Демалысты тиімді пайдаланып жатырсыз ба?
26.04.2020
1670
0

Бір күнде бірнеше істің ретін таба қоятын саясаттағы, өнердегі шығармашылық адамдары бір айдан аса тыныштықты қалай өткізуде? Мұның да олар үшін пайдалы жағы болды ма? Қоғамдық, мәдени салада қызмет ететін бірқатар қайраткерлерге осы сауалды қойған едік.

Алмас АЛМАТОВ, жырау, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры:
ЭПОСТЫҚ ЖЫРЛАРДЫ ДИСКІГЕ ЖАЗЫП, ЕЛГЕ ҰСЫНДЫҚ

 –  Жақында Нұр-Сұлтандағы Достық үйінен жыршылық өнерді насихаттайтын арнайы бөлім ашылған. Осы күндері үйде отырған халық көрсін деп төрт рет онлайн концерт беріп, ютуб каналына жүктедік. Яғни Маңғыстаудан, әр тараптан жыраулар он бес минуттық бағдарламада орталықтың ашылуымен құттықтап, одан соң өзінің жыр толғауларын орындайды. Кейбірі эпостық шығармалардан үзінді айтады.

Мен Астанаға 2011 жылы қоныс аударып, осы университеттің «Дәстүрлі ән» кафедрасына қызметке орналастым. Кафедра меңгерушісі – профессор  Қайрат Байбосынов. Бас қалаға өнер иелері келгелі Қарағанды облысында «Бұһарекең жырлайды» дейтін жыраулардың үлкен мектебі қалыптасты. Аудан, ауылдарда қолдау тауып, Бұһар жырау мұраларын жатқа айтатын, терме-толғаулар жазатын ақындардың басы бірігіп қалды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп, Сейіт Қасқабасов ағамыздың жетекшілігімен қазақтың батырлық жырларынан елу дастанды орындап, дискіге түсіріп елге бердік. Қазақстан бойынша елуден аса жыршы, жырау бар. Тұрмағанбет Ізтілеуов аударған Ә.Фирдоусидің  «Шаһнамасын» аға буын жыршылар мен шәкірттеріміз алпыс сегіз сағат көлемінде жырлап шықты. Бұны да дискіге жазып,  халыққа ұсындық. Ақтөбе облысы әкімшілігінің қолдауымен «Қырымның қырық батыры», «Ер Едіге»  дастандарын жинақтадық. Жақын күнде баспадан шығады.

  «Алдыма қойған мақсатым жоқ деген жерге бардың шырағын алып бар» дейтін ұранмен еңбек етудеміз. Жыраулық өнерге қызығатындар аз емес, оны көре білетін өздеріңдей жастар аз. Сіздер басқа өрнектегі тіршіліктің ыңғайында кеткенсіздер. Ал мынау жыраулық дәстүр, әншілік, күйшілік өнер  академиялық деңгейге дейін көтерілген. Қазақтың ұлттың өнері әлемдік сахналарда орындалады. Ал біз өзімізде бар нәрсені өзге жақтан іздеп жүреміз.

    Келешекте Достық үйінен Жыр орталығын ашып, халықаралық конференция, симпозиум деңгейінде іс-шараларды қолға алу ойда бар.  Моңғолдар  биыл он бірінші рет өздерінің жыршылық өнерін насихаттайтын «Жанғар зерттеуі» халықаралық симпозиумын өткізбек. Түріктер Болу қаласында Көроғлы жырының, яғни бір эпостың оныншы симпозиумын ұйымдастырады. Өзбекстанның Термез қаласында Алпамыс жырына арналған халықаралық жыр алаңы бар. Ал көрші қырғыз елінде  Манас жырының халықаралық орталығы мен симпозиум өткізетін алаңдары әлемге белгілі.

Қазақтың 550-ден аса батырлық, эпостық жыр-дастандары сақталған. Осының  бәрін зерттейтін 550 ғылым докторы мен кандидаттар керек. Бұл біздің  мойнымызда көп жұмыс бар деген сөз.

Секен ТҰРЫСБЕК, күйші:
 ТӨБЕҢДІ БҰЛТ БАСЫП ТҰРҒАН СИЯҚТЫ…

– Артының қалай боларын кім білсін, қоғамдағы қайшылықтар, ежелден келе жатқан елге қарсы ұстанымдар, адамзат баласына шабуыл жасайтын көріністер толғандырып жүр. Соның әсерімен күй жазудамын. Осы күндері Нобель сыйлығын алған түрік жазушысы Орхан Памуктың кітабын оқыдым. Қалихан Ысқақовтың «Қара орманын»  аяқтап, тіл байлығына қызықтым. Жұматай Жақыпбаевтың өлеңдерін парақтаймын. Жақсы адамдармен қатар жүрген күндерді еске алып, естелік жаза бастадым. Сонау 1985-88 жылдары Таласбек Әсемқұловпен қатар жүрдік.  Нұрғиса Тілендиев, Мәлгәждар Әубәкіров, Асқар Тоқпановпен өткен күндерімді еске алып, ойларымды жинақтап қағазға түсіремін. Кітап оқуға кірісіп не болмаса бір істі нықтап қолға алайын десең де, көңілің елдің жайына алаңдап тұрады. Ойың бір жерде емес. Төбеңді  бұлт басып тұрғандай. Карантин күндері кім де болса  бәрін серпіп тастап, жұмыс істеп жатырмын дегені бос сөз сияқты.

Дос КӨШІМ, саясаткер:
ТҮНДЕ ЖҰМЫС ІСТЕП, КҮНДІЗ ДЕМАЛАМЫН

–  Зейнетке шыққалы бері түнде жұмыс істеп, күндіз демаламын. Үйде отыру созылып кеткені болмаса, бұрынғы кестем өзгере қоймады. Таңғы 4-5-ке дейін кітап оқып, теледидар қарап, жұмыс істеймін. Содан кейін демалып түске таяу тұрамын. Қазір көбіне өздері хабарласып, «осы мәселе жөнінде ойыңызды айтсаңыз» деген БАҚ беттеріне сұхбаттар беріп, мақалалар жазудамын. Карантин кезінде неге екенін қайдам, «Бейбіт шерулер мен жиындар туралы» жаңа заң жобасы туралы құжаттың қаралуын мәжіліс депуттатары  мақұлдап жіберді. Яғни рұқсат етілмеген митингтерге жол бермеу жағы заң жобасына енгізілді. Өз еркімен жергілікті атқарушы органдарға ескертпестен әртүрлі акцияларды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың жауапкершілігі күшейтілетін болды. Амандық болса, осының халыққа қалай әсер ететінін талдап көрсететін көлемді мақала дайындау үстіндемін. Әрі Президент сайлауына бір жыл толғанына сараптама мақала жазып «Жас Алаш» газетіне бердім. Қысқасы, саяси қоғамдық жұмыстың екінші бір түріне кіріскен сияқтымын. Арасында немерелерімнің сабағына қарап қоямын.

Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, дәстүрлі әнші:
 ХАЛЫҚҚА ОНЛАЙН ЖҮЙЕДЕ КОНЦЕРТ БЕРЕМІН

 – Алғашқы он күндікте індетті жұқтырғандар екеу болды, бесеу болды, он болды деп теледидарды күнде қарайтынмын. Бір апта он күндей ештеңеге қолым бармай, отырып қалдым. Қарасам, өзім де уайымға салынып бара жатырмын. Карантиннің алғашқы апталарында Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен мәдени орталықтар онлайн түрінде концерт бере бастады.  Оны халықтың бірі түсінсе, бірі «мыналардың осындай жағдайда ән айтып жатқандары несі?» деп түсінбеді. Әлеуметтік желіде әртүрлі пікірлер жазылды. Қарапайым халықтың ішінде тұрмысы төмендері бар. Ахуалы жақсы, рухы мықты деген мен осылай күйзеліп отырғанда олардың күйі қандай болмақ? Қой, бұлай отырғаным жарамас деп, домбырамды қолға алдым. Халықтың көңілін сейілту үшін аптасына бір рет, қазір үшінші апта тікелей эфирде онлайн концерт беріп  жүрмін. Жұртым сағынып қалыпты. Әндерімді тыңдап, қуанып қолдау білдірді. Шабытым оянды. Елге бұл өнер керек екен. Ұлтымыздың басынан  қаншама ғасырдан бері небір ауыр жағдай өтсе де, әні мен  домбырасын тастамаған. Оны өзіне рухани таяныш көрді. Бірінші концертте Алтай мен Атыраудың арасына кең жайылған халық әндерін, екіншісінде Мұхит Мерәліұлы бабамыздың әндерін орындадым. Мұхиттың әндері маған ұстазым Ғарифолла Құрманғалиев арқылы жетті. Сол Ғарекеңнің әндерін шырқадым. Халық тіпті керемет қабылдады. Кешегі аптада композитор Ілия  Жақановтың әндерін айттым. Ілия ағамыздың әндері кеңінен танымал. Соңғы кездері жиі орындалмайды, эфирлерден көп берілмейді. Ағамыз 84 жасқа келді. Ол кісі сегіз қырлы бір сырлы өнер иесі.  Өзі бір «энциклопедия». Ағаны онлайнда тікелей эфирге шығарып, әндерінің шығу тарихына тоқталдық. Халыққа тілегін жеткізді. Осы аптада терме-толғауларға дайындалудамын. Қайта бұл демалыста репертуарымдағы  әндерді жүйелеп, реттеп алдым. Қашықтан концерттерді көрген жұрт «сені мұншама көп ән біледі деп ойламаппыз» дейді. Бұл қоржынымдағы әннің бестен бірі шығар, бәлкім оннан бірі. Қазақта ән көп қой. Халық композиторларыныкі, Кеңес дәуіріндегі әндер.  Кейінгі кезде шығарған қырық шақты авторлық әнім бар. Соның бәрін қайда барып айтамыз? Жекелеген ауылдарға барамыз. Концерттер береміз. Екі сағаттың ішінде әрқайсысының басын шалып, бір-біреуден ғана орындаймыз. Оны теледидар түсірмейді, жалпы халық көрмейді. Біз барған ауылдағы 300 көрермен, мықтаса 800 адам көрер. Болды сонымен қалады. Әр нәрсенің бір қайыры болады деген рас. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали ақын айтпақшы, көрсете алмай жүрген халықтың өз дүниесін ұсынып жатырмын. Астанада балаларыммен біргемін, кішкентай немерем алты айға толады. Осы Мұхитымды иіскеп, күлкісінен қуат аламын. Былтыр Еуропаны аралағанда сондағы қазақтар домбырамен ән үйренгісі келетінін айтқан. Шақырған соң барғанмын. Көп қала алмаймын. Бір жерде бір апта, екіншісінде он күн, үшіншісінде 3-4 күндей болдым. Сырттағы ағайынның домбырамен  шырқалатын әнге деген соншалықты құлшынысын, ынтасын көріп қайттым. Ол кісілер маған ән үйрететін онлайн курс ашу жайлы ұсыныс айтты. Осы демалыста домбырамен ән айтудың он сабағын видеоға түсіріп, енді техникалық тұрғыдан реттеген соң интернетке жүктейміз. Оның өзі үлкен шаруа болды. «Аманат» атты жеке өнер мектебім ашылғалы ән орындаудың он күндік әдістемелік курсын дайындағанмын.  Осы өнерге қызыққандар келеді, екі жұмада домбырада ән айтуды үйретемін.  Жеке жұмыспен айналысқан соң, мұндай үйде отырып жұмыс істеу тәсіліне  бой үйренген. Арасында концерттерге қатысып, мектебіме барып келетінім болмаса.

Былай қарасаңыз, бір ай демалуға болады. Адамдардың көпшілігі үйге де,  денсаулықтарына да қарамай «жұмыс, жұмыс» деп кетті.  Мұғалімдер мен әсіресе дәрігерлер халыққа қызмет жасап жатыр, Алла күш-қуат берсін. Қандай жағдайға түссек те икемделе білген дұрыс-ау. Қазақ бұдан да жаман күнінде тойға барған.  Мемлекет барынша жәрдем беруде. Тіпті жағдайы төмен тұрғындардың айналасында ел бар шығар деп ойлаймын. Көмек қолын созу ұлтымыздың қанында бар қасиет. Жүрегімде соншалықты қорқыныш жоқ, бұл жағдайдан да шығамыз.

Ерік ЖОЛЖАҚСЫНОВ, актер, «Астаналық цирк» МКҚМ директоры:
БИЫЛ ҚАЗАҚ ЦИРК ӨНЕРІНЕ 50 ЖЫЛ ТОЛАДЫ

 – Үйде жұмыс істегелі Абай атамның қара сөздері мен өлеңдері жинақталған екі томын оқып шықтым. Жас кезде онша мән бермейміз. Үңілсек, шынында да, жатқан өсиет. Арасында ағылшын тілін үйренудемін. 2011 жылдан бері «Астаналық цирк» мекемесін басқарамын. Жұмыс онлайн арқылы жүруде. Кейде цирк ғимаратына барып тұруға тура келді. Акробаттар, жылқы, ит, көгершін бағындырушылары бар. Цирк мамандарының көпшілігі жатақханада тұрады. Сондағы жануарларға бас-көз болады. Манежде  ойнатқанын видеоға түсіріп, көпшілікке өнерлерін интернет арқылы көрсетуде. Оны www.circus-astana.kz сайтымыздан, фейсбук, инстаграм желісіндегі  парақшаларымыздан қарай аласыздар. Алдағы 1 мамыр – Халықтар бірлігі күніне,  7 мамыр – Отан қорғаушылар, 9 мамыр –  Ұлы Жеңіс күніне арнап қойылым дайындап жатырмыз.

Биыл «Астаналық циркке» 15 жыл толады. Жағдай реттелсе мерейтойды 6 шілде қала күніне орайластырып, жылда өтетін дәстүрлі фестивальді ұйымдастырамыз. Жалпы он үшінші,  мен басшылыққа келгелі оныншы фестиваль болмақ. Оған әлемнен цирк өнерпаздары келеді. Астаналық цирк қала әкімдігінің қолдауымен әлемдік деңгейге көтерілді. Кинода үздік актерлер үшін ең жоғарғы марапат «Оскар» сыйлығы болса, цирк мамандары үшін Монте-Карлоға жету үлкен мәртебе. Монако княздығында орналасқан әлгі қалада жылда әлемдік цирк фестивалі өтеді. Біз XLII- XLIII фестиваліне қатыстық.  Монако ханшайымы Мария Стефаниядан  жылда шақырту аламыз. Қазақ циркіне 50 жыл толып отыр. Осы жылдар тарихында мен алғаш Монте-Карлодағы фестивальде қазылар алқасынының мүшесі болдым.  Италия, Венгрия, Испаниядағы фестивальдерде қазылар алқасында отырдым. Қазақ цирк өнері дүние жүзіне танылды дегенім осы. Елбасының сенімін ақтадық. Актер ретінде киноға түсуге өзімізбен қатар ресейлік режиссерлерден  шақыртулар келді. Соңғы рет «Томирис» киносына түстім. Ондағы Томиристің күйеуі Арғынның әкесі, тайпа басшысы Сапыраштың рөлін сомдадым. Жақсы түсірілген деңгейі жоғары фильм болды. Балам Арғынды актер Әділ Ахметов ойнады.

Алмат САҚАТОВ, сатирик, актер:
ҚАЗІР МИ ТАЗАЛАЙТЫН УАҚЫТ

– Бауы үлкен жер үйде тұрамын. Анда кетіп, мұнда кетіп кезінде «ертең жасаймын, арғы күні жасаймын» деген тірліктердің бәрін қопарып, жинаудамын. Бір ай болды,  күнде таңертең тұрғаннан аулада жұмыс жасаймын. Қол босаған кезде ғана телефонға қарап, кітап парақтаймыз. Дуалдың арғы жағына шықпағанымыз болмаса бұрынғы тіршілігіміз сол қалпы. Қораны жинастырып жүріп бір бұрышынан отыз жыл бұрынғы магнитафонды тауып алдық. 1989 жылы алған колонкалар, ескі қолдан жасаған заттардың әлі тұрғанын көріп «мынадай да болған екен ғой» деп таңғалдық. Мен өмірі огород екпеген адаммын. Соның егу әдісін ютубтан қарағанмен онша түсінбеймін де. Бізге келмейтін сияқты. Оның бәрі орыстың әңгімесі ғой. Сәбіздің дәні қайда сатылады екен, қауынның дәнін қайдан алуға болатынын сұрастырып, кәдімгідей кірісіп жатырмыз. Немерем дүниеге келді. Он екі күн болды. Үйде жалығатын уақыт жоқ. Оразада ауыз бекіттік.

Әзіл-сықақ әуелі мида жазылады. Ол да шығармашылық жұмыс. Соның бір-екеуін қағазға түсірдім. Біраз болды инстаграмдағы парақшама үнемі адамдарды ойландырса деген ниетпен шағын әңгімелер саламын. Жақында бір кино көрдім. Биік қабатты үйдің басынан бір жігіт секірейін деп тұрады. Анасы, достары келіп жалынғанмен, ешкімді тыңдамайды. Сол екіарада  аяғының астында құлайын деп жатса да тірі қалуға тырмысқан құмырсқаға көзі түседі. Оған өмір сүру керектігін осы бір-ақ нәрсемен Алла тағалла түсіндіреді. Мен де бір минуттық әңгімені оқыса мұңайып отырған адам күлетін шығар,  қиналған жан ойланып қалар деген үмітпен жазамын. Әзілмен ақылды қиюластырып кішігірім стиль тапқанмын. Осы әдісті ақырындап дамытып келемін. Соңғы он күнде екі-ақ рет жаздым. Әйтпесе жұмасына екі-үш, кейде  төрт рет шағын әңгімелерді салып тұрушы едім.  Ішінде Омар Хайямның ой салатын сөздері,  Қожанасырдың әзілдері, Конфуцийдың философиясы, Құраннан алынатын уағыздар бар. Әзіл болғанмен, астарында зіл жатуы тиіс. Баста ми болған соң, үйде де босқа отыруға болмайды ғой. Еріккен адамның басында қылмыс пайда болады. Өзінен-өзі не істесем екен, бүйтсем бе екен, арақ ішіп алсам ба екен деп, жалыққан соң күресуге барады. Миды қоқыспен толтыра бермей, керек нәрсемен толтырғанға не жетсін. Қазір ми тазалайтын уақыт. Көп қабатты үйде тұрғандарға оңай емес енді. Қасында баласы тынышсыз болса. Үйде отырғаннан отбасылық зорлық- зомбылық көбейді деп жатыр. Әйелдер күйеулерінің ұратынын айтуда. Біздің үйде керісінше әйелім маған «насилие» жасайды. Күні бойы көз алдында жүргенге үйренбегендікі ме, сәл демалып қалсам, «неағып отырсың, даланың жұмысын бітірсей» деп тұрады.

Гүлшат ТҰТОВА, актриса:
ТЕРМЕГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫМ ОЯНДЫ

 – Қаланың сыртындағы Қарғалы ауылында тұрамын. Жылда көктемде көшет егуге қол тимейтін. Премьера деп жүгіріп кетеміз, былтыр кино деп кеттік. Осы жолы аулама алма, шиесі бар он бес көшет отырғызып, қызанақ, қияр, құлпынай егудемін. Қайта қолым тимей жатыр. Далада тірлік істеп жүргенде ән, терме қойып қоямын. Бір қызыққаным терме болды. Екі үшеуін жаттап алдым.  Спектакльде терме айту керек болса кішкене дайынмын. Исраил Сапарбай ағамыздың «Алақаннан ұшқан аққуым» атты терменің ырғағында әні бар екенін білдім. Бұрын тек ер кісілер айтады деп ойлаппын. Терме айтатын қыз-келіншектер бар екен. Жас кезімде домбыраны жақсы тартушы едім. Қазір сол ұнаған термені үйренейін деп, домбыраны ұстасам  қол жүрмей қойды. Кезінде жаттықпай тастап кеткеніме өкініп қалдым. «Терме апа, қашан шәй ішеміз»,  – деп  кейде Нұржан әзілдейді.

Күн сайын инстаграм желісінен әріптестерімнің онлайн эфирін тыңдаймын.  Қай күні  актриса Данагүл Темірсұлтанова шықты. Абай хакімнің 175 жылдығына байланысты  «Абайдың қара сөздері» атты спектакльге дайындалудамыз. Қара сөздерін бәрімізге бөліп берген. Оны бірден түсіну қиын. Сондықтан Шәкәрімді қоса оқу керек. Кешкісін осы кітаптарды қолға аламын. Баламның сабағына да бір қарасақ, бір қарамайтын едік, оған да көңіл бөлініп жатыр. Көбіне үйдің алдын әдемілеп қоямыз да, арт жағы көрінбейтін болғасын керек емес заттарды тастай береміз. Соны да тазалап, ауладағы біткен жұмыстарға қарап арқа-басымыз жеңілдеп қалды.  

Сауалнаманы жүргізген Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір