Ассамблея өкілдері мұқтаж отбасыларға көмектесті
28.03.2020
593
0

Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Біз біргеміз» қайырымдылық акция­сын ұйымдастырып, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға және қаражатқа мұқтаж сырқат жандарға көмектесті. СҚО «Қоғамдық келісім» КММ мәліметінше, қайырымдылық акциясына этномәдени бірлестіктер өкілдері, Волонтерлік қозғалыс орталығы, облыстық мәслихат, «Nur Otan» партиясының СҚО филиалы, «Zhas Otan» жастар қанаты және көптеген кәсіпкерлер қолдау көрсеткен. Петропавлда тұратын Михайловтар отбасында әжесі, анасы және екі бүлдіршін бар. Облыстық ассамблея бұл шаңыраққа үнемі көмектесіп тұрады. Былтыр баспаналы болуға мұрындық болды. Балалардың бірі мектепке, екіншісі балабақшаға, аналары жұмысқа орналасты. Биыл акция аясында отбасыға азық-түлік, Петропавл тігін фабрикасынан күртешелер мен басқа да сыйлықтар тапсырылды.
Екі ұлын жалғыз өзі өсіріп отырған Александр Марченконың отбасын Ассамблея өз қамқорлығына алды. Ал «Сомониён Север» тәжіктер қауымы «Мектепке жол» акциясы аясында жас балалардың киімін түгендеп, іс-шара барысында тұрмысқа қажет заттар, азық-түлік жеткізіп берді.
Петропавлдағы Жастар сарайында «Мята» агенттігінің жетекшісі, қатерлі ісікке шалдыққан Екатерина Башкатованы қолдауға арналған қайырымдылық кеш өтті. Облыстық ҚХА, бизнес қауымдастықтар және СҚО іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен кеш аясында кондитерлік өнімдердің, қолданбалы қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті. Концерттік бағдарламаға өңірдің шығармашылық ұжымдары қатысты. Нәтижесінде Екатеринаның еміне 3 млн. теңге қаржы жиналды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір