Надандану үдерісі
25.10.2015
1496
0
576559_981764655_knigi31Әлем ойшылдарының сана туралы түсінігі әрқилы. Ежелгі грек философтары сана адамнан тыс субъект ретінде қарастырып келді. Адам санасы мен Жоғарғы сана туыстас, бір-біріне жақын ұғым деген көзқарас ұзақ ғасыр бойы үстемдік құрды. Леонардо да Винчиге дейін… Энциклопедист сана ми қызметінің ажырамас бір бөлігі, материядан туған ой қайтадан материяға айнала алатынын дәлелдеді. Одан кейінгі ғылымдағы ірі сілкініс Иван Павловтың есімімен байланысты. «Шартты рефлекс» те сана қызметінің бір көрінісі екенін орыс физиологы әлемге паш етті. Кезінде Рерих Тибетке экспедиция жасап монахтармен жолыққан-ды. Шығыстанушыға аяқ астынан Шамбаланы іздеу туралы ой келеді. Сол Рерих бірнеше жыл бойы тау-тасты аралап, Будда сияқты Ақиқатты іздеймін деп алдына мақсат қояды. Соңында ғалым жазбаларында: «Сана өмірі бітпестей көрінетін, айнала беретін Ұлы шеңбер» деген тұжырымға келеді. Бірақ сана деген не? Бұл сұраққа әлі ешкім толық жауап бере алған жоқ.

Адамды өзге жаратылыс иелерінен да­­ра ететін – сана екенін қаперге алсақ, са­­налы болу деген сөздің өзі абст­рак­ция­лық мәнге ие секілді көрінеді. Өйткені, біз са­на­лы бола тұра, санасыздыққа да бара ала­­мыз ғой. Қазақша айтқанда, бас­сыз­дық­қа… Яғни санадан, ойдан айырылу, Homo sapiens қауашағында туындаған «төң­­керісті» баса алмау… Яғни сананың да бел­гілі бір сатысы бар деуге негіз бар се­­кілді. Себебі, қылмыскер саналы түрде қыл­­мысқа барады, өтірікші саналы түрде өті­­рік айтады, құмарпаз саналы түрде құ­­мар ойынын ойнайды, т.б. Сананың тө­менгі және жоғарғы болып бөліну оның има­­ны­ның мықтылығына, жүрегінің та­за­лы­лығына байланысты. Жүсіпбек Ай­мауы­­тов ұлт ту­ра­лы бір мақаласында: «Саналы ұлт қа­лыптасу үшін арлы болуымыз керек. Өйт­кені, арсыз ұлт – тексіз­дік­ке, ал тексіздік – санасыздыққа алып келеді», – деген болатын. Аймауытовтың сәуе­гейлікпен айт­қан­дары айнымай келуде. Келіні атасының ал­дын кесіп өту көр­генсіздікке баланса, те­гін білмегендер тексіз атанған. Қазіргі қо­ғамнан көрген­сіздер мен тексіздерді табу­ға бола ма? «Иә, иә!» деп шұр­қырай жөнеле­тін­­деріңіз­ге кепілдік бе­ремін. Ұлт жан жа­расына айналған бүгінгі рухани кесел­дердің түп төркіні санада, сана қызметінің әлсі­реуінде жатқанын біреу ескерсе, бі­реу ескермес. Ойшыл­дық­тан, ойлылық­тан алшақтап, ойланудың оңай түріне ұм­тыламыз.
Надандану, топастану, сананың тұйық­талуы ха­лықты, жалпы адамды хайуан деңгейіне түсірді. Көшеде бір уыс бидай үшін бір-бірін өлтірген екі адамның өлі­мі­не үшінші біреу күліп, ыржалақтап қарап тұратын бол­ды. Уақыт өте келе сол топас тобыр мем­лекетке, билікке қауіп төндірді. Себебі, би­лік олардың санасын кез келген нәр­семен улауға болатынын, ақ пен қараны ажырата алмайтын мал­ғұн­дар­ды саяси күшке айналдырып, кері уағыз айтып айдап салса, өз шешесін де бауыздай салатын мәңгүрт, өз қарын­да­сын зорлауға дайын тұрған нойыстар қа­­тары көбейетінін кейін ұғынды. Өзі қол­дан жасағанды тарихи қателікті то­йын­ған патшалар ұлт үшін емес, өз ба­сының қауіпсіздігі үшін жа­сауға мәжбүр болды. Енді не істеу керек? Азия­ның білім­дар ғалымдарын шақырып көмек сұрайды. Көпсөзділікті суқаны сүй­мейтін Шығыс халқы: «Елді ойға ша­қы­рың­дар!», – деп кеңес беріпті. Қираған кітап­ха­налар қалпына келтіріледі, зынданнан ға­лымдар, ойшылдар, ақын-жазушылар бо­сатылады, шенділер шуттар, кезбе му­зы­канттар, той-томалаққа жаны құмар готфрилердің ықпалын азайтады. Сол Еуропа қазір көз алдыңызда! Соншалықты да­нышпан, соншалықты ұстамды, сон­ша­лықты ақылгөй және соншалықты паң… Кезінде корольдар кезбелер мен келім­сек­терден ақыл сұрап, ақиқатын айтқан­дардың басын гильотинаға қойып шабатын қасапшы Еуропа бүгін іштей бүлініп жатса да бүлк етпейді. Инквизиция деп бір қан төгіп, шаруаларды басамыз деп екінші рет қалаларын қан сасытқан Еуропа неге мүләйімсіген Мона Лиза кейпіне енгені бүгінгі қазақты ойландырды ма екен? Жер біздің ортақ Анамыз десек, республикалар содан тараған балалары. Бір елде болған оқиға екінші бір елге әсер етпеуі мүмкін емес. Уағында Гегель диалектикасына еш­кім сенбеп еді-ау. Тарих қайталанады екен. Рухани кесел де жұқпалы келеді. Сананың топастануы, «ой түбінде жатқан сөз» деген ғажап теңеуді еш қиналмастан айта салған ойшылдарды тудырған қазақ ұлты тұйыққа ті­релді. Әлемдік экономикалық дағдарыс­тың фонында кісілік келбетімізді, адами қалпымызды сақтап қалу деген мәселені қашан қолға аламыз? Қадырдың «Алдар көсесіндегі» бір кейіпкер қаптың аузын ашып: «Ой сатамын, ой сатамын!» деп ай­қайлап қоя беретіні бар еді ғой. Сату өз ал­дына, дайын тұрған интеллектуалды бай­лықты игеруге неге соншалықты құ­лық­сызбыз? Көзі тірісінде Қадыр-қаған: Ой үлкен күш-қуатқа ие екенін, Ой әлемді өз­гертетінін ұғынып, бәрімізді білім-ғылымға, ізденімпаз болуға шақырды емес пе?! Шыңғыс хан шөл даламен өткен сайын: «Ға­лымдарды өлтіріп алмайық!» деп ай­қайлайтыны бекер емес қой. Олардың кітап­тарын жеке есектерге теңгеріп, Ота­ны­на жоғалмай жеткенінше жаны қал­майды екен. Бұл туралы Марко Поло жазып, қатты таң қалатынын жасырмаған. Ұлт өзінің мықтыларын жоғалтқан сайын күш-қуаты да азая береді, азая береді. Он­дай елді басып алу да, тізе бүктіру де оңай…
«Адамның топастығына шек жоқ» деп нақ­ты қай данышпан айтқаны есімде жоқ, бі­рақ маңыздысы ол емес, маңыз­дысы осы ойдың бізге дейін жетуі. Кіретін есік бар десек, шығатын есіктің де бар болғаны. Сол секілді, ұлт надандануының да белгілі бір нүктесі болады деп ойлаймыз. Кері үрдіс сол нүктеге дейін жеткен уақытта бұ­қара зомбиге айналады. Тірі өлікке… Тірі өлік кімге қажет? Транстан, депрессиядан шығып, қайтадан ел ретінде еңсе түзеп, қалпымызға келіп, ес жию үшін қаншама уақыт кететінін есептеудің өзі қорқынышты. Дамуда артқа кететініміз айтпаса да белгілі, үлкен ваакум туындайды. Оны немен жабамыз? Бір нәрсемен жамап-жасқар­мыз, бірақ бұл тек көзбояушылық қана болады. Өсу мен өшу, арғы және бергі нүкте аралығында қаншама қашықтық жатқаны жұртты алаңдатса ғой… Аборигендер мен Африка «туземдықтарының» түбіне осы надандық жетті. Жаулап алушылар оларды құлдыққа пайдаланып, жерлерін иеленіп, мәдени һәм рухани меншіктеріне қол салғаны тарихтан белгілі. Джазды «Қара құрлық» зәңгілері­нің мақамынан туғанын Америка кейін мойындады. Оның үстіне ақ нәсілділердің көбі негрлерде «ештеме болмаған» деуден танар емес… Бүйтіп кезінде біз де тоналып ек қой. Қолымда болған құнды құжатты еуропалықтарға болмашы бір сувенирге алмастырып жібергеніміз туралы көп айт­қымыз жоқ. «Зерттеуге келдік» деген бәз­біреулерінің шпиондық пиғылы да кейін бел­гілі болды…
Жүн түтіп отырып коммунизмге өтіп кет­кен бір апа туралы анекдот естіп, ішек-сілеміз қатқан-ды. Сөйтсек, бұл өмірде бол­ған нәрсе екен. Ол кісінің еш кінәсі жоқ қой. Кінә мына бізде. Ұрған сайын шымыр бола түсетін болаттай, біз де тарихтан сабақ ала білуіміз керек ек­ен. Бірақ қандай сабақ? Әлем тұтас ақ­параттық кеңіс­тіктен тұрады десек, бүгін болған оқи­ға он-он бес минуттан соң әл­ем­нің әр бұры­шынан көрсетіліп жатады. Ақпарат ескіруі мүмкін, бірақ ол өз құнын жоймайды, керісінше қажеттілікке айналады. Бү­гіндері көбісі теледидар көрмейді. Уәждері – «Атыс-шабыс, өлім-жітім, зор­лық-зом­бы­лықты ғана көрсе­теді». Кей­біреулер теледидарды тек сериал үшін ғана қосатын бо­лып шығады. Үшін­шілері сүйікті артисін не­месе сүйіп тыңдайтын әншісін көру үшін ғана «көк сандыққа» телміреді екен. Айналып келгенде бүгінгі көрерменнің миын өз қолы­мызбен жөн-жосықсыз ақпаратпен толтырып, «интеллектуалды қоқысқа» ай­нал­дырып жатқанымыз өкінішті-ақ. Көзіміз – теледидарда, баланың көзі – ұялы телефонда. Ұлт зиян шеккені өз алдына, біз енді ұрпақты да ауру халге ду­шар еттік. Қа­рын­дастарымызға кі­тап­тан немесе аға­ның сөзінен гөрі сахнада секіріп, иіліп, бү­гіліп, тоңқайған әнші­нің құны жоғары еке­ні айтпаса да белгілі. Даңғаза, у-шу, ән-би, айқай-сүрең, жалт-жұлт еткен жыл­­тырақ дүние ұлтты өзе­гінен алыстата бе­реді, алыстата береді. Өзектен айы­рыл­ған кез келген нәрсе тез сынғыш келеді. Тағы жай емес, морт сынады… Айт­матовтың мәңгүрті өз анасын зор­ла­ғаны адамзатты тітіркендіріп, ұйқыдан шошып оятқандай болды. Әркім өзін сынық айнадан көріп, кескін-келбетін қалпына келтіруге тырыс­ты. Рухани құ­быжыққа айналған адамды орта тудыр­ғанын және сол орта оны жек көргені қын­жылтады…
Интеллект, сана, ой әркез қозғалыс пен даму үстінде болмаса, ортая беретінін бұрынғының ғалымдары дәлелдеген. Ибн Сина: «Егер елді санасыздар басқарса, саналыларға орын жоқ…», – екенін осыдан он­шақты ғасыр бұрын айтқан болатын. Бүгінгі халықты шарттылық басқарып отыр. Бәрі шарттылық. Қарапайым аман­дығымыздан бастап ақырғы арлы болып көрінгіміз келгенге дейін шарттылық. Осындай бір мың құбылған заманда ұшақ жарылып, лаңкестің бомбысынан мыңдап адам қырылып, екі алыптың арасында ұсақ республикалар жаншылып, қымбат­шылық пен құнсыздық үстемдік құрып, Еуропаның дағдарыс жайлаған кейбір елдері басқа жерге жер аударып жат­қанда, біз қазақтар өз даралығымыз­ды сақтап, санасыздықтың, мысымызды басып бара жатқан надандықтың, бей-жай­лықтың сеңін сетінетуге аса бейілді бол­май отырмыз. Оңға-солға жібермей ұстап тұрған жүйеге бағыныш­тылы­ғы­мызды кө­бісі мойындаған. Ал мойын­дағысы кел­мейтіндердің күңкіл-сүңкіл көп. Сол күңкіл-сүңкілді кешке жақын әр үйден естіліп жатады. Таң атысымен жым боламыз. Қарсы алдымыздағы қаһарман, батыр, данагөй, данышпан, бір мезетте-ақ жауға, қорқаққа, ақымаққа, екіжүздіге, жалпы адам нәсілінен алыс, жер-әлемде аты да, атауы да жоқ бір жаратылыс ие­сіне айналып шыға келеді. Қазақтың ұшу мен қону, бару мен келу, гүлдеу мен солу нүк­тесін анықтай алмаған. Қазақ әлем үшін және қазақ қазақ үшін құпия болып қала ма деген қорқыныш уақыт өткен сайын ұлғайып барады. Себебі, ол құ­пия­ның кіл­тін таппақанша біз өзімізді тануға апаратын жолды да анықтай алмай қина­ла­мыз. Күн өткен сайын санамызды сансыратып, есі­мізді жидырмай тастап жатқан кеселдер көбейіп барады. Айналаның бәрі вирус!.. Ол вирусты тек таза сана, таза ойдың көзі ғана көре алады. Жылан уының уыты жайы­лып бара жатқаны се­кілді надандану дерті тараған сайын денеміз балқып, тұла-бойымыз жансызданып, сана иелігіндегі мүшелер «тың­да­мауда». Түркиядағы жарылыстан жетпістен аса адам шейіт болды, Малайзиядағы ұшақтың мұхитқа құлап, екі жүзден аса мұсылман қаза тапты, Си­рия­дағы бомбының құрбанына айнал­ған бей­біт халықта есеп жоқ. Соның бәрін суық­қан­дылықпен қабылдап, кейде селт ет­пейтін дәрежеге жетуіміздің себебі не­де? Теледидардың бергі жағында отырған біз­дің аузымызға: «Шүкір», – деген сөз ғана түседі. Бірақ оның өзін еш қиналмастан айта саламыз. Біз кімбіз? Кімге айналып бара жатырмыз? Қайда бет алдық? Дәл осы сұраққа толық жауап алмайынша біз, қазақтар ешқашан өспейміз. Біреудің санасы қалың ұйқыда, ал ояу­лар­дікі топастануда… «Қазақ өз «нүктесін» қа­шан табар екен?..» дейсің. Ой алыбы Абай­дан сөз артылған ба?! «Халқым надан бол­ған соң, қайда барып оңайын» деп күйі­не айтып, көкірегі қарс айырыла күрсінгені хакімге қаншалықты ауыр тигенін ол кез­дің де қазақтары толық түсіне алды ма екен?! Бірақ ойлап қарасаң, о заманнан бе­рі не өзгерді, а?

Әлібек БАЙБОЛ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір