АҚИҚАТҚА СУАРЫЛҒАН АҚЫҚ ЖЫР
22.05.2020
1085
0

(Болат Жетекбай поэзиясы туралы мөлтек сыр)

Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Шілдеде сағыммен құлпырып, кешкілік жым-жылас болатын шөлдегі сиқырлы шаһарлар сияқты, сол бір біз аңсаған нұрлы өмір әйтеуір елес болса да бар екенін сездіріп, үмітіңді үздірмей, қанша жыл сандалтса да әлі күнге соңынан сүйретумен келеді. «Ер мойнында қыл арқан шірімейді» дегендей, кең тұсаумен жүргенде, біз де ақиретті ойлайтын жасқа жетіппіз.

Арғы-бергіні сарапқа салғанда, аз күнгі тіршіліктен тапқан уанышымыз, есейгенде қолымыз жеткен қымбатымыз – ыбырсыған дүние-мүлік емес, осы бір түртінгеннен, түйсінгеннен туған азды-көпті туындыларымыз екен. Қазіргі­дей белең алып, бой бермей кеткен жағымпаз­дық, жәдігөйлік, суайттық арлы адамға, әсіресе адуын ақынға жараса ма?! Қалай де­генмен де, бүгінгі өлең өлкесі ондай жәреуке жандардан да кенде емес. «Өнер­паз арлы болмай – өнер нәрлі болмайды» деп еді-ау біздің дана шалдарымыз.
Ендеше, бүгінгі қазақ жырындағы арлы ақынның бірі – Болат Жетекбай.

Күйресін дүние,
Күл-тозаң көшсін көзімнен,
Күңірен Абыл күйлері!
Бекетке қонған бақиғы пейіш-сезімнен
Жыр келіп жетсін күймелі…
Алланың нұры –
Ақиқат басы, соңы да,
Ойын ғой өмір дегенің.
Арандап кірсем ажалдың
жайған торына,
Елге жет, есіл өлеңім!
немесе:
Жұмақтың да нығметін сезгенмін,
Жаным күйіп, жанған оттан безгенмін.
Шаһадатым: «Лә-иллаха ил-Алла»,
Не қылса да айнымасқа сөз бердім.
Қалар бәрі – тіршілікте жиғаным,
Кімді сүйдім, нені қалап, қимадым…
Қияметтің көпірінен өтерде,
Жан серігім, жалғыз досым – иманым! –
деп өзінің ақындық ұстанымын, осынау беймағұлым дүниедегі ең қастерлі тұмары – өлең мен иманы екенін баршаға паш ете кетеді.
Болат қай туындысын да тарыны елеп-екшеп, асықпай маңызын шығара қайнатып алып, сосын бабымен қуырып, сөк-тасынан ажыратып, келіге түйгенде де талқанынан айырып, мөлтілдеген сары алтындай толықсыған тарыны дастарханға қоятын еңбекқор әжелеріміздей, сарапқа салып барып ұсынады. Ешкімді қорлап, мошқамай, ақиқатын айтып қарап отырады. Бұл – кез келгеннен табыла бермейтін айрықша құбылыс. Оның үстіне, әркімнің ауанына жығылып лақпайды. Өз айтқаны болмаса жер табандап жатып алатын қиқардың өзі. Біздің көпшілігімізде осы мінез жетіспейді. Қаламның бекзаттығын танытатын да осы қасиеттер ғой.
Болат сондай-ақ өзінің «Заманхал» деген шертолғауында бүгінгі ниеті бұзылған шенділердің қаймана халықты әбден тоздырып, тентіретіп жібергенін ашына жырлайды.

Сөнгесін әлсіз шырақ ұят деген,
Көздері түк көрмейді, құлақ – керең.
Неғылған таусылмайтын арсыз күлкі,
Күйініп көп ішінде жылап келем.
Қайраты қамал бұзар дер күйінде,
Қамаған заман осы, ерді үйінде.
Әулие аралап жүр аңыраған ел,
Айтам деп арызымды енді кімге? –
десе, енді бірде:
Қан да кетті сұйықтанып,
Қурайдай құр бой алдық.
…Пырдай болып ұйықтадық,
Жұрдай болып ояндық.
Күнәм көп пе, ей, Алла-ай,
Көрге тірі түстім бе?
Бұл менікі дей алмай,
Тұрмын жердің үстінде.
Тағы қапы қалдым-ау,
Кіммен қылам ерегес?!
Не десең де, дәл мынау
Мен аңсаған ел емес! –
деп, күнәлі адамның о дүниеде жаны етінен айрылғандағы шыңғырғаны сияқты, бүгінгі болып жатқан зұлымдықтардан тұлабойы түршігеді. Өрмекшінің шыбынды қалай зар қақсатқаны сияқты, қара қасқа халықты жабайы нарық заманының жазылмаған қара заңы қол-аяғын байлап, матап, тыпыр еткізбей отырғанын баласының баласына өсиет етіп, шерлі өлеңдеріне өзек қып өреді.
Бір басы шоңқиып жерде жатқан, екінші басы көтеріліп аспанда жүрген, теңеспеген өмір таразысының ешкімге керегі жоқ екенін баршаға мәлімдей кетеді.
Иә, уақыт өткен сайын ғаріп пен қасердің есіл еңбегін қанауға беті былқ етпейтін жүзі қаралар қаптап барады. Болат та шымырқанған, осы бір қасіреттен қаны қоюланған сәтте әлгі бір зәнталақтарға дәуітінің улы сиясын аямай төгеді.
Иә, Құдайдың бұйрығымен дүниеге келген әр пенденің арқасын бит, тапқанын ит жеп, өмір бойы еңбегі еш, тұзы сор боп өтуі қайбір жақсылық дейсің!
1964 жылы Түрікмен ССР-нің Красноводск облысы (қазіргі Балқан уәлаяты) Қошоба ауылында дүниеге келген Болат Жетекбайдың 1996 жылы «Жазушы» баспасынан «Күндіз аққан жұлдыздар», 2014 жылы осы баспадан «Жаңғақтың ойы», 2010 жылы «Бабамұра-М» баспасынан «Аян» жыр жинақтары шықты. Маңғыстау ақын-жазушыларының 100 томдығына, 2015 жылы шыққан қазақ ақындарының 10 томдық антологиясына өлеңдері енді, сондай-ақ әр жылдары республикалық басылымдарда жүздеген мақалалары, жолсапар очерктері, әдеби сындары жарияланды.
Сонау 1980 жылдардың ішінде Болат білімге талпынып, Қазақстанға бет түзеді. Құйқылжыған ән, көңілді отырыс, купе терезесінен сыртқа қарап әңгімеге шақырған қылықты қыздар, ағызған пойыз, Қазақтың байтақ даласына деген сағыныш, Алматыны алғаш көретініне қуанған жүрек дүрсілі… ой, несін айтасың, арманшыл жас алабұртып-ақ келе жатты. Келуін келді-ау, бірақ шулы қалада оны мүсіркеген ешкім болмады.
Осы орайда, Болаттың «Жетім бұрыш» деген өлеңін оқып көрейік:

Отаным бар, осал емес… үйім жоқ,
Сұрағанға: «Орташалау күйім», – деп,
Күлімдеймін.
Ал, әйтпесе, пәтерін
Жалға берген орысқа да сыйым жоқ.
«Жетім бұрыш» – «жетімдері» мына біз,
Таңнан келіп кеш түскенше тұрамыз…
Пендеміз ғой, бірлі-жарым кемпірді
«Бөлісе алмай», қызғаныш та қыламыз.
Көңіл пәсең, ұлым еске түседі,
Қолымызға қонған бақыт құсы еді.
Бағу керек… ал, мен болсам, кей-кейде…
Адам қайбір жетіскеннен ішеді?!
Біз әуелден нәсіпсіз жан болармыз,
Бұл бағытпен қайда барып оңармыз?
«Жетім бұрыш», қош болып тұр әзірге,
Ертең тағы соғармыз!
Осылай Болат та алдындағы ағалары сияқты, орыстың лашықтарына дамылсыз көшіп жүрді.
«Шіркін-ай, қарсақтың ініндей алдың­мен кірсең айналып кері шыға алмайтын Алматыдағы орыстардың «времянкасында» өткен сонау бір уайымсыз күндер де өзгеше бір қайтып оралмайтын дәурен екен-ау!» – деп жазып еді Қалихан Ысқақ ағамыз.
Тек қана өлең жазып жатып алу – бұл кезде өліммен тең еді. Өлеңіңді баспалар кітап қылып шығара қойса жақсы, шығармаса, қылша мойнымызға құрым іліп, қаңғып кетуіміз де мүмкін еді-ау!
Венгердің әйгілі ақыны Шандор Патефи 1844 жылы алғашқы өлең кітабын баспаға дайындап отырып: «Жырларымды сата алсам – жақсы, өткізе алмасам – о да жақсы, онда мен аштан қатып немесе суыққа ұшып өлемін. Қайткенде де, сергелдеңнен біржола құтыламын», – деген екен.
Ендеше, ақын атаулыға қаламақысыз күн жоқ.
«Мен өлең жазып, поэзия арқылы аузым аққа тиді деп айта алмаймын, бізді асыраған – журналистика», – деп, белгілі ақын Темірхан Медетбек айтқандай, Болат та түрлі басылымдардың ақпарат қазанына күмп ете түсті.
Анда-санда іздеп бара қалсаң, алды үйме-жүйме қағаз, жүгін енді ғана түсіріп, жинауға мойны жар бермеген көшпендідей жайрап отырар еді. Газеттің жұмысы өз алдына, тапсырыспен жазылған дүниелер, аударма, тоймақала, арнау өлеңдердің аз-мұз нәпақасы үшін Бөкең бейне бір тулақтың үстінде темір сабаумен жүн сабағандай қылып, бұрқыратып жататын. Адам табиғатында жылқы мінездес қой, сол бір иінімізге, жүйкемізге орасан салмақ түсірген аласапыран кездерді де ұмытып, құйрықты тігіп шыға келдік-ау!
Болаттың жайшылықтағы майлы бауырсақтай тершіген қоңырқай жүзі қара топырақтай күңгірттеніп, сұмдық қатуланып, мейірім төгіп тұратын жанары беймезгіл уақытта апанынан біреулер зорлықпен оятқан аюдың көзіндей қаһар шашқанын да көрдік. Ол 2011 жылы Жаңаөзендегі қайсар мұнайшылардың еңбекақысын талап етіп, жазықсыз атылуы кезінде болған еді. Енді ақынның осы қанды қырғынға байланысты жазылған аза жырлары топтамасының бір үзігіне назар аударайық:
…Мен не дейін? Ел қырылған күн еді,
Содан кейін шаңды боран үдеді.
Солып қалмай соға берді әйтеуір
Соры қалың қазағымның жүрегі.
Арқа сүйер Отанына сеңгірдей,
Сенген күйі інім өлді өндірдей.
Гүл-өмірін жұлып кетті жалғыз оқ,
Ақ боранда адасқан жоқ жол білмей.
Тағы бір оқ сұлатқанда досымды,
Аққан судай алқызыл қан жосылды!
Көкке қарап көк бөрідей ұлыған
Оның зары ел зарына қосылды.
Періштедей қарындасым – ол өлді,
Шын жыладым, бұл өмірден не көрді?!
Келер күннің жібітпесін білемін
Көкірекке қатып қалған шеменді.
Өліп жатты, өліп жатты… көп өлді,
Асыққандай тізбектеліп жөнелді.
Бір-ақ күнде жетімдігін сезініп,
Бір-ақ күнде ел дидары көнерді.
Бейбіт таңда елім неге зарлады?!
Қызыл мұнай… қан атқақтап парлады.
…Түніменен ұйықтатпайды бізді де,
Шейіт кеткен құрбандардың арманы.
Болаттың осы мәтбұғат (некролог) рәуіште жазылған, Жаңаөзен қырғынына арналған аза жырлар топтамасы халықтың зор қазаға душар болғанын әйгілейді.
Әлі күнге дейін Болаттың осы қасіретке малшынған өлеңдері шаңыраққа қонған байғыздай сұңқылдап, аза бойыңды қаза қылады.
Сол бір күндерде Болат, Есенғали, суретші Мәлік Қайдаров, мен – төртеуіміз Жаңаөзендегі денелерін оқ тесіп, шыбын жаны көзіне көрініп жатқандарға арнап қан тапсырғанымыз есімде.
Болат ақын сөзді төгіп-шашып босқа рәсуа қылмайды, айтар ойын жұптап, тастүйін ғып байлап тастайды. Әсіресе, кейбір құйылып түскен тіркестері «Сынаптан сымбал буып, құмнан арқан ескендей» екен дегізеді.
Арлы ақын қолына жойқын күш жиналған озбырлардан бұғып қалмай, мына мұқаддас дүниенің дал-дұлын шығармақ болған мұндарларға өзінің ақмылтық жырларын қарсы қояды.
Болат қаны шыққан Құдайшыл болмаса да, мұң арқалаған мұсылманның бірі. Оның Аллаға жалбарыну, пейіш пен тозақ, шайтан мен періште, обал мен сауап, маһура, ахлақ жайлы өлеңдері ойшылдыққа, кемелдікке бет бұрғанын байқатады.
«Қара өлең зереңінен қанып іш­кен» деп жыраулар айтқандай, оның өлеңде­рі­нен көрген-түйгені мол, байсал тартқан ақынның шебер қолтаңбасы аңғарылады.
Болаттың Түркіменстанда дүниеге келіп, балалық, жігіттік шағы сол өлкеде өткенін жоғарыда айттық қой. Соңғы кездері әсіресе, Түрікмен шекарасынан өту қиынға айналды. Ол кіндігі қалған топыраққа өлеңі арқылы көңіл құсын бір шарлатып қайтады.
Жазмыштан озмыш болмай, орындалды:
Ел көшті… қос обалы қорым қалды.
Ауыл деген – үйлердің қонған жұрты,
Бәрі де бұрынғының сағымданды.
Жел суырып шағылды, о да көшіп,
Тақырды құм басыпты, сораң өсіп,
Қаперсіз жортады екен түлкі, қарсақ,
Жоғалған жолдарменен табаны өшіп.
Иен түздей елес кезген, аңыз өріп…
Жабыққан барғандардың бәрі көріп.
Аяусыз уақыт бәрін талқандапты
(Өте алмай шекарадан арып едік!)
Жердегі жұмағым ғой, о, Құдайым,
Сағынтып сынадың ба мені дәйім!
Сорабын бір көруге сол әлемнің
Жетем деп, жете алмадым, неғы­лай­ын?!
немесе,
Ауылдың Ұран төбе айбары еді,
Көкбұлақ – сарқылмайтын қайнар еді…
Табаны туған жерді баспасын деп
Бұл тағдыр лақтырмады қайда мені!
Өлмейтін әр заманның әруағы бар,
Беткейден самсап тағы шам жағылар!..
Той жасап жатқандайын менсіз елім
Топырағын тәу етуге жан да құмар.
Тағдырым қалауымды сұрап па екен?!
(Өмірге жылап келіп… жылап кетем!)
Көкейде баяндаған шын бақытым –
Әуелі сен аман бол, жұмақ-мекен!
Иә, жетідегі жортпаш кезіңде ағаш ат мінген, тал садақ асынған, асық ойнаған тақыршақ, келіншек түскен, бәйге болған, балуан күрескен қайран туған жер, «бәрін ішің сезіп тұр ғой» дегендей, үндемей үзілдіре, сағындыра түседі.
Болашақты болжай алмасақ та, жыл өткен сайын адамзатқа төнген катаклизмдер, жойдасыз індет, қауіп-қатер үдеп келеді. Осындай алмағайып кезде көкірегіне көнектей шер байлаған арлы ақындар қалайша төсегінде тыныш ұйықтай алмақ?!
Болат ел тағдырын ойлап, ұйқы қашқанын айта келіп, былай дейді:
Ұшады жапырақ,
Ұшады,
Жел қағып әкеткен үзік ой.
Көнерген мезгілдің нышаны –
Күз ғой бұл, көңілдің күзі ғой.
Көңілдің бұл күйі ығыр ғып,
Созады мағынасыз мақамын.
Түгесіп тірлікті бүгіндік,
Мұңыма оранып жатамын…
Қашанда адамның, оның ішінде ақынның өткен жолдары сұйық, пәруай­сыз, былғаныш болмауы керек қой. Тіршілікте таза жүріп, айтарын қасқайып тұрып айта алған адамның ғана уәлі сөзіне сенуге болады. Ал Болат ақын азаматтық позициясымен де, өлеңімен де сендіре біледі. Оған ешкімнің дауы болмаса керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір