«Қыпшақ аруы»
04.02.2020
6762
2

Мағауин кітаптары

2005 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бір топ әдебиетші ғалымдар мен жазушылар  «Қазіргі қазақ прозасы: М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы» деген тақырыпта пікіралмасу  ұйымдастырған еді. Әдеби талқылаудың ешуақытта құны жоғалмайды. Әдеби ортада зор резонанс тудырған шығарманы талқылауды мифолог-ғалым Ақеділ Тойшанұлы ұйымдастырған. Сонда айтылған сүбелі ойлардың негізгі түйіндерін ұсынып отырмыз.

Айгүл Ісімақова, филология ғылымдарының докторы:

– Осы қауымға бү­гін­гі қазақ әдебиетіне жаңа проза келді деп‚ «Қыпшақ аруын» айта аламыз. Мұхтар Мағауиннің күрделі шығармашылығын өздеріңіз де білесіздер. Ол – жәй жазушы емес‚ ғалым-әдебиетші ретінде қалыптасқан тұлға. Жазушының хикаят деп аталған шығармасында бүгінгі дүниежүзілік романға тән баяндау тәсілі‚ яғни стильдік ерекшелік бар. Бүгін көп сөзді‚ көп томды Толстой‚ Достоевский сияқты классиктердің кітаптарын жаппай оқитын уақыт емес. Мына клип­тік‚ телесюжеттік қысқа ақпаратқа бейім­делген заманда осындай шағын жанрда бірнеше ғасырлық ойларды сыйдырып беретін көркем туындылар керек-ақ. Бұн­дай шығармаларды жазып жүрген жазушылар да көп емес. Мысалы‚ осы «Қыпшақ аруын» оқығанда‚ қазір Америкада ең өнімді оқылып жүрген Мураками деген жапондық жазушы еске түседі. Жапондық жазушы бола тұра‚ Америкада тұрғандықтан‚ өзінің жапондық‚ ұлттық мәдениеті мен әдебиетін америкалықтарға – бүгінгі Америкаға қызықты тілмен насихаттап отыр. «Қыпшақ аруы» мен Мураками шығармаларында заманымызға сай баяндау ұқсастығы стильдік дәрежеде анық байқалады. Мұхтар Мағауин неше ғасырлық қазақ әдебиетінің‚ қазақ тарихының‚ қазақ өнерінің‚ тасқа түс­кен тарихын‚ археологияның тастағы жазу­ла­рынан бастап‚ бүкіл қазақтың сөз өнеріндегі бейнеленген тарихын осындай қысқа шығармаға сыйдырған.

 

Нұрдәулет Ақыш, жазушы:

– Осы шығарманы оқы­ғанда‚ жаңағы Ай­гүл Серікқызының дү­ние­жүзі әдебиетінің кейбір көрнекті өкіл­­дерін еске алып жат­қаны тегін емес деп ойлаймын. Өйткені іздену үлгісі байқалады. Бәлкім‚ тіпті‚ бізге оның бә­рін қотарып‚ талдап айту қиын да шығар. Мүмкін‚ бұл Мағауиннің өз үлгісі болар. Белгілі бір дәрежеде үйрене отырып‚ өзі жасаған. Бас кейіпкердің рухани әлемін ашуда хикаяның жазылу формасы мен ішкі мазмұнының үйлесіп жатқанын баса айтуымыз керек. Ертеде Мырзабек Дүйсенов ағамыздың «Мазмұн мен форманың бірлігі» деген үлкен кітабы шыққан. Сол еңбек жұрттың әжептәуір назарын ау­дар­ған еді. Содан бері әдебиетшілер арасында «Мазмұн деген не‚ форма деген не? Бұны біз қалай бөлеміз‚ қалай жіктейміз? Қай жерінен қосамыз?» деген мәселелер пікірталас өзегі болуда. Бұны айтып отырған себебім‚ Мұхтар Мағауин бүгінгіні жоқтап жазғанымен шығармада мифологиялық нышандар байқалатын сияқты. Көз алдында тұрған балбал тастардың қозғалуы‚ жоқ болып кетуі‚ ғашықтардың мүсінге ай­налуы‚ ескі заман мен бүгінгі заман тас­тары­ның бір-біріне қайтадан келіп‚ тіл табысып‚ сосын қайта ажырасып жатқандай болып көрінуі… Осындай құбылыстардың арасында Мұхтар Мағауин реалистік бір элементтерге арқа сүйеуді ешқашан ұмытпайды. Туынды фабуласында публицистикалық‚ этнографиялық шегіністер де бар. Тарихи талдаулар кездеседі. Ең бастысы, сюжеттің дамуы психологиялық иірімдерге табан тіреп отырады. Осында кезінде советтік идеологияның негізгі құралына айналған мүсінші жігіттің өзін кейін қоғам таптап тастағандай болады. Кейін оны танымай жоққа шығарады. Бұның бәрі белгілі бір көркемдік иірімдерге‚ белгілі бір детальдардың арқасында көркемдік шешімге әкеледі деп ойлаймын. Енді‚ әрине‚ бұны қабылдауда түрлі пікірлер‚ тіпті‚ менің қабылдауымдағының өзіне қарсы шығушылар табылуы мүмкін.

 

Қайрат Рай, филология ғылымдарының кандидаты:

– «Қыпшақ аруы» – Мұхтар Мағауиннің бүкіл ғұмырындағы адам­дық‚ шығар­магер­лік кредосының алтын қазығы десек қателеспейтін шығармыз. Бұл туынды – кеңестік кезеңде ұлтын сүйгені үшін‚ төл тарихына тәу еткені үшін қысым мен азаптың шектен шыққан жайларын басынан кешкен‚үлкен жүрегі Алаш деп соққан Мұхтар ағаның ғаламдық өрісте еркін көсіліп жазған көркем туындысы. Шығарманың ең басты ерекшелігі – баян­дау‚ суреттеу‚ сипаттау секілді дағ­дылы үрдістен арылып‚табиғат дарытқан ерекше бір күштің жазушылық бүкіл ішкі жан дүниесімен қоса өрілуі‚ бітімі бөлек дүние болып шығуы. Өйткені мұнда жазушылықтың жай кәсіп емес‚ шын мәнінде, Алла‚ Тәңір сыйлаған азабы да‚ ғажабы да бөлек әлем екендігі сүйсіндіреді. Мұндағы Тәңіріміз хикаятта жиі кездеседі.

Хикаяттың өн бойында екі дүниенің бір-бірімен жалғастығы‚ жан мен тән­нің‚ дене мен рухтың мән-мағынасы тереңдей ашылады. Саржан мен Айсұлу бегімнің елес болып табысуы‚ Саржан мен Мұхтардың бүтін нәрсенің екі жағы секілді біртұтастыққа айналуы автордың өзін де шытырман ойға салады.

Қажығали Мұхамбетқали,жазушы:

– Әдетте, жұрт Мұх­тар Мағауинді өте көп оқыған, сауатты, һәм жазғандарында ширыққан сезімнен гөрі, байсалды парасат пен пайым басым жататын жазушы деп есептейді. Хош!!! Бірақ солай тұрса да, әлгі «Одағай әңгімелерінің» ішіндегі «Эльза жеңешем» сияқты жүрек шымырлатарлық, соншалықты нәзік, соншалықты шынайы да терең лирикалық пландағы шығармасы неге ескерусіз қалуға тиіс?! Біздің әдебиетіміздің сыншылары, шынында да, білгір, һәм сезімтал сыншылар болса, «Мұхтар Мағауин анадай жазушы», «Мұхтар Мағауин мынадай жазушы» деп жаттанды сөздерін соға бермей, шын риза болса – әлгі әңгімедегі Эльза сияқты жүрегі нәзік адамдардан бастап, «Шақан-шерідегі» жүйкесі тас болып қатып қалған жолбарыс аулаушыға дейінгі небір бейнелерді қара тасқа қашап жасай алатындай Мұхтар Мағауиннің кең диапазондағы суреткер екенін неге айтпайды осы?! Мұндай кең ауқымдағы шығармалар жазу үшін, шын мәнінде, үлкен талант керек екенін оқырман сонда тереңірек ұға түсер еді.

Ақеділ Тойшанұлы, фольклортанушы ғалым:

– Мұхтар Мағауин өзі­нің барлық шығар­ма­сында қазақ ұлтының жалпы бірегей тұтас тұлғасын сомдап келе жатыр деп ойлаймын. Ұлтымыздың асыл жәдігерлері – ежелгі қыпшақ даласындағы мүсіндер шағылып‚ қирап қалған дейді. Мысалға‚ Күлтегіннің басының ғана мүсіні сақталған. Басқа мүсіндер шағылып‚ сынып, тарих парағынан жоғалған. Сол мүсіндер ғана жойылып кеткен жоқ қой. Сол кездегі түрік ұлты қайда? Қазір біреуіміз – қыпшақ‚біреуіміз – қазақ‚біреуіміз – өзбек‚біреуіміз – түрікмен болып‚ осылай бытырап‚ әлсіздікке ұшырағанбыз. Бұның себебі бар. Жаңағы шығармада Айсұлу ханым ұрпақсыз болып өтеді өмірде. Сол арқылы М.Мағауин «бізде ұрпақ жалғастығы үзіліп кеткен‚ белгілі бір соғыстарда‚ не белгілі бір биологиялық жағдайларда біздің ұрпақ үзіліп қалған» дегенді тұспалдап беріп отыр. Ал, екіншіден‚ ежелгі мүсіндердің талқандалғаны сияқты еліміз де‚ жеріміз де‚ діліміз де талқандалып кеткен.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 11.03.2021 | 12:30

Магжан кушті

Аноним 25.01.2024 | 20:49

Күшті екен әсерлі 🔥

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір