ШОҚАН ЕҢБЕКТЕРІ
«Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының сирек кітаптар бөлімі мазмұны жағынан өте құнды, сирек кездесетін құжаттар мен материалдарды қамтитын бірден-бір кітапхана. Шығыс тілдегі әдебиеттер қорына араб, парсы, көне түрік, шағатай тілдеріндегі әдебиеттер және араб графикасы мен латын әріптерінде жазылған қазақ тіліндегі әдебиеттер бар. Қорымызда «Қисса-и Сейфүлмәлік», Құранның 300-ге тарта жинағы, т.б. басылымдар сақтаулы. Қазақ халқының тарихын, археологиясын зерттеуші шығыстанушы ғалымдар – В.Бартольдтың, В.Радловтың, А.Диваевтың, Л.Левшиннің, Ш.Уәлихановтың еңбектері де кітапханада сақтаулы.
Үш беттік «Шыңғыс Уәлиханов сұлтанның баласы Шоқан Уәлихановқа жазған хатының» фотокөшірмесі біздің сирек қорда әлі де сақтаулы. Хат 1860 жылы 6 шілдеде жазылған. Сөз басында «Сүйікті ұғылым Мұхаммед-ханафия, һәм Әбіл-Мақыжанға дұғай сәлемдерімізді жолдадық. Бізден хал сұрасаңыз, алхамдилла сағ сәлеметмізлар, бұ дәмгеше, мұндай әрі әмір алланікі дүр. Сіздің сәуірдің 14-не жазмыш мүбәрак сәлем хатыңызды майдың 27-інде жолығып, баршаларымыз шат болдық. Алхамдилла, ахырының хайырын берсін делінген. Сонымен қоса қарындасы Рахияны май айында ұзатқандарын айтады. Өздерінің жақын күнде дуаннан елге қайтатынын білдіреді. Қайтарда Волковтың сәлем айтқаны және де тойға полковник Майдельдің келгенін айтқан, Мақының портретін есендік болса тезірек жіберуін өтінеді. Омбыға барғанын, жанарал-губернатордың құрметтеп қонақ қылғанын, қонақта адъютант Фридрихспен танысқандығын, ол кісінің қазір Алматы-Қапалда екендігін, шілденің аяғына қайтатынын жеткізеді. Қасым баласы Көшек сұлтанның пуданлық сұрап келгенін, губернаторға жолықтырғанын баяндап береді. Осы сынды біраз деректерді айтып өтеді. Соңында, «Дәю әрдайым хұдадан есендіктеріңді тілеп жазғұшы атаң сұлтан Шыңғыс Уәлихан ұғлы» делінген.
Шоқанның хаттары, Шоқанға жазған хаттар, Шоқанның туыстарының Потанинге жазған хаттары сияқты құжаттар да біздің қорда сақтаулы. Одан бөлек, іссапарда жасаған карталары, өз қолымен салған суреттері, мақала сынды еңбектерінің де фотокөшірмелері сақтаулы. Атап кетер болсақ, «Аблай», «Следы шаманства у киргизов», «К делу о ярмарках», «Дневник поездки на Иссык-куль» 1856 г., «Әр түрлі мекен-жайға жазылған хаттары», 1853 жылғы Санкт-Петербург қаласынан жарық көретін «Мода» журналына жарияланған карталары, «Народонаселение», «Шуна батыр», «Едіге», «Манас», «Кайсацкой орды», «Киргизское родословие», «Описание Алтышара или Кашгара», «Описание пути в Кашгар и обратно в Алтайский округ», «Взглядь на Ташкент сначала прошедшего столития» және тағы бір құнды мұрағаты «Адам атадан, 1143 жылы таққа отырған түрік сұлтаны Махмұдқа дейінгі сұлтандар, хандар, патшалар, халифалар, пайғамбарлар шежіресі», Орыс географиялық қоғамында жасаған жұмыстары, Омбы мұрағатында жасаған еңбектері сынды тағы да басқа көптеген еңбектері бар.
Н.И.Веселовскийдің 1896 жылы жарық көрген «Черновые записки Валиханова Чокана по востоковедению» атты еңбегі микрофильм қалпында Ғылыми кітапхананың сирек қорында тұр. Ұзақ жылдар бойы сақталып келе жатқан Шоқанның барлық еңбегін біздің сирек қорымыздан кездестіруге болады. Әлі де ашылмаған деректер де жетерлік, бұл жас ғалымдарға таптырмас мүмкіндік болары сөзсіз.
К.ДӘРКЕМБАЕВА,
Д.НҰРМҰХАМБЕТОВА,
«Ғылым ордасы» ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің қызметкерлері.