Қайталап оқу қасиеті
04.02.2020
968
0

Кез келген адамның уақыт өткен сайын жадында жаңғырып, ойға орала беретін, әсері ұмытылмас естеліктері болады. Жақсы кітап та сол сияқты. Еске түскенде жаныңды жылытады. Бәзбір сәттерде айрықша махаббатпен қайта қолға алып, ықыласпен парақтай бастаймыз… «Талғам-таразы» айдарының бүгінгі «оқырманы» – жампоз жазушы Мархабат Байғұт осы тақырып жөнінде сыр шертті.

Көркем шығарманы қайталап оқудың қасиеті мен құдіреті һәм рақаты хақында қазақтың классик қаламгері, әулие жанр – әңгіменің қас шебері Сайын Мұратбековтің сыр шертіп, сұхбат бергені жадымызда жаңғырады. «Жасық жаңа шығармаларға, халтура кітаптарға есіл уақытты қор қылмай, қашанғы қымбат дүниелерді қайталап оқудан артық қандай керемет болуы мүмкін, мен түсінбеймін», – деп, сұқ саусағын биікке көтерген-тұғын көркем көкеміз. Түркістаныңызды Түркістан еткен асылыңыз Ахмет Ясауидің өзі: «Жақсыларды жүз мәртелеп оқыдым; Қатпарларын қайталаумен тоқыдым», –деп мәністеген екен дә. Әлемдегі Екінші Ұстаз Әл-Фараби Бірінші Ұстаз Аристотельді ең кемі елу рет оқып, түсініктемелер толғапты. Ибн Сина: :«ӘлФарабиді оқып барып, Арис­тотельді әзер түсіндім», – дейді-ау.

Аллаға шүкір, Абайға ұлы бетбұрыс басталды. Қайталап оқудың қасиетін енді ұғынатын шығармыз.

«Қазір қазақ әдебиетінде нағыз заманауи, зау-заңғар дүниелер жазылмай жатыр, тоқырау ұзаққа созылып барады, оқып-тоқитындай, арзитындай туындылар жоқтың қасы» дейтіндей пікірлер қай-қандай тараптардан да айтылып қалады. Алайда, аңғара алатындар болса, қайран қазақ әдебиетінде құбылыстар аз емес. Үдерістер жүріп жатыпты. Ізденістер баршылық.

Жүдә, жаңалықтар бола қойма­ғанда да, қайталап оқудың қадір-қасиеті мен ләззат-рақаты Сайын ағамыз айтқандай ғой, айналайындар. Өзіміз сол Сайынды, Шерханды, Әбішті, Мағауинді, Әкімді, Төленді, Бексұлтанды, Тынымбайды… қайталап оқудан жалыққан емеспіз. Бейімбеттерді айтпағанда. «Қорғансыздың күні» мен «Шолпанның күнәсін» айтпағанда…

Ал енді біз үшін, әрине, Дулат Исабековіңіздің жөні бөлек, жосығы ерек. Әлімізге қарамай, кейде қос сөздердің әр сыңарына сапа дарытқымыз, «сөз жасамға» өзімізше үлес қосқымыз келетіні бар. «Жөн-жосығы бөлек» деп қолданылатын тіркесті «жөні бөлек, жосығы ерек» деп дамытыңқыраған біз едік. Жетпісінші-сексенінші жылдарда. Өткен ғасыр ғой. Осы тіркесті тұңғыш рет Дулат Исабековтің туындысына орай қолданғанбыз. Тағы бір мысал. «Талан-таражға түсіп кетті» дегендейін тіркесіңізді біз «таланға түсіп, таражға кетті» деп жазамыз. Өстіп қос сөздерге қанат бітіріңкіресек дейміз дә.

Шымкентте Иманәлі Байдәулет дейтін іні-досым бар. Медицина ғылымдарының докторы. Профессор. Қайталап оқуды қатты ұнатады. Әсіресе, Дулатыңызды. «Қарғынды» жыл сайын қайталап оқиды-ау. «Дерменені» де. «Тіршілікті» де. «Сүйекшіні» де. Өзгелерін де. Бірде бес жүздей адам қатысқан тойда бірге отырдық. Иманәлімен. «Ойы-ба-а-ай, анаңғара, анаңғара, – деді профессор аң-таңдана, аңтарыла аңқайып. – Анау, анау ғой. Сол…» Сөйтсек, мәселе былай екен. Дулат Исабековтің «Бонапарттың үйленуі» деген әңгімесін әр кездескен сайын еске алысатын ек. Иманәлі екеуміз. «Сіздің аға-досыңыз Дулат Исабековтей шын шеберлер көп емес-ау. «Бонапарттың үйленуі» сияқты дүние жаратпаққа дайын нәрселер әр саладан да табылады. Тіпті медицинаның өзінде толып жатыр. Жаза алмай жүрсіздер ғой. Ал Дулат қалай қисындайды ?! Қалай қиыстырады?! Бонапарттарды мына біз өз көзімізбен көрдік. Бонапартыңыз не, оның отыз-қырықтардағы ағаларын білеміз. Отыздан, қырық жастан асып кеткендерді де сүндеттедік қой. Сондай сормаңдайлар да, сүндеттеген біз де азаптандық… Жазған соң солай жазу керек қой…» – дейтін. Ал енді бес жүз адамдық тойдың кешігіп басталуына себеп болған, аса зор қошеметпен қарсы алынған кісіңіз, Иманәлі «Анаңғара! Анаңғара!» деп аң-таңданған адам – қырық жасында сүндеттелген пациенті екен дә. Білдіңіз бе?!

Жақында Иманәлі тағы да хабарласты. Қазір зейнеткер ғой. Астанада екен. Ұлы сонда. Әжептәуір қызметте. Докторыңыз немерелі болып, соның қуанышына барыпты. «Сүндеттелетін қазақтар көбейіп келеді. Шүкіршілік, – деді профессорыңыз. – Дулат Исабековтің драмаларын қайталап оқып жатырмын. Сахналарда қойы­лып-ақ жататын жөні бар ғой. Бірақ Елорда театрларынан байқай алмадым».

Түлкібас ауданынан Абай мекте­бін бірге бітірген, интернатта бірге жатқан кластастарым, бүгінгіше бедерлегенде, сыныптастарым сирек те болса қоңырау шалып, «эсэмэс» жазып тұрады. Жаңа жыл бастал­ғанда Қалаубек Анашев хабар­ласқан. Отыз жылдай техникум басқарған. Кітапты көп оқиды. «Қазақ әдебиетіне» үзбей жазылады. Бүй дейді: «Дулаттың төрт повесін қайталап оқыдым. Қыс бойы бәрін оқитын түрім бар. «Пері мен періште» есіңде ме? Бұрын екі рет оқығанда ше, Құлахметті қолдағанмын. Енді Сафура жағына шықтым. Бұл әйел өзі өте қызғылықты кейіпкер екен. Жазушының психологиялық-драмалық шеберлігі сол Сафурадан-ақ тіпті тереңдеп үлгерген екен ғой». Тағы бір кластасымыз Ораз Әлімбетов те «Қарғынды» қайталап оқитынын мағлұмдап, мақтанып қояды. Осы романнан оза шапқан дүниені (осы жанрда, әрине) әзірше кездестіре қоймағанын жасырмайды. «Осы сендер «Пері мен періштедегі» Сафураның Құлахметке қайта оралуына қалай қарайсыңдар?» – деп қояды-ай қайталап. Орекеңнің «осы-осы» дей беретіні бар. «Қарғын» романын біз-дағы жыл сайынғы қыста қайталап оқимыз. Оны оқып болғаннан кейін міндетті түрде Әлия Бөпежанованың зерлі зерделеуін ежіктейміз. Зияткер сыншы қызыңыз «Қарғынды» ғажап талдайды ғой. Кіндік кейіпкер Жасынның тосындығы неде екенін екшеуі ерекше. Бағиланың басқашалығын байыптауы бөлекше. Мәликенің қасіреті мен қайғысынан түйіндейтін қорытындылары бөтен­ше. Жазушының көркемдік құпиясы кілтін сыңғырлатуы һәм төтенше.

«Социализм зәулімдерін» қайталап оқыла берер шығармаларымен қисайтқан, «күлкісімен кісі өлтіретін» аға-досымыз Дулат Исабековтің өзге де әңгімелерін әңгімелей бастасақ, әңгіме ұзап кетер.

Айтып та айтпай не керек-ай, талай да талай жазғанбыз. «Дерменені» жүз мәртебе оқыған шығармыз. «Қара қарғаның миы қайнайтын шаңқай түс» деп басталар еді. Осы сөйлемді кейбір жазбагерлер өздерінікіндей күйде келтіре беретін болды. Тұрақты сөз тіркесіне айналды.

«Мейлі, «жыланыңыздың арқасын жидітер» жазыңыз болсын, мейлі, дермене жусаныңыз қоңырқайлана, мұнарта, мұңданып, желге тербелер күз болсын, мейлі, дәнді басын қылтитып, қардан қарауыта қарайтын қыс болсын, мейлі, бар-барша өсімдіктеріңіз әлемінен әдемілене әрленер көктем болсын, сол сіздің дерменелі далаңызбен кетіп бара жатып… Мойнымызды созып, «беті омырылып ішке түскендей иегі кемсеңдеген» Тоқсанбай қартты, есек арбаны көпірден ентіге өткізіп жатқан Ергешбайды, оман арықта осқырынған ожар Омашты көріп қалатындай, қайта-қайта қарағыштаймыз, Дулат көке», – деп жазған екенбіз дә. Қайбір жылы.

 Кейінгі жылдарда дүниежүзілік деңгейде дүркірей дулатқан дара драматург Дулат Исабековтің драмалары Лондон, Санкт-Петербургте, Оңтүстік Корея, тағы басқа елдерде қойылып, мемлекет мақтанышына айналды ғой, аға-досымыз. Оқырман, әрине, прозасын да сағынады. Сұхбаттарында себептерін келтіріп, ыңғайсызданады. Жазарсыз-жазбассыз, көке. Аман болыңыз, есен жүріңіз. Ыңғайсызданар жағдайыңыз жоқ. Дейміз. Біз. Сөйтіп, қайталай оқуға қайталап кірісеміз.

Р.S. Тынымбай құрдасымды да қайталап оқу рақат қой. Рақат! Жақында әзер дегенде қолға түсіріп, «Періштелердің өлімі» деген дүниесін оқыдым. Теңдессіз туынды! «Жазар көбейсін, құрдас!» – деп құттықтадым қоңырау шалып. Күлді. «Енді жазбайтын да шығармын», – деді күрсініп.

Иә, дәл сондай туындыдан соң жазбай-ақ қоюға да болатын шығар. Сен де сау жүргін, дос-құрдас!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір