ОЛИМП ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРҒАН ОҒЛАН

Жиырма тоғыз жасында грек-рим күресінен Олимп шыңын бағындырған тұңғыш қазақ баласы Жақсылық Үшкемпіров туралы кезінде Дінмұхамед Қонаев былай депті: «Мен тарихта қалармын, бәлкім, қалмаспын. Бірақ «бір жапырақ» болса да ел мен жердің атын шығарған Жақсылықтай жігіттер қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатыны сөзсіз». Димекең осылайша ақ пейілімен жақсы көре жүрекжарды лебізін арнаған әйгілі спортшы, жауырыны жерге тимеген балуан, Қазақ елінің мақтан тұтар тұлғасы, Алаштың «бір жапырағы» Жақсылық Үшкемпіров күні кеше 69 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабар әрбір қазақ үшін ашық күнде төбесінен түскен жай сынды болды. Қазақ даласы күңірене аза тұтып тұр. Иә, енді біз өмір бойы қарапайымдылығынан айнымаған Жақсы-ағаның жылы жымиысын көре алмаймыз, қандастарының намысын жанитын ғибратты сөзін ести алмаймыз. Көңілімізді жұбатары – Жеңімпаздың кез келгенге төрі бұйыра қоймайтын жеңіс тұғырына өз халқына деген сүйіспеншілікпен, сан түрлі кедергілер мойыта алмаған жанкештілікпен жеткені туралы ескірмес естеліктер ғана…
ОЛИМПИАДАҒА ЖОЛДАМА. ОЛ ҚАЛАЙ МҮМКІН БОЛДЫ?
1980 жыл, 22 шілде. Мәскеу. XXII жазғы Олимпиада ойындары. ЦСКА спорт кешені. Грек-рим күресінен шешуші айқас. Қарсыластар – қазақ балуаны Жақсылық Үшкемпіров пен болгар балуаны Николай Христов.
Шындығында, қазақ баласы үшін Мәскеу Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізу оңай болмады.
Алдымен, сол жылдың 6-8 ақпан күндері барлық салмақ бойынша жеңімпаз балуанды анықтау үшін КСРО чемпионаты өтті. Бұл бәсекеге 48 келі салмақта қазақ баласына қашаннан қарсылас болып келе жатқан спортшылар түгел қатысады. Басты қарсылас – Монреаль Олимпиадасының чемпионы Алексей Шумаков салмақ қуып шаршаудың салдарынан бірінші күні-ақ жарыстан шығып қалады. Ал Жақсылық Үшкемпіров алғашқы белдесуінде Максим Вылежанинді 9 минуттық белдесудің 6-ншы минутында 22:0 есебімен жеңеді. Украиналық жас балуан Павел Пискун айқастың 2-нші минутында-ақ тізе бүгеді. Одан соң Станислав Возняктің жауырыны жер иіскейді. Валерий Бойко мен Виктор Савчук те қазақ балуанының күшін мойындайды. Қазақ баласы ақтық бәсекеде Анатолий Бозиннен басым түседі. Алайда сол кездегі Одақтың спорт саласын билеп-төстеп отырғандар Жақсылықты Олимпиадаға алып барғылары келмейді. Бұған спортшының қоржынындағы күміс медаль кері әсерін тигізсе керек.

КСРО біріншілігінен кейін Олимпиадаға баратын өзге салмақтағы спортшылардың тізімі жарияланады. Ал 48 келіде кімнің дүбірлі додаға қатысатыны Еуропа чемпионатынан кейін анықталатын болады.
Құрлық чемпионаты. Чехославакия. Жақсылық Үшкемпіров шешуші айқасқа дейін барлық қарсыласын түгел жеңеді. Келесі топтан көптің аузында мықты аталып жүрген әлемнің екі дүркін, Еуропаның бес дүркін чемпионы – румыниялық Константин Александру жартылай кезеңде қарт құрлықтың 3-інші балуаны – польшалық Роман Кирпачтан жеңіліс табады. Аталған біріншілікте финалда қазақ баласы да Кирпачқа есе жіберіп алады. Алтын медалі бар Алексей Шумаковтың мүмкіндігі арта түседі. Іле Шумаков пен Үшкемпіров Алушта мен Минскіде өткен халықаралық турнирге қатысады. Екеуінде де финалда қазақ баласы Шумаковтан мықтылығын танытады. Әйтсе де, бапкерлер оған қырын қарауларын жалғастыра береді. Сөйтіп, соңғы мүмкіндік ретінде құрама ішіндегі мықты алты спортшының арасында өзара іріктеу жүргізеді. Оған Үшкемпіров, Шумаков, Савчук, Бозин, Аникин, Казарашвили қатысады. Қазақ баласы барлығын қоғадай жапырады. Негізі, 1971-1976 жылдар аралығындағы барлық жарыстарда кіл бірінші-екінші орындар алып келген Ж.Үшкемпіров 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасына қатысуы керек-тін. Алайда бапкерлер оның орнына Алексей Шумаковты алып барып, ол сол сында Олимпиада чемпионы атанады. Әділетсіздік жанына батқан Жақсылық жарты жылдай спорт залына бармай қояды. Дінмұхамед Қонаевтың өзі оған үміт артатынын, Мәскеу Олимпиадасына баруға жағдай жасайтынын айтқаннан кейін бар қиындық артта қалғандай көрінген. Дегенмен бұдан кейін де бапкерлер КСРО біріншілігінде атой салған қазақ баласын шетелдік деңгейі төмен жарыстарға ғана қатыстырып, ірі халықаралық жарыстарға жібермейді. Табандылығының және Димекеңнің қамқорлығының арқасында Ж.Үшкемпіров көптен күткен Олимпиада жолдамасына ақыры ие болады. Сол бір кезеңді кейін балуанның өзі былайша еске алыпты: «Көңілім қатты қалды, тіпті спорттан кетуді ойлай бастадым. Содан кейін мені Қонаев шақыртты. Дінмұхамед Ахметұлы мені өзінің кабинетінде қабылдады және спортты тастамауға көндірді: «Жәке, маған елді басқару оңай деп ойлайсың ба? Жаттығуды жалғастыр, біз саған көмектесеміз. Келесі Олимпиадада чемпион боласың!» Оның сөзі тура келді, келесі Олимпиадада чемпион атандым».
Бапкерлер «Олимпиадаға сен қатыс» демесе де, қарсылас болып жүрген Алексей Шумаков бас бапкер Сапунов бастаған ж аттықтырушыларға: «Бұл жолғы Олимпиадаға мен қатыса алмаймын. Маған ұят. Өнер көрсетсем де, бұрынғыдай күресе алмаймын. Жақсылық бәрімізден күшті. Оны өздеріңіз де білесіздер. Оған сенуге болады», – дейді. Сол кездері «Тимур Казарашвили Олимпиадаға қатысатын болса, грузин халқы оған «Волга» көлігі мен пәтер кілтін табыс етеді» деген сөз желдей есіп тұрған. Соның әсері ме, дауысқа салғанда сегіз бапкердің екеуі ғана Жақсылықты қолдап, қалғаны Тимурды жақтайды. Димекең дереу Мәскеуге қоңырау шалып, «Олимпиадаға шын мықты қатыссын», – деп, әділетсіздікке жол бергізбейтінін кесіп айтады. Осылайша қазақ баласына Олимпиадаға жол ашылады.

АЛАШТЫҢ «БІР ЖАПЫРАҒЫ» – ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ!
Олимпиаданың басталуына екі күн қалғанда ғана Жақсылық Үшкемпіровтің 48 келі салмақта күресетіні белгілі болады.
1980 жыл, 21 шілде. ЦСКА спорт кешені төріндегі алғашқы белдесу. Қарсыласы – әлемнің екі дүркін, Еуропаның бес дүркін жеңімпазы, румын балуаны Константин Александру. Күреске емес, бейнебір төбелеске шыққандай Александру нағыз бабында болып шығады. Шабуылды үсті-үстіне жасайды. Алайда Жақсылық ызақор балуанның ешқашан алысқа шаппайтынын білетін. Секундант – еркін күрестен тұңғыш қазақстандық спорт шебері Қабден Байдосов та қазақтың қара баласын рухтандыратын сөздерін аяп қалмайды. Екінші кезең аяқталғанда Жақсылық Үшкемпіров 5:1 есебімен алға шығады. Үшінші кезеңде екі балуан да бір-бір ұпайдан еншілейді.
Қазақ баласының екінші қарсыласы жақында ғана Еуропа чемпионатында оған есесін жіберіп алған поляк Роман Кирпач болады. Таңертеңгі сағат ондар шамасында Александрумен белдескен Үшкемпіров кешкі жетіде Кирпачпен кездесуі керек еді. Румын балуанына бар күшін аямай жұмсаған қазақ балуаны демалыс бөлмесіне жеткенде әлі құрып жатып қалады. Содан тұп-тура үш сағаттай орнынан тұра алмайды. Көмекке келген құрама дәрігерлерін Қабден Байдосов «тиіспеңдер, үш сағаттан кейін өзі тұрады» деп жолатпапты. Бұл туралы Жақсылық Үшкемпіровтің өзі бір сұхбатында былай депті: «Шынында да, Қабден ағамның айтқаны айдай келді. Дәл үш сағаттан кейін бойыма ептеп қуат жинала бастады. Соны ағама сездіріп едім, қайдан алдырғанын білмеймін, сап-салқын қымызды аузыма тоса қойғаны. Содан 10-15 минуттан кейін аздап дене қыздырып, түк болмағандай жаттығуға кірісіп кеттім».
Міне, Кирпачпен айқас басталып та кетті. Поляк балуаны ортаға сес көрсете шығады. Қарсыластар алғашқы кезеңде аянбай айқасады. Кирпачтың кезінде ұпай жинап алып, соңғы кезеңде соны сақтап қалуға тырысатын. Бірақ Жақсылық оған ондай мүмкіндік бермейді. Бірінші кезеңнің соңғы минуттарында бірнеше әдіс жасап, көрсеткішті 11:0 есебіне жеткізеді. Екінші кезеңде Кирпач барын салып, есеп 11:10-ға өзгереді. Бірақ шешуші кезеңде тағы екі ұпай еншілеген қазақ баласы белдесуді жеңіспен аяқтайды.
Шешуші айқас. Қарсылас – болгариялық Павел Христов. Жақсылық ағаның өзінің айтуынша, ол «көпірге» тұрса, темірше қатып қалатын көрінеді. Бірақ «партерде» осалдау екен. Христовтың осы осал тұсы оны жеңіліске ұшыратады. Қазақ балуаны қарсыласын 12:7 есебімен жеңіп, Олимпиада чемпионы атанады!
«Христов мықтыны мойындай білетін керемет жігіт екен. Жеңіле тұрып, кілем үстінде мені құшағына қысып қолымды көтерді. Одан кейін Христов секілді адал күресетін қарсыласты кездестіре алмадым», – депті Мәскеу Олимпиадасының чемпионы.
Осыдан кейін, 1981 жылы Жақсылық Үшкемпіров Әлем чемпионы атанып, Мәскеудегі жеңісінің кездейсоқ еместігін тағы да дәлелдейді. 1984 жылы Красноярск қаласында өткен КСРО кубогында 33 жастағы қазақ балуанын үлкен спорттан шығарып салу рәсімі жоғары деңгейде өтеді. Бұдан соң балуан бірнеше жыл Қазақстанда, Қытайда бапкерлік қызмет атқарады.

БӘРІ ОСЫЛАЙ БАСТАЛҒАН ЕДІ…
Жақсылық Үшкемпіров қай сұхбатында да спорт жолына кездейсоқ түскенін айтатын. Бәрі де дене шынықтыру пәнінен тапсырмаған сынақтан басталады. Кейіпкеріміздің өз сөзімен өрбітсек: «1968 жылы Семей қаласындағы зооветеринарлық институтқа оқуға түсіп, сол жылдың күзінде дене шынықтырудан шаңғы жарысынан сынақ тапсырдық. Одан өтпей қалдым. Жамбыл облысында суық қыс болмағандықтан, шаңғы тебу үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Тәжірибе және тиісті дағдылар жоқ еді. Бұл туралы еркін күрес бойынша жаттықтырушы Владимир Ливенхаймен ақылдасуды шештім. Қазір ол кісі Ресейде тұрып жатыр. Оның айтуынша, егер мен еркін күрес бойынша бір жігітті жеңсем, маған сынақ тапсыруға көмектеспек. Сол жігітті, тағы біреуді, тағы да бір жігітті жеңдім. Мұны көрген Ливенхай он бес күннен кейін өтетін институт турнирі туралы хабарлады. Бұл жарыста да өзімді жақсы жағымнан көрсетсем, маған көмектесетіні туралы айтты. Арада 15 күн өткенде турнирде бағымды сынап, 1-орынды иелендім. Жаттығуларға көп уақыт жұмсадым. Бір жарым жылдан кейін ересектер арасында жеңімпаз атандым. Осылайша спортқа бет бұрдым».
Дегенмен бәрі де әке тәрбиесінен бастау алған сынды. Бұған балуанның балалық шағы туралы айтқан мына бір естелігі арқылы көз жеткізе аламыз: «Кішкентай кезімде әкем мені қатал тәрбиеледі. Мен оның жалғыз ұлы болдым. Көп жұмыс істетті, таңғы сағат алтыда оятатын. Ол мені халық үшін осылай тәрбиелегенін енді түсіндім. Соның арқасында мен еңбекқор болып, Отаным үшін Әлем және Олимпиада ойындарының чемпионы атандым».
Жақсылық Үшкемпіров Қазақстан жеңімпазы атанған кезде әйгілі спортшы Әбілсейіт Айханов аға жаттықтырушының міндетін атқарып жүрген еді. Ол кісі Жақсылықты жассынып, КСРО чемпионатына қатысатын спортшылардың қатарына қоспайды. Олимпиада чемпионы «алға ұмтылу керек» деп шешеді. Алматы қаласындағы жаттығуларға қатысып жүрген кезінде аға жаттықтырушы Владимир Яковлевич: «Өз бағыңды сынап, классикалық күреске қатысып көр!» – дейді. Алған бетінен қайтпайтын намысқой Жақсылық бір айдан кейін классикалық күрес бойынша Қазақстанның жеңімпазы атанады.
«ӘМІРӘЛИ – АТАМ, ҮШКЕМПІР – ӘКЕМ»
«Менің шын аты-жөнім – Әміралиев Жақсылық Үшкемпірұлы. Бір жолы интернет желісінде аты-жөнім және тегімнің орындары ауысып жазылған екен. Менің әкем – Үшкемпір, ал мен Әміралиев Жақсылық Үшкемпірұлымын. Әмірәли – менің атам».
ЖАҚСЫДАН – ШАРАПАТ
Өткен ғасырдың соңғы жылдарында Жақсылық Үшкемпіров жеке кәсіпке бет бұрады. Мал шаруашылығын дөңгелетіп әкеткен ол Алматының іргесіндегі Мыңбаев атындағы ауылға жәрдем беруді мойнына алады. 15 миллион теңге қаржы бөліп, қырманын жөндеттірді. Ауыл ішіне асфальт төсеттіріп, көшесіндегі шамдарын жарқыратып қойды. Газ құбырларын тарттырды. Өз қаражатына спорт кешенін салады. Жақсылық Үшкемпіров салған спорт кешенінде осы күні 200 бала спорттың тоғыз түрімен айналысады. Оның ішінде күрестің төрт түрі бар. Бұдан бөлек фитнес-клуб ашып, 100 орындық балабақша салады, баспанасыз отбасыларға ыңғайлы бағамен пәтер бергізеді. Соның нәтижесінде алғашқыда 2000-ның төңірегінде болған ауыл тұрғындарының саны 6000-ға жетеді.
Осынау ісі жайында Жақсы-ағаның өзі былай депті: «Егер осы шаруашылықты басқа ұлттың өкілі басқарып отырса, ауыл тұрғындарына осындай жанашырлық жасар ма еді, жасамас па еді? «Дүние – қолдың кірі» дегенді жадымызға тұтып өстік. Менің мақсатым – байлық қуу емес, шамам келгенінше қоғамға өз үлесімді қосу. Осы шаруаға бел буып кіріскен тұста танымал азамат, досым, сол тұстағы облыс әкімі Серік Үмбетовтің: «Жақсылық, сен кезінде спорттың да шыңын бағындырып едің ғой. Енді мына салада да жұрт айта жүрерлік істерді атқарғайсың!» – деп айтқаны бар еді. Бір жағынан, сол сөздің де үдесінен шығуға тырысып жүрміз. Оның үстіне, осы еңбегімізбен де кейінгі жастарға үлгі болып жатсақ, нұр үстіне нұр ғой. Әрине, шаруашылық жұмыстарына жәрдемдесетін адамдар қатары аз емес. Балалар бар, ағайын-туыс бар, дос, сыйлас азаматтар бар. Барлығына да мың алғыс деймін».
2017 жылғы Тәуелсіздік мерекесінде Жақсылық Үшкемпіров Қазақстан-ның Еңбек Ері атағын алады. Өзіне сөз берілгенде балуан былайша ақтарылады: «Менің бір арманым бар. Осы біздің елде көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Сол 5 мың ауылды қамқорлыққа алатын
5 мың қазақтың жігіті шығып, ауылымызды көтеріп жіберсек, шіркін! Одан басқа қандай бақыт керек?!
Бүгінде өзімнің азды-көпті шаруашылығым бар. Ортаңғы ұлым Елдос менімен бірге Балқаш, Жамбыл аудандарында жұмыс істеуде. Бір аптадан кейін жылқыларды жайлауға көшіреміз. Жалпы санағанда, шаруашылығымда 100 адам еңбектеніп жүр. Олардың әрқайсысына жалақысын төлеп отырмын. Шөп шауып, оны көмекке мұқтаж адамдарға таратып беремін. Қазіргі кезде 25 адам өз кезегін күтіп отыр. Менің ойымша, молшылықта тұратын әрбір тұлға қасындағы адамдарға көмектесуге міндетті. Біз дамыған 50 елдің қатарына кіріп, әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің біріне айналуымыз керек. Бұл үшін бір-бірімізге қол ұшын беріп, қолдау жасауымыз қажет».
ЖАС БУЫНҒА АМАНАТ СӨЗІ
«Біріншіден, әркім өз Отанын сүюі қажет. Күрес алаңына шыққан сайын «елім үшін бірінші болсам…» деп армандадым. Жас кезде ақшаны ойламаған едік. Осы идеологияны сақтап, оны жастарға жеткізуіміз керек. Әрбір жас адам Қазақстан тарихын білуі тиіс: өткеніміз, бүгінгі жағдайымыз, еліміздің ұлттық ерекшеліктері. Жас адамдардың көзі ашық, көкірегі ояу. Барлығы жоғары білім алуда. Болашағымыз жас буынның қолында. Мен жастарға сенемін!»
ТҮЙІН.:
Жақсылық Үшкемпіров қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде ғана емес, қолынан келген көмегін аямайтын үлкен жүректі, ізгі ниетті Азамат, жақсы адам ретінде де халқына қадірлі болды. Дүниеден жеңіс туын ғана емес, Адамдықтың туын да асқақтата көтеріп, желбіретіп өтті. Бұл қасиеті замандастарына – үлгі, кейінгілерге – өнеге.
Сондай-ақ әйгілі балуан өз ізбасарын – қазақ баласы күрестен Олимпиада чемпионы атанатын күнді күтумен кетті. Өмір жолы аңызға айналған Спортшының осынау арманы – жас ұрпаққа аманат.
Дайындаған Мерей НҰРИМАН