Заһар Сұрмерген. Өміржанның «Құдайы»
24.04.2020
1267
1

Өміржан Әбдіхалық

Өміржан Әбдіхалықұлының «Құдай» деген әңгімесінде битін сығып жүрген қайыршы қазақтың тұрмысы  суреттеледі. Кейіпкер бір топ сөмкені ақтарып ештеңе таппай, ең соңында жерде жатқан елу теңгелік тиын тауып алады. Оның екінші бетіндегі Қазақстан Республиксының Гербі бейнеленген бедері көзіне оттай басылып: «О, мемлекетім менің! Халқыңды сонша зарықтырғаның қалай, а?!» деп «Бүйрек беті қозғалып, көз қиығы әжімдене зорлана жымиды». Әрине, автордың мемлекетіне наз ретінде айтпақ ойын оқырман іштей түсінуі тиіс.    

Жер-көкті ақтарып, қолға ілінетін түк таппаған байқұс қазақ, ас үйден де тіске басар дәнеңе таба алмайды. Қырық жыл бұрын «қара сұңқар» боп, қатып қалған нан қалдығын күтірлете шайнап, жүрек жалғайды.

Баян желісі оқыс екінші тақтаға ауысады. Қабырғадағы ілулі суретке арқасын беріп отырған әйелді көреміз. Ол да жетіскен кісі көрінбейді. Ауыр қайғы немесе зор қылмысқа қалған сияқты. Қолындағы кресті соңғы рет сүйгісі келіп, сүюге дәті бармайды. Содан ботадай боздап сыртқа бет алады. Кетіп бара жатқанда крестің «шынжыры» бірнәрсеге ілініп, үзіліп түсіп қалады. Оның соңын ала қайыршы қазақ шығады. Ол қалтасындағы елу теңгені ойнатып, «Айлық та кешікті-ау, әкең…» деп келе жатып, кресті көреді.  «Еңкейіп, саты шетінде жатқан кресті алды. «Алтын!». Аударып қарады. «595».

Содан қойшы «Өлмегенге өлі балық» деп, жолы болған қазакем алтынды ломбардқа апарып, бес мың алты жүз теңге ақша алып, (бір тиыны кем емес!) қуанышын телефон арқылы әйелімен бөліседі. Күйеуінің алтын кресті ломбардқа өткізгеніне: «- Оны неге сатасың. Тапсырып қоймадың ба. Айлық түскенде алып, ақшадан қысылғанда тапсырып тұратын едік. Онсыз да бар алтыным ломбардта жатыр. Жарайды, неде болса, ақша жоқ кезде жақсы болды» деп әйелі бір ренжіп алып, артынша келіседі.

Қазакең базарға соғып, екі дорбаны теңките көтеріп «Баспалдақпен көтеріліп бара жатып, крест тауып алған тұсқа аялдап, маңайын сүзе қарады. Шиыршықталған қағаз ғана. Алып, жазып қарады. Жарты бетке жуық хат екен».

«Үйге кіріп, хатты оқуға кірісті.

«Мен Құдайды сатқан жоқпын. Сенімімді саттым. Сенім – қай заманда да өтімді тауар. Тіпті, өмірдің өзі – сенім саудасы. Адамдардың бір-біріне сенім артуының өзі сол сауданың басы. «Бір Құдайға сендік» дейді. Құдайға адамның сенімі керек пе? Жоқ. Сенім – адамға ғана керек. Адам Құдайға сенімін саудалайды. Тек Құдайға ғана емес… Ғашық жарға қолыңыздың жеткені – сеніміңіздің өткені. Қызметке тұрдың, тағы да сенім саудасы. Сайлауға бардың, сеніміңді саттың. Бар әлем сенім саудасының базары.

Мен де сенімімді саттым. Өтпеді – сүйе алмадым.

Сеніміңіз өз құнын өтеді ме?..»

 Терезеге қарады. Үнсіз, тесіліп ұзақ қарады.

… Әлдебіреу күлімсірегендей болды…».

Осымен әңгіме бітті… мен қалдым. Бұл әңгіменің идеясы түгілі, не туралы екенін ажырата алмай, сарсыдым. Ұят та болса айтайын, алғашқыда «мұсылман қазақ» «христиан әйелдің» үйіне ұрлыққа түскен екен деп қалдым. Себебі, параллель баяндаудың арасы тым жымдасып кеткен. «Христиан әйел» келесі бөлмеде отыр деп есептедім. Тағы бір қайталаған соң, екеуі екі жақта жүргендерін аңдадым. Осы арада тағы бір таң қалғаным, «мұсылман қазақ» кімнің үйін ақтарып жүр деген сауал тағы туындады. «Мұсылман қазақ» дегеніме түсініктеме бере кетейін: «Кенет, мұсылман екені есіне түсіп, жүзіне күнәдан арылған құлдың қуаныш реңі кіріп, болар-болмас жымиды. «Алланың берген несібесі ғой, неде болса. «Құдайларының» адам аяғының астында жатқанына мен кінәлімін бе? «Құдайға» құрметтері ме осы ма, баспалдақта шашылып жатыр. «595». Алтыннан құйған. Демек, «Құдайды» сатып алады. Сатып алған «Құдайды» тауып алса несі бар екен?! Тіпті қайта сатып жіберсе де болатын шығар». Сүрініп кете жаздады. Қараса, «Хан Ломбардтың» табалдырығында тұр екен». 

Сонымен манағы үй өзінікі дейін десең ломбардтан ақшалы болып шыққан соң, үйіндегі әйеліне телефон соғады. Егер әйелі өзінікі болса, ол бағана қайда болды? Әйелінің айтуынша жағдайлары қырық жылғы қатқан нанды жейтіндей мүлдем мүшкіл емес сияқты…

Әңгіме желісінде бірде «крест», енді бірде «Құдай» деп қабаттасқан атау да екіұдай ой туғызды. Сонымен «Құдайы» қайсы, «кресті» қайсы екенін білуге дереккөзге жүгіндік:

«Обычно принято отождествлять этот знак с христианской религией. Однако это не совсем правильно, поскольку он активно использовался задолго до зарождения христианства.

Очень известным является толкование креста как человеческой фигуры с распростертыми руками.

Смерть божества на кресте, как символ возрождения и новой, вечной жизни характерна не только для христианства. Этот мотив отражен в мифологии многих народов.

Интересно, что в христианстве поначалу крест воспринимался вовсе не как символ страдания, а как символ торжества победы над смертью и будущего воскресения».

Сонымен түсініктеме бойынша «Крест — символ возрождения» дегенді білдіреді екен. Ал Өміржан Әбдіхалықұлының бірде «крест», бірде «Құдай» деп шатқаяқтауының өзі білетін бір мәні бар шығар…

Интертекст ретіндегі ««Мен кімді сүйсем, сол – Иса, Иуда» дегенін былайша жорыдым. «Христиан әйелдің» кресті сүюден қаймыққаны дінінен яғни құдайынан бас тартқаны. Демек, кезінде Иуданың Исадан теріс айналып, сатып кеткенін меңзейтін секілді. Енді осы сатқын «христиан әйел» де Иудаға ұқсады. Себебі, Иудада тұрақтылық жоқ, ол бүгін біреуді сүйсе, ертең келесісін сүйіп, оны Исаға балай береді-мыс…

«… Әлдебіреу ауыр күрсінгендей болды…» деп әңгіме басталды. Ары қарай оқи түскен кезде, ауыр күрсінетін біреу емес, екеу екені белігілі болды. Біріншісі – тұрмыс тауқыметінен тарыққан бейшара қазақ болса, екіншісі  – қандай қайғы желкесінен басқаны оқырманға беймәлім «христиан әйел».   

«Үдей соққан жел көше бойына шашырай түскен жапырақтарды толқындата ұшырып барады. Жамырай жарысқан жапырақтар тамыры – тегінен ажыраған адамдай желдің ығына жығылып бағытсыз жөңкіледі». Бір қарағанда тәп-тәуір суреттеу сияқты. Жай ғана табиғаттың көрінісін бейнелей салу емес, оның ішіне мағына салуға тырысқан. Ал оның қандай мағына екенін бажайлар болсақ, тағы күпті ой келеді. Жапырақтарды тамыры-тегінен айырылған адамға ұқсату қаншалықты орынды. «Ағаш көркі – жапырақ» демекші, бұл әншейін маусымдық түлеу кезеңі емес пе? Бүгін түскен жапырақ келесі көктемде қайта жаңғырып шығар…  Адамның да терісі түлеп, тырнағы мен шашы өседі. Осындай, елдің бәріне аян нәрсені несіне езгілеп отыр деген сұраққа уәжім: пәлсапалық теңеу келтіру үшін – көз алдыңдағы құбылыстың ұңғыл-шұңғылын тінтіп барып, ой іріккен жөн бе деймін. Сонымен қатар суреттеген табиғатың кейіпкеріңнің көңіл күйімен астасып жатса сөз жоқ. Әйтпесе, дала өз бетінше бұлқан-талқан, сөмке ақтарған пенде өзімен-өзі әлек…  

Параллель баяндағы кемпір мен шалдың фотосуреті суреттеледі. Оны да көріп тұрған ешкім жоқ. Себебі, үйдегі тірі жан, жалғыз «христиан әйел» оған арқасын беріп, теріс қарап отыр. Ал,  «шашақты ақ орамалдан самай шашы ағараңдай көрінентін кемпірдің суретіне қараған адам» деген жерде, ол кемпір шашы ағараңдап жүріп бара жатқандай елестейді.

Енді күмәнді деген бір-жар сөзді тілге тиек етейік: «жон арқасына келетін шашы» депті. Жон арқаны аң мен малға қатысты айтыла ма деп және «дауыс салмай егіле жылады» дегендегі дауыс салмай деу – кісі қайтыс болған үйге дауыс салып немесе дауыс салмай бару деп ойлаушы едім… Сосын іркес-тіркес екі сөйлемдегі «астында жатқан», «алдында жатқан» деуі де көркемдік нышан туғызбайды. «Кейбірінің ішкі тысы дүрдиіп» дегеніне де үрпие қарадым. Тыс деген сөз – сырт деген мағына беретін сияқты еді. Мүмкін ішкі тысы емес, астары болар дүрдиген?

Бәрін айт та бірін айт, осы әңгіменің басты «фишкасы» қайда жасырылды деген сауал боп тұр. Менің пайымымша ол бір жапырақ хатта ма деймін.

«Мен Құдайды сатқан жоқпын. Сенімімді саттым. Сенім – қай заманда да өтімді тауар. Тіпті, өмірдің өзі – сенім саудасы. Адамдардың бір-біріне сенім артуының өзі сол сауданың басы. «Бір Құдайға сендік» дейді. Құдайға адамның сенімі керек пе? Жоқ. Сенім – адамға ғана керек. Адам Құдайға сенімін саудалайды. Тек Құдайға ғана емес… Ғашық жарға қолыңыздың жеткені – сеніміңіздің өткені. Қызметке тұрдың, тағы да сенім саудасы. Сайлауға бардың, сеніміңді саттың. Бар әлем сенім саудасының базары.

Мен де сенімімді саттым. Өтпеді – сүйе алмадым.

Сеніміңіз өз құнын өтеді ме?..»

Өміржан Әбдіхалықұлымен сенім туралы пәлсапалық сайысқа түсу оңай емес көрінді. Тек, сонау бала кезімізде көрген бір фильмдегі цитатаны ұсынып, автордың ойына ұқсастық тапқым келді:

«– Говори, мудрейший!

– Когда принцесса видит сон про не сон, ей кажется, что сон не сон про сон, а думает что сон про не сон… Надо сказать принцессе, что сон – это не сон, а про не сон, что это пересон, а пересон – не сон…».

ПІКІРЛЕР1
Аноним 24.04.2020 | 16:09

Жақсы талдау. Уəжі ооынды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір