ӨМІРІМНІҢ ИЕСІНЕН ҚАЙМЫҚПАЙ, ӨЛЕҢІМНІҢ КИЕСІНЕН ҚОРЫҚТЫМ!
30.10.2015
1222
0

IMG_5967-Табиғат АБАИЛДАЕВ

 

2 хат

(Смс.-ке сыймаған шумақтар)

Сен жүрген жолдың бәрі,

Сезімге тәуелді ме?

Тіл қатшы, Мұңның Жары –

Сезбеппін әуелгіде.

Көзіңнен сыр аңдығам,

Көзіңде түнеп қалып,

Сөзімде жыр қалғыған,

(Шегіндім, тілеп барып).

(Назымның назы ерек,

Шайырдың өртер ішін.

Бір ақын жазып әлек,

Жазылмас ертегісін).

Қасымнан табыл еркем,

Сендікпін сенемісің?

Мен саған барам ертең,

Сен маған келемісің?

(Өтінем, келе салшы,

Мен емес, өлең үшін).

Есімде еді

Есімде еді, есіңде еді,

Бізбен бірге талдардың шешінгені.

Қимылымды құп алып, қарсы болмай,

Кінәлі ғып тастадың сосын мені.

Есіңде еді, есімде еді,

Тұсауыңның әп-сәтте кесілгені.

Өміріңді бір күнде тәрк етіп,

Талап еттің тағы да сосын нені?

Есімде еді, есіңде еді,

Іңірде емес, кәдімгі бесінде еді.

Мен емеспін, алдымен сен қаладың,

Сол үшін де күнім-ау кешір мені.

Есімде еді, есіңде еді,

Күңіренген жиектің тосын демі.

Ашық аспан астында… болды бәрі,

Есімде еді, есіңде еді…

Кұлы болып күдіктің,

Мен бәрін ұмыттым,

Сен де ұмыт!

5 хат

Жақындау қиын саған,

Құсадан өлер ішім.

Өзіме тиым салам,

Сен соған сенемісің?

Шағылмас тауым анық,

Келмейді күйіп кеткім.

Жанардың жауын алып,

Жүрекке сыйып кеттің.

Байланып тіл де мына,

Қарысты қарыс жағым.

Арта алмай гүлге кінә,

Өзімнен алыстадым.

Сұрықсыз Түн Түріне,

Рең берші, баршы күліп.

Әрбір тал кірпігіңе,

Байлансын бар сұлулық.

Сүйрелеп түзге уақыт,

Жолымды қиюда ма?

Бұйырған бізге бақыт,

Сыртыңнан сүю ғана.

Төзіммен шыдай көніп,

Сезімді сыйлай білдім.

Өзгені былай қойып,

Өзіме қимай жүрмін!

6 хат

Күдігім күнде ояу,

Неліктен үміт – керең.

Тағы да мүлде баяу,

Сен жаққа жүріп келем.

Ешкім де түсінбеген,

Көзімнің ішінде әлем.

Өлмеген, кішірмеген,

Сөзімнен ұшуда өлең.

Сыймастай жер бетіне,

Таусылып тұр шыдамым…

Ботадай келбетіңе,

Қарауға қымсынамын.

«Сөз айтып жатыр едің,

Тәңірім жұптасын ба?

Түнгісін батыр едің,

Телефон тұтқасында…».

Жауабым дайын бұған,

Сауалсыз қалатындай,

Мен сені уайым қылам,

Жоғалтып алатындай.

Қаймығам… неге қалқам?

«Иең» боп алуға да

және де неге қорқам,

Қасыңда қалуға да…

Сағыныш хаттарысың,

Сарғайсын жұрттағы ән…

Өзіңді сақтау үшін,

Өзімді сырт қалдырам.

7 хат

Сен, я сенбе, күнім менің сөзіме,

Сенің көзің жүрегімді түйреген.

Ғашық болу арқылы мен өзіңе,

…Өмір сүріп үйренем…

Сенсем-дағы сарсаңы мол сөздерге,

Өз-өзіме бүгін доспын, бөтенмін.

Өліп-өшіп сүйдім деген кездерде,

…сүймеген де екенмін…

Үміттерім күдігіме арбалған,

Сетінеген сезімімді жерле сен.

Мен жалғыз боп өте салам жалғаннан,

…Сен келісім бермесең…

11 хат

Жазаңды бер, қаза болған ей, күнім,

Сенің – шаттық, менің – қайғы «жейтінім».

Сенің кінәң – көктен құлайтындығың,

Менің кінәм – лажсыз күлімдейтінім!

Азабым бол, ажалы мол өмірім,

Енді мені жеңе алмайды өлімің.

Күннен, Гүлден шаршап біткен өзімді,

Түнге тағы тарта берді көңілім…

Мазамды алшы, Аза тұнған ей, түнім,

Шайырыңның көзі – күлкі ал, кейпі мұң.

Менің кінәм – жырмен мүсіндейтінім,

Сенің кінәң – жырды түсінбейтінің!

СҮЙЕТІНІ БЕЙМӘЛІМ КІМНІҢ МЕНІ…

Гүл-ерінге құрбан қып мұң-шеруді,

Түнеруде (ұға ма түн шерімді).

Біреулерге шайырдың паңдығы ұнар,

(Ал біреуге шайырдың бүрсеңі үлгі).

Қабағымда атой сап күннің реңі,

Тамағымда естелік түннің зері.

Қалайтыны беймәлім кімнің нені,

Сүйетіні беймәлім кімнің мені…

Жүргенімен жүгендеп, тұсап бәрі,

Зәру менің жүрегім құшаққа әлі.

Төзімімді бір сұлу пышақтады,

Сезімімді бір сұлу құшақтады.

Жүрегіме Жан емес жарылыс тең,

Жарылыста Түнде де жарық үстем.

Көз алдымда жүрерсің сағынбай-ақ,

Көз алдыңнан кетермін сағынышпен!

Өзіңді іздеп барам

Бұлқынған бұлақтардан,

Сыңсыған жел үнінен.

Арманнан жылап қалған,

Жастықтың желігінен.

Будақ бұлт жанарынан,

Шырақ күн жүрегінен.

Сәттерден сан арыған,

Сәттерден түн еріген.

Уақыттан жылжып аққан,

Бақыттан баяу жүрген.

Кездерден түн жылатқан,

Минуттан аяу білген.

Айналған жер шарынан,

Лайланған күдіктерден.

Өткен шақ шер-зарынан,

Үкілі үміттерден.

Ең ұлы біз деулерден,

Сезімді күз деп қалам.

Өзім боп түздегі өлең,

Өзіңді іздеп барам!

ПЕРІШТЕ ҚЫЗ!

Жүрегімде жүзіңнің табы қалған,

Жанарымнан жылжыды ағып арман.

Сені сүйіп құтқарғым келді өзімді,

Асқақ тұру үшін де жабылардан.

Жаралады, жан біткен түсінбеді,

Барлығы паң, ешқайсы кішірмеді.

Періште қыз, перідей арбап ал да,

Күндей күліп, сабама түсір мені…

Періште қыз, кешеге жүгінбедік,

Жүрегіме бекіші бүгін келіп.

Сен қуантшы, жазылар жырым болып,

Мен жатайын жолыңда гүлің болып…

Дайын уайым – ойымды меңдеген күз,

Меңдеген күз, дертіңнен емделерміз.

Періште боп қасымда жүред ылғи,

Пенде болып өмірге келмеген қыз.

ПЕРІШТЕ ҚЫЗ!

ӨЛЕҢІМНІҢ КИЕСІНЕН ҚОРЫҚТЫМ

Алагеуім шақтан қашса еріп-түн,

Сезімдердің шеруінен шер ұқтым!

Өміріме нүкте қойшы, қанеки,

Көңіліме құлап кеткен көріктім!

Іңір қақса маңдайынан сәрінің,

Кіл күнгейге серік болар кәрі-мұң.

Жұлдыздардың жанарынан гүл жинап,

Үр қыздардың күнәсіне «жарыдым».

Түн иеме тұсалып қап ойыным,

Талай мәрте соқтым түннің сойылын.

Енді өзімді ұстап берсем өзгеге,

Енді өзімнен күте алмаймын қайырым!

Қорғансызды қорғайтындай қорық-түн,

Ойынымнан бақыт емес, сор ұттым.

Өмірімнің иесінен қаймықпай,

Өлеңімнің киесінен қорықтым!

ГРЕГОРИЙ ЛЕМАРШАЛ

РУХЫМЕН СЫРЛАСУ

Жібіңді ей, жалған есіп көремін,

Жығыла берсем де жарға кеп…

Өмірдің лайын кешіп келемін,

…Тазарар күні бар ма деп…

Грегорий сен де алып боп келдің,

Ғаріп боп жаның көмілген.

Грегорий ал мен анық боп келдім,

(Жарық боп өтем өмірден)…

Күлкілі ғасыр тез көшкенінше,

…кез жеткенінше білме, сен…

Өзіңмен кейін кездескенімше,

Даусыңмен ғана тілдесем…

Тым жарық таңға жетсем де бекем,

Жаным әніңмен күбірлесетін.

Сен кеткен жаққа кетсем бе екен,

Адамдар ғана ғұмыр кешетін.

Өлеңімнің жолдарынан

Қайта жанды өшіргенім,

Қате болды кешіргенім.

Өлеңімде түпнұсқамын,

Өмірімде көшірмемін.

Арбағандай өзге сенім,

Толып қалды көзге шерім.

Ертеңімнен түк таба алмай,

Ертегіммен кездесемін…

Ей, ертегім, ойымды ап кел,

Сен де ақынды мойындап көр.

Сызылмаған өлеңдерім,

Жазылмаған қойын дәптер.

Кеткен күндер кетті дедім,

Ерткен күндер ертті дедім,

Қойын дәптер табар ма екен,

Бойымдағы дертті менің.

Сөйлей қалсам сөзім бөтен,

Сәттер ғайып төзімге тең.

Айлар бойы айыға алмай,

Өз дертіммен өзім кетем.

Тағдырымның тоңдары нән.

Қайырым жоқ қорғанынан.

Бір кешірім күтіп келем,

Өлеңімнің жолдарынан.

Ол мені сүйеді бәрібір

Жалындап тұрып-ақ жанары,

Булығып, ішінен жылайды.

Алмадай домалақ анары,

Әлі де ұнайды, ұнайды.

Мақтадай мап-мамық еріні,

Дәмі – бал, сүйгенде еріген…

Ол бүгін бір үйдің келіні,

Біреуді бағына теліген.

Талдырмаш, шыбықтай белінен,

Ең алғаш мен бейбақ құшқанмын.

«Сүйемін» деп айтып «сені мен!»

Ал бүгін «ойыннан» тыс қалдым.

Уақыт не деген ақымақ?

Ол қыздың әлі де жаны – гүл.

Өзгенің қойнында жатып-ақ,

Ол мені сүйеді бәрібір!

Екеуміздің демімізге тұншығып

Антарктида.

Көз ұшында көлбеңдейді алып мұз,

Түз желіне тоңбай біз-ақ қалыппыз.

Мұз үстінде еркелесіп, өбісіп,

Оқшауланып, құшақтасып алыппыз.

Антарктида.

Бес-ақ құрлық, бес-ақ түрлі кеңістік,

Алтыншысын мекен еттік, өбістік.

Тек мұзбенен құрсауланған бұл құрлық,

Тек біз үшін қапырық түз, ең ыстық!

Антарктида –

Бұл ғаламат Табиғаттың көрігі,

Оны келіп сүймесе де Африканың еріні.

Екеуміздің демімізге тұншығып,

Алып мұздың бір бөлігі еріді.

ТАРАЗ.

ПІКІР ҚОСУ