ЖАС ПРОЗАШЫЛАР ДА КОРОНАВИРУСҚА ШАЛДЫҚҚАНДАЙ
10.04.2020
1378
2

«Қазақ әдебиеті» газетінен «Вирус» деген тосын атаулы әңгімені көзім шалды. Күллі әлемді әбігерге салып жатқан қара індет туралы болар деген үмітпен шұқшидым. Авторы Ерғали Бақаш деген қаламгер екен. Баланың жұдырығындай ғана шапшағын дүние. Қазіргі заман талабы  уақыт ұтымдылығына бас иген кез ғой. Көлкөсір жазу салты да ескіріп, оны емінеркін көсіліп оқитын оқырман қатары да сиреген. 

Ерғали Бақаш

Әңгіменің ұзын-ырғасы бір ақын мен жазушы арасында өрбиді. Олар Алматыда танысқан достар. Екеуі де жеті жыл бұрын журфакты бітірген. Отбасылы. Пәтер жалдап тұрады. Бұл екі кейіпкердің әлеуметтік картасы. Ал болмыс-мінезіне келсек: мінездері қырсық, сосын жалқау; солай бола тұра — тек өздері қалаған іспен ғана шұғылданғысы келеді. Бірақ, оған өмір мен тұрмыс көнбейміз депті. Сондықтан уақыттарының көбін сырахана мен бильярдта өткізетін болып шықты.

Әңгімені оқып отырып, шығармашылық адамның аяғына шылау болған  қоғамдағы осындай кертартпа көріністерге налисың. Олардың еркіндіктерін шектеген тұсауларды бытырлатып үзгің келеді.  Бұл екеуі  Лермонтов, Есенин, Қасым, Мұқағалиға еліктейді екен. Демек, тегін кісілер емес. Бұл арада өмірден тым қыршын кеткен Лермонтов пен қан кешіп келген Қасым атамыздан гөрі – біздің екі шайырға «трагедиясы» бойынша Есенин мен Мұқағали бір табан жақын ба деп қалдым. Әй, қайдам… Оларды да қиғым келмейді.

Кейіпкерлердің образын ашуы да тез, динамикалық тұрғыда өрбіген. Кездейсоқ кездесіп қалған профессорларына: «Әй, аспан, қалпағыңды ал, мен келемін» дейді. Бұл сөзде не мән барын ұстаздары ұқпаса да, бәрібір өкпелейді. Содан келешектері кемел екі жас оқудан шығып «қана» қала жаздайды. Яғни, әңгімені ары қарай ширықтырып, шарықтау шегіне көтеретін интрига, конфликт тек «жаздап» барып, сөне салды.

Енді екі кейіпкердің бір-біріне деген пиғылын барлайық  Себебі, «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген дау тудырмас тәмсіл бар ғой. Бұлар бір-бірінсіз тұра алмайтын егіз қозы сияқты екен. Күн аралата кездеседі. Ортақ әңгімелері де бар. Бір әттеген-айы, «бірін-бірі іштерімен емес, сыртымен жақсы көретін» боп шықты. Жаңағы мақалды қазақ атамыз қапысыз-ақ айтқан екен! Сыртпен жақсы көру дегенді толық түсіне алмасам да, образды, жаңа бейнелеудің туғанына қатты разы болдым!..  

Ерғали Бақаштың қабырғасын қақырата айтқан бір шындығы — өлең, әңгімелері жариялана қалса, сын айтып, пікір алмасудан гөрі құр мақтауды әдетке айналдырған қазіргі қаламгерлер табиғатын қаймықпай ашуы дер едім. Және соны желеулетіп, ащы сумен атап өтулері де өте өрескелдік емес пе?

Екі қасқаның соңынан әңгіме желісін қуалай мен де ердім. Сұңқар ақынның атымен аталатын көшенің бойындағы бір кафеге келдік. Дәстүрлі метафора бойынша суреттелген «аршыған жұмырқадай, тоқпақтай қос бұрымы тірсегін соққан» даяшы қыз қарсы алды. Бұл жерде бір теңеу қосқым келіп кетті. Бұрымы жалғыз емес, екеу болған соң, тоқпақтың да екеу болғаны дұрыс па деймін (өз ойым). Даяшының сыртынан қарасаң: «Қимыл-қозғалысында бөтен-бұдыр ештеңе байқалмайды. Жүзі де байсалды. Тық-тық басып асханаға кіріп кетті.» Ә, бәсе! Бұл тегін даяшы емес, себебі, жасырған бір құпиясы бар. Өйтпесе, неге қимыл-қозғалысынан бөтен-бұдыр ештеңе байқатпайды. Тіпті, жүзі де байсалды. Мүлгіп кеткен күдігім дүр етіп, атып түрегелді. Міне, интрига, конфликт енді басталады. Мүмкін, осы қыздың абыройына ара түсіп, әлдебір бұзақылармен  төбелесетін де шығармыз. Тектен-тек жүре беруге болмайды ғой?..

Ұзақ күттірмеді. «Ұзын бойлы музыкант күйсандықтың тілін салалы саусақтарымен басынан аяғына дейін бір сипап өтіп, құтырған әуенді аспандатып жіберді. Кафенің аядай сахнасының тарсыл-тұрсылы, шаң-шұңы көбейе бастады. Айналасына көңілсіз көз тастаған ақын жазушыға салғырт тіл қатып:

– Құстың сүтіне тапсырыс бергеннен саумысың, – деді әзілқойлығына салып.

– Иә, сүтке нан турап жеген балалығымызды еске алайық, – деді жазушы да қалыспай.

Өне-бойы құрысып, әрең отырған ақын қарқылдап күлгенде, көрші столда отырған қос келіншек жалт қарады.

– Көрдің бе? Мен күлкіммен алыстағыны арбап, жақындағыны жалмап аламын! Анау екі сылқымның аңсары бізде. Мүмкін танысып, сырласармыз, – деді ақын».

Мен бейбақ, мына жын-ойнақ шудан олардың не десіп отырғандарын ести алмадым. Сосын, өзімше ойладым. Бұлар еріннің жымымен сөйлесіп отырған шығар деп… Жалма-жан әңгіме текстіне үңілдім, «Құс сүтіне  тапсырыс бергенсің бе?» деп біреуі әзілдесе, екіншісі «Сүтке нан турап жеген балалағымызды еске алайық» депті. «Өне-бойы құрысып, әрең отырған ақын қарқылдап күлгенде» залдағы елдің бәрі селк ете түсті. Құлақ бітірер  музыканың қайда кетіп қалғанын білмей, жан-жағыма алаңдадым. Біздің екі сабаз ештеңеден сасар емес. Көз жеткізу үшін тексті қайта оқуларыңызға болады.

Ары қарай оқиға желісі түзу жолға түскендей әсер пайда болды. Жаңағы дүлей дауыс тоқтап, оның орнына бастапқыда «ойнақы әуен» келіп, сосын залдың ішін «қунақы әуен» тербеді. Кафеде емес, сахнада отырғандай боп кеттім. Себебі, «сахна әп-сәтте қара-құрым адамға толып, айқай-шу, ысқырған дауыстар жаңғырып жатты.».

Ақын көп шыдап отыра алмады.

«– Өй, мына борпаяқ даяшың қайда жүр өзі? Қой, қан жүргізіп қайтайын, – деп ақын ебіл-дебілі шығып билеп жатқан топқа келіп қосылды». Оны әлгіндегі екі келіншек қолмақол бас салды. «Бөкселерін бұлтыңдатып, кеуделерін шайқап, бар өнерлерін көрсете бастады. Жас шайырдың биледі деген аты ғана. Өзін паң ұстап, сараң қимылдайды. Оның кербездігі екі келіншектің де жүрек қылын дөп басты. «Қайран он сегізім-ай, жігіттер үйімізді айналсоқтап, бір көруге ынтығушы еді. Өтті де, кетті бал дәурен, енді міне, иі қанбаған қамырдай, өткен күндерді өкінішпен еске аламыз» деп екі пақыр келіншек жатта мұңаймай ма!..  Сосын ақынның жүрегі ме әлде ана екі келіншектің ақын жүректері ме тым сезімталдыққа салынып кетті. «Қалай болғанда да, бір құпия бары анық…» деді Ерғали, мені үміттендіріп.

Тегі, әлемдік әдебиетте қалыптасқан, қателеспесем, отыз алты сюжет бар. Енді елден қалыспай, соның бірінің сахнаға шығатын уақыты да жеткендей .   

Өкінішке орай ас кеп қалды. Біраз үнсіз отырды да екеуі әңгімеге көшті. Даңғырлаған музыка мен екі келіншектің қайда зым-зия боп кеткенін түсіне алмай, тағы дал болдым. Екі қасқа іштеріне ел қонған соң көңілденді. Ақын:  

«Енді сыралатуға әбден болады. Бұл көк суды асқазанды алдап барып ішпесем, запыранымды көтеретін болып жүр. Сен, былқ етпейсің е, мықтысың, – деп қыжыртты». Басында сыра ішетін шығар деп дәмеленіп қалып едім, оны әлденеге «көк су» деді. Жазушы анаған қарағанда парасатты екен: «– Арақты жеңген адамды көрмеппін, талайдың түбіне жетті ғой. Өсти берсек, бізді де жер құштыра ма деп қорқамын»  деп қапаланды. Бұлардың әңгімелеріне қыстырылысуға дәтім бармады. Өз басым пафоспен сөйлеуді білмегендіктен мына екеуі бір-бірін әдейі «қыжыртып» отырғандай күдіктендім. Неткен әртістер еді. Қас-қабақ, көзден де түк білдірмейді. Сондай сабаз, салмақты ойларды бір-біріне допша атады.  

« – Иә, кешегі ішу сәнге айналған заманда талай мықты ақындар арақтың кесірінен ажалды сатып алды емес пе? Бұл – қазаққа келген апат. Біз енді, жаңа заманның, тәуелсіздіктің төл перзенттеріміз ғой, алды-артымызды болжай білгеніміз жөн деп ойлаймын, – деді ақын.

 – Дұрыс айтасың, бауырым, – деді жазушы қостай сөйлеп.

 – Бірақ, сен, ішімдікке қатты құмарсың. Оныңды жасырғың келеді. Түбінде ақындық талантыңды шарапқа деген құштарлығың жеңіп кете ме деп қорқамын… Шынымды айтсам, «жазған-сызғанымызды талқылайық, қазіргі әдебиет жайлы әңгімелесейік» деген сөзіңді малданып келіп едім, қайдағы бір қатын-қалашты сөз қып отырғанымыз мынау… – деді жазушы.

Ақын мырс етіп күлді де: – Оу, сонша таусылып, не көрінді, түге? Жастықтың сәдірмек буы ғой. Оның үстіне сен – жазушы, мен – ақынмын! Адамдар арасында жүріп, көзбен көріп, көңілді тербеткенді ғана қағазға түсіруіміз керек. Сол үшін сені, осындай шулы ортаға жиі шақырамын. Бұл жерде небір тағдырлы жандар өріп жүр! Әлде көзіңе борпаяқ даяшыдан басқа ешкім көрінбей отыр ма? – деді қыжыртып. Парт қызарып кеткен жазушы: Қай-қайдағыны көңірсітпей отырсаңшы, – деді қызарақтап.».

Осы арада басында «Парт қызарып» кеткен жазушы, сөзінің соңында тағы «қызарақтап» қалды.

Сонымен арттары қызып алған шайырлар тапсырысты тағы беріп, кеңінен көсілді. Бетінің сүт шұңқыры қойдай иіріліп, кешіріңіздер «құйындай иіріліп», жөні үйіріліп пе екен, даяшы келді.

«Шараптың буы ма, әлде шынымен де өз ойы ма? Ақын қазақ әдебиетінің дәстүрлі шеңберін бұзу керек! Жаңа заманға, жас мемлекетке мүлдем басқа әдебиет керек, – деді» Бұны естігенде көзім атыздай болды. Қазақ әдебиетінің халі мүшкіл екен-ау деп… Әлемдік әдебиеттен ажырап, қай уақытта шідерленген аттай — шыға алмас шеңберге түсіп едің? Қабырғам қайысты. Менің жан-дүниемді тап басқандай жазушы: « – Иә, дұрыс айтасың! Аға-буын, ақсақал жазушылар өз биігінде қалары сөзсіз. Бірақ, жаңа ағымдар бізге ауадай қажет деп ойлаймын. – деді.»

Мынаның сөзінен соң «үф» деп дем қайтардым. Бұл әлі бастала қоймаған үдеріске ұқсайды. Ал мына екеу баяғыдағы «революционерлер» сықылданды. Артындағы ерген жас ұрпаққа тәлім-тәрбиесін бере алмай, өз беттерінше аспан тіреп кеткен «аға буын, ақсақал жазушыларға» аса жаным аши қоймады. «Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» деген қағида жайына қалып, өнегесіз елге айналып бара жатқанымыз қатты күйзелтті.

Баяғыда бір нағашы апамның үйіне бара қалсам, жарықтық күңіреніп жылап отыр екен.

  • Апа, не болды? –деп жүрегім тас төбеме шықты.
  • Не болды деп сұрама… өз басымның қайғысы аздай, мына Марианна

қатынның қайғысы жаныма батып барады! – деп онан сайын еңкілдеп, сериалын жалғастырып кеткен-ді.

Сол апамның кебі маған да келген секілді. Есімді жиғызған ақынның:

«– Менің кітабым қазақ әдебиетіне төңкеріс тудыратынына көзім жетеді. Тек соны талдап-таразылайтын сыншы, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын қаламгерлер табылмай ма деп қорқамын» деген сөзі болды. Содан екеуі поэзия мен проза туралы талай «қыжырысты». Әдебиеттегі жаңалық ретінде Әуезов аталып қалды. Тек, оның ізбасарлары саусақпен ғана санарлық екен. Және қалам ұстағанның бәрі классик болып кетсе, әдебиетте еш құн қалмайтынын түсіндірді.

«Әңгімені өзі бастағаны болмаса, үнсіз қалған ақын: – Бәрібір постмодернизм – дәстүрлі әдебиеттен кейінгі құбылыс, – деді. Оған дауым жоқ, – деді жазушы.».

Менің білуімше сонау антикалық дәуірден бері қарай келе жатқан әдеби белестер: қайта өрлеу, классицизм, романтизм, реализм, модернизм, постмодернизм дегендеріңіз — кейінгі әдебиет зерттеушілерінің шығарған терминдері. Сол тұстағы бірде бір жазушы өзін «мен классицизм немесе романтизм» дәуірінің жазушысымын деп есептеген де жоқ, тіпті білмеді де…

Сөйтіп отырғанда кәуап та келді. Бұл тосты қазақ әдебиетінің өркендеп-өсуі мен әлемнің назарына ілігуі үшін іштік.

Екі серігімнің арттары мүлдем қызды білем, «жас перілерге» айналды. Сол-ақ екен бөкселері бұлтыңдаған екі келіншек сап етті. Жеңілтектеу ақын ебелектеп ере жөнеліп еді, жазушы барғысы келмей, сәл-пәл  «қыжырынып» барып көне салды. Келіншектер екеуін жаман сөкті. Мен ести алмаған әңгімені айдалада отырған олар естіпті. « – Иә, кафеге жұрттар билеуге келуші еді! Сендер отырсыңдар ғой, әдебиет, өлең деп, қазір кім кітап оқиды, бәрі интернетте тұр ғой – деді қараторысы. Тәп, бұрыннан танитын адамша бұртия сөйлеп.»

Қылмыңдаған екі келіншекті алғаш көргенде әй бәлем, бір интриганы осылар бастамаса, мыналардан түк шығар емес деп пәс болғам. Қойшы, қарбалас іске кіріскеннің орнына ақын аузын жаппай өлең оқыса, жазушы темекі тартқым кеп тұр деп далаға қашумен болды. Сонан ит қайтқанда әлгі екі келіншектің үйіне бардық. Іргеде екен. Адаспай, аман-есен жеттік. Қайсымыздың басқанын білмеймін, әйтеуір біреуіміз ескі сұр үйдің қоңырауын басыппыз.   

« – Мама, – деген кішкене қыздың дауысы шықты аржақтан.» Баланың дауысына ұқсағаны болмаса, оның қыз яки ұл екенін өзім ажырата алмадым.

«–Алло, Вирус, аш есікті, – деді бұйыра сөйлеп. Жазушы қағыс естідім бе, дегендей досына жалт қарады. Қара торы келіншек бұзауын жалаған сиырдай өліп-өшіп сүйіп жатыр ақынды. Ішке кірді. Шашын екеу ғып өрген бес-алтылар шамасындағы сүйкімді қыз жүгіріп шықты алдыларынан.

– Әлі ұйқтамағансың ба, – деді зілдене тіл қатып.

– Ұйқым келмеді, сізді күттім, – деді тақылдап. Кафедегі даяшы қызға ұқсайды екен, жазушының жүрегі сыздап қоя берді». 

Мен де адамның баласымын ғой. Үйде қорықпай отырған қаршадай қызға жаным ашыды. Бірақ, жазушы құсап, балақайды даяшы қызға мүлдем ұқсата алмадым. Балиғатқа толған балпанақтай қыздың қандай ассоциация туғызатынын айтпай-ақ қояйын. Кіре сала құшақтары айқасқан ана екеуі түпкі бөлмеге тартты. Келіншектің аққұбасы мен жазушы ас үйге қарай беттеді. Қай уақытта екенін білмедім, әйтеуір, аққұба келіншек тоңазытқыштан орталанған «Асанәлі» коньягін стөлге қойып үлгіріпті. Жазушы бір қырсыққан неме екен! Баяғыда басталған коньяктың аузын аштырмай қойды.

Сөйтсем, ол өзге нәрсеге таңырқап отыр екен. «– Қызыңыздың аты шынымен Вирус па? – деді таңданысын жасыра алмаған жазушы. Аққұба келіншек өңі қуарып, терең күрсінді. Одан «жүрегімдегі жарамды тырнадың ғой» дегендей, көмірдей қара көзін өңменінен өткізе тесіле бір қарап алды да, ол ұзақ әңгіме, – деді». 

Көмірдей қара көздің кімнің өңменінен өткенін бір құдайым білсін. Не де болса, сағызша созылған шығарманың шарықтау шегіне бет алған сыңайлымыз. Келіншек көп майысқан жоқ, жүйкесінің тозғанын білдіріп, саусақтарын сындырып, екі қолын уқаламады. Тура өз етегін мыжғылауға кірісті. «Қобыланды келед сайменен» деген халық әнінің мақамына салып, жан сырын қайдағы-жайдағы бізге қымсынбай жайып салды. Оның осынша ашықтығының да өз себебі бар екен. Ішіме күдік ұялай бастады. Мына екі қатын тәнін сатып, күнін көріп жүрген жәлаптар емес пе деген. Сөзіне қарасаң ана ақын мен жазушыдан кем сөйлемейді. Бұл әңгімедегі диалогтар Пафос деген бір анадан туғандай. Және диалог дегеніміз — сөз құбылтуына байланысты кейіпкер мінезін ашатын әдіс екендігі де естен шығып кеткен тәрізді.   

«– Басымдағы бағымды бағаламаған мені атып тастау керек шығар. Арсыз тірліктің жетегінде кетемін деп ойлаппын ба мен сорлы. Бір үйдің үкілеп өсірген жалғыз қызы едім, бір-ақ күнде тағдырым талқан болды. Өзімнің ақымақтығымнан. Оның бәрін айтып, сенің басыңды, өзімнің жүрегімді ауыртқым келмейді. Небір қасқа мен жайсаң, құл мен обырдың құшағында шашылып жаттым ғой. Соның біреуінен көтердім. Бірақ кімнен екенін өзім де білмеймін. Алдырып тастауға арсыз болсам да, батылым бармады. Солай өмірге келді, аты – Венера. Бірақ бәрі Вирус деп атап кетті. Маклерімнің қойған аты, – деді жайбарақат қана тіл қатып.

– Неткен ауыр тағдыр, – деді жазушы күрсініп.» 

Маған да жеңіл болмады. Тағдыры бір-ақ күнде талқан болған, өзін атып тастау керек шығар деп күмәнденіп отырған әйелді қалай аямайсың. Қанша ақымақ қатын болса да жазушының да, өзінің де жүрегін ауыртқысы келмейді. Шашылып жатпаған жері қалмапты. Ардан жұрдай болса да аборт жасауға қорқыпты. Шыбын жан тәтті ғой. Соның бәрі осы кішкентай ғана сүйкімді қыздың жарығына ғой…

Л. Толстойдың «Воскресение» деген романындағы Катюша Маслова көз алдыма келді. Маклер дегені (сутенер ме екен?) оңбаған Дмитрий Нехлюдов болар дедім. Ал Ерғали Бақаш Лев Толстойды елестетті.

Гигиенасы нашар сасық үй жазушының кеңсірігін ашытты. Мына әңгімеден соң еш себепсіз кетуге жиналды. Келгенімізге көп болмаған сияқты еді. Ана енеңді ұрайын ақын не бітіргенін қайдам, ұйықтап қапты. Жазушы оны жұлқылап жүріп әрең оятты. Қалтада көк тиын жоқ. Жаяу келе жатырмыз. Ару Алматы ма, ауыру Алматы ма құлағына тана ұрғандай тым-тырыс. Ақынның шабыты оянды білем: «Ары-бері бөксеңді лақтырасың, бәлкім қарап тұрғанды жақтырасың», – деп өлеңдетіп қояды. Жазушының көз алдына даяшы мен Вирус елестей берді…»

Венера-Вирустың елестегені мақұл. Ал даяшы қыздың қатысы қанша? Дені сау,адал еңбекпен күнін көріп жүр. Жазушының жаны жым-жым, күңгірт сай ғой. Бір ойлағаны бар шығар. Десе де аққұба келіншектің өмірін келесі шығармасына өзек етсе, бір керемет туынды туар ма еді?..

Сонымен әңгіме финалы ашық қалды. Қарып танып, оқи біледі екенсің, ендігісін ішің білсін, әлуай дегендей…  

Сөз аяғында, әңгіме басын еске сала кеткім келді. Жалпы, шығарма жазылғанда оқырманға арналады. Кеңістік пен уақыт деген ұғым бар. Оқиғаның қай жерде болып жатқаны және қай уақытта екені анық болуы тиіс. Ондағы аталған әр кейіпкерде саусақ ізі секілді қайталанбайтын мінез  болуы керек. Және оқырманды шатастырып, бұғынбақ ойнау да шеберлікке жатпайды. Ал әңгіменің әлқиссасы былай басталады.

«Aқ құйрық темекіні үсті-үстіне тартып, дегбірі қашып отырған. Ту сыртынан шыққан «сабыр ет» деген дауысқа жалт қарады. Шашы желкесін жапқан, бойы сырықтай жазушы досы екен.» Аңқау басым, темекіні үсті-үстіне дегбірі қашқан Ақ құйрық тартып отыр екен деп қалсам, ұят-ай!..  

Айып етпеңіздер! Жазушының неге даяшы қыз бен Вирусты елестеткенін енді білдім. «Шашын екеу ғып өрген бес-алтылар шамасындағы сүйкімді қыз жүгіріп шықты алдыларынан.». Кішкентай Венераның да қос бұрымы бар екен ғой!..

Жастар қуантып жаза беріңіздер! Қуана-қуана, біз де пікір салып отыралық.

Заһар СҰРМЕРГЕН

Оқи отырыңыз!

 

Ерғали Бақаш. Вирус

 

 

 

 

 

ПІКІРЛЕР2
Аноним 11.04.2020 | 00:01

Құрметті сыншы жолдас! Әдеби сын шатқаяқтап тұрғанда нағыз еңбекқорлық тантып жатсыз! Өз басым бұл әрекетіңізді құптаймын. Бірақ, атыңызды бүркелемей-ақ ашық жаза берсеңіз болмай ма?!
Е. БАҚАШ

Аноним 11.04.2020 | 00:54

Мына сыннан кейін шығарманы оқығым келмей қалды. Баяғы Шымкентте шығатын «Ләззат», «Қылмыс пен Махаббат» деген қырт-сырт газеттер бар еді ғой, сонда жарық көретін болмайтын әңгімелерге ұқсас дүние сияқты көрінеді. Бәлкім олай емес те шығар, бірақ оқып көруге көңілім соқпайтыны анық!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір