Әсима АҚЫПБЕК: ӘКЕМ: «Менде өкпе жоқ, ішім толған бауыр», – дейтін
Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, аудармашы Өтепберген Ақыпбекұлының шығармашылық табыстары оқырманға жақсы таныс. Ақынның бірнеше жыр жинақтары жарық көрді. Балалар әдебиетіне көп еңбек сіңірген ақын отбасында қандай адам болды, балаларына берген тәрбиесі қандай еді? Осы орайда, ақынның қызы, бүгінде Елордамызда мемлекеттік қызмет атқарып, өз ортасында сыйлы болып жүрген Әсима Өтепбергенқызы Ақыпбекпен әкесі туралы әңгімелесудің сәті түсті.

– Өтепберген ақынның шығармашылық жолы, атқарған қызметі туралы әріптестері жан-жақты айтып та, жазып та жүр. Әйтсе де біз ақынның отбасындағы адами қасиеттері қандай еді, соны өз аузыңыздан естігіміз келеді.
– Әрбір перзент үшін өз ата-анасының алар орны бөлек қой. Әкем – үлгі тұтар өнеге, алып әлем – асқар тау, табиғаты бөлек, жан дүниесі ерекше адам еді. Отбасымыздың тірегі, бәйтерегі. Кішкентай кезімнен әкемнің қамқорлығына бөленіп, бақытты балалық шақты бастан кешірдім десем, артық айтқаным емес. Мен үшін әкем – әлемдегі ең ғажап, парасатты, талантты, ерекше дарынды, батыл да батыр, алып тұлға болды. Ол ақын, этнограф, сыншы, тарихшы, әдебиеттанушы, әнші, күйші, суретші еді. Сондай-ақ, спортты да жанымен жақсы көрді. Ауыр атлетика, оның ішінде штанга, гир көтерудің, волейбол ойнаудың, суға жүзудің, конькимен сырғанаудың, бильярд, шахмат ойнаудың шебері тұғын.
Бала кезімнен әр нәрсеге ұқыпты болуды, өтірік айтпауды, адал болуды, бастаған істі соңына дейін жеткізуді, уәдеге берік болуды әкемнен үйрендім. Ол: «Мен қыз балалардың арасында өстім, мінезім сәл жұмсақтау, ешкімнің көңіліне қаяу түспесе екен деймін. Онсыз да өмірдің ыстық-суығы көп-ақ қой. Әр пенденің көтерер жүгі де ауыр, бәріне тек төзімділік керек. Осыны жадыңнан шығармағайсың», – дейтін еді…
– Ақынның балалары туралы айтып өтсеңіз?
– Өзім ер балалардың ортасында өстім. Мінезімнің тік болуы, көңілдегі түйткілді бүкпесіз ашық айтатыным содан ба, кім білсін? Біз үш ағайындымыз. Өзімнен үлкен екі ағам бар. Мен үйдің кенжесімін. Балалық шағым туған жерім Жетісу өңірінде, дәлірек айтқанда атақты Қапал кенті мен Талдықорған қаласында өтті. Бала кезімде әкемнің жұмыстан келгенін асыға күтетінмін. Себебі, жазғы мезгілде отбасымызбен әрбір кешті көлдің жағасында өткізгенді ұнататынбыз. Әкем суда жақсы жүзетін, жұмыстан келе сала бізді Қаратал өзенінің жағасына алып баратын. Анам болса, алдын ала әкемнің сүт қатқан күрең шайын термосқа демдеп, ағаларым және мен сүйіп жейтін тәттілерді сөмкеге салып, дайын отыратын. Ал, қыс мезгілінде барлығымыз мұз айдынына баратынбыз, әкем коньки тепкенді ұнататын. Бірге сырғанайтынбыз. Тамағыма суық тиіп, жиі ауырып қалатынмын. Соған қарамай, балмұздақ жегім келсе, әкем оны жылытып беретін. Ол үшін алдын ала балмұздақты ерітіп, сәл ғана отқа қоятын. «Бірден жұтпа, таңдайына сал»,– дейтін.

– Әкеңіз жауапты мемлекеттік қызмет атқара жүріп, сөздіктер жасауға өз үлесін қосқан екен. Түрлі тақырыптарда өлеңдер жазған. Соның бәріне қалай үлгірген? Шығармашылықпен қай уақытта айналысатын еді?
– Әкем: «Уақытты бос өткізбей, кітап оқып, біліктілігіңді арттырып, қандай сынаққа да дайын жүруің керек», – деген сөзді жиі айтатын. «Өмір – бір аққан су, зуылдап өтеді, кез келген қиындыққа төтеп беру үшін оған іштей дайын болуың керек» дейтін.
Иә, әкем қызметтің күрделілігіне, жауаптылығына қарамастан, өлең жазып, кітап шығарып, республикалық мүшәйраларға қатысып, жүлдегер атанып, еліміздегі бірнеше жоғары оқу орнының Құрметті профессоры атағын иеленіп, монографиясын дайындап, докторлық диссертациясын қорғау үшін әрбір күнін тиімді өткізуге тырысатын. Ол рас, әкем көптеген сөздіктердің құрастырушысы болды. Жұмыстан кейін үйде түнімен жазу жазатын. Кейде көз ілместен таңертең жұмысқа кететін. Ол бала кезінен қалыптасқан еңбекқорлық, табандылық қасиеті деп ойлаймын. Өйткені әкем отбасындағы он үшінші перзент болғанымен, бауырлары сонау қиын-қыстау заманда, бірі аштықтан, бірі аурудан көз жұмған. Ал атам Ақыпбек пен әжем Нәзиләнің тұңғышы, әкемнің ағасы Нұрмұхаммед ІІ Дүниежүзілік соғысқа 16 жасында аттанып, шын жасын 18 деп асырып жаздыртып, соғыстан оралмаған. «Қара қағаз» да келмеген. 1945 жылдың 4 сәуірінде Польшадан жолдаған хатын әжем өзі дүниеден өткенше бойтұмардай сақтап жүрді. Құран да бағыштатпайтын, өлілер санатына қоспайтын еді. Талай рет іздеу де салып, дерегін біле алмадық. Ең өкініштісі, он үш құрсақ көтерген сол әжем Нәзиләнің үш баласы ғана аман қалған екен. Олар менің әкем және оның екі әпкесі Мәрия (мен ол кісіні Дәу мама дейтінмін) мен Төлеуғайша. Әкемнің сол Мәрия әпкесі ата-анамыздың бастан кешкен бейнеті мен азды-көпті тіршілік тауқыметі жойылсын, біреуі төлеп, біреуі өтеп берсінші деген үмітпен, сіңлісінің атын Төлеуғайша, інісінің атын Өтепберген қойғанын әжем айтып отыратын. Әулеттің кенжесі болғанына қарамастан, отбасына төнген қиыншылықтың, ауыртпалықтың зардабы әкеме бала кезінен ықпал еткені анық. Себебі атам шетінеп кеткен балаларының қайғысынан жылай-жылай көзінің жанарынан айырылыпты. Сөйтіп, әжем көтерер салмақ та ауырлай түскен. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған әкем ауыл тірлігіне ерте араласып, үлкендермен бірге егін орып, шөп шауып, қыс қыстау мен жаз жайлаудың ыстық-суығын бастан кешірген. Кейінде сол жайттардың көпшілігі, еңбекте бірге араласқан құрбы-құрдастарының қилы тағдырлары, ауыл ақсақалдарының ақыл-парасаты, үлгі-өнегесі әкемнің жырларына арқау болғаны аян.
– Халық мақалын сәл жұмсартып айтар болсақ, «Әкең дүниеден өтсе де, әкеңді көргендер аман жүрсін» дегендей, әріптестері, достары хабарласып тұра ма?
– Әріптестерін анда-санда көріп тұрамын, кейбіреулерін мен танығанмен, олар мені танымай қалып жатады. Себебі араласқан адамдарын әкемнің көзі тірі кезінде жиі көретін болсақ, одан бері талай уақыт өтті ғой… Әдетте әріптестерін немесе кезінде бірге жүрген замандастарын көргенде, әкемді көргендей боламын. Кездесе қалғанда, талай-талай отырыстарда, думанды-дүбірлі бас қосуларда әзіл-қалжыңдары жарасып, арқа-жарқа болып отыратындарын еске алып, көңілімді марқайтып тастайды.
Алғаш Астанаға келгенде бірінші Алланың, екінші әкемнің арқасында өрісіміздің кең екендігін аңғардым. Жатақханада тұрсақ та, жанымыздан табылғандар да әкемнің жора-жолдастары, әріптестері, қызметтестері болды. Атап айтар болсам, ертерек дүние салған Жолбарыс Әбішев аға мен Махамбет Жәмекұлы ағамыздың (жатқан жерлері жайлы болсын) орны бөлек. Сондай-ақ әрдайым жылы сөздерімен, ізгі ілтипатымен жүрегіме бір жақындықтың сәулесін түсіріп жүрген белгілі жазушы, білікті тіл маманы Мәди Айымбет ағамыз бар. Ол үнемі «Мен сені Өтепбергенова деймін, қызым, сені осылай атаған жарасады»,– дейтін. Мен мұны ол кісінің әкеме деген ерекше құрметі деп түсінемін. Жазушы, журналист Сырым Бақтыгереев, ақын Мәди Қайыңбаев (әкем ол кісіні Есенин дейтін), әкемнің ұстазы, ақыл қосар ағасы Сұлтан Оразалин және әріптес інісі Дәуітәлі Омашұлы, т.б. ағалардың, Гүлзайра Мұхаметқалиқызы, Камал Әлпейісова апайлардың бізге деген есігі әркез ашық, төрлері дайын болды.
Ал қарымды қаламгер, байырғы журналист Күпән Шегебайқызы апайым мен Гүлнәр Шалқызы әпкем менің тумаса да туғаннан артық туыстарымдай болып кетті. Алғашқыда әкем де, мен де жатақханада тұрдық емес пе? Отбасымыз көшіп келіп, пәтер алғанша осы кісілердің құтты мекендерінде аунап-қунап, дәм-тұзымызды бөліскен сәттеріміз өте көп. Әкем жайлы сөз бөлек қой. Ол кісіні олар баяғыда-ақ бауыр етіп алған.
– Ақын туралы естелік айтып, газетке жазып, есімін құрметтеп жүргендер де аз емес қой?
– Әлбетте. Әкем қайтыс болғанда, аза тұтып отырған отбасымызға көңіл айтуға келген Халық жазушысы, дүлдүл ақын Фариза Оңғарсынова апамыздың үйіміздің төрінде, ақ дастарханымыздың басында ағытыла сөйлегені бар: «Қадірлі інім Өтепберген екеуміз біріміз батыстан, біріміз шығыстан болсақ та, ара жігіміз жоқ. Шығармашылықты былай қойғанда, туыстай болып сыйлаушы едік, әпкесі ерте дүниеден өткендігін, менің де әпкем дүниеден өткенде маған арнап жазған өлеңінен мені әпкесі санап жүретінін жазбай таныған едім. Әруағы риза болсын, бүгін құран бағыштайын деп шаңырағына арнайы келдім. Қалғандарыңызға Алла қуат берсін!» – дегенін қалай естен шығарармыз?! Ардақты апамыз да өмірден өтті, иманы саламат болсын.
Әкем дүниеден өткен соң бір жылдан кейін, танымал жазушы Рақымжан Отарбаев ағамыз осы Астанадағы Ұлттық кітапханада еске алу кешін өткізуді қолға алған еді. Өзі сол мекеменің директоры болатын. Алайда, ол кісінің басқа қызметке ауысуына байланысты бұл іс тоқтап қалған. Сонда да болса ол ағамыз Астанадан «Ақ жайық» атты журнал ашып, соның алғашқы санында әкемнің топтама өлеңдерін жариялады. Өкініштісі сол, ол кісінің де ғұмыры қысқа болды. Әкемнің асында сөйлеген сөзінде: «Осылай бір-бірден өтеміз ғой өмірден…» – деп толқи тұрып сыр ақтарғаны есімде. Бәлкім, сол кезде сырқаттанып жүрді ме, кім білсін?..
Осы тұста сәл шегініс жасап, бала кездегі бір оқиғаны айтып өтейін. 1985-1988 жылдардың шамасы болуы керек. Әкем Алматыға қызметпен ауысып, қоныс аударған алғашқы жылдарымыз ғой. Әкеммен тел қозыдай бірге өсіп, кейіннен бірге қызметтес болған Арасанбай ағамыздың отбасы да көшіп келген-ді. Үлкендерді былай қойғанда, балалардың өзі бір-бірімізді жиі көрмесек тұра алмайтынбыз. Демалыс сайын Арасанбай ағаның балалары Дидар, Абат, Даурия бізге келетін. Біздің ойынымыз да өзінше қызықты сияқты. Әдетте, әке-шешеміздің өзара әңгіме-дүкендері жарасып отырғанда, біз де қарап қалмайтынбыз. Екі бөлмелі пәтеріміздің түпкі бөлмесі – біздің өнер көрсететін үлкен сахнамыз. Есікке ілінген перде шымылдықтың рөлін атқаратын. Ал оның алдына әжеміз бен Арасанбай ағамыздың кіші қызы Даурияны көрермен ретінде отырғызып, қолдарына жасанды гүлдер ұстататынбыз. Оны олар «өнерпаздарға» табыс етуі керек. Абат мандолин, мен домбыра тартып, концерт беретінбіз. Оны жүргізетін жетекшіміз Дидар. Міне, осындай сценарий жасап, өз әлімізше үлкендерден көрген үлгімізді ұсынып, ойын болса да ойымыздың түп-тамырын білдіретін жайларды ата-аналарымызға тарту етуші едік. Ол да бір қызық дәурен екен… Иә, жылдар тізбегін артқа салып біз де есейдік.
Танымал жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері Арасанбай Естенов ағамыздың «Түркістан» газетінде әкем туралы көлемді естелігі жарық көрді. Қазір қызы Дидар – әкесі негізін салған «Баянжүрек» баспасының директоры.
Қызметті былай қойғанда, отбасымызбен етене араласып кеткен Мұхит Нұртазин ағамыз жайлы айтпай кету мүмкін емес. Ол әкемнің жан серігіндей болды. Алғаш бір қызметтік үйде көрші тұрдық. Әкем екеуі күн сайын бірін-бірі үйіне шақырмаса отыра алмайтын. Сөйтіп жүргенде екі отбасы да оң жағалауға қоныс аударды. Сонда да ара-қатынасымыз үзілген жоқ… Амал не, екі жылдан соң әкем дүние салды. Егізінің сыңарынан айрылған тел қозыдай болған Мұхит ағамның жүзіндегі мұңын айтып жеткізу қиын еді… Сол кезде қазақтың кісі қайтыс болған үйде от шығармайтын дәстүріне сәйкес Мұхит аға мен Сәуле жеңгеміз бүкіл жөн-жоралғысымен қонақасыға ас мәзірін әзірлеп алып келген еді. Бұл – ұлттық тағылымның бір көрінісі. Желтоқсанның түтеген ақ боранына қарамай, әкемнің мүрдесін Астанадан Алматыға жерлеуге алып барғанда да осы Мұхит аға және Гүлнар Шалқызы әпкем бізге сүйеу болғаны аян…
Әкемнің рухани інісі болып кеткен белгілі ақын Әділбек Ыбырайымұлы ағамыздың жөні тіптен бөлек. Ол кісі әкемді өзінің ұстазы санайтын. Үйімізде болғанда үнемі әңгімелері жарасып, ән шырқап, шығармашылық жетістіктерін ортаға салып, бірін-бірі толықтырып отыратын еді. Үйге келген сыйлы қонағына әкем үнемі жаңа шыққан кітабын қолтаңба жазып сыйлайтын. Әдетте, рухтас жандардың ұстанымы да бір-біріне ұқсай ма, Әділбек ағамыз да осы межені үлгі тұтқан сияқты. Бір қуанышты бас қосуымызда өзінің жаңа шыққан «Жерұйық жұмбағы» деген кітабын қолтаңбасымен ала келген екен, сыйлықтың үлкені отбасымыз үшін сол болғанын да айта кеткен жөн.
Ал менің нағашым Кәрім аға (Оспанбеков) өте ақкөңіл, қызық адам. Әкем екеуі жасынан бір ауылда бірге өскен. Қай жерде отырса да, әкемді аузынан тастаған емес. Айналасындағы қауымды тамсандыра отырып, әкемнің өлеңдерін жатқа айтады. Бозбала кездерінде әкеммен бір туған бауырдай болып кеткені соншалық, тіпті қазіргі менің анамды өзінің әпкесі екенін мүлде естен шығарып, бір күні әкемнің әпкесіне жазған хатын әкеп берген екен. Ал әпкесі болса: «Сен менің інім емес, жеңгетай болайын дедің бе енді?!» – деп ашуға басып, інісін үйден қуып шығыпты. Кейін әкем мен анам отау құрған соң, осындай қызық естеліктерді жыр қылып айтып, өзара мәз-мәйрам болысатын. Әкем мен Кәрім нағашымның достығы осындай да қызықты жайлардың дәнекері болғанын қалай жасырармын.
Болат Шегебайұлы ағамыздың әкем қайтыс болғанда жазған «Дариға, сол қыз» деген көлемді мақаласының және белгілі ақын Әбубәкір Қайранның «Ақтаңгер» атты еске алу өлеңінің ерекше шоқтығы биік.
Осы Әбубәкір ағамыз өткен 2019 жылдың 4 қазанында «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде әкем жайлы «Бесаспап» деген естелік мақаласын жариялады. Ал үстіміздегі жылы қарымды қаламгер Бауыржан Омаровтың «Жетісу» газетінде жарияланған «Астананы аялаған ақын» атты көлемді мақаласының арқауы – әкемнің шығармашылығындағы таусылмс сырлары мен бірегей сезімге ораған ой иірімдері болды. Бұл оқырман жүрегіне аса бір жылылықпен бойлайтын талғамды да тартымды дүние екені даусыз.
– Әкеңіздің туған жерінен де азаматтар хабарласып тұра ма?
– Негізінен әкемнің туған жері – осыдан біраз жыл бұрын алапат су тасқыны шайып кеткен Қызылағаш ауылы. Сол ауылдың белсенді азаматының бірі Дәулет Естібаев ағамыз әкемнің туған бөлесі болатын. Ол кісі үнемі хабарын үзбейтін, әкемді егізінің сыңарындай көретін. Үйі ауылдың шеткері жағында еді, сол себеп болды ма, су тасқынынан аман қалған. Өкініштісі, сол сұрапыл тасқыннан аман қалған ағамыз (апаттың салдарын іздеу жұмыстары қолға алынған кез еді, осы кісі көз болады деді ме, кім білсін?..) бұзақылардың қолынан мерт болды.
Әкемнің 2-3 жасынан бастап өскен мекені – Қызылағаштан 8 шақырымдай жердегі Көлтабан ауылы. Осы жерде әкем алғаш мектеп табалдырығын аттаған. Құлын-тайдай тебісіп өскен құрбы-құрдастары да сонда. Олармен де жиі араласып тұратын. Күні кеше ғана ауыр науқастан дүние салған әкемнің досы Құдайберген Біржановтың балалары осы Көлтабан ауылында көңіл қуантарлық жақсы істі қолға алып отыр. Олар сол жердегі мектеп балаларына үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие болсын деген мақсатпен әкемнің кабинет-музейін жасақтап жатқан жайлары бар. Амандық болса, оны осы жылдың күзінде әкемнің туғанына 70 жыл толатын күнге орайластырып, ашылуын жоспарлап отыр.
– Әкеңіз туған жерімен таныстырған шығар?
– Әрине. Жазғы демалыс кезінде әкем бізді ауылға алып баратын-ды. Алдымен «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп, Қызылағаш өзенінің арғы беткейінде қорым болып жатқан ескі зиратта жерленген ата-бабаларының басына ертіп барып, құран бағыштайтын. Өзінің әке-шешесі, дүниеден ерте өткен бауырлары – бәрі сонда жерленген. Әрқайсысының өзіндік орны, қадір-қасиеті жайлы баяндап беретін. Түп нағашысы Жетісуға белгілі ақын, анасының әкесі Жәмәли Смағұлов туралы көп айтатын. Ол кісі де осы зиратта жатыр деуші еді.
Содан кейін Көлтабанға баратынбыз. Өзінің өскен үйін көрсетіп, әр кірпішін әкесімен бірге қалағанын бізге өнеге етіп айтатын. Сонда әкесі көзі көрмесе де, көкірегінің ояулығымен жөн-жобасын көрсетіп, жолын айтып отыратын көрінеді. Кейін әкем кірпіш құйып, тас қалауды бізге де көрсетті. Алматыдағы үйіміз екі бөлме ғана болатын. Оны кеңейтіп, бөлме қосуды қолына алды. Таңғы сағат 6-дан тұрып, жұмысқа барғанша 20-30 кірпіш құйып тастайтын. Сөйтіп, құрылыс материалдарының өз қолынан шыққанын қалайтын әкем бұл бастаған ісін де жүзеге асырған.
Көлтабан ауылының ортасында тұрған діңіне құлаш жетпес кәрі жиде ағашының түбіне келгенде, оның да сырын ақтарғаны бар. Бала күнінде достарымен бірге жиденің басындағы дәнін алу үшін талпынатындарын, бірде аяғы тайып кетіп, құлап, ауруханаға түскенін айтып берді. «Ол кезде мен он үш жаста едім, басында балалықпен мән бермесем керек. Сонда анам байғұстың егіліп отырып: «Өліп-өліп, өлім сарқыты боп қалған сенен де айырылып қала жаздадым-ау, құлыным!» – деп, басымнан сипап отырғанында барып, балалықтан ес жинап, тез есейіп кеткенімді білдім», – деп ойлы әңгімелеріне ойысатын еді. Соның бәрі бізге бүгін естелік боп қалып отыр.
– Ақын үшін ана тілдің қасиеті де, қадірі де бір бөлек. Әкеңіз қазақ тілін құрметтеу туралы жиі айтқан шығар? Жалпы, тіл туралы толғаныстары қандай еді?
– Әкем: «Тіл – халық, Тіл – тарих, Тіл – мәдениет әрі құқық пен саясат, ұлттық, қоғамдық мәні басым ұғым. Тілді қолдау керек, сонымен қатар қорғау керек. Әйтпесе, қазақ тілі туралы сөз бола қалса ілік іздеп сүріндіріп, құрған торға іліндіріп, алға аттаған адымын ұзартпаудың, іріткі салып тұзақтаудың сан түрлі айла-шарғысын іздеп тапқысы келетіндердің қатары көбейе бермек», – дейтін.
Әкем тілге төнген қауіп көп деп жиі айтатын. Туған тіліміздің тағдыры біздің әрқайсымыздың төл тағдырымыз, туған халқымыздың тағдыры екенін естен шығармауға тиіспіз. Себебі туған тілін ұмытқан, менсінбеген, кемсіткен адамның туған халқына берері де шамалы екендігін естен шығармаған абзал.
«Тіл – ұлттық намыс. Ал ұлттық намысы жоқ ұл ана тілін өгей тілмен бауыздай салуға арланбайды да, қорланбайды»,– деп айтушы еді. Әсіресе, әкем «Тұлдыр жетімдер үйі, туғаннан кеміс балалар» мекемесі – бәрі-бәрі ұлттық салт-санадан, қазақ тілінен ада күйде» деп алаңдайтын. Осындай мемлекеттік мекемелерде білім мен тәрбие беру тек мемлекеттік тілде жүргізілетін уақыт жетті деп ойлаймын.
Тіл жоғалса – ұлт жоғалады, ұлтсыз тіл пайда бола ма? «Заты қазақ, тілі жоқ, мылқаудың да мұңы көп» деп қайғыратын.
Қарап отырсаңыз, балаларға арналған әрбір жыры – қазақтың балдырғандары өз тілін біліп өссін, ана тіліміздің қадір-қасиетін бағаласын деген ниеттен туғандығы көрініп тұр ғой.
Қазақтың барлық отбасында дүниеге келген сәбидің тілі ана тілінде шығып, былдырлап сөйлеп, тақпақтарды жаттап өссе, ұлттық құндылықтарды бойына жиған әрі салт-дәстүрді білетін азамат болып қалыптасатыны сөзсіз. Әкемнің арманы осы болатын.
Ата-анасы өзге тілде сөйлесе де, баланың тілі қалыптасуында балабақшаның рөлі өте зор. Сондықтан мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие беретін балабақшалар саны арта түсуі керек. Тіпті елімізде барлық балабақшаны қазақ тіліне көшірсе, одан ешкім де ұтылмайды. Өзге ұлт өкілдері үшін де дұрыс қадам болар еді.
– Әкеңіздің қандай өкініші, қандай арман-мақсаттары болды?
– Өкінішін білмедім, ал арман-мақсаттары көп болатын. Ауылға барсақ, мал ұстап, бау-бақша өсірсек дейтін (бұл әкемнің 20 жасқа дейінгі атқарып үлгерген істері, ал енді соны қартайғанда атқарсақ деп армандағаны болар). Балаларға арналған шығармашылығына өзі дән риза еді. «Мен алпыс жасқа дейін балаларға арналған 7 томдық, үлкендерге арналған үш томдық кітаптарымды жазып бітірсем, ары қарай тағы жұмысым жүре жатады ғой, тоқтап қалмау керек, жеткен жетістіктермен шектелмеген абзал», – деп отырушы еді… Бізге айтпағанмен, өкініші болса, сол кезде болған шығар. Келешекте жарық көрер туындыларын көрем бе, жоқ па, әлде үлкендерге деген жоспарлы дүниесін еңсере аламын ба деген күдігі болды ма, әлде соғыстан оралмаған ағасынан бір дерек болмағанына уайымдап жүрді ме, әйтеуір, үнсіз ойға батып, отырып қалатын. Сырқаты сыр берді ме, кім білсін, 57 жасында дүние салды ғой. Қайтыс болған күннің ертесінде өзімен қызметтес болған бір әріптесі балаларға арналған 7 томдық жинағының баспаға тапсырылғанын айтты. Ал үлкендерге арналған 1 томдығын жазып үлгерген екен. Оны біз баспаға тапсырдық, бір жылдан соң «Шалқасынан туған ай» атты кітабы жарық көрді.
– Әкеңіз сіздердің бүгінгі жетістіктеріңізді көрсе, қуанатыны сөзсіз ғой?!
– Әкем бала кезімнен біздің әрбір жетістігімізге қуанып, қолдау көрсетіп отыратын. Мәселен, үлкен ағам Айбынның бойынан музыкаға деген қасиетін байқап, оның Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебіне қабылданғанына қатты қуанған. Осы мектепті виоленчель (бас қобыз) класы бойынша бітіріп шыққан Айбын ағам Мемлекеттік этнографиялық «Отырар сазы» оркестріне қабылданып, халқымыздың біртуар өнер тарланы Нұрғиса Тілендиевтің тәрбиесін алды. Тұңғышының өнер мен еңбек жолындағы алғашқы қадамының осынау салиқалы ортада басталғаны әкемнің қуанышын одан әрі еселей түскені аян.
Ал, маған әкем үнемі кітап сыйлайтын, іссапарлардан келген кезде де түрлі авторлардың кітаптарын алып келетін. Мен ол кітаптарды әжеме оқып беретінмін (әңгімелер, жырлар, дастандар, ертегілер). Сөйтіп, оқығанның арқасында көптеген өлеңмен жазылған ертегілерді жатқа айтатын болдым. Кейін екінші ағам Абай да маған қосылып, екеуміз жарыса оқитынбыз. Ол спортты өте жақсы көріп, өз бетінше шұғылданып өсті. Екеуміз бірге жаттығатынбыз.
Бала кезімде ақын Әбдірахман Асылбековтің ертегілерін қызыға оқып, жатқа айтатынбыз. Ал орыс тілінде жазылған шығармаларды әжеме аударып оқып беретінмін. Кейін әкем «Сенің аудармашы болуыңа әжең үлес қосқан ғой», – деп айтатын.
Ардақты анам маған арнайы домбыра сатып алып, оның пернелерін тастармен сәндеп күй шертуді үйретсе, ал мандолин шертуді үйреткен әкем еді. Әкем домбыра, баян, балалайка, мандолин, гитара, скрипка сияқты музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын, ән шырқап, суретті жақсы салатын. Ауылда болсын, мейлі қалада болсын, қысқасы, қашанда ешкімнің сөзін жықпайтын әкем бесаспап асаба да болатын. Талай-талай тойларды (қазіргі жетілдірілген заманауи музика аспаптарынсыз-ақ) домбырамен және баянмен дүркіретіп, думандатып басқарып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленетін. Бір сөзбен айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» адам еді. Содан болар, біз де өнерге жақын болып өстік. Олай дейтінім, ағаларым да бірнеше музыкалық аспапты меңгерген. Өзім де ән шырқағанды ұнатамын.
Үйде әкем салған суреттер көп еді. Оның ішінде атамның және анамның портреттері болатын. Әкем өзінің автопортретін тез арада салып бере қоятын. Кейде анам мен әкем жарысып достық шарж бейнелейтін. Осыны көріп өскен ортаншы ағам Абай да сурет салғанды жақсы көретін, оған мен де ілесетінмін. Осы талпынысымызды байқаған әкем бізге арнайы құралдар сыйлап, сурет өнері туралы арнайы кітаптар әкеліп, үнемі қолдау білдіріп отыратын. Сурет салуға деген құштарлық әкем мен анамнан дарыған деп ойлаймын. Анам Жұмаш суретті керемет салады. Сол қасиет ұрпағы – әкемнің немересі Әлминаға дарыпты. Қазіргі кезде оның осы өнерді шебер меңгергені байқалады.
Біздің үйде мен ес білгелі бері үнемі қонақ үзілмейтін. Біреу оқуға түсіп, енді біреу жұмысқа орналасып, бізбен бірге тұрса, енді біреу жол-жөнекей әкеме сәлем беру үшін келіп кететін. Екі бөлмелі үйде үнемі адам толы болатын. Қонақ келген кезде әкем қолына міндетті түрде домбырасын алып, ән шырқайтын. Алғашқы кезде көршілеріміз «Телевизорларыңыздың даусын сәл басыңыздаршы» деп ренжіп келетін, алайда, ол телевизор емес, әкемнің даусының кең ауқымдылығын (диапазонын) қайдан біле берсін. Соңынан сол ренжіп келген көршілер кешірім сұрап, біздің үйдің негізгі қонақтарымен бірге қонақ болып, төрге шығатын.
Әкем үйге кісі келгенді, қонақ шақырғанды керемет жақсы көретін. Сол басқосулардың арқасында көптеген жақсы адамдармен таныстық, еліміздің мақтан тұтар азаматтары болып жүрген, белгілі ақындар Исрайыл Сапарбаев, Шөмішбай Сариев, Иранбек Оразбаевтар әкемнің тұстастары болса, ағалары болып кеткен Мұзафар Әлімбаев, Қастек Баянбаев, Сайын Мұратбеков, Сәкен Иманасов сынды жазушылар, күйші Уәли Бекенов, т.б. өнер адамдары біздің шаңырақта болып, отырыс үстінде бірі өлең оқып, бірі салиқалы әңгімелер айтып, бөлісіп, енді бірі ән салып, күй шертіп дегендей, жарастықпен дастарханымыздан дәм татты.
Ауданымыздан шыққан атақты адамдардың мүшел тойларында біз үнемі отбасымызбен бірге баратынбыз. Анам айтысқа қатысса, әкем сол айтыс бағдарламасы арасында жыр-термелерді төгілдіріп айтып, көпшіліктің көңілін сергітіп тастайтын. Сондай тойларда– Ғали Ормановтың 90 жылдығында, Жетісудың бұлбұлы, ақын Сара Тастанбекқызының 115 жылдығында Халық әртісі Бикен Римова апамның, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марфуға Айтқожина апамның баталарын алдым, әкем ол кісілерді аса құрметтейтін. Өйткені олар – біздің ауылдың, біз туған топырақтың түлектері. Кейінгі ұрпақ олардың өнегелі өмір жолдарынан сабақ алса, алдағы сапарларынан жаңылыспайды. Әкем: «Өнер жолының – өмір жолы екенін естен шығармаған абзал», – дейтін еді.
Бізді бала кезден солай тәрбиеледі, көпшіл болыңдар дейтін. «Менде өкпе жоқ, ішім толған бауыр», – дейтін. Ешкімге кек сақтағанын, біреу туралы жаман сөз айтқанын естімеппін.
Тұңғыш немересі Әлішер туғанда қуанышында шек болған жоқ. Оның тілі былдырлап шыға бастағаннан-ақ «Әлішердің әліппесі» деп топтама өлеңдер жазып, кітап дайындай бастады. Немересінің әр басқан қадамы, жығылған-сүрінгеніне дейін атасының жыр арқауына айналды. Сөйтіп, Әлішер де атқа мінер шаққа жеткенде өзі жиі шығатын іссапарлары жайлы немересінің санасына сіңіріп, тарихи деректерге жетелей бастады. Халқымыздың екінші меккесі саналатын қасиетті Түркістанды аралатып, ата-бабалардың рухтарына тағзым етіп келгендері бар. Ол да бір аталық парызының немере алдындағы өнеге-үлгісі екен-ау! Бұл да әкемнің отбасымыздағы қандай да бір сәттерді назардан тыс қалдырмайтынының озық белгісі дер едім.
– Әкеңіздің аманатын орындап, абыройын асқақтатып жүргендеріңізді қанағат тұтасыздар ма?
– Баласының, кейінгі ұрпағының адал ниетті, пәк жүректі адам болып қалыптасқанын қалағаны – бізге жүктеген аманаты шығар. Сондықтан шама-шарқымызша сенім үдесінен шығып, таза жүріп, әдепті өмір сүру басты парызымыз деп түсінемін. Әкенің абырой-атағын, мәртебесін жоғары ұстау – бізге сын әрі міндет! Әкемнің абыройын асқақтатып тұрған оның өз шығармашылығы, шыққан биігі, балалар әдебиеті әлеміндегі қол жеткізген жемісті еңбегі дер едім. Қанағат тұтатындай шаруа әлі алдағы күндердің үлесінде. Баспада жатқан қолжазбалары толықтай жарық көріп, жас ұрпақтың жан азығына айналар күн туатынына сенімдімін.
Сұхбаттасқан А.САМИҒОЛЛАҰЛЫ