Дәулетжан МАХМҰТ. Сенбеймін
27.04.2020
1829
2

(Әңгіме)

Дәулетжан Махмұт

Астымда машиналар ерсілі-қарсылы өтіп жатты, құлағыма ешбір дыбыс естілер емес, жол үсті өткелінің жақтауында асылып тұрғаныма көп болды.  Құлағым шыңылдап бітіп, көзім көлегейленіп қалғандай. Иығымнан біреу қағып:

 – Не істеп тұрсың, секіргелі тұрған жоқсың ба? – деп күлді.

Бұрылып қарасам, Жалғас екен, есімді жинап алдым, жаурап қалыппын, оған суық жымидым. Сәл үнсіздік, Жалғас та төменде жүйткіген машина ағынына көз салып тұр. Арқамыздан кешкі ызғарлы самал баяу есіп, қала шуылымен бірге ызыңдап қояды. Жалғас:

 – Тау,  күз, зәулім үйлер, өзендей ағылған машина шырақтары тізіп қойған меруерттей жылтылдайды, күннің кешкі шапағы, осы көрініс ұнайды маған… Айды қарашы, – деп маған бір, таудан асып қылтип тұрған жарты айға бір қарады. Жаурап қалған денем жылымаса да басымды изедім.

 – Кеттік, не тұрыс, – деп Жалғас жүріп кетті, мен сәл кідіріп соңынан ілестім. Үнсіздік. Баспалдақпен төмен түсіп келеміз, мен Жалғастан оншақты баспалдақ артта келе жатып, оның басбармағымен саусақтарының ұшын шұқылап санағандай боп кетіп бара жатқанын байқап қалдым. Ол төменге түсіп мені күтіп тұрды, мен қасына жеткенде:

– Қалай жағдайың? – деп сұрады. Екеуміз кетіп барамыз.

     – Жақсы.

     – Қайда тұрып жүрсің?

     – Ұзынағашта.

– Қалаға алыс иә.

     – Не істеймін? Өз үйімнен қашып қайда барамын?!

Екеуміз қазақфильмнің қақпасынан кіріп бара жатқанда анадайдан тұлғасы таныс, түрі таныс емес, шашын қобырата бұйралатқан, үстіне грек аңызындағы кейпкерлердің киімін киініп, өз кейіпкерлеріне ыңғайлап боянған қыз келе жатты, Жалғас екеуіміз де толық тани алмадық. Жанымыздан өте шықты.

 – Нұргүл ғой мынау, – деп күлді Жалғас.

 – Сол ғой.

 – Бүгін қандай мереке еді?

 – Білмеймін. Сценарийшілер де әртіс боп кетті ғой қазір….

 – Фильмге түсіп жүрген шығар?!

– Фильміңді өткіздің бе?

– Бүгін өткіздім.

– Иә, не дейді?

– Асқар ағаға ғана ұнады, көрсетілімнен соң дәлізде кездесіп қалдық, қолымды алып құттықтады.

– Сенің фильмің маған да ұнады, – деді Жалғас иығымнан қағып. Үнсіздік. Екеуміз тас төселген жолмен келе жатырмыз, жолдың екі жағын ұзын өскен қарағайлар мен қайыңдар көмкерген, жолға төгілген қайыңның жапырақтарын кешіп барамыз. Жалғас тағы да  басбармағымен саусақтарының басын шұқылап санағандай болды.

– Жалғас, мен үйіме кетейін, – дедім, екеуміз де тоқтадық. Ол бажырая қарап:

– Кеш болып кетті ғой, көрмей тұрсың ба?

– Кетуім керем…

– Жоқ, кетпе…..

Үнсіздік, Жалғас жерге қарап, шашылып жатқан жапырақтарды аяғымен сырып:

– Сені көріп қуанып қалсам, кетемінің не?!

– Шаршап жүрмін, екі-үш күн үйде жатсам ба деп едім.

Үнсіздік, Жалғас маған қарап сәл тұрды да:

– Жалғыздықтан шаршап кеттім.

– Үйленіп алсаңшы енді.

– Менің айтайын дегенім бұл емес, ешкімге тіс жармайсың ба?

– Жоқ.

– Мені сұмдық бір үрей басып алды.

– Қандай үрей ол?

– Басқа бір әлемге кетіп қалып жүрмін, – деп күлді Жалғас.

– Қорқынышты түстер көріп жүрсің бе?

– Түс деп айтуға болмайтын шығар, – деп Жалғас қалтасынан темекісін алып тұтатты. Бетіне қарап қалыппын, ол болса темекі түтінін аспанға үрлеп бұрқырата бастады:

 – Кешегі күн мен үшін ауыр болды, сол сезімнен әлі шыға алмай тұрмын, – деді. Жан-жағына, жердегі жапырақтарға, ағаш басына қарап көз тоқтатар бірдеңе іздегендей болды. Ағаш арасынан сығалап тұрған шыраққа қарап үнсіз тұрып қалды. Сәлден соң жүріп кетті, артынан ілестім. Жолдан шықты да ағаш арасын аралап кетті. Жапырақтарды сусылдатып кешіп келеміз, көше шырағынан алыстаған сайын қараңғылық қоюлана түскендей. Жалғастың басбармағымен саусақ ұштарын шұқылап санап келе жатқаны байқалады. Үлкен теректің жанына келдік, қатарынан үлкен-үлкен үш тас жатыр, Жалғас ортаңғы тасқа отыра кетті, жанындағы тасқа мен жайғастым. Үнсіз отырмыз, Жалғас бос тұрған тасқа қарап:

–  Осыдан бір ай бұрын, үйде жатып ұйықтай алмадым, үрей қысты. Киініп алдым да осы арада арлы-берлі жүріп сенделдім, бір кезде осы таста отырып едім, көзім ілініп кетті ме өзімде білмей қалдым, айнала аппақ қар. Ағаш бұтақтары жабысқан қарды көтере алмай иіліп жерге тиіп тұрды. Осы арада, анау қайыңның түбінде ұйықтап қалыппын. Қасыма біреулер келді, ішінде Бақытгүлді танып қалдым, ол маған қарады да, жанындағыларға мен туралы бірдеңе айтты. Маңдайында мүйзі бар үш жігіт, иә… мүйізді адамдар. Олар да таныс сияқты, біреуі өзімнің бауырым, біреуі ауылдағы кластасым, біреуі… айта алмаймын, мені ұрмақшы болып келе жатыр. Менің басқа жақтан келгенімді бірден біліп қойды, «Мұрат, не болды сендерге?!» – деп бауырыма көз салдым, жаныма келгенде қарасам, үшеуі де басқа адам, танымаймын… – деп Жалғас ойға батып отырып қалды.

– Олар кімдер, тура біз сияқты адамдар ма?

– Иә, біз сияқты, жастары біздің жастар сияқты киінген, қарттары сол біздің қариялар сияқты, қыздары да осы жер бетінде өмір сүріп жатқан қыздар секілді, бірақ олар басқа әлемде жүр. Кейде мен сол жаққа кіріп кеткенде, жәйлап соларды бақылаймын, соңдарынан білдіртпей ілесіп жүрем. Олар көшеде, бақшаларда, мейрамханада, кей кездері біздің ауылда жүргенін көрем, бәрі таныс жерлер.  Сөйтіп жүргенде көзге түсіп қаламын. Олар маған қарап, басқа жақтан келгенімді бірден байқайды. Көбінде олардың көзіне түсіп қалмауға тырысамын, біреуі мені көріп қояды, бәрі аңди бастайды, осы кезде қиындық басталады. Ол жақтан шығып кетуге тура келеді, олай істемесең, сол жақта қалып қоясың. Аналар жібермейді ғой…

– Қалай шығып кетесің? – дедім… Жалғас қарқылдап күліп:

– Айтпаймын… Ауыр қиындықпен зорға шығамын.

– Енді ол жақта нең бар, бармай-ақ қойсаң болады ғой.

– Қызық екенсің, мен әдейі бармаймын ғой.

– Жаңағы ұрмақшы болған үш жігіт не болды, ұрды ма?

– Олар мені өлтірмекші болды… Қолдарында қылыш, балта сияқты қарулар бар екен, қашып кеттім, – деп Жалғас өз-өзінен үрейленіп отырды.

– Егер ана үш жігіт сені өлтірсе не болады?

– Сол жақта қалып қалам ғой…

– Солай болуы мүмкін бе?

– Әбден мүмкін… Түнде ұйқыдан қалдым, сенесің бе?! Үш күн болды ұйықтамадым, көзім ілініп кетсе, сол жаққа өтіп кетем бе деп қорқамын, қайтпай қалуым да мүмкін ғой. Алдын-ала сезем, ол жаққа өтіп кететінім белгілі болады, басында қызық көріп дайындалатын едім, қазір үрей үстінде жүрем. Ол жақтың адамдарын зерттеп көргім келетін, олармен сөйлесіп те көрдім, сөздерін түсіне алмадым, сөйтіп  жүріп оларды өзіме жау қылып алдым ғой деймін. Қазір мені көрсе, дереу өлтіргісі келеді, сол үшін ғой үрейдің ортасында жүргенім…  – деп Жалғас аспанға қарап ұзақ отырды. Менің де аузыма сөз түсер емес, басбармағымен саусақтарын санап отыр. Түннің мүлгіген тыныштығы, жол шырақтарының сәулесі біздің маңайды солғын сәулесіне бояп сұрландырып тұр. Бізге жақындау даңғылда жүйткіген көліктердің шуылы естіледі.

Жалғас ұзақ үнсіздікті өзі бұзды:

 – Сәулет, сен махаббат бар екеніне сенесің бе?

 – Бұрындары шүбәсіз сенетін едім, қазір ойланам…

 – Ол жақтағы адамдар махаббатқа, адамгершілікке, мейірімге қатты мұқтаж екенін білдім. Үш күн қатарынан сол жақта жүрдім ғой, қазір ойланып отырмын. Өткен түні өтіп кеттім тағы, бәрі басқаша болды, өте ауыр жағдай…. Жердің бәрін құм басқан, бір ұрттам су таппайсың, ағаштардың бәрі қураған. Шөп-қурай дегенді көрмейсің. Адамдар жербауырлап қалған, менің жан-жағымнан анталап, жербауырлап келе жатқан адамдарды көрдім. Түрлері адам айтқысыз… ешбір теңеу таппаспын, ағаштың кураған тамыры…. жоқ, терісі сүйегіне жабысқан мумияларға ұқсайды. Олар маған жақындап келеді, сансыз адамдар, кәрісі қайсы, жасы қайсы, еркегі қайсы, әйелі қайсы, айыру мүмкін емес. Жер жан-жағынан опырылып, жақындап келеді, опырылған жермен бірге адамдар да жоқ болып кетіп жатты. Бір кезде жербауырлаған адамдар арасынан сәбидің қатты шыңғырып жылаған дауысы естілді.  Әлдебіреудің құшағындағы сәбиді қолыма қалай ұстатқанын байқамай қалдым. Сәбидің түріне қарау тым қорқынышты, терісі сүйегіне жабысып, көзі шарасынан шығып кетейін деп тұр.

Шырқыраған сәбидің дауысына шыдап тұру мүмкін емес. Қорқыныштан өнебойым тітіркеніп тұрса да, бауырыма қатты қыстым. Көзімнен ағыл-тегіл жас ақты. Өмірімде бұлай мейрімімді төкпеген болармын. Қанша уақыт құшақтап тұрғанымды білмеймін, көзімді қатты жұмып алғанмын, құлағыма нәрестенің шалықтап күлген үні келді. Көзімді ашсам, сәбидің құбыжық түрі біртіндеп өзгеріп келеді екен, көзімнің жасы сел болып кетті. Бір кезде сондай әдемі әуен естілді. Көзімді ашсам, қолымдағы сәби сүп-сүйкімді, шекесі торсықтай адамның баласына айналыпты. Жан-жағыма қарасам, астаң-кестең болған жер біртіндеп қалпына келіп, көкорай шалғынды жасыл желекке айналып бара жатты. Жербауырлаған адамдар да кәдуілгі адам бейнесіне еніпті. Қарсы алдымда тұрған жас келіншекке баласын ұсындым.

Ол жақтан қалай шығып кеткенімді білмеймін, үйімде жатырмын, көзімнен аққан жас жастығымды суға шылапты, тағы да жыладым, тоқтай алмадым… – деді Жалғас көз жасын тыя алмай. Түннің жарымы болып қалыпты, сары жапырақтар жерге түсіп жатыр. Жалғас иығына құлаған жапырақты алды да ширатып айналдырып отырды. Тілім байланып, тамағыма су толып жұтына алмай қалыппын, аспанға қарадым, жарты ай төбемізде қадалып тұр…

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 30.04.2020 | 09:33

Мынауың дорақ қой. Сенбесең одан ары.

Аноним 01.05.2020 | 21:37

Не зат мынау? Адебиет деген осындай да болатын болган ба?! Бетти бастым..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір