«Мен өз әлемімді әлдеқашан ашқанмын….»
02.03.2020
1928
0

Ақын әлемі жұмбақ қазына аралы секілді. Онда қандай маржан жасырылғаны, қандай кереметтер бой тасалағаны түбіне шынайы үңіле білгенге ғана аңғарылмақ. Исраил ақын есімі қазақ халқына жақсы таныс. Жырларымен қатар әуезді әнімен, драматургиясымен танылған ақынды осы күні қандай мәселелер толғандырады? Бұл сұраққа төмендегі сұхбаттан біршама жауап алуға болады, қадірлі оқырман.

Кешегің құтың болмаған соң, бүгінің – бүтін емес

– Исраил аға, әр ақынның шығармашылық әлемін ашу, ашып қана қоймай, оған дендей ену бұрындары әдеби сыншыға да, өлеңсүйер қауымға да әрі парыз, әрі қарыз саналатын. Бас-аяғы ширек ғасыр ішінде бұл ілкі үрдіс үлгі болудан қалғандай. Керісінше, баю, тою синдромы алға адым басқан сайын үдеп, саналыны саннан, санаттыны саптан шығаруға күш салып жатқандай әсер қалдырады. Шындығында солай ма? Рухани дағдарыс дәуірі басталып кеткен жоқ па, сіз қалай қарайсыз бұған?

– Бұл сұрақты, көңіліңе алма, тым кеш, өте кеш беріп отырсың. Араға ширек ғасыр түсіп кетті. Ол үшін ешкімді кінәлауға болмайды. Өйткені сен ол кезде, бар болғаны, ойын баласы едің. Ал мен қырық пен елудің арасындағы қырма сақал қыдырымпаздың бірі едім. Кешегі күннің ащылы-тұщылы дәмін татқан адамның бірі есебінде бүгініме көңілім толмайды. Көңілде көксеу, көкіректе қыжыл бар. Бұлай болуы керек емес еді. Басқаларды қайдам, біз кежір-кещелігі өз басынан асып-артатын керенау, кердең /«Керенау, кердең бір керім, жақпайды маған сол жерің…»/ халықпыз. Кербез ұйықтап, кеш тұрамыз. Керіліп-созылам дегенше кеш батады, түн ауады. Ар жағында тағы бір таң. Қазақы өмір осылай өтіп жатыр. Бағзы-баяғылы көшпенді қазақтың, әсіресе, бүгін көш соңында қалып ілбіп, мүлгіп жүргені көңілге қонбайды. Ана бір заманғы етек-жеңі далиған «Дала коммунизмі» жоқ, бар болса, еміс-еміс есте ғана. Аңыз, әфсаналардың да аясы бүгінгі тар қауызға сыймайды. Урбанизация үрдісі ақыр-соңында дала қазағын түп-түгелімен қазымыр қала қамалына әкеліп тықты. Бүгінгі ауыл қалған-құтқан жетім-жесірлер мен қора-қопсы, ескі қорымдардың қоңырайған мекені ғана. Кешегің құтың болмаған соң, бүгінің – бүтін емес. Сен айтқан рухани дағдарыс бүгінгі қазақы болмыстың Поштабайлық пошымына айналса, бұған қаның қарайып, жаның жыламағанда қайтуші еді…

– Меніңше, руханияттың көші түзелу үшін, ең бірінші, халықтың жағдайы жақсаруы керек сияқты.

– Халық кім? Ол – Сені мен Мен. Және басқалар. «Жағдай» дегеніңіз жатыпішердің жалпақшешейі емес. Өз жағдайын жасай алмаған жан аяқ-қолы балғадай болса да міскін, бейшара, мүгедек… Оған қауқарсыз, қамсыз, қамсоз қара қазақты қосыңыз. «Қара қазақ» деп неге айтамыз? Қара базарға барсаңыз – көзіңіз қанығады, көңіліңіз қамығады. Көше сыпырып жүрген де – қазақ, көлік мініп құтырып жүрген де – қазақ! Сонда деймін-ау әлеуметтік ахуал біз күткен Егемендіктің, біз жеткен Тәуелсіздіктің санатына сай келіп жатыр ма? Мұны көре, біле, сезе тұрып қалай ойсыз, қамсыз ұйықтай алады кісі баласы…

 Кешегі үйірімді аңсап қамығамын…

– «Кісі баласы»… Кешіріңіз, ағасы, мына сөзіңізге қарап: «қалам, қағазды кемірудің орнына күні-түні ойқамақта отыр екен ғой…» деп қалмай ма, Сізді, оқырманыңыз?

Ой өз алдына… Мен эмоцияның адамымын. Көшеде емес, «кеше» мен «бүгіннің» арасында адасып, өз үйімді таппай жүремін көбіне. Түн уағы, таң әлетінде мәйханадан шыққан масаң Есенин жол бойындағы ақ қайыңды құшып-сүйіп, аймалап-айқайлап, жылап-сықтап мауқын басады екен. Ақ қайыңның ар жағында тұтасымен Рязань, Константиново тұр. Аяулы да қаяулы Анасы мен «Анна Снегинаның» сүйікті де сүйкімді кейіпкері және бар… Ал мен оңаша қалғанда кешегі үйірімді аңсап қамығамын. Олар кімдер дейсің ғой: менің «айқабақ алтын кірпік» достарым: Жарасқан, Кеңшілік, Жұматай, Тынышбайлар… Ұрыссақ та, керіссек те, келіссек те, кең дүниені кем өлшеп көрмеппіз. Кежегем кейін тартқанда, жүрекке жүк артқанда, қоғамға мін таққанда, несін жасырайын, солардың ауылына кетіп қалғым кеп тұрады. Жалғыздық. Абайдан қалған бір пұшпақ… Күні кеше ғана осы рабайдағы бір өлең туып еді, оқып берейін бе?

– Оқыңыз, әңгімемізді тұздықтай отырайық!..

 – Ал, тыңдай ғой, аты сол Жалғыздық:

 Қалдым жалғыз…

Аяқ бассам – алдым жар,

Бәрі де есте: балауса жыр, балғын жар…

Өрт сөндіріп өте шыққан жаңбырлар…

Мені тастап қайда кетіп қалдыңдар?

 

Жалғыз қалдым…

Түс көргендей халдемін,

Әлдекімнің әуезесі әл-демім.

Құрсағынан шыққан Күнге мұң шағып,

Қыр соңымнан қалмай қойды-ау

Қанденім.

 

Жамбасымды жар басына құлатып,

Отырамын оңашада жыр оқып:

Екі көзді көкжиекке емдіріп,

Жалғыз жанды жапан түзде жылатып.

 

Бейнет дейтін долы қатын бетке ұрып,

Тауға келіп (тәуба делік) шөкті бұлт.

Мен пақырдың тандемі ғой Қанденім,

Қамыққанда қоятұғын көкке ұлып.

 

Жалғыз қалдым…

Таңғы ызғардың лебі – мұз,

Сенбесеңіз, жалғыз қалып көріңіз…

Әлімсақтан онсыз да аз ба азабы,

Жабырқатып неғыласыз мені, Қыз?

 

Қанатымен қаусырады қара түн…

Жасын қайда дауысы жер жаратын?!

…Қам кешіп тұр қайтқан құстан дәметіп

Дарияның жағасында дара ақын…

– Әр буынның өз қам-қарекеті бар демекшісіз ғой, оның үстіне қазір Қаскелеңдесіз. Қалаға сирек келесіз. Келе қалған күнде де мына біз кешегі достарыңыздың орнын толтыра алмаспыз. Компьютерге шұқшиып, мықшиып отырғанымыз сол, не әңгімеге тарта алмай, не өлең тыңдап марқаймай… Айтыңызшы, соңғы кітабыңыз қашан жарық көріп еді? Бір сөзіңізде «әр жанрдағы төрт-бес қомақты қолжазбам қозғаусыз жатыр» дегеніңіз бар еді?..

Ол рас енді. Өткен қыста көркем эссеге көбірек ден қойдым. Бұлар, Құдай қаласа, «Іште пікір өлгенше…» деп аталатын жаңа дүниені толтыра түспек. Мыңболғыр марқұм Гер-ағаның (Бельгер) уытты мақам-машығын үстей түсетін сыңайы бар. «Мизамшуақ» жыр жинағы да бойжеткен қызымдай Қырымға көзін тігіп отыр. Одан әрі «Махаббат пен Ғадауат» драмалық шығармалар жинағы, «Махаббат деген бір әлем» әндер жинағы, «Әмір Темір аманаты» деп аталатын тарихи һәм деректі дүниелер топтамасы, екі-үш томдық аудармалар жиынтығы…

– Бұларға қоса Омар Хайямның «Наурызнама» рисаласынан бастап Шығыс әлемінің әдеби-рухани жауһарларын төл тілімізге тәржімаладыңыз. Біразы жарық көрді, оқырмандар назарына ілікті. Толыққанды тәржіма – Сергей Есенин өлеңдері мен хаттары, күнделіктері, көркем эсселеріңіз тағы бар. Айтыңызшы, аударма Сізден көп алды ма, жоқ, көп берді ме?

– Екеуін тепе-тең дей алмаймын. «Алаған қолым береген» демекші, алтын уақытыңды жұмсамасаң, жұмырыңа жұқ қонбайды. Қиналсаң да қиясың. Амал жоқ. Нәтижесі қыруар: байыйсың, рухани ашқарақтығың арта түседі. Нәтижесін, яғни, жемісін ат төбеліндей-ақ оқырманмен бірге татасың. Осының өзі дәтке – қуат, бойға – жұқ. Бірақ іште бір өкініш бар. Ол менің ғана емес, қазақы қаламгердің, одан қалса, ожданды оқырманның талабы мен тілегі. Аударма ахуалы, тәржіма тағдыры тым-тым аянышты халде. Ширек ғасырлық уақыт ауаны осыны қапысыз аңғартады. Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізбен біз қазір амалсыз да алаңсыз өзімізді-өзіміз вакуумға қамап отырмыз. Ащы да болса, бұл шындық. Одақ – Жазушылар одағы өз алдына қауым-қаражатты болмай, құқықтық хақысы мен елеулі еншісіне ие болмай еңбек – еш, еңсе – еңкіш. Қаламгер қадірі, қалам қасиеті мұншалықты мүшкіл хал кешкенін кім қашан, қай заманда көріпті?! Бізде әлімсақтан бері «Қоғам қайраткері» деген атынан ат үркетін лауазым бар. Ал «Қалам қайраткері» деген қастерлі атақ пен айдар неге болмауға тиісті???

 – Сіз «Қалам қайраткері» хақында ортаға ой тастайсыз, ал қайсыбіреулер, әсіресе, ФБ-да: «Қазақта сегіз жүзден аса ақын-жазушы бар көрінеді, бірақ бірде-біреуі әлеуметтік, саяси мәселелерге араласпайды, шетінен қорқақ, бұқпа, немкетті…» деген сияқты әңгіме-дүкеннің көрігін үрлеп жүр. Бұған не дейсіз?

– «Сен маған қай кітап оқығаныңды айт, мен сенің ақыл-ойыңның қай деңгейде екенін шамалайын» демекші, бұл арадағы сөздің сөлсіз, өңсіз, өресіз екені өзінен-өзі түсінікті. Ашынған ауыздан апшынған сөз шықса, дәлел, дәйексіз далаға кеткені де. Салмақты сөзді салауатты кісі, салдақы сөзді ғадауатты сабаз айтар болар. Оқымаудың аржағында рухани тоқыраудың тақ-тұқ таз-тақыры жатса, оған кінәлі жазушы ма екен? Сол жазушының отыз жыл бойғы ботадай боздап, өз қозын өзі қозғап жүргенімен, айтыңызшы, кімнің ісі болыпты?! «Сағыз саясат санаткер жазушының сәні» дегенді қай ауыздан естіп көріп едіңіз? «Парасат майданындағы адам арасат майданына пайғамбарлармен бірге шығады» деген ұлағатты сөзді айдалаға ұлып жүргендер қайдан ұға қойсын… «Әттең-ай» дейсің мұндайда, амалсыздан…

Мен о бастан төлтума ақынмын

– «Құста екі қанат болса, Исраилда үш қанат бар…» – депті бір сөзінде Қадыр ақын. Өнердің бір парасы екінші саласына көлеңкесін түсірмей ме?

– Жоқ, керісінше. Қарапайым отбасын алайық. Үлде мен бүлдеге бөлеп отырған бір қыз, немесе бір ұл ата-ананың «шықпа, жаным, шықпа»-сы емес пе? Алла берген несібені пенде неге пешенеме сыймайды деп сезінуі тиіс? Құдайға шүкір, мен о бастан төлтума ақынмын. Тегім, жерім, топырағым солай дейді. Қазақы жұртқа да бұл құлқым құба-құп. Бұл тарапта, мақтанғаным емес, мен өз әлемімді әлдеқашан жасап алғанмын. Оннан аса драмалық шығармаларымның тең жартысынан астамы кәдімгі қазақы қараөлеңмен жазылған. «Драмалық, сахналық дүниелердің өз тілі, стилі болмаушы ма еді?» деп сыншылар да талай шүйліккен. Бірақ, мен тыңнан болмаса да, тыңайған топыраққа өз түренімді салдым. «Сыған серенадасы», «Абай-Тоғжан», «Махаббат пен Ғадауат», «Ауылдан келген ару», т.б. драмалық шығармаларым осының ащылы-тұщылы жемісі.

Неге «ащылы-тұщылы» дейсіз? Игілігін көрермендеріңіз көріп жатыр емес пе?

Оны драматург болғанда білесің. Әлгіндегі айтқанымдай, үйде үлде мен бүлдеге оранып бойжеткен қызың омалып отырып қалса, оны қайдам, сенің ұйқысыз үһілеуің күннен-күнге көбейе түспей ме? Пьесаның тағдыры да тап осының бір кері. Қазір біздің театрлар ішпей-жемей кекірік аздырып отыр. Мен мұны расымен айтамын! Сүлесоқ. «Келдің, кеттің» демейді. Айтпақшы, менің бір қызым, «Абай – Тоғжанды» айтамын, осыдан он-он бес жыл бұрын М.Әуезов атындағы әкемтеатрда қойылды. Қойылғанын қайтейін, қайдағы бір режиссерсымақтың қолына тиіп, ол оның кілтін таба алмай, ақыр-соңында репертуардан түсіп қалды. Турасын айтқанда: театр түсік тастады!!! «Қызым» қайтып келді. Содан бері үйде отыр. Ешкім не сұрамайды, не құда түспейді. Осындай да болады екен…

Мінездің міні мен мүлтіксізі болмайды

– Мына сөзіңізден кейін драматург болғым келмей қалды. Жаспын ғой әлі, кім біледі… Әйтсе де, бүгінгі жастар поэзиясы жайында не айтасыз? Көріп, көңіліңізге түйіп жүргеніңіз аз емес шығар?..

Марқұм Қайрат Жұмағалиев көкеңнің:

«Проза құдіреті біткен жерден

Армандай поэзия басталады…» деген афоризмге бергісіз өлең жолдары болатын. Мен прозаны тәп-тәуір-ақ оқимын. Әсіресе, әңгіме, хикаяттарды. Қуандық Түменбаев, Асқар Алтай, Нұрғали Оразовтардың соңын ала бірқыдыру жастар бой көрсетіп келеді. Бірақ көп емес. Ал ақындар, Тұманбай ағамыз айтпақшы, «жас перілер» аннан-мұннан бой көрсетіп қана қоймай, дәл қазіргі мынау қытымыр заманға қыр көрсетіп, қырғидай шүйліге бастағаны қуантады. Бұл – мінез!!! Ал мінездің міні мен мүлтіксізі болмайды. Асауға тұсау салу әбестік. Ақындықтың іштен түлейтін, сырттан гулейтін сабадағы қымызша апшып, арқырап тұратын тұсы дәл осы кез! «Мен қауіп еткеннен айтамын…» /Мұрат Мөңкеұлы/ демекші, бүгін елемей, ертең «әттегенай»-ға айналып кетпесе екен деген бір түйткіл бар.

– Ол нендей түйткіл, анығын ашып айтуға болмас па екен?..

– Оған кінәлі біз екеуміз емеспіз – аралықта жүрген әлдекімдер…

«Қазір қайыршы да бір, қаламгер де бір…» депсіз бір мақалаңызда. Бұған кімді кінәлайсыз?

«Айдалаға оқ аттым,

Атқан оғым жоғалттым» демекші, мұның өзі айтыла-айтыла әбден арқасы жауыр болған сөз ғой. Құлық сараң, құлақ керең болғанда ішіңе Ібіліс кіріп кеткендей өзіңе де, өзгеге де өкпе-налаң аз айтылмайды. Ширек ғасыр осылайша өтті. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампитардың» күйін кешкелі қашан… Бағзы-баяғыдан қалған «мәдениетті қайыршы» деген бір сөз бар емес пе еді, сол әлі күнге архаизмге айнала қоймапты. Әйтсе де «Үмітсіз – Шайтан». Одақ басшысы Ұлықбек Есдәулет өткен жылы Президенттің қабылдауында болды. Ал Президент – жазушы Кемел Тоқаевтың ұлы. «Жақсыдан ұл тумай ма, әке жолын қумай ма?!» деген атадан қалған сөз жағымды жаңалыққа ұласса, «қайыршылық» қамытын сыпырып тастайтын күн де бүгін-ертең туып қалар деген дәмелі үміттеміз…

– Айтқаныңыз келсін! Былтыр «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген мақалаңызда («Ақын жоқ болса, Халық та жоқ!») аталмыш мәселеге арнайы ат басын бұрған едіңіз. Бұл, бәлкім, «жоғарғы жақтың» да құлағына жетіп, құзырына іліккен болар ма, кім біліпті… Газет оқырмандары тарапынан өзіңізге хабарласқандар болды ма?

Әрине, болды, біраз жазарман ағайындармен қоса. «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдызды» оқыған жұрт «Өнер – өнерге ғана» деген баяғы қасаң қағидаттың аясында қала қоймайтын шығар. Осы орайда сүйікті де иықты газетімізге артар салмақ, айтар назымыз да аз болмаса керек. Өйткені мен де сол көп оқырманның бірімін ғой…

Өткірдің жүзі мұқалмаса екен

– Айтыңыз, ортаға ой тастағанның несі артық? «Сырт көз – сыншы» демекші…

– Айтсам, былай: Біз тым саясаттанып кеттік. Ал Саясат жүрген жерде Ібілістің көлеңкесі де бірге жүреді – көрінбей, байқалмай, тіпті, еленбей. Осыдан біраз жыл бұрын бір сабаздың: «Біздің жүргізіп отырған саясатымыз сендер сыңарезуленіп қайта-қайта ауызға ала беретін идеологияның өзі емес пе?» деп өзінше жаңалық ашқаны бар. Көргеніме көнбей, естігеніме сенбей мен аң-таңмын. Сірә, марқұм Ақселеу Сейдімбектің айтқанынан да, жазғанынан да мүлдем хабарсыз-ау деймін. Осындайда сол Ақселеу мен Жарқынның теледидардағы емен-жарқын екеуара сыр-сұхбатын, марқұм Сағат Әшімбаевтың «Қарыз бен Парызын», осыдан төрт-бес жыл бұрынғы Ерлан мен Тоқтарәлінің «Қазақ әдебиетіндегі» қоғам жүгін, адам мұңын ауызға алған, алға салған өзара әдеби-сын диалогтарын еріксіз еске алады екенсің. Әдеби газет атына сай болсын десек: сын, руханият, мәдениет, өнер мәселелерін күн тәртібінен үзбей өткір де ұтқыр қоя білуі тиіс! Тілегіміз – өткірдің жүзі мұқалмаса екен, кестенің бізі жоғалмаса екен!..

– Қадірлі де қасиетті қазақ өлеңінің қалың ортасында жүрсіз. Кешегі мен бүгіннің, ертең мен болашақтың Бағдаршамы – әділ сын, ащы шындық, астарлы ой. Бірақ, тұтастай алғанда, жұртшылық тарапында да, әдебиетшілер арасында да айтарлықтай резонанс байқалмайды. Жаңа бағыттағы ізденістер мен жаңашыл фанаттар да бой көрсете бастады. Әсіресе, ФБ, интернет парақшаларында… Бұл не, ағым ба, ағын ба, әлде әсіре әуестік пе?

Жөн сұрақ. Өзің де байыппен байқап, сергек аңғарып жүр екенсің. Қалай болғанда да бұл жолайырықтағы жүрдім-бардым әңгіме емес. Қопара қозғамасақ та әжептәуір әзірлікті қажет етеді. Дәлел мен дәйек – түгел сөздің түпқазығы. Расын айтсам, бұл — біраздан бері менің де ойымда жүрген нәрсе. Әмірхан (Балқыбек) ағаңның «Ақын апологиясынан» қара үзіп кетпесек те, сол төңіректі біраз шиырлауға шамамыз келсе кәні. Дұрысы, мұны кейінге қалдыра тұрсақ деп едім…

– Жарайды, аға. Қазір не жазып жүрсіз? Су жаңа өлеңіңіздің бірін оқып берсеңіз, жас баланың тәтті сорғанындай тамсана түсер ме едік дегенім ғой…

«Не жазып жүрсіз?» деген сұраққа баяғыда бір көкеміз «бас жазып жүрмін» деген екен. Ал тыңдай ғой, қысқа да нұсқа:

Сері

Қаз тұрғалы қадамымды нық бастым,

Ай, жұлдызбен жұмарластым,   -жұптастым.

Қыз қойнында қыз-қыз қайнап табаным,

Жарым түнде жалаңаяқ шық бастым.

 

Бәрі сұлу,

Бәрі әдемі,

Бәрі өңді:

Әйел жаулап алған білем әлемді?!

Кереметтей өмір кешіп келем Мен

Керек етпей «Көбелек» пен Гаремді.

 

Алмакезек ақтарылып Ән, Өлең,

Аузымды ашсам—қол соғады бар әлем!

Бұл ғаламның ғажайыбы екен ғой

Үш ұлылық:

Әйел,

Әлем

және…Мен!!!

Сұхбаттасқан Сартай Бөкей

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір