Әбдіхалық ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ: Қара тас та Күн күлгенде жымияр…

Әбдіхалық ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ 1961 жылы 8 наурызда Түркістан облысы Ордабасы ауданы Ақжол ауылында дүниеге келген. Бірнеше республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпаз-жүлдегері. «Тұяғымын тұлпардың», «Сәбит серінің семсер сөздері» атты жыр жинақтары жарық көрген. Ақын, сазгер. Елге танымал әндердің авторы. «Шымкент-шоу» театрының Президенті, ҚР Мәдениет қайраткері, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы төрағасы.
Наурызға наз
«Қазақ елінде «коронавирус» кеселін жұқтырғандар саны 500 адамнан асты.»
Газеттен
Күнсіз Наурыз –
Шерлідей жыртық шекпені,
Кемпірдей шалсыз –
Ерте өртенген өткелі…
Бұлтқа жем шуақ –
Самалға сайқал өкпелі,
Санада сан сұрақ –
Мезгілдің мезі мектебі!
Гүлсіз Наурыз –
Көйлексіз қыздай күрсінген,
Арудай арсыз –
Көшеден күнде кір сіңген…
Көктем-ай, көктем –
Құссыз көлдей құр сүлдең,
Қазалы үй өкпем –
Қызығым қайда сүйсінген!
Жырсыз Наурыз –
Бездің бе бізден бал күтпей,
Шайырдай шамсыз –
Адасып әуре ар титтей…
Қара өлең құнсыз –
Айға ұлыдым зарлы иттей,
Жыладым үнсіз –
Шапалақ алған шәкірттей!
Сырсыз Наурыз –
Жиде гүл ерте жұлынды,
Хан едім қамсыз –
Құшақтап қалдым құр мұңды…
Қарға алып бүркіт –
Шайнады айғыр құлынды,
Бұлбұл құс үркіп –
Сауысқанға саттым сырымды!
Нәрсіз Наурыз –
Думаншыл қазақ дау ілді,
Салғырттық жауыз –
Жау еттік – мүмкін тәуірді…
Өмір… Өлім… Жол таңда –
Екі рет бермес дәуірді,
Наурызым – ыстық болсаң да –
Сағындым «сері» сәуірді!
Бізсіз Наурыз –
Тесік түйме бағаңыз,
Мен емес нәрсіз –
Күрес – көпір, ар –аңыз…
Кеселді жеңем –
Жол тапқан батыр бабамыз,
Дұғалы ел ем –
Бір Алла емші, панамыз!
…Жазылар жүрек жарамыз!!!
Көкжөтел күрсініс
«Адал-аңғал, қу-маман» –
Деген екен бір жаман…
Адамның басы – ала доп,
– Не боп кетті, бұл заман.
«Тәжіхан» – төрге бекінді,
Айдаһар елден серт ілді…
Жөтелген жан «жаналғыш» –
Ата жауым секілді.
Қадірін білмес – құл таудың,
Сәлемнен бездік, сылтау мың.
– Ассалаумағалейкум, – дей алмай
Кебінін кидім мылқаудың.
Кеңседен көшті кеңесті ой,
Құдалық қалды, елес той…
Жабылмас қақпам жабылды-ау –
Шығайбай тағам емес қой.
Ата жұрт – соқпай ауылға
Сақа құрт болдым бауырға…
…Қылмысы жоқ тұтқынмын –
Тар бөлме – «түрме», сау ұлға.
Тазалық – қазан, тоба – май,
Бетперде, сабын – олжадай.
– Ата! – деп шапса немерем
– Пака! – деп қаштым, обал-ай!!!
Қараймын қалай – құт тайға,
Төбемді тесті бұлт майда…
– Біртанов мырза! – Бұл кесел
Телефоннан осы жұқпай ма?..
– Уыздай ұйыған ұлт қайда?..
Тәңірден түсер ән күліп
Өмірдің шыңдап айласы,
Көңілдің улап сайлы асы,
Сәлдеге ғашық май басы,
Пендеге азық пайдасы,
– Ақын – деген біз едік –
Аузы қисықтың айнасы!
Қауқарсыз болса – хан жалған,
Талқансыз қалса – жан азған.
Қадалған жерден қан алған,
Адалдан үркіп аларған,
Жұт кесел келді қазаққа,
Нәпсісіз елден нәр алған!
Шошытты елді – мас, жала,
Қопсытты көрді – қас, шала
Карантин енді… Масқара
Терезе торды жас бала,
Қаратау шөгіп барады,
Әзірейілден қатал тас қала!
– Кері қайт! – деп, милиция ысқырып,
– Бері кел! – деп әскер күш қылып,
«Жедел жәрдем» ышқынып,
Қаланы қапты құс құрық,
«Тәжіхан» риза, мырс күліп.
– Қу қытай нең бар түшкіріп?!..
Хабар-зар, у-шу ашынып,
Адамдар зу-зу асығып.
«Қалтасы қалың – пәс күліп,
Балтасы сынық – жас іліп,
– Қырық екінші жылды сомдады ел –
Қырық екі мыңға бас ұрып!!!
Жеңіліс – жатта, наным – құт,
Талап-тәртіп арың ұлт,
Тәлімнен төмен сан күдік
Тәңірден түсер ән күліп,
…Өлімнің бұлты – бейқамдық,
Өмірдің кілті – сабырлық!
…Үйінде отыр сабыр қып,
Әйелдің миын қамыр ғып!!!
Рақмет, дәрігер
Жырла жүрек!
Сырда – бөбек
Жыр – бағым,
Ғасыр-шалдан
Сыбаға ал,
Кім дарын…
Қасіреттің –
Тоқ бөрісі
Оянды,
Қасиеттің
Көк байрағын
Бұлғадым!
– Келісерсің…
– Келіспессің…
Өзің біл,
Бейқам бауыр –
Уақыт – сырға
Көзіңді іл…
Қыңыр шалдың–
Шақшағындай
Қоғамда,
Алғыс деген
Ақ шағала
Сезім жүр!
Көгершін күн
Көз ашпаса
Сенім дақ,
Бұл көктемде
Орға түсті
Көңіл – ат…
Сын сағатта –
Рух – досты
Жоғалттық,
Адам – қонақ,
Үміт – ескек,
Өмір – бақ!
– Өмір… – Өлім..
Жекпе жекте…
– Кім батыр,
Өлім өктем,
Өмір өксіп –
Мұңда тұр…
Қара тас та –
Күн күлгенде
Жымияр.
Сан сырқаттың
Жанарында жыр жатыр!!!
Тағдыр – Кеме…
– Жоқ, жоқ – деме
– О, несі,
Ел көшімен –
Үйлесімде
Ер есі…
…Боз бораннан –
Көз орамал
Ап келген,
Дәрігерлер!
Бар мадақтың егесі.
– Рақмет, –
Айту парыз
– Ей, інім,
Бақа бастың –
Балшығында
Кей үнің…
Ұлылықтың
Ұлы ұясы –
Руханият,
Жылылықтың
Баспалдағы –
Мейірім!!!
Тәтті өмірдің тамызығы – мейірім!!!
Дәрігерді жамандайды-ай кей інім!!!
Тұтқын жыр
– Үйден шықпа,
Әніңді жаз,
Епті ой.
Әйел – тұтқа,
– Ей, данышпан, сертті жой.
Құс еркелік,
Жанарыма жетті ғой.
Іш өртеніп,
Шыдам шіріп кетті ғой.
Жетер енді,
Жата-жата шаршадым!
– Рақмет, –
Етіңді астың, бал салдың.
Екі апта өлең жаздым,
Ән салдым.
Бақыт сапта,
Бостандықты аңсадым.
Достар қайда,
Сыра ішіп, сыр ашқан.
Серуен – пайда,
Кербез күннен кім қашқан?
Өмір – шұжық,
Менің ортам – жыр дастан,
Доспен қызық –
Түнгі қала, түнгі аспан.
– Хабарласшы –
Құда-жекжат аман ба,
Санаңды ашшы –
Жағдайын біл, алаңда…
Мұра кесе –
Құда қымбат ғаламда,
Құда келсе –
Үйде думан, жаман ба?…
– Беу, нағашым,
Алшы түскен асықтай,
Әпке-жиен,
Хан қызыққан қасықтай.
– Аман ба ауыл –
Телефон соқ, асықпай.
Бәрі бауыр –
Құс кеудеден жан шықпай!
Шымкент жабық –
Бейбіт күнде байлауда,
Тұтқын – ғаріп
– Кері қайт! – деп сайрауда…
Бәрі күтсін –
Наурыз-сәуір айдауда,
«Соғыс» бітсін –
Тойлаймыз бір жайлауда,
Сыныптастар – Жолығамыз қай бауда?
Жаназа жыр
Аманхан аға қазасынан кейін туған жыр
Заман зәлім…
Ғұмырдария – ғаріп тау,
Аманхан Әлім
Асқарынан ауыпты-ау.
Өлім мыстан –
Жаназа тұзақ, қамыт жау,
Өмір – дастан,
Адам – аңшы, халық – бау!
Намысты едің –
Шайыр емес, сөзі арық,
Табысты ерім –
Жүрген жолы – мол жарық.
Сөз жолдадық –
Жаназа жыр… Ол анық,
Бара алмадық –
Жаман ауру… Жол жабық.
Қош, қош, ерім,
Сұлу сырдың саңлағы,
Өлең едің,
Жайын ілген қармағы.
Шайыр өтті –
Ұру, бұру жан-жағы,
Дұға етті Алматының таң бағы.
Бір сөзі сөре –
– Менде арман көп – дедің,
Майлытөбе –
Менің орным мектебім.
Елім бесік –
– Келем, – деп ең… Өтпедің,
Амал нешік –
Туған жерге жетпедің!
…Жүсіпбек, Майлы –
Сыртта жатыр бар жырау,
Қарақұс қайғы –
Жанары жібіп жар жүр-ау…
Тәуір жан ілім –
Арғымақ өтсе зар – мұра-ау,
Бауыржан інім –
Жүген ұстап қалдың-ау.
Бекем бол, бауыр, арлым-ау,
Сан сұрау сағат, тән тұмау.
ПІКІРЛЕР10