УИЛЬЯМ БАТЛЕР ЙЕЙТС
07.08.2020
950
1

 

«Сердце вскормлено хлебом фантазий,
и жестокость отныне в крови;
вкус насилия, вреда, безобразий
притягательней пресной любви…»
Уильям Батлер Йейтс,
«Азамат соғысы кезіндегі ойлар» (орыс тіліне аударған Г.Яропольский).

«Жүректі жемдеп қиялдың наны,
қатыгездік бар қанда енді;
қаскөйлік, зорлық, зиянның дәмі
сезімге тұщы… сән берді…»
Аударған Алаштуған

Ирландия секілді алақандай аралдағы мемлекеттің ғана емес, бүкіл Британияның, түптеп келгенде, түгелдей кәрі құрлықтың әдеби өмірін дүр сілкіндіріп, поэзиядағы жаңа дәуірдің бастауы болған Уильям Батлер Йейтс 1865 жылы маусым айының 13-і күні Дублиннің іргесіндегі Сэндимаунтта дүниеге келген екен. Әкесі – Джон Батлер Йейтс, танымал суретші, Ирландия Король Академиясының мүшесі болса, анасы – Сьюзен Мэри Поллексфен, аса дәулетті өнеркәсіп иесінің қызы еді. Уильям үш жасқа толғанда бұлар Ұлыбританияның астанасы Лондонға көшіп, сол жақта тұрған он екі жылда отбасы тағы екі ұл, бір қызбен толығады.
Годолфин-Скул сынды ең мықты мектепте тәлім алған Уильям, 1880 жылы Дублинге оралған соң алдымен Эразм Смиттің мектебінде, кейінірек көркемсурет мектебінде оқуын жалғастырады. 1886 жылы Ирландия Король Академиясы жанындағы көркемсурет училищесін тәмамдайды. Он бес жасынан өлең жазып бастаған У.Б.Йейтс, жиырма жасында бар өмірін әдебиетке арнайтындығын анық білген болатын.
1885 жылы Дублин университетінің журналында «Үр қыздарының жыры», «Дауыстар» атты екі өлеңі жарық көріп, жас ақынның туындылары «The Irish Fireside» журналында екі жыл бойы үзбей жарияланып тұрған екен. Жиырма бір жасында «Мосада» атты үш бөлімнен тұратын поэмасын (драма) жеке кітап ретінде шығарыпты.
1887 жылы Лондонға қоныс аударған ақын ғылыми жұмыстарға ден қойып, бір жылда «Ирландия шаруаларының ұлттық қиял-ғажайып ертегілері» деген атпен өз ұлтының ең таңдаулы ертегілерінің антологиясын құрастырып, сол жылы жарыққа шығарады. 1889 жылы «Ойсиннің жиһан кезуі» атты жыр жинағын, 1891 жылы екі томдық «Ирландияның өнегелі аңыздары» еңбегін бастырады. Дублинде жүрген кезінде ұзақ жылдар қамауда болып, айдаудан оралған Ирландия «фенилерінің» (кельт аңыздарындағы жауынгерлер) құпия қоғамының мүшесі Джон О’Лиримен танысып, сан түрлі оккульттік, теософиялық ұйымдардың мүшелігінде болып үлгерген Йейтс, Лондонға келгелі баршасынан бас тартып, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, елінің еркіндігін ең басты мұратына айналдырады. Осы кезеңде Оскар Уайльд, Джерард Хопкинс, Уильям Моррис, Джордж Рассел секілді қаламгерлер оның шығармашылығын өте жоғары бағалап, мерзімді баспасөзде пікірін білдірген екен. Осы жазбаларда ақынның ұлттық әдебиет пен кельттерден бері келе жатқан көне үрдістерді жаңғырту жолындағы талпынысын танып, ешкімге ұқсамайтын, өміршең өлеңдерінің табиғатын талдаған замандастары дара дарын иесіне үлкен қамқорлық жасағаны анық. М.Мазерс негізін қалаған «Алтын арай Ордені» ұйымында болған кезінде де У.Б.Йейтс тек қана Ирландияға пайдалы болуды көздегендігін кейінгі ғұмыр жолы айқын көрсетеді.
У.Моррис, У.Э.Хэнли, Э.Даусон, Л.Джонсон сияқты қуатты ақындармен дос болған шайырдың жырлары Хэнли құрылтайшысы болған басылымдарда үнемі жарияланып, сыншылар мен әдебиеттанушылар тарапынан талқыға түсіп жататын. Оның поэзиясының тым түсініксіз, күрделі екендігін замандастары жиі сөз ететін. Анығында, Йейтс әлемін тануды мақсат еткен адамға кельт мәдениетінен, Ирландия тарихынан, теософия мен мистикадан арнайы біліммен қаруланбақ керек.
1893 жылы «Кельт алакеуімі», 1894 жылы «Жүрек қалауындағы Ел» атты пьесалары жарық көрген еді. Кейінгісі Йейтс драматургиясының ең үздік көрінісі екендігі ешқандай дау тудырмайды. Мұндағы көркемдік пен тартысты 1899 жылы Э.Мартин, Д.Мур, А.Грегоримен бірігіп ашқан Ұлттық театрда ең алғашқы сахналанған қойылым болған «Графиня Кэтлин» туындысынан да көрмейміз. Аталмыш екі туынды мен біршама өлеңдері топтастырылып, 1897 жылы «Жырлар» деген қарапайым атпен жарық көрген екен. Дәл осы жинақтың дүниеге келген сәті және Ирландия Әдеби театрының құрылу кезі ақынның отанындағы ұлттық өнер мен әдебиеттің жаңғыруының басы болып есептеледі. Дублин дін- басыларының меншігінде болғандықтан Аббаттық театр аталған өнер ордасын он жыл басқарған Йейтс бар күші мен уақытын драматургияға бағыттайды. Тек 1899 жылы ғана «Қамысты қаусарған жел» атты жинағы шыққан. Бұл жинақтың да негізгі мазмұны ұлттық жаңғыру идеясымен үндесіп, көне кельттік кезеңнің даңқты дәурені мен дәстүрлерін дәріптеуде жатқандығын тілге тиек етпеген зерттеуші кем де кем. Осы кітаптың қызу талқыланып жатқан шағында Йейтс америкалық жас ақын Эзра Паундпен танысады. Жапонның Но театрын, әдебиеттегі жаңа бағыттарды осы ақынның себепкерлігімен терең зерттеген ол, бұрынғы шығармашылығына мүлдем ұқсамайтын туындыларды дүниеге әкеледі. Оның поэзиясы да, драматургиясы да тың ойлар мен тосын кейіптеулерге құрылып, түрлене түседі.
Осы кезеңде ақынның өндіріп жазуына да, радиода хабарлар жасап, Ирландия Әдебиет Академиясын құруына да ескі танысы Мод Гоннға ғашықтығы басты себеп болған екен. Жиырма жеті жылда төрт рет сөз салғанда «жоқ» деген жауап алған ақын, елу екі жасында Мод Гонның жиырма екі жасар қызы Мод Изольдаға үйленбек ниетін білдіреді. Бұл жолы да жолы болмаған ақынның өзі сияқты сиқырға сенетін бақсысымақ Джорджи Хайд-Лизға үйленуден басқа амалы қалмайды. Жиырма жеті жас үлкен ақыннан бір ұл, бір қыз туған әйелінің оның шығармашылығында еш шаруасы болған жоқ. Аса табыскер азаматтың дәулеті оның қажеттіліктері мен сан алуан ермектерін қанағаттандыруға жетіп артылатын.
1922 жылы Тәуелсіз Ирландия мемлекетінің сенаторы болып сайланған У.Б.Йейтс, 1923 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері атанады. 1928 жылы денсаулығының жарамауына байланысты сенаторлықтан бас тартады. Шынтуайтында, әдебиеттегі цензураны алып тастау туралы және азаматтардың ажырасуына рұқсат беру туралы заңдарға қатысты ұсыныстарын өткізе алмаған ақынның сайқал саясаттан әбден көңілі қалған еді.
Тылсым күштер мен сиқырдың сырына сенімін жоғалтпаған қаламгердің 1925 жылы «Аяндар» атты кітабы жарық көріп, онда адамның рухы мен жанының құбылуын айдың ауытқуларымен байланыстырады.
Үндістердің діни сарындағы аңыздары, көне кельт ырымдары, тарих пен адам болмысын мистикалық тұрғыдан тұжырымдауы осы кітабын басқа дүниелерінен тысқары қойып тұр. Бұл еңбегіндегі «ерекшеліктер» мен тосын ойлар дені дұрыс адамды таңырқатпай қоймайды.
Йейтстің кейде өз бетімен даурығып, кейде көзге көрінбейтін біреулермен күбірлесіп, шабыттанған шақтарында ауызынан ақ көбік шашып, адам ақылына сыймайтын әрекеттерге баратынын көп замандастары байқаған. Ағылшын ақыны Каталин Тайланның айтуынша, арқасы ұстаған тұста Йейтс жанындағы жандарды мүлде көзге ілместен, «әлдебіреулермен сөйлесіп, әлдеқайда сапарлап кететін».
1917 жылы Голуэй графтығындағы байырғы нормандардан қалған атышулы, «перілер мекендеген» мұнараны сатып алып, отбасымен көшіп баруы дәл осындай адам ұғып болмайтын амал, әрекеттерінің айқын көрінісі болса керек-ті. 1928 жылы жарық көрген «Мұнара», 1933 жылы шыққан «Бұралаң баспалдақ» жинақтарында жоғарыда атап өткен жағдайлардың бой көрсетуі ақынның шығармашылық қуатын аша түспесе, еш кеміте алмаған.
Көзі тірі классикке айналған Йейтстің басқа қаламгерлердің туындыларының алғысөзін жазып, топтық жинақтардың редакциялық алқасын басқаруы заңдылыққа айналған заманында, 1936 жылы «Заманауи поэзияның Оксфордтық нұсқасы» атты антология баспадан шығады. Осы жинаққа сол кездегі ең танымал һәм көрнекті ақындар Э.Паунд пен У.Х.Оденнің бес-алты өлеңі енгенде, шау тартқан У.Б.Йейтстің жас әрі сұлу ашынасы Марго Роддоктың түкке тұрғысыз тақпақтарының жетеуі бірдей жариялануы әдебиет әлемін естен тандырып тастаған еді. Қарт ақынның бұл қадамы «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» құбылтқан қауесеттерге түрткі болып, өсекті өрттей қаулатты. Оның отбасын тастап кеткендігі туралы, еркектік қабілетін арттыру үшін ота жасатқандығы жайлы, жындарға құлшылық қылатындығы хақында мүгедек пен жалқау ғана жазбаған болар. Алайда бұл әңгіменің барлығы да еш негізі жоқ бос сөз болатын…
Драматургия мен прозадағы, публицистика мен ғылымдағы еңбектерін елемеген күннің өзінде, ақынның «1916 жылғы Пасха» (өлеңмен аттас Ирландиядағы көтеріліске арналған), «Жабайы аққулар», «Византия» сияқты үш өлеңімен-ақ әлем әдебиетінің алтын қорында қалары сөзсіз. Көзінің тірісінде жиырма шақты жинағын шығарып үлгерген алпауыттың рухы асқақ, бітімі бөлек жырлары жайлы ондаған зерттеу, жүзден астам мақала жазылған. Оның жырлары әлем халықтарының елуге жуық тілдеріне аударылыпты. Орыс тілінің өзіне С.Маршак, Г.Симанович, С.Мар бастаған отыз екі ақын аударма жасаған екен. Өкінішке қарай, қазақ тіліне әлі көркем аударма жасаудың сәтін салмапты.
Ақын 1939 жылы қаңтар айының 28-і күні іссапарда жүрген кезінде Францияның Ментонында қонақ үйде көз жұмған. Рокбюрн-Кап-Мартен зиратына жерленген мәйітін Ирландия үкіметі 1948 жылы еліне алдырып, ақынның туған жеріне тапсырады. Ирландия әскери теңіз күштері алып бара жатқан ақын табытын француздың атақты «Альпі атқыштары» салтанатты түрде шығарып салыпты. Оған дейін де, одан кейін де мұндай құрмет Францияда ешкімге көрсетілмеген екен…
Ақын мұрасын терең зерттеген Г.Круж­ков «Йейтс 1922 жылы» атты әдеби талдауында: «…бүгінінің толқуы мен болашағының бұлыңғыр қатерлерінен бой тартқан Йейтс, ескі романтикалық мұраны қабылдап, сол мирасқа құпия түрде адалдыққа ант еткендей», – дейді… Мен келісемін… Сіз ше?!
В полнеба звезд и полная луна,
И по карнизам гомон воробьиный,
И громкой песней листьев сметена
Печаль земли – её мотив старинный.

Но вот пришла ты с мукой на устах,
С тобой все слёзы от времён Голгофы,
Всех кораблей пробоины в бортах
И всех тысячелетий катастрофы.

И звёзды меркнут, корчится луна,
Дрожит карниз от свары воробьиной,
И песня листьев прочь отметена
Земных скорбей мелодией старинной.
Уильям Батлер Йейтс,
«Махаббат қасіреті»
(орыс тіліне аударған Г.Симанович).

Жарты аспанды жұлдыз жауып,
ай толғанда көктегі,
Ернеулерді дүрліктіріп торғай шуы іргеде,
Жапырақтың жарқын әні сыпырып
сап кеткені
Жер қайғысын – оның сазын тым көне.

Енді міне келдің өзің шертіп
шердің қаншасын,
Голгофаның кезінен бар көздің
жасы бірге еріп,
Ертіп алып зардап шеккен
кемелердің баршасын,
Бар мыңжылдық зауалдары тұр көміп.

Жұлдыз түгел семіп, сөнер,
ай бүрісіп шөккенде,
Ернеулерді дірілдеткен торғай
дауы түрлене,
Жапырақтың әнін аулақ сыпырып ап
кеткенде
Жер мұңының әуендері тым көне!
Аударған Алаштуған

ПІКІРЛЕР1
Аноним 09.08.2020 | 14:04

Шіркін, Алаштуған ағылшын тілін біліп, түпнұсқадан аударғанда ғой

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір