Мөлдір Райымбекова. «ҚЫРЫҚ ҚЫЗ» ТАС МҮСIНДЕРI
30.12.2019
968
0

Мөлдір

«ҚЫРЫҚ ҚЫЗ» ТАС МҮСIНДЕРI
(аңыз желiсiмен)

Сыр шертсек өткен күннен, ғасырлардан,
Аз емес-ау опық жеген тасырлардан.
Сұм жауға айбат шеккен арулардың,
Мұз емес, тас боп қатып жасы қалған.

Елдiктi биiк қойып, ар-намысты,
Қырық қыз сұм дұшпанмен арпалысты.
Өрлiгi арулардың аңыз болып,
Қазақтың сахарасын шарлап ұшты.

Дұшпанның түспеу үшiн құрығына,
Халықтың дақ түспеу үшiн тұнығына,
«Мәңгiлiк қара тасқа айналдыр», – деп,
Қырық қыз хақ Тәңiрге қылды дұға.

Мезетте қабыл болып тiлектерi,
Тасқа айналды,
Жау бiрақ, дiр етпедi.
Соғып тұр тас кейпiнде бұл күндерi,
«Ел» деген өр қыздардың жүректерi.

Оралса ойға, еске сол мұнар күн,
Кеуденi шерлi сазға толтырар мұң.
Жел ессе нұрланады құз-жартастар,
Сылдыры елiткендей шолпылардың.
Асқақ шың «Қырық қыздың» тұғырындай,
Көз салу мүмкiн емес күй ұғынбай.
Өгемнiң толқындары тербеледi,
Өрiлген Қырық қыздың бұрымындай.

Сарқырап Сарқырама тасады әнi,
Көңiлге рахат сыйлап тау самалы.
Қыс келсе қатуланып тас мүсiндер,
Көктеммен қайта түлеп жасанады.

Уақыттың қашауымен қатпарланып,
Бара ма, тас шоқылар жақпарланып?!
Қайсарлық тұнып тұрған бейнелерде,
Қыз-ғұмыр, нәзiктiктiң жатқаны анық…

АЛАШ – МӘҢГІ ҰРАНЫМ

Бабалардың iзi сiңген құм мынау,
Қойнауынан саз еседi мұңдылау.
Бозадырда кiсiнейдi құлын-үн,
Тақымынан ағытылып қылбұрау.

Бағзы күннiң үнi сiңген тасқа да,
Тарихымның хақ куәсi – тас қана.
Күн боп туған, Ғұн боп туған өр Рухым,
Атилла боп атой салды басқаға.

Сұм дұшпанға ашып келген аранын,
Тұмар болып айбындана қарадым.
Айбарымнан жау шегiндi, жасқанып,
Сүйем жерге тигiзбестен табанын.

Бейуақытта дауылдай боп ұлыған,
Байыз таппай неге iштей булығам?!
Күлтегiн боп жалт қаратып әлемдi,
Күн астында жарқылдаған дулығам.

Қанға бiткен, ежелден-ақ бұламын,
Мұңдансам да толқытады – бұла мұң.
Жанарымның отындағы ұшқыннан,
Сескенедi шибөрi мен құладын…

Керуен-керуен көштiң iздеп сорабын,
Ғасырлардың кезем жиi торабын.
Асқақтықтан тамырланған дiңгегiм,
Атым – Қазақ, Алаш – мәңгi ұраным!

Қилы заман иiргенде ұршығын,
Талан болған тарихымдай тұншығып,
Бөрi-жүрек… Бөрi ұлиды аулақта,
Айға қадап, көкке шаншып тұмсығын…

***
Қара жердiң қозғалғаны – дыбыссыз,
Ұлы-ұлы дүмпулер де – үнсiз тым.
Мұңы барды бақытсыз деп кiм айтты,
Бәрi бiрдей бақытты емес мұңсыздың.

Түнекте де көл бетiне ай тұнар,
Жылылық бар қабақта да қабарған.
Күлкiменен көмкерiлер қайғы бар,
Шын қуанса жас шығады жанардан.

Тама, тама таусылатын жас емес,
Жауын – жерге, өскiн – көкке ұмсынар.
Берiктiкке жерде жатқан тас емес,
Тасты жарып өсiп шыққан гүл сыңар.

Беймәлiмдеу шегi және жалғасы,
Көрiнбейтiн Уақытты көр елемей.
Тартылғанда тұзға айналып арнасы,
Шөлдейдi екен теңiздер де телегей…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір