С. Борбасов: Карантиндегі қателіктер және Қытай қаупі
03.05.2020
694
11

Сайын БОРБАСОВ, профессор, саясаттану ғылымдарының докторы

Сайын Молдағалиұлынан Президент Қ.Тоқаевтың карантин уақытын 11 мамырға дейін созу туралы жасаған мәлімдемесі жайлы пікірін сұраған едік. Саясаткер пандемия кезіндегі жақсы істермен қатар, кемшіліктерді де айта кетті. Сырттай «солай болуы тиістей» көрінгенмен, елдегі жағдайдың шынайы бейнесін көзі қарақты оқырман біледі. Біз де саясаткердің жауабын соңына дейін тыңдап, ойын бөлмедік.

Атқарушы билік дайын болмады

– Коронавирус Қазақстанға оңай тимеді. Ол халықты қырып жатқан жоқ, экономикамызды әлсіретті. Америкада 200 мыңнан аса адам қайтыс болды. Ондай қайғылы жағдай халқы аз бізге қиын соғар еді. Үйде отыру аурудың алдын алуға, тарап кетпеуіне септігін тигізді. Бір ай 25 күнге созылған карантиндік режимнің уақыты жеткілікті деп ойлаймын. Президент мәлімдемесінде алдағы уақытты ойлап жатыр. Менің пікірімше, біздің атқарушы билік карантин кезінде өзін жүз пайыз халыққа қызмет жасайтындай деңгейде көрсете алған жоқ. Себебі коронавирус індетінің тарайтынын біле тұра дайындық шаралары дұрыс ойластырылмай қалды. Тіпті бастапқы кезде маскалар тапшы болды. Сондайлық олқылықты жібермеу керек еді. Дәрігерлердің қорғаныс киімдері дайын болмады. Осы себептен Алматыда індет жұқтырғандардың тең жартысы дәрігерлер мен олармен байланыс жасағандар болып отыр. Министрлер мен орынбасарлары халықтың ақшасынан үлкен жалақы алады. Шалқып өмір сүріп жатыр. Ал, енді, тым болмағанда, осындай апатты кезде өз жұмысына жауапты қарау керек қой. Ғалымдардың ғылыми жұмысының біреудікіне ұқсайтынын білсек, «плагиат, мынаны көшіріп алған» деп тас-талқанын шығарамыз. Бір сөз жазсақ, соның өзін басқаларда қайталанбауын қадағалап отырамыз. Мұның қасында әлемдік ауқымдағы апатты жағдайда атқарушы билік қалай жауапсыздыққа жол беруге болады? Ол үлкен кемшілік. Екіншіден, біздің қоғам полицейлік қоғамға айналып бара жатыр. Оппозицияның осы тұрғыдан айтатыны шындық. Карантин кезінде көшеде жүрген бірді-екілі адамды бандиттерді ұстағандай ұстап, 3-4 полицей қызметкерлері жабылып, жабайы түрде қорлық көрсетті. Мысалы, Америка секілді өркениетті елдерде осындай әрекетке барған тәртіп сақшылары қызметтен кетеді немесе сотталады. Көшеде жүрген адамды күштеп тәртіпке шақыру – ол адамның құқықтарын бұзу ғой. Бізде адамның құқықтары конституция бойынша қорғалған. Конституцияның баптарын полицейдің өзі бұзып отыр. Тағы бір ақылға сыймайтыны, бұрын әскерде қызмет етіп кеткен жігіттерді қайтадан әскерге шақырғаны. Аяқ астынан біздің қорғаныс қабілетімізді күшейтуге. Олар – күнделікті сіз бен біз сияқты жүрген азаматтар. Бірден елдің қорғаныс қабілетін қалай күшейте қалады? Сондағы мақсат – көппен қатар жүрген оппозициядағы адамдарды ұстау. Мұндай оймен оппозицияны жеңуге болмайды. Біреуіне тиіскенмен, екіншісі шығады. Еркектердің орнына әйелдер көтеріледі.
Пандемия басталғанда ұлттық қорда шамамен 23 млрд доллардай болды. Осының ең болмаса бес миллиард долларын қазақстандықтарға бөліп берсе жарар еді. Әр отбасына. Әлеуметтік көмек ретінде. Өйткені ұлттық қор қоғамға келетін қауіпті қатер кезінде, мәселен індет ауруларына, техногендік катастрофаларға, соғыс болғанда соған көмек ретінде жиналады. Ондағы қаржы үкіметтің меншігі емес, халықтың ақшасы. Ұлттық корға мұнайдан түсетін пайданың бестен бірі түссе жақсы. Бестен бірі де түспейді. Оны біздің олигархтар бөліп алып жатыр. Америка ұлттық қордың ақшасынан 2-3 мың доллардан әр тұрғынына үлестірді. Италия, Испания – шылқыған бай емес, дамыған ортаңқолды мемлекеттер. Солардың өзі ұлттық қордағы қаржыдан халыққа бөліп берді. Бізде 42500 теңгені жұмыстан шығып қалған адамдарға бергені дұрыс енді. Бірақ сол әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың бәрін қамтыды ма? Зейнеткерлер жәрдемақысына 6-7 мыңнан қосылды. Алайда бағаның шарықтауына қарағанда ол түк емес. 600-800 теңгенің лимоны – 3000, имбирьдікі 6000-7000 мың теңгеге қымбаттады. Баға шектен тыс көтерілгенде монополияға қарсы комитет өкілдері соны реттеу керек. Жәй саудагерден бастап үлкен супермаркеттердің өзінде лимонды 3000 теңгеге сатуға жол берілді. Яғни, біздің үлкен олигархтардың бәрі халықтың қиналған кезін пайдаланды. Саудагерлер де ұяттан кетті. Бағаны реттейтін органдар саудагерлерге тиым салуға болар еді. Олар пара алды да, әлгілердің үлкен пайда табуына мүмкіндік берді. Басқаша ой тумайды.

Атымтай жомарттар шықты ма?

Халыққа риза болдым. Мысалы, біздің шағын ауданда КСК мамандары арқылы қиын жағдайға түскен отбасыларға өз еркімен бірқатар ауылдастар ақша жинап, азық-түлігін апарып берді. Көптеген бизнесмендер ешкімге айтпай-ақ өздері көмектесті. «Өзім тоқ отырып, көршім аш болса, менің тойғанымнан не пайда?» дейтін адамдардың көптігіне қуандым. Қанша адамдар мешіттен келіп көмек алды. Осындайда біздің халықтың адамгершілігін жоғалтпағанына разы боласың. Оған да тәубе. Бірге екеніміз көрінді. Ал енді билік осыны істей алды ма?! Олигархтардың ішінде «Қазмұнайгаздың» төрағасы Тимур Құлыбаевтың 3 млрд доллары бар. Соның 500 миллионын халқыма берейін деген ой шыққан жоқ. Қытайдың бір миллиардері, атын ұмытып тұрмын, 1 млрд долларын алдында берді. Одан кейін 500 млн тағы бөлді. Сонда 1,5 млрд доллар, яғни бір қытайға бір доллардан көмек жасады. Біздің бір миллиардер шығып «18 млн доллар бөлемін, әр қазақстандыққа бір доллардан» деген сөз шыққан жоқ. Шіркін, мен соны күтіп едім. Аштан өліп жатқан адамды көрген жоқпын. Бірақ қазір қолымыз бос, әлеуметтік желіні жиі қараймыз. Сонда шырылдаған аналарды көресің. «Төрт балам бар, соларға тамақ керек, ашықтық» дегенде жанымыз шығып кете жаздайды. Мұндай тыныш заманда көп балалы аналарды қиналту, әйелдерді жылату – мемлекеттің үлкен кемшілігі. Президенттің мақаласында да бір де-бір қазақстандық көмексіз қалмайды дейді. Ал, енді, аналар неге көмексіз қалып отыр? Жүздеген, ондаған мың қазақстандық көмексіз қалды. Зейнетақы аударымы болмағандардың көпшілігі 42 мыңды ала алмайды. Түрлі құжаттары сай келмейді.
Коронавируспен 2800-3000 адамдай ауырды деп жатыр. Соның 67 пайызы ауырмаған болып шықты. Індетпен күресуде дәрігерлердің де дайындығы төмен болды. Бұл – медицина академиясындағы білім жүйесіндегі кемшілік. Біздегі медицина академиясының ректорлары, оқу бөлімінің басшылары сол әлемдік індет аурулары апатты жағдайдың қатарында болғаннан кейін онымен күресу жолдарымен дәрігерлерді таныстыруы тиіс еді. Билік оқу процесіне араласпайды. Індет ауруларын алдын-ала болжау керек. Жаһандық қауіп-қатерге экология, терроризм, табиғат апаттары мен індет аурулары жатады. Осының бәріне арнайы мамандар бөлініп, барлық жағдайға дайын жүрулері керек. Бұл жалпы біздің стратегиялық жоспарлаудағы үлкен кемшіліктер. (Осыны міндетті түрде жазшы.)
Лаңкестікке қарсы күресте біраз шаруалар жасалынды. Бір жылдары диссертантыма терроризмге қарсы күреске байланысты «Қазақстандағы антитеррористік саясаттың қалыптасуы» деген тақырып бергенмін. Сонда Бұқаралық ақпарат өкілдері «Қазақстанда лаңкестік болған жоқ, болмайды. Неге диссертация жазып жатырсыңдар?» деді. Бұл әлемдік қауіпте бар екенін БАҚ-қа дәлелдеп, диссертантымды әрең қорғатқанмын. Арада бес айдан соң Алматыда, Ақтөбеде террористік актілер көрініс тапты. Біз соның алдын-ала болатынын білдік. Ал енді осындай алдын алу шаралары болмағаннан кейін індет ауруына қарсы күресу керек. Біздің билік бейқам болды. Өткенде бір маман айтыпты: «Пандемияға бір де-бір мемлекет дайын болмай шықты» деп. Бос сөз. Көптеген мемлекеттер дайын болды. Не істейтінін білді. Мысалы, Қытайдың өзі де дайын болды.

Қауіп Қытайдан келеді

Қытаймен қоян-қолтық араласуға біздің билік өте бір ниетті. Бұл мемлекет түрлі былық-шылықтың, сұрқиялылықтың отаны. Кезінде Кеңес өкіметін «Зұлымдық империясы» деді. Қазір Қытай зұлымдық империясына айналып келе жатыр. Қытаймен жоғарыдағыдай араласуға шек қоймасақ, үлкен бір катастрофаға ұшыраймыз. Олар бізді әскерімен келіп басып алмай-ақ қойсын. Бірақ жарға жығатын астыртын саясатты ойлап, жоспарлап қойды. Қытайдың империялық саясатын, қытай фашизімін, табиғатын әшкерелеп жүрген азамат Серікжан Біләшты мемлекет деңгейінде қолдау қажет. Қазір керісінше оны соттап, артық нәрсе айтқызбауға тырысуда. Оның қарсыластары – қытай саясатын қолдап отырған қазақтар. Оларға Қытай билігі осы әрекеттері үшін сый-сыяпат берген шығар. Ондай ниеттілерді тиып, қоғамнан алыстатпасақ, Қазақстанның тәуелсіздігіне үлкен қауіп төндіреміз. Қытайдың іс-әрекетін жақтайтын осындай азаматтар Қазақстанда бесінші колоннаға айналып кетті. Меніңше, бізге Ресейден көп қауіп төнбейді. Біріншіден, Қазақстанды жаулап алатындай орыстарда үлкен демографиялық қуат жоқ. Екіншіден, екі ел етене араласып, достасып кеттік. Ресейдің орыстары бізге қазіргі қытайлар істейтін әрекетті жасамайды. Бұрын істеген шығар. Олар бізден жаулық келмейтінін, дұрыс халық екенімізді, екінші сортты адам емес екенімізді біледі. Ал қытайдың коммунистері де, былайғы халқының көп бөлігі де шовинистік ойға ұйыған, сондай идеологияға әбден берілген. Кезінде неміс фашистері қалай әлемге билік жүргізгісі келді. Қытайлар бүгінде әлемге сондай «билік жүргіземіз» деген жымысқы саясатты күн тәртібіне қойып, ақырындап атқара бастады.
Олар қазір Африканың көптеген елдерін толық экономикалық тәуелділікте ұстап отыр. Орта Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанды өзіне бағынышты вассал жерлерге айналдырмақ. Ал енді Шығыс Түркістан мен Шыңжаң Ұйғыр аймағын XVIII ғасырдың аяғында толық иемденіп, өзінің территориясын 12 пайызға кеңейтіп алды. Шығыс Түркістан – түркі халықтарының тарихи отаны болған. Осы тарихи оқиғаны зерттеп, кітап жаздым. Архивтегі құжаттардан Шығыс Түркістанда қызмет еткен орыстың Игнаров сынды ғалымдарының Берияға, Молотовқа жазған баяндамаларын оқыдым. Шығыс Түркістанды қазір Қытайдың жері емес деп айта алмайсың. Қазақтарды бездіртіп жіберді, ұйғырлардың тең жартысын түрмеге жауып, жартысын қырып тастады. Біразы Қазақстанға қашты. Жергілікті қырғыз, өзбектерді мүлде басып тастады. Ал, енді, осындай жағдайда Шығыс Түркістанға істегенін, олар ақырындап Қазақстанға да істемек. Шығыс Түркістанның алдында үлкен Жоңғария мемлекеті болды. Территориясы қазіргі Қазақстанның жерімен теңдей еді. Діні басқа болғанмен, өмір салты, экономикасы қазаққа ұқсас еді. Бүкіл Жоңғарияны 1764 жылы толық жойды. Жердің бәрі Қытайдың қарамағына көшті. Жоңғарияның соңғы нояны Әмірсана біздің Абылай ханға келіп пана сұрап аман қалды. Одан Ресейге кетіп, сонда қайтыс болды. Біраз аз халық Еділдің бойында қалды. Қазір ойрат деген ел, жоңғар деген мемлекеттің болғанын біздің тарихшылар ғана біледі. Ал қытайдың бір де-бір әдебиетінде «Жоңғарияның жерін біз басып алып, халқын қырдық» деген сөз жоқ. Батыстағы демократтары болмаса, қытай тарихшыларының өздері мұны біле тұра айтқысы келмейді. Қытай деген үлкен халық қой. Бүкіл халыққа топырақ шашпаймыз. Бірақ қытай элитасы осындай сұрқия саясат жүргізіп отыр.
Қытаймен, жарайды, сауда қарым қатынастарын жасайық. Мамандарын тарту, қарапайым жұмысшыларын әкелу, қытай тілін оқыту бір жағы керек болғанмен, ол жағдай көбейіп кетсе, түбі жақсы болмас. Бұл Қытайдың жібек маталарына қызыққан біздің элитаның сұрқия саясаты.
Қытайға иек арта беретін болсақ, коронавирустан кейін ертең тағы да бір вирус шығады. Одан кейін экономикалық вируска кірігеміз. Түбі, ыдырап кетуіміз мүмкін.

Негізгі валюта – ет пен ұнда

Қытайға «тәуелділігіміз» ауыл шаруашылығын құлатып алуымызға байланысты болды. Бізде болашағы жоқ ауылдар мен қалалар жайлы түрлі әңгіме шықты. Осыған тәуелсіздік алған күннен бастап қарсы шығып келемін. «Бір де-бір ауылдың болашағы жоқ» деп айтуға болмайды. Қазіргі пандемиядан сабақ алмасақ, онда біз ауыл шаруашылығын дамытпаймыз. «Арпа, бидай – ас екен, алтын, күміс – тас екен» деген мақалдың шындығын осы жағдай көрсетті. Бүкіл әлемге індет, соғыс, қиыншылық кезінде азық-түлік керек. Оны өндіретін колхоз, совхоздың бәрін құлдыратып, үлкен ауыл шаруашылығы саласының тас-талқанын шығардық. Енді барып қайыршылық жағдайға келіп отырмыз. Мұнай мен газ бар, әрине. Бірақ қазір валютаны ұлғайтатын – ет және макарон өнімдері. Ауыл шаруашылығын өндірсек, жеңіл өнеркәсіп дамиды. Биліктің агроөнеркәсіп кешенін құлатуы үлкен стратегиялық қателік болды. Қазіргі агроөнеркәсіп кешені өндіретін өнім он пайызға жетпейді. Кеңес өкіметі кезінде елдегі байлықтың 40 пайызын ауыл шаруашылығы беретін. Осы саланы жеке фермерлердің қолына ұстатқалы бүлінді. Егістік жерлерін қайтадан реттеп, басқа тың реформалар жасап, ауыл өнеркәсібін қалпына келтірмей бізде жарқын болашақ жоқ. Мұнай мен газ ертең таусылады, сонда қайда қарап қаламыз. Әрбір үлкен ауылдарда ондаған теплицалар салынуы тиіс. Сонда еліміз байып, ұлтымыздың бағы ашылады. Ауылда халық көп болса, біздің демографиялық ахуалымыз да жоғарылайды. Кезінде ауылда тұрып ата-анамыз оншақты бала тапты ғой. Өз анам тоғыз, енем он екі құрсақ көтерген. Ал қазір ауылдың өзіндегі отбасыларда екі-үш баладан ғана бар. Өйткені жағдай жоқ. Алдында қора толы қойы бар трактористің жағдайы жақсы болса, кемі бес-алты баланы жеткізеді. Кезінде қандай көркем ауылдар еді, қазір бос қаңырап жатыр. Былтыр елге барып қайттым. Сегіз жылдық мектеп бар еді, ол жабылып қалған. Медпункт жабылып қалған. Жиырма шақты үй қалыпты. Аграрлық саясат жасаймыз деген бағдарламалар сөзде бар, істе жоқ.

Билік біздің ғалымдарды тыңдамайды

Осы пандемия кезінде несиесі барлардың екі ай бойына банк ақшасын төлеп, көмектескендей көрінді. Бірақ кредит төлеу мерзімін созғаны үшін артығымен тағы ақша ұстайтынын халықтың бірі білсе, бірі білмеді. Оны жалпы үлкен сомаға шашып жібере салады. Банк жүйесі олигархтардың қолында. Қазіргідей ауыр жағдайда, ең болмаса, мемлекет осыны қадағалап, талап ету керек қой. Қанша рет банктерді құтқарып, ұлттық қордағы халықтың ақшасын соларға салды. Банктер паразитке, анығы халықты тонаушы факторларға айналып бара жатыр. Егер де мемлекет халыққа бетбұрыс жасамаса, мемлекетте болашақ жоқ. Билікті айтамын. Әлеуметтік мемлекет құру үшін құқықтық, демократиялық принциптер бірінші кезекке шығу керек. Өкінішке қарай, біздің билік қазақстандық сарапшылардан гөрі Батыстың сарапшыларын тыңдайды. Тәуелсіздіктің басында Семейде он екі ғалым Президентке хат жаздық. «Колхоз, совхоздарды сақтайық, жекеменшікке бөлмейік. Жердің бәрі мемлекет меншігінде қалсын, мұнай өңдіретін зауыттар салайық мүмкіндік барда. Үш мұнай өңдіретін зауыт аз. Шикі мұнайды емес, бензинді сатайық, ол мұнайдан он есе қымбат» деген сарында. Сонда бізді облыс әкімі Ғалымжан Жақиянов шақырып: «Сендер Президентке неге мұндай хат жазасыңдар?» – деп сілкініп, кафедра меңгерушілігінен бәрімізді алып тастады. Онысы заңсыз екен, сотқа беріп, қайтадан қызметке келдік. Ғалымдардың айтқанын тыңдағанда біздің қоғам әлдеқайда үлкен жетістікке жетер еді. «Ауылдағы молданың аузы сасық» деген осы. Олардың ойларынша, біздің ғалымдар түкке жарамайды. Батысты тыңдайды. Батыстағы билік жүйесі басқа ғой. Шығыстағы да. Өзіміздің ғалымдар қанша дұрыс рекомендация берді. Билік соны орындаған жоқ. «Сендер нарықтық қатынастарды білмейсіңдер» дейді. Бүкіл әлемде қазір азық-түлік бірінші кезекте. Болашақта тіпті қымбаттайды. Сондықтан біз «мұнай, газды сатудан бұрын азық-түлік сататын елге айналайық» дедік. Жалпы, мәлімдеменің халыққа тиімді болған жақсы тұстары көп. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз басыма ұнайды. Аса төске шауып, басқа өрлеп отырған азамат емес. Сабырлы, егер де, шын мәнінде, өзі еркін, толыққанды саясат жүргізсе, Қазақстанды көтеріп әкетуі әбден мүмкін. Кеттім деген адам кетуі керек қой. Билікке қосамжарланбай…

Жазып алған Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ

ПІКІРЛЕР11
Аноним 03.05.2020 | 23:09

Тамаша макала. Ауызша айтылған болуы мүмкін. Бірақ, көп нәрсени камтыпты. Өте-моте кытай каупи туралы жаксы айткан. Осы жолы биліктің жиберген кателери жайында да жаксы токталыпты. Маска таппай калдык кой алғашқы кезде.

Аноним 04.05.2020 | 09:50

Тушынып окитын дуние екен.

Аноним 05.05.2020 | 07:51

Қазақ әдебиеті де саясатқа араласатын болғаны ма?

Аноним 05.05.2020 | 10:53

Алла разы болсын аман болыңыз

Аноним 05.05.2020 | 16:35

Сайын ағайдың мақалаларын бұрыннан газет-журналдардан оқып жүремін. Журнал дегенде: «Ақиқат».
Ғалымның ойлары терең, тілі жатық. Терең теориялық мәселелердің өзін мейлінше ұғынықты етіп жаза біледі.
Бұл пікірі қашанғыдай көңілден шықты.

Аноним 05.05.2020 | 23:22

Толықтай қосыламын. қытайдың сұқия саясатына құрық бойламайды. Ауыл тұнвп тұрған берекенің көзі ғой. Амал қанша бәрі кері кетті

Аноним 05.05.2020 | 23:23

Әдебиет саясат өмір тіршіліктің бәрін қамтитын сала ғой түсінгенге

Аноним 06.05.2020 | 11:17

осыны тыңдайтын құлақ болса болар еді .нұрбилік тұрғанда бәрі құр сөз.

Аноним 06.05.2020 | 21:51

5

Аноним 07.05.2020 | 15:33

Өте ұнады. Билік басында осындай білімді ғалымдарда отыру керек.

Аноним 08.05.2020 | 05:43

Ауыл шаруашылыкты дамыту керек бизге казир кереги осы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір