Ақтөбеде Раукен бар…
07.07.2020
831
0

(ЭССЕ)

Тұғырдан түспеген талай іні-бауырдың жасы жер ортасына келіп қалғанын білсем де, мен үшін олар әлі жап-жас көрінеді де тұрады. Бұл, сірә, сол азаматты алғаш көргеннен көңілде сақталған кіршіксіз көркін кір түсірмей санада аялап жүрген ішкі сезімнің әсері болса керек. Өзіңнен кішіні қартайтқың келмейтін қазақы әдет те шығар, бәлкім.

Алыстағы Ақтөбеден Мәскеуге қоңырау қоса қалғанда Раукен інімді де баяғы облыстық газет редакциясының хатшылығында макет сызып, бет жүргізіп, баспаханамен екі арада зыр жүгіріп тыным таппайтын қағылез қара торы жігіт күйінде елестетіп отырамын; сондай кезде газет деген комбайнның шанағын толтырамыз деп бірлесе еңку-еңку «жол шалған» емескі жылдар естелігінің есігі де өздігінен ашылып сала береді…

Ақтөбенің берекелі Байғана жерінде, Жем-Сағыздың бойында, өнер мен өлең тұнып тұрған өлкеде туған Раукен Отыншин баспасөз саласына отызға тақаған шағында, сақайып, қатайып келді. Орта мектептен кейін, кеңестік саясаттың «кемеңгерлігі­мен» екі жыл жас шопандар бригадасы са­пында қой баға жүріп, ой да баққан, күн­делік дәптерінің терең түпкіріне:

Достар, достар, өміріме қажетсің,

Бірің ерен, бірің қайсар өжетсің.

Күні құрсын жалғыз жүрген адамның,

Достарыңмен шалқығанға не жетсін! – деп жазып қойған Раукеннің шығармашылық ауылына бір маңдай тірейтіні сөзсіз еді. Солай болды да. Жоғары білімді, әскерге барып келген, мектепте мұғалім, директордың орынбасары болып істеген Раукен Отыншин 1988 жылдың жаймашуақ жазында Ақтөбедегі облыстық газеттің табалдырығынан аттады.

Редакцияға корректор болып кіріп, сегіз жыл ішінде жауапты шығарушы, тілші, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы лауазымынан өтті. Бұдан кейін халықаралық «Түркістан» газетінің Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы өңірлік тілшісі; аймақтық ақпараттық-сараптамалық «Экономика-Бизнес» газетінің Бас редакторы; апталық «Жаңа ғасыр – Новый век» газетінің Бас редакторы; «Отандастар – Полиграфия» баспаханасында бөлім бастығы, директордың орынбасары; Атыраудағы «Атырау – Ақпарат» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны баспаханасының директоры болды.

2007-2017 жылдары, тура он жыл «Қазақс­тан» РТРК» АҚ Ақтөбе облыстық «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясын басқарды. Әдеттегідей мұнда да оның жаңашылдығы жарқ етіп көрінді. Телекомпанияның 50 және 55 жылдық мерекелері лайықты атап өтілді. «Елу жыл елмен бірге» атты шығармашылық ұжымның бес дәуірін бейнелейтін кітап жарыққа шық­ты. Ең бастысы – каналдың материалдық-техникалық базасы жаңғыртылды, шығармашылық әлеуеті биікке көтерілді. Ел назарына ұсынылатын бағдарламалар байыпты сипат алды. «Біз айтпасақ, кім айтады?», «Айтарым бар!», «Сәті түскен сұх­бат», «Тағдыр табыстырған халықпыз», «Көзқарас», «Үмітпен соққан жүрек», «Аймақтың ардақтылары» және басқа хабарлар тұрақты көрерменін тапты. «Отау ТВ» спутник желісі арқылы Ақтөбе бағдарламалары республика ауқымына ұсынылды. Телекомпанияның «Synergy» автоматтандырудың замани жүйесіне көшуі де Раукеннің жаңашыл қолтаңбасын танытты.

Раукен Отыншин қазір екі облыстық га­зет пен үш республикалық журналды бауы­рына алған «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тізгінін ұстап отыр әрі Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы; басқа да қоғамдық негізде атқаратын істері аз емес.

Жауапты қызмет сатыларынан өткен, адам­ды өзіне тарта білетін, үйірімпаз іні-досым Раукеннің кез келген істің тетігін табуға талаптану қасиеті, бөлекшелеу іл­герім­паз ойлары жас кезінен-ақ сезіліп қа­латын. Тіршіліктің тиесілі амандық- саулығын сұрасып, пікір бөлісіп тұратын сәттерде жастығына қарамай, орнықты ой толғайтын Раукен маған өмірдің кейбір кезеңін мерзімінен бұрын айналып өтіп, балалықтың бақшасынан үлкендіктің үйіне жеделсатымен бірден көтеріліп кеткен сияқты болып көрінетін.

Бұл «сияқты болып көрінудің» сырын кейінірек білдім: Раукеннің естиярлығы да, есжиярлығы да төрт жасында басталыпты; ойын қумай, ой қууға тағдыр сол кезден мәжбүр етіпті; қан майданда қаһармандық көрсетіп, Жеңіс туын желбіретіп, омырауында орден-медальдары жарқырап, аман-есен оралған майдангер әкесі – кейін ұжымшар төрағасы, ферма басқарушысы, ауылдық кеңес төрағасы болған Сағызбай ақырында соғыс салған жарақаттан небәрі 43 жасында дүние салыпты; бес қыздың ортасында бұла өсуге жазылған жалғыз ұлдың еміс-еміс елесі қалған әкеге деген өмір бойғы бітпес сағынышы да, қатарынан ерте есеюі де осы күннен басталған екен.

… – Апа, мектепке бірінші сентябрьде емес, екінші сентябрьде барайыншы?

– Неге, құлыным?

– Әкең кім, қайда, не қызмет істейді? – деп сұрайды мұғалім со күні. Басқа балалар айтып жатқанда, мен «әкем жоқ» десем, бәрі күледі…

Анасы Зияба көз жасын сығып, сыртқа шығып кетті…

Мектепке барғанша, «Әкем қайда?» деген сұраққа «Әкең Мәскеуде, Ленинградта оқуда» деп келген анасы Раукенге бірінші сыныпқа барған жылы ғана әкесінің шынымен бұл өмірде жоқ екенін айтқан еді. Бала көңіл әкесінің жоқ екеніне бірден сене қоймаса да, бәрібір «әкем сияқты Мәскеуде, Ленинградта оқысам» деген ойды осы күннен бастап санасына сіңіріп алды. Бірақ мектеп бітірген соң, отбасы жағдайымен қараман-қиырдағы арман қалаларға бара алмады. Өз перзенттері дүниеге келген кезде сол бала қиялы қайта оянып, «Аталары сияқты енді осы қалаларда немерелері оқыса» деп армандап қоятын; ол арманына да жетті (Раукеннің бір қызы мен екі ұлы Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларында жоғары оқу орнын бітіріп, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік қызметте жүр).

Раукеннің, орайы келіп тұрғанда айта өтетін, осындай орындалған тағы бір арманы бар: бала кезінде «келіншегім дәрігер болса» деп қиялы қиырды шарлап кетеді екен… Ержеткен соң Раукен сырға салған Сыр сұлуы – жоғары білімді дәрігер-педиатр Ақманат Бабаомарқызы қазір М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің аға оқытушысы.

Мен Раукенді жиырма сегіз жасынан бастап білсем де, оның сол жасына дейін-ақ өмірдің елеулі сынағынан өткенін – сәтсіз операцияның салдарынан көп азап шеккенін біліңкіремейді екенмін. Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Мәскеу ауруханаларында бірнеше ота жасатып, емнің шипасын күтіп, төсекке таңылған күндері мен түндерін кейін өзі айтып берді… Ақыры ауруынан айығып, аяғына мінеді, бірақ Мәскеуден қайтарында дәрігерлер екінші топтағы мүгедек деген «мәртебені» мінгестіріп жібереді…

Өмірдің қиындығын бастан кеше жүріп оған қарсы тұра білген, қаршадайынан денсаулықтың, «қанағат» деген сөздің қадірін біліп өскен, адамға қол ұшын беруге дәйім әзір тұратын Раукеннің азаматтық тұлғасын бек биіктетіп тұрған бір қасиет – оның ақсақалдарды, әсіресе бүгінде белсенді қызметтен шет жүрген әріптес ағаларын, ұстаздарын қуантуға әзір тұратыны, кез келген адамның көңілін өсірудің жолын білетіндігі. Мұның ар жағында әрине өзі етегіне оралып өскен әжесінің тәрбиесі жатқаны сөзсіз.

– «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің батыс облыстардағы меншікті тілшісі болып жүргеніңізде, облыстық газеттің редакторы Нұрқайыр Телеуов Ақтөбеден Алматыға әдейі ұшып барып, «Лениншіл жастың» редакторы Сейдахмет Бердіқұловтан сізді өзіне орынбасарлыққа сұрап алды деген рас па? – деді Раукен маған.

– Рас, – дедім мен.

– Ендеше сол Нұрқайыр ағамыздың жақында мерейтойы болғалы жатыр…

Сөйтіп, іссапармен Астанаға келген Раукен ойда жоқта мені «озадачить» етіп кетті. Нәтижесінде «Ұстазға хат» деген эпис­толярлық мақала жазылды, іле-шала жария­ланды да.

Көп ұзамай: «Құрметті, қадірменді інішегім Серікқали! Сіздің «Ұстазға хатыңызды» Раукеннің газетінен күллі әулет болып оқып шығып, баршамыздың атымыздан жүрекжарды сезімімізді, адал алғысымызды білдіріп отырмыз. Қабыл алыңыз, айнам! Ыстық ықыласқа толы, терең ойға, парасаттылық мазмұнға құрылған хатыңызды толғанбай, тебіренбей оқу мүмкін болмады. Жасыратыны жоқ, сөз маржанына, адал, шынайы шындыққа негізделген жолдар еріксізден көзден қуаныш жасын моншақтатты. Бақытты болыңыз, абыройыңыз арта түссін, асыл інішек!» деп басталатын, облыстық газетті отыз жылға жуық басқарған, Раукен екеуміздің рухани ұстазымыз, асыл аға, бүгінде дүниеден өткен Нұрқайыр Телеуов жазған жүрек тебірентерлік, өзім мүлде күтпеген хат алдым!..

Әлбетте бұл орайдағы айтылар ой «Ұстазға хаттың» мазмұнына емес, «Раукеннің газетінен» деген екі ауыз сөзге тіреліп тұр. Кешегі ғасырлар тоғысына тап келген сұр нарықтың елең-алаңында, бұқаралық ақпарат құралдары бастан кешкен өтпелі қиындықтар кезінде Раукен Отыншин Ақтөбе өңірінде бірінші рет «Экономика-Бизнес», «Жаңа ғасыр – Новый век» деп аталатын жекеменшік газеттер шығарып еді.Заман ағымына қарай тәуелсіз деп аталған жаңа басылымдар ақпараттық кеңістікте сараптамалық, танымдық жарияланымдарымен кең танылды, өз оқырмандарының аудиториясын қалыптастырды, таралымы көбейіп, ел аузында «Раукеннің газеті» аталып жүрді.

Осы тұста Раукеннің «газеттің таралы­мын қалай көбейтуге болады?» деген әріптестердің бәріне ортақ бітпес сауалдың жауабын іздеу жолындағы бір әрекетін жігіттер жыр ғып айтады: Ол орталық дү­кен­дердің бірінен үш мың дана сіріңке са­тып алады да, әрқайсысының қорабына баспаханалық әдіспен екі тілде газеттің аты мен жазылу бағасы басылған тілдей жарнаманы екі жағынан жапсыртып, қайтадан сол сауда нүктесіне сатуға тапсырады. Алғашқы таралымы 2500 дана болған басылым, осы жарнамадан кейін күрт көбейіп, 4000 данамен тарай бастайды.

Баспасөздің жұмбақ әлеміне сүңгіп, кәсі­бінің қыр-сырын терең меңгере бастаған сайын Раукен аталған саладағы еңбек­ті ұйымдастыруды жаңартып, жақсартудың һәм замани жетілдірудің де жолдарын зер­делей түсті. Облыстық газетті шығару процесінде компьютерлік технологияны қол­данудың бастауында Раукен тұрғанын, көп іс соның басшылығымен әрі тікелей қатысуымен жүзеге асып, қалыптасқанын кешегі «Коммунизм жолын» бірлесе жүріп бүгінгі «Ақтөбеге» айналдырған әріптестері ілтифатпен еске алады.

Раукен «Бекет ата» шығармашылық қорын басқара жүріп, баспа ісімен де кеңінен айналысты. Оның жинақтап, редациялауымен бірқатар жаңа кітап дүниеге келді. «Жазушы» және «Арыс» баспаларынан «Алтынды орда қонған жер», «Жадыңда бол­сын жас ұрпақ», «Тәрбие деген тәңір бар», «Ғибратты ғұмыр», «Ұрпағым мұны білсін деп…», «Алтын жұлдыздың жарығы», «Өлкенің өнер күмбезі», «Өмір өткелдері» сияқты т.б. кітаптардың, сондай-ақ «Ақ­төбе» энциклопедиясының жарыққа шығуына ұйтқы болды.

Раукен 2017 жылы «Шамшырақ» – Ақтөбе» серіктестігін басқаруға келді. Көп ұзамай оның атауы «Ақтөбе-Медиа» болып өзгерді. Реформатор Раукеннің бұл бірінші қадамы енді тұтастай серіктестіктің өмірін жақсы жағына қарай өзгертуге бет алды. Жүз жылға жуық тарихы бар екі облыстық газеттің осы уақытқа дейін баспанасыз көшіп-қонып жүруі Ақтөбеге жарасымды ма еді, мәселен?! Жағдайды облыстық әкім­шілікке жеткізіп, мәселе қою үшін де білік керек, жанашырлық керек. Шүкір, біз білетін елжанды Раукеннің бойынан мұның екеуі де табылатын.

«Ақтөбе-Медиа» директоры Раукен Отыншиннің басшылығымен бұрынғы облыстық баспахана ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, «Баспасөз үйіне» айналдырылды. Облыстық газеттер редакциялары кең сарайдай еңселі ғимаратқа орналасты, журналистер барлық жағдайы жасалған қызметтік кабинеттерге ие болды. «Баспасөз үйінде» баспасөз музейі, конференц зал, медиа-мектеп жұмыс істей бастады. Серіктестіктің жаңа басшысының облыс журналистері үшін бұған дейінгілер жасай алмаған қамқорлықты, еңбек етудің лайықты шарттарын орнатуы жұртшылықты сүйсінткен іс болды. Ақтөбедегі «Баспасөз үйі» қазір республикадағы белгілі орталықтардың бірі саналады.

Дүниеде қызық көп қой!.. Ертеректе өткен бір ағаларымыз «Ақтөбеде емес, Қа­ратөбеде туғанымда ғой» деп әзілдеген екен. Қазір Ақтөбеде туғысы келетін, ақтөбелік болғысы келетін адам аз емес. Бұл Ақтөбенің атын шығарып, шын мәнінде облыстың образын ашып жүр деп бейнелеп айтуға болатын ұлдары мен қыздарының арқасы. Ағарып алда жүрген Раукен Отыншин де осы сапта. Ақтөбе жұрты сөзіне құлақ асатын, үлкен-кіші сыйлайтын, қолынан іс келетін қабілетті, қадірлі азамат. Ақтөбе дегенде есімі алдымен еске түсетін ерек жігіттің бірі.

Еңбек еткен жылдары ішінде Елбасы­мыздың һәм Президент Қ.Тоқаевтың Алғыс хатымен, «Құрмет» орденімен, Қазақ­стан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, «Астанаға 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталуы да сол елім деген азаматқа лайық ықыластың бір белгісі. Өз басым ақтөбелік азаматтардың алғы шебінде жүрегі кең, жүзі жылы, қандай істің де кестесін келтіріп, көркін ашып отыратын Раукен сынды інім жүргеніне сүйсінемін. «Ақтөбеде Раукен бар» деп отырғаным жай жазыла салған тіркес емес. Ғалым ағамыз айтатын «білеміз, білген соң айтамыз»-дың айғағы.

…Көптен көрмеп едік, Раукенмен кез­дейсоқ кездесіп қалдым бір жолы… «О, Секе!» деп құшақтай алды… Бұл оқыған­дықты қойсаңшы, тура сол сәтте есіме жарықтық Достоевскийдің «Человек, умеющий обнимать – хороший человек» деген сөзі түсе кеткені… Айтпақшы, Раукен-ау, халқымыз «алпысқа келгенде, алты ағаң болсын, жетпіске келгенде жеті інің болсын» дейді екен. Сол алты ағаңның біреуіне жа­рап қалармыз деген ой да жоқ емес; ал Алла жазып жеткізсе, сенің жеті інінің жетеуі де болуға жарайтыныңды білем!

Әзіл де болса айтайын, «менің бір «жәман» жерім бар… – депті баяғыда бір қаламгер ағамыз. – Ол «жәман» жерім… – жаман жаза алмайтыным…». Ол жағынан емес, бұл жағынан келгенде, менің де осындай бір «жә­ман» жерім бар: өзің сияқты адал сөзді, ақ ниетті іні-достарымды сағынып, сұрап, іздеп отырамын, сәті түсе қалса, олар тура­лы үздік-үзік ойларымды осылай қағазға түсіріп қоямын.

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Еуразиялық экономикалық комиссияның бөлім бастығы

Мәскеу

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір