БІР АУЫЗ СӨЗ
09.09.2020
148
0

Нағашыбек ҚАПАЛБЕК

 Бұл індеттің беті өте жаман… Талай жанды баудай түсіріп, күнде жаманат ха­бар естіп, есіміз шықты. Жақсы көретін досым күтпеген жерден қайтыс болып, жаназасына қатысып келген соң үш күннен кейін мұрттай ұштым.

Алаурап ыстығым көтеріліп, тамағым ауырып, қайтпай қойған соң, медбике шақырып дәрілер салдырта бастадым. Ертелі-кеш әртүрлі ем-дом жасатып көр­геніммен, ауруымның беті қайтпай, төсек тартып, қайта-қайта бұршақ-бұршақ терлеп, берекем кетті. Кешке қарай дертім асқынып, жанымды қоярға жер таппай ышқынып, түні бойы ұйқы көрмей, әуелі  тамаққа мүлде тәбетім тартпай, тағамдар­дың иісін сезінуден қалдым.

Бала-шағам шошынып, «бармаймын» дегеніме қарамай төртінші күні жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жөнелтті.

Көздеріне үлкен көзілдірік тағып, аузы-мұрнын бетпердемен, ал үстін түгел ақ шү­берек­пен тұмшалап киініп алған жедел жәр­дем­нің төрт қызметкері тәлтіректеген мені жетектеп ала жөнелгенде үй-іші түгел үрпиіп, көздеріне жас алып, шошына жыл­ап қалды.

«Енді қайтып аман-сау ораламын ба, сендерді көре аламын ба?» деп ойлаға­ным­мен, бір ауыз сөз айтуға да мұрша бермей көлік ішіне көтеріп кіргізе сала, төсегіне жатқызды. Жедел жәрдем дүр етіп жүріп кет­кенде, ақ халат киген медбикелер ысты­ғым­ды, қан қысымымды өлшеп:

– Ыстығы отыз тоғызға жетіпті. Бұл өте қауіпті, – десті бастарын  шайқап. Сөйтті де, бір түйір дәріні таңдайыма салды.

Ауруханаға алып кірісімен алғаш қабыл­да­ған ірі денелі дәрігер гүжілдеп сұрақ қоя бастады. Жаным қиналып, бүкіл денем лапылдап күйіп-жанып, ентігіп әзер жауап беремін.

– Бұрын қандай аурумен ауырған едіңіз?

– Былтыр көктемде инфаркт алып, жүрегіме ота  жасатқанмын.

– Қане, реанимация бөліміне апа­рың­дар. Мұндай науқасқа отыз сегіз град­ус­­тың өзі қауіпті. Жүрек көтере алмай жары­лып кетеді, – деп, дәрігер бастыра киген дәу көзілдірігімен сүзіле қарады. – Ауырғаныңызға төрт күн болыпты, неге ерте келмейсіздер осы? – деп ренішін де білдірді.

Екі адамдық палатада демігіп, демалуым қиындап, аласұрып жатқанымда, көк тамырыма қайта-қайта ине салып, түрлі түйіршік дәрі жұтқызды.

Ыстығым отыз сегізге түскенде тәлтірек­теген мені қоларбаға отырғызып, астыңғы қабаттағы рентгенге түсірді.

Ауруханада асыққан, сапырылысқан жандар: ақ киімге оранған медиктер, ың­қылдап, күркілдеген, түрі қашқан науқастар. Жедел жәрдем көліктері азынап, бірінен кейін бірі індетке шалдыққандарды әкеліп жатыр, әкеліп жатыр. Орын жетіспей, әр қабаттағы ұзын дәліздің екі қапталына қатар-қатар төсек қойып, кейін келгендерді сонда жатқызыпты.

Палатамызға алғаш мені алып кіргізгенде екінші төсектегі қарыны шеңберек атқан дәу қара кісі дереу бетпердесін киіп, ары аунап түскен. Рентгеннен қайтып келгенімше оны жай палатаға ауыстырыпты. Ол жерде ұзын, қайыстай созылған қарасіңір, шашын кірпікшешенше қысқа ғана алдырған, күнге тотыққан жігіт күрк-күрк жөтеліп жатты.

– Аға, ассалаумағ… – деп,  сәлемін де толық бере алмай булығып, кеудесі көтері­ліп-басылып, екі аяғын төмен салбыратып төсегіне түрегеп отырды. Ентігіп, қарс-қарс ұзақ ауыз жаппай жөтелді де, тұншығып, бет аузы көгеріп кетті.

Асай-мүсейлерін көтерген медбике үш құтыдан дәріні оған да, маған да білегіміздегі тамырымызға салып, дәрі ішкізді.

Көршім демігіп, тұншыға жөтеледі.

– Уһ, жанымның қиналғаны-ай, тем­пера­турам қырыққа жетіпті, үйде емделіп, тұрып кетем деп қазақшылыққа салынып босқа уақыт өткізіп алыппын. Қап! Қап-ай!.. Өмірі бұлай құламаған едім. Тіпті денемді тестіріп укол салдырған емеспін, ауруханаға ешуақ жатқан жоқпын. Көтеріліп, жүріп  ке­те­мін деп ойладым емес пе? – дейді демігіп.

Шілденің өрттей күні батысты түгел қанқызылға бояп батып бара жатты. Палата іші қапырық, басымызды көтеруге әл-дәрменім жоқ. Үш шөлмек дәріні түгел салып біткенше қара терге түсіп, бүкіл де­нем шылқылдаған су болды. Киімдерімді ауыс­тырып, сүртініп, терезені аштым. Ала­көлеңке далада  аптап басылмаған, ыстық ұрып тұр.

– Аға, сәл-пәл тәуір болдым-ау деймін, – деп, көршім қиқылдай жөтеліп бір жатып, бір тұрды. – Ауырмайтын жерім жоқ. Бүкіл іші-бауырым қызынып, басым солқылдап, көзімнің түбі суырып, қу жаным қуырдақ болды, аға! Ғұмыры  қыңқ демеген жан едім. Қалай  ауырасың, титтейімнен  жылқы бақтым. Ішкенім – балдай қымыз, жегенім – сүр майлы қазы-қарта, жұтқаным – дала­ның жұпар ауасы, астымнан арғымақ тұлпар үзілмеді. Көкпаршы Мақсат атым дүрілдеп ерте шықты. Жылқышымын, аға. Сіз ше?

– Жазушымын.

– Қырық беске келдім, аға. Бірақ жазу­шыны бірінші рет көріп, тілдесіп отырмын. Әкем жарықтық қисса-дастан айтатын, қара тілге дес бермеген шешен кісі еді, сек­сенге шығарда ауырмай-сырқамай ұйық­тап жатып жүріп кетті. Өзім қолыма түс­кен кітап, журналды түгел оқып шыға­мын. Бірақ балаларым, неге екенін қайдам, кітап бетіне қарамайды. Аға, аты-жөніңізді айтыңызшы? А-а, Сіз сол жазушы боласыз ба? Бүкіл біздің аудан Сізді айтып, мақтаныш етеді. Үлкендерімізден кейін мына кейінгі ұрпақ неге кітап оқымайтын болды? Түсінбеймін.

– Оған заман кінәлі. Аумалы-төкпелі кезеңде туған ұрпақ оқу-тоқудан, соноу баяғыдан жалғасып келе жатқан тамырлы тәлім-тәрбиеден ажырап қалды.

Қақылдап, қақалып-шашалып, екі иығы селкілдеп жөтеліп, дем ала алмай тұншығып,  рәсуасы шықты.

Медбике кіріп, ыстығымызды өлшеді.

– Сіздікі әлі неге түспей тұр? – деп еді, жылқышы:

– Қанша болыпты? – деп қарсы сұрады.

– Отыз тоғыз. Ал жазушы аға, сіздікі тө­мен­депті, отыз жеті де жарым. Бұл – ем қонды деген сөз. Әлі-ақ сауығып, жүгіріп кетесіздер, – деген медбикенің дауысы қабат-қабат бетпердесінен құмығыңқы естіледі.

Кешкі тамақты әкеліп еді, екеуміз де қолымызды шайқап, алдымызға   қойғыз­бай, алып кеткін дедік. Түк тәбет жоқ, судан басқа ештеңе татып алмағаныма төрт күн болды.

Жылқышы жігіттің күркілдеген жөтелі түнге қарай үдей түсті. Ары-бері дөңбекшіп, ұйқым шайдай ашылды. Дегбірім кетіп, түрегеп, кішкентай бөлмеде ары-бері жүр­гіш­теп кеттім де, кеудем қысылып бор­ша-борша терлеп, төсегіме отырып, киімдерімді ауыстырып кидім.

– Аға, сіз қайта-қайта терлейді екенсіз. Бұл өте жақсы. Дерттің бәрі     термен шығып кетеді ғой. Қанша тырыссам да менен бір тамшы шықпай қойды. Үйде қа­зақи ем-домның бәрін істедім. Аға, сенесіз бе, ауру-сырқаудың не екенін білмей арқардай тау мен тасты кезіп жүрген басым бүк түсіп, омалып қалдым емес пе? Бүкіл сүйек-сүйегім қақсап, буын-буыным сөгіліп кетердей сырқырап, тіземе бір-бір пұт тұз байлап қойғандай жүре алмай, тұра алмай қалтылдап қалдым ғой. Кейде тісім-тісіме тимей дірдектеп жаурап, үстіме қабат-қабат көрпе, тон жаптырамын, ал түн баласы алаулап, өлердей ыстықтап, үстімдегінің бәрін лақтырамын. Оның үстіне осы бір көкжөтел пайда болып, ауыз жаптырмай сорлап қалдым. Мұнда ертерек келуім керек еді. Әттең!.. Әттең-ай десеңші! Коронавирус шыққалы интернет, уацап: «Мұндай кесел жоқ, бәрі ойдан шығарылған өтірік нәрсе» десіп, бүкіл жұрт шулап кетті! Мен де бұл індет бар дегенге түк сенбедім. Бәзбіреулер «бұл жаман жұқпалы індет» десе де, құлақ асқан жан болмады. Аға,  тұңғышым жиырма екіде, соны ертерек аяқтандырайын деп, құдалыққа бардым. Құдам қызын той жасап ұзатты. Карантин дегенге қарамай аудан орталығындағы үлкен мейрамхананың терезесін қымтап жауып үш жүз адамды шақырып, думандатқан той өткізді. Шалқып ішіп-жеп, би билеп, өкіртіп құда-құдағилармен жүз грамдаттық. Сонда менің қасымдағы құданың ағасы «Тұмау тиіп қалыпты» деп қойып, тық-тық жөтеліп, терлеп мазасы болмай отырған-ды. Үйге келген соң екі күннен кейін беташар тойын жасап бердім. Жайлауда отырмын ғой, екі жүздей ел жиналды, қазысы табан шыққан бір биені сойып, түгел астырдым, кеу-кеулеген жігіттерге көкпар бердім. Үлкен тойды Алматыда төрт жүз адам шақырып, карантин біткен соң жасап бермек болдым. Дәл сол беташар тойын өткізер күні ертеңгісін дел-сал болып, басым солқылдап ауырып, берекем қашып тұрдым. Түске салым қызуым көтерілсе де думандатқан жұртқа сыр бермей жүгіріп жүрдім. Кешке қарай аспанды тұтасқан қарабауыр бұлт басып, нөсер сел-сел құйды да, соңы ақ жауынға ауысты. Кешке қарай шыдай алмай бүркеніп жатып қалдым.

Екі өкпесі қысылып, жаны қиналып отырса да, тұншыға көгеріп-сазарып жөтеліп алып, демігіп әңгімесін жалғастырды.

– Шаршап-шалдығып, бәріміз той-тойлап, қатып ұйықтап жатқанда жылқыла­рыма ұрылар баспалап келіп, бөле айдап, саймен сатырлата қуып, алып жоғалыпты. Түнгі күзетке баратын жылқышы араққа тойып алып, қатып ұйықтап қалған ғой. Таңға жуық оянып, шауып барса, өңкей асыл тұқым екі жүздей ауыл маңынан алыстатпай жаятын арғымақтардан айы­ры­лыппыз. Ары-бері далақтап, дүрбі салып, қолды болғанын біліп, мені оятты. Ыстығым көтеріліп, мәнісім болмай, діңкем құрып тұрса да, жылқышыларды түгел атқа қондырып, жан-жаққа шаптырдым. Өзім жаңа үйленген тұңғышымды ертіп, із кестім. Өзен жағалап түу төменге құлдилап түсіп, жылқымыздың ізін қуалап, құм суырған даладан өтіп, Іле жағалауындағы тоғайға кіргенше ат белінен түспедік. Қара аспан түйіліп, қарс-қарс айрылып кетердей күркіреп қойып, суық ақ жауын себеледі де тұрды. Үсті-басым теріме жа­быс­қан малмандай шылқыған су, балам да  бұратылған аш, шөлмектей бозарыпты. Мал ашуы – жан ашуы. «Балам, – дедім. – Балам, мына жылқыларды жеті қарақшының біреуі қуып барады. Іледен өткізсе, ары қарай ізім-қайым жоғалады, жер сипап қаламыз. Қуып жетіп қалдық, шыдашы, балам», – дегенімде намысқой тұңғышым Мансұр көзі отша жайнап: «Әке, қашанғы қарақшыларға жем боламыз. Қайтсек те  қайтарайық», – деп тістене кіжінді. Айналайын, атасынан айнымай қалған асыл текті тұяғым-ай!.. Суға салған қайыстай созылып, қалың тоғай ішіндегі машинаның қос табан ізімен қуа бердік! Қараңғы үйіріле бастаған тұста жылқы, құлындардың кісінегендерін естіп, болдыруға айналған аттарымызға қамшы бастық. Тасырлатып айдап бара жатқан жылқыларға жақындағанда қо­сауыз мылтығымды қолыма алдым. Қуғын­шы­ларды байқап қалған олар бірінші болып тарс еткізгенде тоғай ішіне бұрыла салып, тікенекті тоғайдың бет-аузымды жыртқанына да қарамай өкпе тұстан  шыға келсем, дәл алдымда шіренген Кетік Кәтіш шолақ мылтығын оқтап және атты.

– Әй, оңбаған Кәтіш! – деп ақырдым да, мылтық ұстап тұрған оң қолын  көздеп, дәлдеп атып кеп жібердім. Қолынан мыл­тығы сусып түскен ол, ат жалына етбет­тей жабысып, тебініп  құйынперін шаба жөнелді. Екінші оқты да соңынан жіберіп, қосауызды қайта-қайта оқтап, жауын бүріккен қара аспанды қақ жара қақыратып, от-жалын шашыратып дүркін-дүркін дүрсілдеткенімде  басқа ұрылар да  Кетік Кәтіштің соңынан безіп жоғалды.

Жылқыларымызды түгел қайырып алып, қосауызымды олардың кеткен жа­ғына қарай патырлата аттым.

Таң сібірлеп атқан кезде балам екеуміз шұрқыраған малымызды жайлауына дін аман айдап әкелдік.

Үйге кіре құладым. Бүкіл денем алып-ұшып күйіп жанып барады. Бұратылған аш болсам да, түк тәбетім жоқ, тамағымнан түйір ас өтпейді, иіс сезінуден мүлде қал­дым. Арақ та іштім, құйрық маймен үсті-басымды сылады, түрлі дәрі-дәрмек жұтқызды. Үш күн жайлауда нәр татпай жаттым. Сорпа, тамақ әкелсе түк батпай, әуелі лоқсып құсқым келеді. Одан осы ентігу пайда болды, ауыз жаптырмай түн баласы жөтел қысады. Ақыры болмаған соң ауылдағы үйіме әкеліп, дәрігер шақырып, антибиотик салдыра бастады. Күндіз – сәл-пәл саябырсиды да, түнге қарай ысты­­ғым да, жөтелім де өршіп кетеді. Ауру­хана дегеннен азар да безер боламын, өмірі бармаған, жатпаған жерім. Алты күн система, уколды аямай салса да түк әсері болмай, әлсіреп, жүріп-тұра алмайтын халге жеттім.

Ақыры бала-шағам менің ыстығым қатты көтерілгенде сандырақтай баста­ғанымды көріп, жедел жәрдем шақыртты. Өзім де ұзын, жіңішке қара едім, міне ішім қабысып, қылдырықтай болып, азып-тозып, саудырап құр сүйегім қалды.

– Ана ұрылар қанша жылқыны айдап кетіпті?

– Ой, жұмыртқадан жүн қырыққан алаяқ, қу, жертесер, баукеспе Кетік Кәтіштің қорлығы әбден өтті. Бұл жолы өзім ерекше күтіп-баптап, көзімнен таса қылмай жүретін екі жүзден астам асыл тұқымды жылқыларымды құлын-тайларымен қосып айдаған ғой. Оңбаған әккі ұрының көптен көздеп жүрген көз құрты болды менің бұл тұлпарларым. Жаманатпен аты шыққан біздің өлкеде жеті қарақшы бар, аға. Осы жетеуі бүкіл елді қан қақсатып, жылқы ұрлауды ұйымдастырады. Біреуі аңдып жүріп, келесісіне шығарып, алдына салып береді. Бірімен-бірі хабарласып өткізіп алысып кейде Қытай шекарасына дейін, кейде Шу, Мойынқұмдағы көздеген мекендеріне апарып, тіпті қырғыз, өзбек асырып жібереді, ізін жасырып, жоқ қы­лады. «Құланды да жыландай адам алады» демекші екі рет оларға оңбай ұрлаттым.

– Қанша алдырдың?

– Алғашында үш үйірді айдап кетті.  Өткен көктемде жүзге жуық бойдақ се­міз жылқымды базарға апарамын деп жүр­генімде тып-типыл қылды. Бұл иттердің қорлығы әбден өтті.

Екі санитар келіп, жылқышыны мүге­дектерге арналған қоларбаға отыр­ғызып, рентгенге түсіруге алды да кетті.

Көзім ілініп бара жатқанда:

– Құлдарың болып өтейін. Аман-сау емдеп, тірі қалдыра көріңіздерші, – деген жылқышының жалбарынған даусынан оянып  алдым.

Екі санитар оны көтеріп, төсегіне жат­қызып:

– Қазір дәрігер шақырып келеміз, – деп шығып кетті.

– Не болды, қарағым? – дедім.

– Атым Мақсат, аға. Құрыдым ғой, аға, біттім ғой. Мүлде сенбей жүруші едім, вирус менің екі өкпемді жеп қойыпты. Рентгенге олай-бұлай түсіріп, бүкіл қолқа-өкпеме қара су толып кеткенін айтқанда мына жарық дүние шіркіннің соншама ыстық, соншама тәтті екенін ұқтым. Жасым небары қырық бесте. Мына таңғажайып тіршілік думанын қалай қиып кетемін, аға? Бес ұлымның бәрі жас, үлкенінің тойын да ел құсап осы Алматының төрінде дүркіретіп жасап берсем бе деп едім… Балаларымды жеті қарақшы басынып, алқара көк жылқымды тым-тырақай қуып кетеді-ау. Кек  ала алмай кеткенім бе сонда?

Қасында екі адамы бар еңгезердей дәрігер келіп, жылқышының қан қысымын өлшеді, кеудесін тыңдады, саусағынан қан алды.

– Қазір мына аппаратты қосып кигізе­міз. Өкпе өз күшімен дем ала алмай жатыр.

Мақсат үзік-үзік ышқына сөйледі:

– Доктор, мені аман алып қалыңызшы. Бес балам бар, мыңнан асқан жылқым бар. Өмірлік жекжат, бауырым болып өтесіз, төбеме көтеріп, барлық жағдайыңызды жасаймын. Тек, мына пәледен емдеп, аман сақтап қалыңызшы.

– Ауру белгісі білінісімен осында келуіңіз керек еді, әбден асқынып кеткен.

– Доктор, қу жанымды аман алып қалыңызшы. Бес баламды ел қатарына қосайын… Олар жетім қалмасыншы… – деп жылқышының жалынып-жалбарынып қыстыға жылағаны-ай…

– Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Сіз екеуміз түйдей құрдас екенбіз. Қазір ап­паратқа қосамыз. Осында тоқсан бір жастағы бір апамызды көтеріп кіргізіп еді, дін аман жазып, өз аяғымен жүргізіп, шығарып салдық.  Жасымаңыз, күшіңіз кеміп, ауруға ауру қосасыз. Әлі-ақ шауып кетесіз, – деп төсегінің басындағы аппаратты қосып, аузы-мұрнына тұмылдырық кигізіп, шығып кетті. Аппаратқа түтікпен жалғанған қойдың қарнындай бозғылт шар бір үлкейіп, бір кішірейіп ысылдай бастады.

Маған кигізгенде алғашында жұтқан ауа мұздай салқын көрініп, кеудемді кернеп, жөтел қысты.

– Жөтелгілеріңіз келсе, міне, былай жөте­ліп алғандарыңызша өшіріп қойыңыз­дар, – деп қасымызға отырып медбике түсіндіріп, көрсетті.

Түшкіріп, пысқырып жатып әзер көндіктім-ау.

– Жазушы аға, сіз оттегі аппаратымен бес сағат ауа жұтасыз. Жылқышы жігіт енді сіз бір-екі тәулік тек осымен ғана дема­латын боласыз. Күш-қуат береді бұл, – деп түсіндірді.

Ұйықтап кетіппін, медбике менің ап­пара­тымды өшіріп жатыр екен.  Жылқышы де­малатын тұмылдырығын алып тастап жөтелді-ай кеп. Екеуміздің ыстығымызды өлшеп еді, оныкі отыз тоғыз, менікі отыз жеті болыпты.

– Бірдеңе керек болса, мына түймені бассаңыздар болды мен келемін, – деп түр әлпеті қандай екені белгісіз ақмұнарға оранған медбике бізді жатқызып, үстімізге көрпешені жапты.

Ол кетісімен, Мақсат қайта тұрып, аппаратын ажыратты.

– Аға, күйіп-жанып барамын. Мына оттегімен демалайын десем тұншығып кетемін. Қиналған жаным-ай!.. – дегенде өзімнің ауруымды ұмытып, оған басу айта бастадым.

– Аға десе, осыдан көресіз ана Кетік Кәтіштен бәрібір кек аламын. Ол ұрлаған бар малымызды қайтарып алып келе жатқанда Мансұр балама айттым. Мына бүкіл малшыларды қан қақсатқан алаяқ ұры, Жетісудың жеті қарақшысының ата­маны Кетік Кәтіштен қайтсек те кек алайық дедім. Ол тынышталса, мал ұрлы­ғы сап тиылады. Өзі қалың құм ішінде Сарытақұмда тұрады, осы өңірдің жықпыл-жықпылын бес саусағындай жақсы біледі, әбден сырттан көз салып, зерттеп алады да, жылқыларды жүздеп айдап жоғалады. Бірді-екі, аз-мазға былғанбайды. Үйір-үйірімен  қуып алып шығып жеті қарақшы бірінен соң біріне өткізеді. Ұялы әккі бұл ұрылар ізін суытып, алған малды сойып,  сатып жоқ қылады. Аға, жерде жатқан жұмыртқа ертең аспанда ұшқан қыран болады. Құдай қаласа, енді бес-алты жылдан кейін ешкімге есе жібермейтін боламын. Бес ұлым аман болса, біздің ғана емес, бүкіл Ала­таудың күнгей-теріскейіндегі малға ұры-қары жолай алмай қалар еді. Олар әлі жастау болып тұр. Көресіз, аға, кейін бүкіл қазақ-қырғызда біздің жүйріктер ғана бәйгені алады. Ұлдарым шетінен атбегі, көкпаршы. Арбаның кемеге мінетін, кеменің арбаға мінетін кездері болады. «Егер кек ала алмасам, Мақсат  атым өшсін» деп өзіме-өзім ант бердім. Көрсетемін мен әлі оларға. «Аққа Құдай жақ» деген! Не деген тойымсыздық? Барлық салада ұрлық, жемқорлық асқынып тұр. Бұл өте жаман індет қой.

Ара-арасында аузын орамалмен жауып гүрсілдеп жөтеліп алып, әңгімесін айтып бітіп «Уһ, жаным-ай!» – деп, жастығына жантайды.

– Мақсат, енді аппаратты қосып, оттегімен демал.

– Бұлардың қорлығы мен зорлығы намысыма тиіп, жанымды жеп, ішіме сыймай барады. Сізге айт   -ып, жеңілдеп қалдым, аға.

Түрегеп аппаратын қосып бердім. Ол сыр-сыр етіп сәл тыншығандай болды. Сағатым түнгі үшті көрсетіп тұр. Ары-бері дөңбекшимін, ыстығым көтеріліп, терлеп, киімдерімді ауыстырдым.

Мақсат демалған сайын  бас жағындағы ілініп тұрған шар бір толып, бір солып пыс-пыс етеді.

Жатып-жатып әбден қалжырап барып көзім ілініп, шым-шытырық қорқынышты түс көріп, шошып ояндым.

Терезеден бозғылт, ақшылтым сәуле төгіліп, таңның атып қалғанын білдіріп, ал сағат тілі беске бес минут  қалғанын көрсетіп тұр.

Кенет есіме түсіп қарасам, көршімнің аппаратындағы шар солған қарын секілді салбырап, тоқтап қалыпты.

Апақ-сапақ атып тұрдым.

– Мақсат, а Мақсат! – деп иығынан түрткілеп едім, сол қолы төсегінен сылқ етіп салбырап төмен түсіп кетті.

Есім шыға тапырақтай жүгіріп залдағы медбикені шақырдым.

Қысымым да, қызуым да күрт көтеріліп, басым зырқырап өң мен түстің арасында мең-зең төсегімде есім шығып отырып қалдым:

Палатаға өңкей бет-аузы, үсті-бастарын түгел тұмшалап алғандардың бірі кіріп, бірі шығып аласапыран жүгіріс басталды.

Мақсаттың жансыз денесін зембілге көтеріп салып, алып кетті.

– Қос өкпесін вирус жеп қойған, әттең, бізге әбден асқындырып, тіпті кеш келгенін қарашы, – деп жуан дауысты дәрігер маған жағдайды түсіндірді.

Бозарып бос қалған Мақсаттың төсегіне қарап ішім қанжылады.

Жүрегім атқақтай соқты. Қызуым қайта отыз сегізден асып, көк тамырымды пістелеп инелерін сұққылап қанша дәрісін жіберсе де, төмен түспей аласұрдым.

Түске салым ғана сәл-пәл саябырлап, ыстығым төмендеп, ес жиып, терезеден сыртқа көз салдым.

Қақпа алдында жедел жәрдем көлі­гіне оралған денені көтеріп шыққан қайыс­тай қара Мақсаттан айнымаған екі ұзын жігітті көріп, жүрегім езіліп, көзімнен жас бұршақтап төгіліп кетті. Ана екі ұлы жеңдерімен көзін сүрткілеп, әкелерін машинаға салды. Кішісі бүгіліп отыра қалып, бетін басып  жылады-ау. Ал тұңғышының төртінші қабаттағы біз жатқан терезеге қарағаны-ай!.. Әп-сәтте жетім қалған екі бозым боздаққа іштей көңіл айттым.

«Қош! Қош бол, аңқылдаған есіл ер Мақсат бауырым! Жатқан жерің  енді жәннат болсын!» – дедім сорғалаған көз жасымды тия алмай еңкілдей күбірлеп.

Кешке басқа жай палатаға өзім бойбермей сұранып, ауысып алдым.

* * *

Бұл дерт мені оңдырмады. Тентек болған танадай мәңгіріп, жаңа туған ботадай тәлтіректеп әл-дәрменім құрып, жата бергім кеп тұратын жағдайға душар болдым.

Көтерем болған малдай бас көтере алмай, дірдектеп жаурап, қыркүйек айында түнге қарай пешке от жаққыздым. Тамақ ішсем болды ағыл-тегіл терлеймін.

Пеш жанында көрпені қалыңдатып, соның үстінде қыздырынып жатсам, тау қопарғандай екпіндеп Тұраш жиенім кіріп келді:

– Оу, нағашы, не болған, шөпиіп азып кетіпсің ғой, – дейді ерке мінезімен.

– Тоғыз келі салмақ тастадым. Өзім де жетісіп тұрмаған едім. Жас болса жетпісте, қалпақтай ұшырып түсірді ғой.

– Нағашы, мен бұл коронавирус дегенге сенбеймін. Біздің үйден бір жан ехе деп жөтелген жоқ. Қалам ұстап қақиып сіресіп отырасың. Мен сияқты шапқылап жүрсең, ауру-сырқау өзі қашады.

Бұл жиен бүгінде дәурені жүріп тұрған фермер. Қашан көрсең де екі беті  күзді күнгі алмадай қызарып, дөңгеленіп толып тұрады.

– Түһ! Үй ысып, қайнап кетіпті ғой, – деп костюмін де шешіп тастады. – Нағашеке, келін түсіріп алдық.

– Құтты болсын!

– Құдалыққа апарайын десем, «ауыр­дым» деп сылтауратып бармай қойдың. – Ол рахаттана бар тісін көрсете күліп алды. – Құдам – атақты Кәтіш деген бүгінгінің нағыз бай-мырзасы.

– Қай Кәтіш? Кетік Кәтіш пе?– деп елең ете қалдым.

– Иә, дәл сол бүкіл ел-жұрт білетін, байлығымен, барлығымен аты шыққан Кетік Кәтіш. Әшейін кетік деп атап кеткен ғой, әйтпесе аузы тола жарқыраған алтын тіс. Аттан жығылып, бір қолын таңып алыпты. Қалың құмның арасында өзеннің жағасындағы фазендасында төрт жүз адам шақырып дүркіретіп той жасады. Әйгілі әншілердің бәрі ән шырқады. Құданың алты жан досы бар екен. Шетінен өнерлі: көкпаршы, сайыскер, құсбегі, аңшы, балуан нағыз сар даланың бүгінгі батырлары дейсің. Солар  сөйлеп мына сіздің жиенге алтауы алты арғымақ мінгізді, алты бұлғын, құндыз шапан кигізді. Кәтіш құдам қызына Алматыдан екі бөлмелі үй, маған, әне, анау джипті сыйлады. Ойхой, мұндай аста-төк мырзалық, шалқыған тойды бұрын-соңды көрмедім. Ал, нағашеке, енді мен де келін, баламның тойын жасаймын. Мынандай карантин кезінде қайда, қалай өткізесің дейсің ғой. Алатаудың баурайында ана көзден жырақ жердегі Талғардың жоғарғы жағындағы люкс лагерінде төрт жүз адамға арналған асхананы дайындатып қойдым. Енді екі жұмадан соң, міне шақыру билеті, сол тойыма кел. Қасында сарқырап аққан өзен, көкмайсалы сазды жайлау. Күндіз құда күтеміз, кешке думанды той. Садақ ату, көкпар, балуандар күресінен жарыс өткіземіз. Қаладан, мейрамханалардан аспаз, даяшылар шақырдым. Ол жерде кәуап, балық, тұтас қой етін түтіндетіп пісіреді. Өзбектен «Ялла», Мәскеуден Вера Брежневаны, шетелден «Бонемді» алдыратын болдым. Біз қырық адам болып барып, бәрімізге сый-сияпат жасады. Олар елу адам болып келмекші. Оған дейін жазылып кет, бой сергітіп, жиеніңнің беделін көрсетші, кел тойымызға. Әйтпесе өкпелеймін.

Тұраш лепіріп сөйлеп, шақыру билетін  берді. Жақындағанда  байқадым, ішіп алыпты.

– Әлі талай жерге баруым керек, шаруа шаш етектен. Тойда күтемін, арнайы көлік жіберемін, келіп алып кетеді. Түһ, үйді сонша ысытқандарың не, жер қара, күн жылыда, – деп желпініп терін сүрткілеп алып, асығып-аптығып кетіп қалды.

Пеш түбінде жартас басып, омалып отырып қалдым. Әнеукүнгі ауруханадағы өрімдей өркенді Мақсаттың тұншығып, демігіп айтқан әңгімесі есіме түсіп, жиенімнің Кетік Кәтішпен құда болғанын есітіп сансыратқан өмір бейбақтың соншама безбүйректігіне налыдым.

– Түрің бұзылып кетіпті, не болды, Сапар? Жиенің бірдеңе деп ренжітіп кетті ме? – деп, дімкәстенген мені  үпілдетіп күтіп-бағып отырған бәйбішем бетіме бажайлап, сынай қарады.

– Жоға. Баласы үйленіп, тойға шақырып келіпті.

Ойсоқты болып, үн-түнсіз ұзақ, өте ұзақ отырып, бүк түсіп жатып қалдым.

* * *

Бала-шағам жаңа туған сәбидей мә­пеледі. Дәрумен жұтқызып, саумал, қы­мыз ішкізді, күнде ет, сорпа беріп бері қара­тып алды. Немерем жетектеп, күздің кем­піршуағына қыздырынып, есік алдындағы бақта жүргенмін. Қып-қызыл иісі бұрқырап піскен апорт алмалар тарс-тарс етіп үзіліп түседі. Өзім өсірген әппақ және қанқызыл роза гүлдері жайқалып, күнге және маған тағзым еткендей бастарын иіп, шайқалады. Ғажап көркем жұпарын шашқан гүлзарыма, көкжасыл шапанын қымтанып, басына ақ сәлдесін оранған абыз Алатауымның келбетіне сүйсіне қарап рахат күй кешіп тұрғанымда қалта телефоным шырылдады.

– Аға! Тұраш ауруханаға түсті. Жағдайы өте нашар.

– Ой, бұл кім?

– Тұраштың үйіндегі келініңіз ғой. Ол бір жұма тұмауратып үйде жатты, болмай бара жатқан соң аудандағы ауруханаға апарсақ, олар шошып, бірден жедел жәрдеммен Алматыға алып кетті. Міне, мен де артынан жеттім. Жиеніңіз ес-түссіз, аппаратпен ғана демалып жатыр дейді. Дәрі-дәрмек ауруханада жоқ екен, сырттан қолдан екі-үш есе бағасына сатып алып, апарып бердік. Бір жанды ішке кіргізбейді, осы аурухананы айналып, төңіректеп жүрмін, аға! Профессор дос-жараныңыз көп қой, жағдайын біліп табыстаңызшы, ағатай. Ана министр жекжатымызға күні-түні телефон шалсам да, көтермейді. Тұраштан айрылып қалам ба деп қорқамын, аға, – деп келінім қыстығып жылап қалды.

– Қарағым, сабыр сақта. Мен де сол оттегіні жұтып, аман қалдым ғой. Адресін айтшы жатқан ауруханасының.

– «Жығылғанға жұдырық» демекші аяқ астынан Кәтіш құдамыз қайтыс болыпты деген жаман хабар келді түнде.

– Қай Кәтіш? Қалай ауырып па?

– Анық білмейміз, аға. Жол апатынан қайтыс болыпты. Әлгі жаңа үйленген келін-баламыз да ауырып жүрсе де малға қарап үйде қалды. Тойды кейінге қалдырдық. Аға, ағатай, Тұрашымды аман қалдыра көріңіздерші! Ауылда екі құрдасы өткен аптада осы індеттен қайтыс болып кетті.  Қорқамын, аға, ағатай…

Жайқалған гүлдей жадыраған көңілім су сепкендей басылды. Бұл жиенім ірі сөйлеп, кесек турайтын, көлдей жомарттығы да бар, малсақ болып өсті. Ауданның әкімімен жекжат болып соның бар малын бағып, тез әлденіп алды. Жекжаты жоғары өсіп-өніп, бүгін үлкен министр. Әлі күнге соның бар мал-жанын көбейтіп, сатып, араласып тұрады. Оны арқа тұтып талай шаруасын шешіп, тіпті күпініп, мақтанып, есіп сөйлейтін әдет тапты. Қой, қазір қаладағы дөкей әкімге қоңырау шалып, Тұрашты табыстайын.

Кетік Кәтіш неден опат болды екен, ә? Зар қақсатқан елдің қарғысы атты ма, әлде?..

Анау Мақсаттың тұңғышы Мансұрды іздестіріп, телефонын тауып, сөйлесіп, әкесіне көңіл айтайын.

Мына әлемді жайпап, атпал азаматтарды жұлып әкетіп жатқан зұлмат індет тоқтаса, үйлеріне барып құран оқып қайтармын.  

Түн қанша ұзақ болғанымен жарқырап таң атады, мейірімін төгіп Күн шығып, мамыражай тіршілік қайта оралар-ау.

Әй, жендеттей ысқырынған бәлекет! Қылдай жіңішке адамзат өмірін  қыршыны­нан қия бермей, жоғал әрмен! Мүлде жоқ болып кет! Пенделеріңнің қиянат, қорқау ниеті, арам пиғылы, асылық мінез-құлқы бәрі-бәрі сап тиылып, осы індетпен бірге ұшып-құрып жоқ болсыншы!

Бұл бәлекет қауіпті кеселден құтылар­мыз-ау… Ал, астыққа түскен қара күйедей ел-жұртты жегідей жеп жатқан сан түрлі ұр­лық-қарлық, жемқорлық деген індеттің ізім-қайым жоқ болатын кезі болар ма екен?!

Бірақ бір ауыз сөз айтуға әл-дәрмен жоқ.

Жылқышы Мақсат марқұмның ауруха­нада сол бір түні қиналып айтқан әңгімесі есімнен әсте кетер емес.

Алматы,
тамыз, 2020

ПІКІР ҚОСУ