Думан Рамазанұлы. Пендеміз!..
06.07.2020
862
2

«Пруст сауалнамасы» vs «Қазақ әдебиеті»

Сауалнама қонағы – жазушы-драматург Думан РАМАЗАН.

– Адамның басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Адамдық һәм адамгершілік.

– Ер-азаматтың басты қасиеті ше?

– Екі сөйлемеу. Ірілік таны­ту, намысты қолдан бермеу.

– Бақыт деген ұғымды қалай түсінесіз?

 – Бақыт ұғымын әркім әртүрлі түсінеді ғой. Өмірден ерте кеткен талантты журналшы Бейсен Құранбек бауырымыз «Таңертең еш жерің ауырмай тұрғанның ө зі – бақыт» депті. Дұрыс айтады. Ден сау, бас аман, бауыр бүтін болса, бақыт деген сол!

– Сүйікті әдеби кейіпкеріңіз кім?

– Абай, Абылай, Кенесары аталарым.

– Ең басты кемшілігіңіз қандай?

– Өзіме жамандық жасаған адаммен қайыра тіл табысуым қиын.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Оқимын, жазамын, ойлаймын.

 – Өмірге екінші рет келсеңіз, кім болуды қалар едіңіз?

– Ол мүмкін емес қой. Ғайыптан тайып өмірге екінші рет келе қалсам, саудагер болып, жалғанды жалпағынан басар ем. Барамын деген жеріме барып, тұратын жерімде тұрып, жүретін жерімде жүрер ем. Өкіметтің жұмысын ешқашан істемес ем. Жалпы барлық жағынан тәуелсіз болуға ерте бастан қам жасар ем. Өйткені, адам өмірге бір-ақ рет келеді ғой! Қалауыңша өмір сүргенге не жетсін! Абай атам айтпақшы, басым көпшілігіміз өмір сүрмейміз, тек күн өткіземіз ғой!

– Қандай елде өмір сүргіңіз келеді?

– Қандай жағдай болмасын, өз елім, өз жерімде өмір сүргім келеді. Туған хал­қымның ортасында шал­қып жүргенге не жетсін?!

– Қандай ерекше қабілетке ие болғыңыз келеді?

– Адамды мезгілсіз ажал мен айықпас дерттен аман сақтап қалатындай ерекше қасиетім болса ғой, шіркін!

 – Қандай сәттерде осалдық танытасыз?

– Өзіме емес, жақындарыма зияны тиеді-ау деп есептегенде осалдық танытып, айтайын дегенімді айта алмай, істейін дегенімді істей алмай қалатын кездерім болады. Мен үшін қымбаттыларымның зардап шеккенін қаламаймын, қиналғандарын көргім де келмейді.

 – «Ғайыпқа сену» дегенді қалай түсінесіз?

 – Ғайыпқа сену дегенді Құдайдың құдіретіне сену деп түсінемін. Мәселен, түсіне білген адамның өмірге келуі мен бақилыққа озуы да ғайып дүние емес пе?! Бұдан артық қандай ғайып болуы мүмкін?!

– Егер өнертапқыш болсаңыз, не нәрсені ойлап табар едіңіз?

– Адамды жаман пиғылдар мен кеселдерден арылтатын құрылғы ойлап табар ем.

– Неден жиіркенесіз?

– Екіжүзділік пен сат­қындықтан

– Сіз үшін ең ұнамсыз тарихи тұлға кім?

– 1613-1917 жылдар ара­лы­ғында Ресейді билеп-төстеген Романовтар әулетінен шыққан патшалар. Әсіресе, асқан айлакерлікпен Абылай мен Әбілқайырдың (әрине, хандардың да өз мүдделері мен есептері болғаны анық) бодандық жөнінде ант берулеріне мәжбүрлеп, қазақты басы бүтін өзіне қаратып алған Анна Ивановнаны, одан кейін Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісті аяусыз басып-жаншып, соңғы ханымыздың басын алған І Николайды және қазақ жерін Ресейдің меншігі деп жариялап, оны заңмен заңдастырып, халқымызды жерінен айыруға бар күшін салған ІІ Николайды ең ұнамсыз тарихи тұлғалар деп санаймын. Себебі, бұлардың бәрі де қазақты ұлт ретінде жер бетінен жойып жіберіп, кең байтақ өлкені бауырларына басып қалуды ойлады. Сондай сұрқия саясат жүргізіп, жымысқы жоспар құрып, соны іске асыруға бел шеше кірісті. Бірақ, «жыртық үйдің Құдайы бар» ғой! Қазақ бұндай құйтұрқылықтардың бәрінен аман-есен өтіп, бүгінгі күнге жетті. Ұлтты құрту саясатын бір Сталин мен Голощекиннің жалғастыруға не үшін соншалықты құштар болғанына таңым бар. Ал елдігіміз бен жерімізді жарым-жартылай болса да, тіпті қағаз жүзінде болса да қайтарып берген Ленинге әлі де іш тартамын.

– Жиі айтатын қанатты сөзіңіз?

– «Адамға сенген мұрттай ұшады, Аллаға сенген құстай ұшады».

– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

– Мұңға батып, сары уайымға салынған кездерде емес, қуаныштан көңіл толқыған сәттерде жанарыма көбірек жас толады.

– Үнемі есіңізде жүретін Абайдың бір сөзі?

 «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап».

 – Қазіргі адамдардың бойынан қандай қасиеттер жоғалып барады?

– Адамгершілік, адалдық, тазалық, мейірімділік, қайырымдылық.

– Біздің заманымыздың мықты ақыны кім? Мықты жазушысы ше?

– Өз көңілімде сайрап тұр. Бірақ ешкімді ерекшелеп айтқым келмейді. Біреуді айтсам, екінші мықты біреудің көңілін қалдырып алуым мүмкін. Кейде көңілге қарап та пікір білдіретінімді несін жасырайын! Себебі, жақсы көретін жақындарымның көңі­лін қалдырғым келмейді. Пен­деміз!

– Жас қаламгерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді көріп жүрсіз?

– Артықшылықтары – ойлары азат, қаламдары еркін, оқыған-тоқығандары көп, кемшіліктері – табиғилық пен шынайылықтан ажырап, жасандылыққа бой ұрып бара жатқандай көрінеді. Қарапайымдылықты – қарабайырлық, күңгірттік пен бұлдырлықты – күрделілік, қиялилықты – ой айтқыштық деп түсінетін сияқты.

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 10.07.2020 | 17:58

Жаксы сухбат!

Аноним 11.07.2020 | 14:20

Жанға жағымды жан сыры

ПІКІР ҚОСУ