абайтанушы ғалымдардың пікірін сұрап көрдік.                   

Шындығын айтайын, «Қазақ әдебиеті» газетінен хабарласып, жарияланым туралы бір ауыз пікір білдіруді өтінгенде, дымым шықпай қалды. Парықсыздықтың шыңырауына шырмалғандар – қымсынуы мен қытығы жоқ сауатты надандық пен желіккен желөкпе өркөкіректер. «Түк білмейтін, біз де білеміз деп, надандығын білімділікке бермей таласқанда өлер-тірілерін білмей, күре тамырын адырайтып кететіндер» (Абай, «Жетінші сөз»), яғни, қазақ айтқан «өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын» дертке ұшырағандар. Соның үлгісіндей болатын, айтуға – дауысың шықпайтын, жазуға – сөз таппайтын, оқуға – жүзің шыдамайтын бұл сандыраққа қарсы уәж айтқан жапондық ғалым Уяма Томохико мен жас абайтанушы Сұлтан Ыбырайдың мұны оқып шығуға қалай төзімдерінің жеткеніне таң қалдым. Қандай парықсыздық, қандай далбасалық, қандай бейшаралық еді десеңші. Бүгінгі қазақ қоғамындағы көргенсіздік пен тәрбиесіздіктің, жазасыз «бақастықтың» (Абай) сорақы сымпысы.

Сәуір-мамыр айларында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Нені сүйдім, дүниеде, неден күйдім?» атты сериялы мақалаларымда көрсетілген арсыздық пен қорлаудың бәрінен де шегі асып кеткен жойдасыздық екен бұл. Ол аздай, өзінің сол сандырағына түсіндірме жазып, «демократия» дегенді ауызға алғанына жағамды ұстадым. Демократия, сөз бостандығы, пікір еркіндігі – «ар ұялар іс қылмас ақылы зеректің» еншісі. Ар-ождан, шындық кепілі. Қазақ үшін Абайды жоққа шығару: өзіңнің туған балаңның – әкесін, ұлтын анықтап бере алмай, ақыры оның өзін жоққа шығарып тынумен бірдей.

Осы сандырақ жөнінде маған хабарласпаған адам жоқ. Сонда таң қалғаным: бірі – бұл сандыраққа мемлекттік заң орындары араласып, қатаң жазаға тартып, азаматтықтан айыруды талап етеді. Екіншісі, абайтанушыларды кінәлап, авторды қатал әшкерелеу керектігін айтады. Үшіншілері… үшіншілері қостайды! Иә, қостайды! Міне, біздің қазіргі «сауатты», «бәсекеге қабілетті» қазақ қоғамындағы «сөз еркіндігінің» сұрқы. Жапандағы жапонның өзін таң қалдырған сандыраққа Сұлтан Ыбырайдың берген тым сыпайы түсінігін жариялау арқылы «Қазақ әдебиеті» газеті ортаға ой салып отыр.

Ал мен өзімнің «Абайдың өмірбаяны» атты шағын кітапшам арқылы біраз мәселеге жауап бердім деп есептеймін. Басқасын былай қойғанда, онда: Ибрагим Құнанбаевтың – Құнанбайдың ұлы Абай екенін дәлелдейтін (күніміз соған да жетті), ол адамның нақты өмір сүргенін дәлелдейтін және Әлихан Бөкейханов оның қолжазбасын Тұрағұлдан алдырғанын, ол қолжазба Керекудің (Павлодардың) түрмесінде тәркіленгенін, Ә.Бөкейхановтың «қазақтың аса көрнекті ақыны Ибрагим Құнанбаевтің қолжазбасын қайтарып беруді және оны пәленбай мың сомға бағалағаны» туралы түрме бастығына жолдаған жазбаларының көшірмесі берілген.

Сол «Өмірбаянның» ішінен Абай өмір сүрді, оқыды-тоқыды дегенге: «Семей статистикалық комитеті хатшысының жоғарыға: «Өкінішке қарай, қазақ тілін білмегендігімнен де, жергілікті қазақ ертегілері мен мифтерін жинайтын бөлімнің (мүмкін, экспедицияның шығар – Т.Ж.) қызметіне көмек көрсете алмаймын. Бұл реттен алғанда, бөлімнің жұмысына Семей уезі Мұқыр болысының болысы (управительТ.Ж.), өте сауатты қазақ, оның үстіне орысша қиыстырып жаза алатын Ибрагим Құнанбайұлы Өскен­баевтің зор пайдасы тиюі мүмкін», – деп [Байғалиев Б.Абай өмірбаяны архив деректерінде. 1Монграфия//Алматы: —Арыс, -200. -134 б. 35-бет; 2.ООГА РЫ, ф.86,ғ д.11, л:102} жазған түсіндірмесі, мүмкін, сендіруге жарап қалар.

Оған қанағаттанбаса, бұл жала жабушымыз 1885 жылы, шамамен 14-19 шілде аралығында Семейде болған американың саяхатшы ғалымы Дж.Кеннанның 1891 жылы Нью-Йоркта және Лондонда қатар шыққан, кейін дүниені аралап кеткен өзінің «Сібір және жер аударылу» атты атақты кітабындағы Абай Құнанбайұлының (Кононбайдың) білім деңгейінен мағлұмат беретін мына жазбаны менсінер ме екен:

«Жиналған қауым мүшелеріне бізді таныс­тырып болғаннан кейін, қызу, еркін әңгіме басталды. Менің қойған сұрағыма байланысты, Леонтьев маған Семей кітапханасының тарихы туралы айтып берді. Ол: «Кітапхана тек қана саяси жер аударылғандар үшін ғана үлкен игілікті іс атқарып отырған жоқ, сонымен қатар ол қала тұрғындарының ой-өріс тіршілігіне де жан бітірді», – деді.

Тіпті, қазақтар да (Түпнұсқада: қырғыздар да – Т.Ж.), – деді ол, – ара-тұра оның қызметін пайдаланып тұрады. Мен, бір білімді қазақтың қариясын (старика-киргиза) білемін, оның аты-жөні Ибрагим Құнанбай (түпнұсқада – Ибрагим Конобай), ол кітапханаға тек қана келіп қоймайды, сонымен қатар ондағы Бокль, Милль және Дрейпер (түпнұсқада солай – Т.Ж.) сияқты авторлардың да кітабін оқиды.

«Сонда, сіздің, – деп дауыстады бір студент, – Семейде Милль мен Дрэпердің шығармаларын оқитын кәрі қазақ тұрады – деп айтқыңыз келіп тұр ма?!

Иә, дәл солай, – деп сеніммен қасқая жауап берді Леонтьев, – Мен оны алғаш көргенімде, оның менен: индукция мен дедукцияның арасындағы айырмашылықты сұрағаны қатты таң қалдырды. Кейіннен көзім жеткеніндей, ол шынында да ағылшын философиясын жақсы біледі екен және содан кейін мен атаған кітаптардың барлығының да орыс тіліндегі аудармасын оқып шығыпты.

Сіз: ол оқығандарының бәрін түсінді деп ойлайсыз ба, – деп сұрады әлгі студент.

Мен екі кеш бойы одан Дрэпердің «Еуропаның ақыл-ойының дамуы» атты шығармасы бойынша емтихан алдым, – деп жауап берді Леонтьев, – шындығын айтуым керек, ол мұны өте орнықты түсініпті.

Менің назарымды мына мәселе аударды, – дедім мен, – кітапханадағы кітаптардың көпшілігі, соның ішінде ағылшын ғалымдарының шығармалары, цензураның бақылауынан өтсе де, қолға беруге тиым салынған еңбектер екен.

Неге бұлай: әуелі кітапты оқуға рұқсат береді де, артынан тиым салады?

Біздің цензурамыздың ұстанымы өзгеше, – деді жер аударылғандардың біреуі, – Сіз мынаны қалай түсіндірген болар едіңіз: мысалы, Адам Смиттің «Адамзат байлығы» сияқты кітаптарға тиым салынған, ал, Дарвиннің «Тектердің тарихы» мен «Адамзаттың шығу тегі» атты шығармаларына рұқсат берілген. Соңғы шығармалар алдыңғысына қарағанда әлдеқайда қауіпті емес пе», – деген пікірі [Джордж Кеннан. Сибирь и ссылка. Путевые заметки. 1-2 том (1885-1886 гг..// С.Петербург. РусскоБалтийский инф. Центр БЛИЦ. -1999. 1 том. 198-199 бет] «білмеске де, білгісі келмегеннің өзіне» де бір нәрсе аңғартса керек.

Оған саңлауы ашылмаса, амал жоқ, шындығында да «білгеннің тілін алманың» дертіне шалдыққан «бақас ғылымның» иесі болып табылады.

Қысқартып айтқанда, менің білетінім, Абайды мазақ қылғандарға, арандатқандарға қарсы арнайы тергеу жүргізіп, сот арқылы үкім шығаратын кез келген сияқты. Бұдан әрі Абайды арандатуға жол беру – мемлекеттік тұрғыдан қабылданып жатқан Қаулылардың пәрменсіздігін танытады. Мемлекетіміздің бетіне шіркеу түсіреді. Екінің бірі. Өзге жол жоқ.

О, шындығында да, ұлтымыздың ар-ожданын қорлауға жол берілген «бұл неғылған заманға ісіміз түсті?!.».

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір