БҰЛ – ӘКЕМІЗДІҢ, АТАМЫЗДЫҢ ЖЕҢІСІ!
07.02.2020
630
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Жеңіс күнін атап өтуге үлкен мән беремін» деген сөзінде әділеттіктің, сабақтастықтың, өрлеудің рухы бар. Екінші дүниежүзілік соғыс зардабы тимеген қазақ отбасы кемде-кем шығар. Әуелден әруақ сыйлап, Отан үшін құрбан болған шейіттерді еске алу, көзі тірі майдангерлерді, тіпті тыл ардагерлерін яки жеңіске септескендерді ардақтау – нағыз әділеттік болып ата дәстүрімізде қалыптасқан.

Ал, енді хабар-ошарсыз кеткен боздақтар қаншама? Ұрпақ сүю бақыты бұйырмай, қыршынынан қиылған қандастардың санын дәл анықтаған маман жоқ. Өйткені бұл Еуропа мен Ресей арасында әлі «басы дауда жүрген» КСРО соғыс шығыны (адам саны) кей деректерде 26 миллионнан 40 миллионға дейін құбылтып көрсетіледі. Сондықтан сүйегі «бауырластар зираты» мен майдан даласында қалған солдаттардың санын тек әскери комиссариат қана біледі деу – обьективті шындыққа сәйкес келмейді. Әлгі шығын тек әскерилерді ғана қамтымаса керек. Осы ретте кейінгі заманда ғана бейіті, жұрнағы табылған майдангерлер туралы хабарға ел де, әлем де елеңдеп отырады. Соғыс болған жерлерде қалған атасының сүйегін іздеп тауып, топырақ салып қайтқан ағайынның көңілдері аздап жайланғандай болса да, әжесі, ағайыны, әке-шешесі бастан кешірген мың азабын ұмыта ала ма?.. Биыл жасы 80-ге қарай тартқан Майдан, Майданбек, Майданкүлдер, 75-ке толатын Жеңіс, Жеңісбай, Жеңіскүлдер, Қуаныш пен Амандар, Шүкір мен Тобалар, сәтін салса, әулет тарихы мен өз тарихын көз жасына, тәубе жасына шылап жазатыны анық. Олардың әрбірінің бастан кешкені ортақ ұлт тарихының тарам-тарам жолы болары да ақиқат. Бізде Елбасымыз бастаған «алпысыншы жылғылар» деген буын бар. Бұлар – балдәурен шағын соғыс жылдарында жоғалтып, әйгілі кеңестік «жылымықтан» кейін жетіліп, адуын қоғамның ат жалын тартып, өмірге араласқандар. Олардың да бойында намыс пен жігер қатар өрілген. Жасына қарамай тылдағы аналар, әжелер, бойжеткендер, жалпы әйел заты ерлігі де – бір төбе. Енді бір сәт ойланайық: ел егіліп, қариялар мен әйелдер бүгіліп, бала-шаға буыны қатпай еңбекке жегілген қайғылы да қапалы заман орнап, қанды қырғын, соғыс болмаса, жалпы қазақ саны бүгінде қанша болар еді? Әлем тарихы «Екінші Дүниежүзілік соғыс» деп білетін, қазіргі ТМД оқулықтары мен саясаттануында «Ұлы Отан соғысы» деп бағаланатын қырғын жөнінде қаншама зерттеулер мен көркем шығармалар жазылды, кинотуындылар түсіріліп, сахналық драмалар қойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүре береді. Олардың мұраты мен мазмұны, мәні мен әсері – халықтың көз алдында. Олардың арасында өмірге жақыны да, шындықтан қиғаштауы да ұшырасып қалады. Қан майданның жуан ортасында жүрген, соңына бояусыз-боямасыз көркем шығарма мен естелік қалдырған Қасым Аманжолов, Баубек Бұлқышев, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Жұмағали Саин, Ілияс Есенберлин, Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Сағынғали Сейітов, Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов, Сейітжан Омаров, Әзілхан Нұршайықов, Мұзафар Әлімбаев т.б. тұлғалар өмірден озғанда, тұтас бір дәуір көшкендей болды. Ақындардың жөні бөлек, мысалы, Бауыржан мен Сабыр, Мәлік пен Төлеген, Баубек пен Қасым – халқымыздың тарихындағы хас батырлар рухын жалғастырған, ұрпаққа аманат еткен қаһармандар болатын. Мәншүк, Әлия, Баян (Байғожина), Хиуаз – жаужүрек ерге бергісіз Гауһар мен Бопайлардың нақ өзі-тін. Енді мына бейбіт заманда майданға қатысып, әлемді фашизмнен құтқарған әкелердің ұрпағы Тәуелсіз Қазақстанға не өнеге көрсете алады? «Менің әкем –майдангер» деп кеуде қағу, әрине, аздық етеді. Біздіңше, Отан қорғаған тұлғалар ұрпағы әке аманатын еңбекте, өмірде, әсіресе бала тәрбиесінде абыройлы жалғастыруды қасиетті борыш санауы тиіс! Міне, бұл – елдік пен ерлік сабақтастығының нағыз жасампаз өнегесі. Менің әкем де өзімен қаны да, тегі де бір екі ағасынан қалмай, 17 жасында соғысқа аттанған. Ол соғыс туралы оңды-солды айтатындардың қатарынан емес еді. Ерлік жайында үндемей-ақ, ел төрінен құрмет дәметпей-ақ, 15 бала-шағасын адам қатарына қосты. Бәрінің жоғары білім алуы үшін тер төкті. Есте қалған тағылымды, қайырымды еңбегі – соғыстан қайтпай қалған ағайындарының отбасына қамқорлық көрсетіп, барша әулетке қиындықты жеңіп шығудың жолын көрсетіп берді. Әрине, біз соғыс өртін сезбек түгілі, мылтық та ұстап көрмедік. Ол кісі сияқты сыз окопта жатып, оқ-дәрі де иіскемедік. Бірақ әкеміз жеңіс мәнін әркез сездіріп отыратын. Үзбей оқу арқылы, тынбай еңбек ету арқылы, үнемі өзгеге көмектесу арқылы. Мінезімен, қасиетімен, пейілімен. Бұл – бір үйдің өрендері үшін, яғни біз үшін нағыз өрлеудің өрісі еді. Ес білгелі Жеңіс күнін атап өтуге біз де мән бере бастадық. Мұны балаларымыз, немерелеріміз, шөберелеріміз жалғастырса деп арман етеміз. Өйткені ол – әкеміздің, атамыздың, бабамыздың Жеңісі. Абыройлы жеңісі. Әлемдегі бейбіт заманның кепілі, бейбітшіліктің нышаны.

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір