Ақсу – ару, ақ өзен
Шекараны күзетіп жатқан жұртқа деген құрмет елден ерек болуы тиіс. О бастан солай. Әсіресе, аждаһаны құдай тұтқан көршілердің іргесінде отырған халықтың арқасын аяз қарымағаны, көңіліне қаяу түспегені абзал. Сырт жұртқа қоңын көрсетіп, қалың қазақтың бар екенін айқындап, шекара маңында қалқан боп отырған халықтың қарасы көбірек болғаны да жақсы емес пе? Міне, сондықтан да екі ел аралығын жайлаған қалың қазақтың жағдайының жақсы болғанын көбірек қалайсың. Бұл, әрине, басқа қазағым бір төбе, шекара маңында отырғаны бір төбе деп алабөтен алалау емес. Көңіл адалдығы…
Сөз басы
Алматы облысы Ақсу ауданының Құрметті азаматы, белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлының ұйымдастыруымен алматылық бір топ қаламгер мен журналистер шоғыры түс ауа Ақсу жақты бетке алып бара жаттық. Жиын-терім кезінде Алматы облысының егіндіктері қарақұрым халыққа толы. Бірі картобын, бірі қант қызылшасын, енді бірі пиязын жинап, егіс алқаптарында мәуелі күздің астық тойы тойлануда. Егін баптаған шаруаның жүзіне көлікте отырып алып үңілу еш мүмкін емес. Ендігі тілек біз бетке алған Ақсу ауданы шаруаларының жай-күйін білу, Ақсу халқының, Алматы мен Астанадан алыста жатқан елдің әлеуметтік-мәдени, рухани көңіл-күйін ұғыну.
Алматы-Талдықорған аралығындағы, одан әрі Семей өңіріне жалғасуы тиіс күре жолдың бойы бірде оқтай түзу, бірде бұралаң-бұлтарысы көп, ойқы-шойқы. Таяқ шаншып кетсең, мәуелі бәйтерекке айналып шыға келер Жетісудың құнарлы топырағы жол бойынан-ақ байқалады. Бұдыр жолдың айыбын сол жасыл желек жуып-шайып жібергісі келгендей күздің сан алуан түсін айқындай көрсетіп, құлпырып, жайнап тұр. «Толық жөндеуден өтіп болған соң Ақсуға жол қысқарады, оқтай түзу жолмен көзді ашып-жұмғанша жетіп баратын боламыз», – дейді біздің жолбастаушымыз.
1930 жылдары құрылған, Алматы және Талдықорған облыстары біріккен уақытта, бұрынғы үш ауданның жерін бір өзіне біріктерген Ақсу елі биылғы жылдың 17 желтоқсанында ауданның іргетасы қаланғанының 85 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Алаш арыстарының ерекше құрметіне бөленген, қазақтың маңдайалды ұлдарының бірі – Маман қажы атындағы байырғы мектеп те осы аудан аумағында орналасқан. Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров сынды ұлт арыстарына білім берген бұл шаңырақтың қазақ үшін қадірі ерек. Қазақ романына қазақ арасында тұңғыш бәйге өткізген Маман ұрпағы екенін еске алсақ, бұл орынның қазақ әдебиеті үшін де мерейі үстем екенін ұққандайсың. Бұл жерде ақын Сара мен Біржан сал айтысқан өлкенің сонысымен де қазақ әдебиетіне қадірі арта түспей ме?!. Сөйткен өңірдің топырағына табаның тигенде бабалар рухына іштей бір тағзым жасамасқа болмайды…
Аудан әкімінің ашық есік күні
Кеш түсе Жансүгіров ауылына келіп тоқтаған журналистер тобын Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаев бастаған аудан активі қарсы алды. «Аудан әкімінің ашық есік күні» деп аталған жиында әкім Әділбек Егеубекұлы Ақсу ауданының жалпы тыныс-тіршілігімен қысқаша таныстырып өтті: Ақсу – ең байырғы аудандардың бірі. Аудан орталығында халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін 1967 жылы қант зауыты салынған. Үш мың тонна қант қызылшасын бір күнде өндірген зауыттың қазір қаңқасы ғана қалған. Қант зауыты дүрілдеп тұрған кезде ақсулықтар баспанамен де толық қамтамасыз етілген екен. Қазір қаңырап қалған тұрғын үйлердің дені қант зауыты ашылған жылдары салыныпты. 2006 жылы қант зауыты жұмысын тоқтатты. Одан бері тоғыз жыл өтті. Екі қолға бір күрек іздеп, Ақсудан ел көше бастапты. Тұрғындарынан айрылған аудан қазір еңсесі тіктеліп, іргесі кеңігенін қалайды. Осы күні ауданда «Алтын асық», «Сыбаға» бағдарламалары аясында бірқатар нақты шаралар қолға алынған. Қаңыраған үйлердің өңі кіріп, құрылыс-жөндеу жұмыстары қайта жүргізіле бастады. Бұл да жергілікті азаматтардың көмегімен жүзеге асырылған игілікті істердің бірі көрінеді. 2015 жылы Жансүгіров ауылында 10 коммуналды тұрғын үй құрылысына жергілікті бюджеттен 108 млн. 675 мың теңге бөлінген. Он үйдің қабырғасы тұрғызылып, төбесі жабылған. Кезегін күтіп отырған ақсулықтар жаңа пәтерге ие болар күн алыс емес. Жансүгіров ауылдық округінде 39 пәтерлі тұрғын үй салынды. Оған 161 млн. теңге қаражат жұмсалған. 39 пәтерлі тұрғын үйдің жанынан 2014 жылы 50 пәтерлі тұрғын үй салынып, 2015 жылы халыққа берілді. Ақсулықтардың бүгінгі таңда атқарып жатқан оң істері, «Туыңды туған жерге тік» деген акцияға осы Ақсу ауданынан шыққан азаматтардың қалай қатысып жатқаны туралы кеңінен толғаған әкім аудан орталығындағы игі істерді, бірқатар шаруашылықтар мен жаңадан ашылған өндіріс орындарын көзбен көрсетуге журналистер тобын Алматыдан ұйымдастырып әкелген Нұртілеу Иманғалиұлына айрықша алғысын білдірді.
Әкім таныстырған игі бастамаларды ертесі күні өз көзімізбен көрмекке жолға шықтық.
Аудан әкімінің айтуынша, зауыт жабылып, жұмыс орындары қысқарып, ел көше бастаған тұста аудан тұрғындарының еңсесін тіктеу үшін Елбасының тапсырмасы бойынша аудан басшылығы сырттан инвестиция тартуды қолға алыпты. Осы мақсатпен 2014 жылы аудан аумағында «Туыңды туған жерге тік» атты акция ұйымдастырып, ауданның экономикасын, халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі көтеру бағытында ауданға инвестициялар тарту көлемін барынша жеңілдету және молайту үшін аудан аумағындағы және ауданнан шыққан сырттағы елге танымал іскер азаматтарды туған жерге шақырыпты.
Осы акция аясында Ақсу ауданының Құрметті азаматы, осы өңірдің тумасы, кәсіпкер Сабыр Қадырұлы үлкен демеушілік жасаған екен. Ол Ақсу ауданының орталығындағы әбден тозығы жеткен тұрғын үйлерді қайтадан қалпына келтіріп, баспанасыз жүрген қаншама жандарға қуаныш сыйлап, бір кездері Маман әулеті бастаған «атымтай-жомарттың» үлгісін көрсетіпті.
Ешкімге жасырын емес, шалғайдағы емхана-ауруханаларда тәжірибелі маман тапшы. Ақсу аудандық ауруханасының бас дәрігері Асқар Балтабаевтың да пікірі осыған саяды. Ауруханада науқастарды емдеуге арналған аурухана және емхана бар. Алтынарық, Көкөзек ауылдарында екі амбулаториялық бөлімше жұмыс істейді. Бас дәрігер Асқар Қалиұлы: «Ауруханада бұрыннан келе жатқан білікті дәрігерлер жетерлік. Одан бөлек, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауданға бірнеше жас хирург келді. Дәрігерлерге тапшымыз. Сырт жақтағы аудандарға мамандар көп келе бермейді. Медициналық академияны бітірген жас мамандарға үш жыл елді мекендерге жұмыс істеуді міндеттесе, бұл проблема өз-өзінен шешілер еді. Өздеріңіз білесіздер, аудан күре жолдың бойында орналасқан. Сондықтан жол апатына ұшырағандардың денін осы ауруханаға алып келеді. Оларға жедел медициналық көмек көрсету – біздің басты міндетіміз. Қазір аудандағы жас мамандардың дені баспанамен қамтамасыз етілген. Білікті дәрігерлердің арқасында аудандағы әлеуметтік аурулардың мәселесі шешіліп келеді», – дейді. 2012-2015 жылдары аудан тарапынан кәсіптік оқуға жолданған 13 адам медбике мамандығы бойынша аудандық ауруханаға жұмысқа орналасыпты.
Осы күні Ақсу ауданы бойынша 1575 мүгедек есепте тұр. І-ІІ топтағы мүгедектер саны – 773, ІІІ топтағы мүгедектер – 659, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 143. «Олар үй алу үшін тұрған кезектері жуырда келмейді. Ал олар ыстық-суық суы ішінде, орталықтан жылытылатын, ыңғайлы, қолайлы пәтерге зәру. Әрі онсыз да өмірге өкпелі жандар ғой. Кезегің әлі келмеді, қазір пәтерлі бола алмайсың деп біз олардың көңіліне кірбің ұялатпайықшы дедік», – дейді аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы. Биылғы жылы аудан орталығында коммуналдық 118 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, сол үйден әртүрлі топтағы 3 мүгедек жанға және 5 мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларына пәтер кілттері табыс етіліпті. «Тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттар салу кезінде мүгедектердің проблемасын ескеруге тырысамыз. Олардың үй-жайға кіруін жеңілдету үшін кіреберіс жолдары қайта жасалуда. Аудан бойынша 195 нысанға құжаттау жұмыстары толығымен аяқталып, оның ішінде 19 нысанға пандустары нормаға сай қайта салынып, 5 нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілді», – дейді аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы. Баспанасы, үй тұрғызуға қауқары жоқ мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемасын шешудің жолын тапқан аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы Жансүгіров ауылының Пушкин көшесіндегі қараусыз қалған екі қабатты үйден сегіз пәтерді жөндеуден өткізіп, мұқтаж жандарға кілтін табыстады. Олар енді кезегі жетіп, үкімет тарапынан берілетін тегін үйден баспаналы болғанша осы пәтерде тегін тұратын болады. Аудан орталығы Жансүгіров ауылындағы ақын Сара атындағы Жастар мәдениет орталығында пәтер кілтін табыстау үшін арнайы шара өтіп, сегіз отбасыға пәтер кілтін аудан әкімі ресми түрде табыстады. Арбаға таңылып, есік алдына шығуы мұң болып отырған ана мен екі көзінен айрылған кішкентай қыздың қуанышында шек жоқ. Анасы тастап кеткен балапандарын өгейсітпейін деп, үйінен алысқа ұзап шыға алмайтын мұңлы әкенің де көзінен жылт еткен үмітті байқап қалдық. Қазіргі таңда ақсулықтарды жұмыспен қамтып отырған тағы бір шаруашылық – Алтынарық ауылындағы «Ақсу агрохолдингі». Ауыл маңында қирап қалған МТМ-нің көне ғимаратын, қайта күрделі жөндеуден өткізіп, өнімді сақтауға арналған қойма жасап алған агрохолдингке түске таман келгенімізде, жұмысшылар тұқымдық картопты қоймаға жинау үстінде екен. Мұндағы картоптың негізгі сорттары Голландия мен Германиядан әкелінген. Агрохолдинг басшысы Талғат Жуанышев қазіргі таңда 60 гектар картоп, 15 гектар пияз егеді. Израиль технологиясымен 15 гектар жерді суару үшін тамшылатып суару әдісін қолдануда. Әрбір гектардан 400 центнер картоп, 500 центнер пияз жинап отырған шаруашылық басшысы Талғат Жуанышев биыл 60 гектар жерге картоп егіп, қырық бес тонна өнім жинап алған екен. «Талдықорғанның орталық базарларындағы картоптың дені біздің өнім деп айтуымызға толық негіз бар», – деген Талғат Жуанышев болашақта өнімдерін экспорттау да жоспарда бар екенін айтады. «Жұмысшылардың дені – ауыл тұрғындары. Жалпы, жұмыскерлер саны – 115 адам. Оның елуі – штатта. Күзгі жиын-терім кезінде қосымша жалдамалы жұмысшыларды пайдаланамыз. Оның өзі ауылдағы ағайындар. Күндігіне үш ауысыммен жұмыс жасайды. Әр ауысым 8 сағаттан жұмыс істейді. Осы сегіз сағаттық жұмысқа, әр адамға күніне 2 500 теңге төленеді. Еңбеккерлер әр он күн сайын қолма-қол ақшасын алып отырады. Жиын біткеннен кейін ауылдағы ағайын өнімнің масағын теріп алады», – дейді.
«Суретін сөз баяндап жеткізе алмас»
«Қобызшы Молықбай шал Матайдағы»… Ақсу жерінде аяқ аттасаң, алдыңнан жыр тіліне айналып үлгерген, шыны мен жыры қатар жүрер тұлғалар легі көп-ақ. Бір ауданда екі бірдей мәдениет үйін жұмыс істетіп, ғимаратының сәнін бұзбаған ақсулықтардың Молықбай атындағы Мәдениет үйі 2005 жылы күрделі жөндеу жұмысынан өткен екен. 230 орындық залда аудан жұртшылығы жергілікті халық театрының спектакльдерін тамашалайтын көрінеді. Біз барғанда «Қозы-Көрпеш – Баян сұлуға» дайындалып жатқан жас актерлердің – көзінде жалын, сөзінде – шабыт бар. Жиырма бес мыңның үстінде кітап қоры бар аудандық кітапхана да Молықбай атындағы Мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан. Мәдениет үйінің директоры Болатхан Борамбаев өнерпаздардың облыс, республика көлемінде өтіп жатқан түрлі жарыс-байқаулардан жүлдесіз қайтпайтынын айтады. Ел тозған 1990 жылдардың өзінде ақын Сара атын иемденген екінші Мәдениет үйінің ғимаратын көзінің қарашығындай сақтап, аудан бойынша жылу бере алмайтындай жағдайға түскен кезде де орталықтың бір бұрышында от жағып отырып, балаларға, жастарға арналған түрлі үйірме жұмыстарын жалғастыра берген Валентина Николаевна Чернухина осы күні ақын Сара атындағы Жастар орталығының директоры. 220 орындық үйірме залы, көрермендер және би залы бар орталықтың ақсулық жастарға берері көп. Жастар демекші, мұндағы жастардың ең сүйікті мекені Е.Сиқымов атындағы спорт стадионы екен. Екі бассейні, бірнеше үйірмелері бар бұл спорт орталығы қазіргі таңда аудан, облыс, республика көлемінде ел намысын қорғап жүрген жастарды түлеп ұшырған атамекен. Басқасын айтпағанда, бұл орталық Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері, осы мектептің түлегі Асхат Житкеевпен ерекше мақтанады. Болашақта ел туын үлкен додаларда асқақтатар ұландарды тәрбиелеу үшін еңбектеніп жатқанын айтқан спорт мектебінің директоры Түмен Құрманов мектептің мақтан тұтар түлектері көп екенін айтады…
Ақсу ауданының топырағы шағылды, құмды келеді. Ит тұмсығы өтпес тоғайлы-орманды жерлері де жетерлік. Біздің айтпағымыз – сырт көзге жалаңаш, нәрсіз жатқан өлке секілді әсер беретін қызғылт тасты, топырақты өңірдің таусылмас кені туралы әңгіме. Себебі ол жердің асты кен, айналасы бітпес қазына. Бір кездері Мәскеу метросы құрылысына пайдаланылған граниттің алапат кені дәл осы Ақсу өңірінен табылған. Мұнда қазір «Жетісу-гранит» ЖШС өз жұмысын бастапты. Гранит өндіру ісін қолға алған жергілікті кәсіпкерлер бұл жобаның «ЭКСПО–2017»-ге де өз үлесін қосатынын айтады. Көрме құрылысына жергілікті гранит тасын пайдалану жоспарда бар екен. Мамандардың айтуынша Ақсу ауданындағы гранит қоры ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Бір шаршы метр жерді жүз жыл қазуға болатын көрінеді. Гранит зауытының ашылғанына да көп бола қоймаған. Жергілікті кәсіпкерлер гранит зауытының өнімін пайдалануды қолға алған. Осында жұмыс орнын ашып, оған жүзшақты адамды әкелген. Келешекте жұмыскерлердің саны артуы мүмкін. Кеңес өкіметі кезінде Ақсу гранитының сапасы жоғары екенін сол уақыттың ғалымдары дәлелдеп кетіпті. Мұндағы гранит тереңдеген сайын бедері айқындала түседі екен…
Иә, бұл өлке ақын Тұрлыбек Сырттанов, Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, ақын Сара, Мұқан Төлебаев, Ғали Орманов, сынды тұлғаларды бесігінде тербетті. Тау ассаң – өзге елге табан тірер өлкеден халықтың кетпегені, әсіресе, жастардың елде қалғаны керек. Ал ол үшін елде жұмыс болмағы, табыс болмағы, өлке орталығының абаттанғаны, көркейгені керек. Осы бағытта Жансүгіров ауылында қирап қалған көпқабатты үйлерді қайта жөндеу жұмыстарынан өткізу үшін кәсіпкерлердің басын біріктіріп жүрген аудан басшылығы болашақта Жансүгіровтің де тынысы кеңіп, өңірі айбаттатанынына сенеді. Ақсу ауданы әкімі Әділбек Далбағаев ауданның талай ақынның шабытын тербер сұлулығы туризмнің алтын бесігіне айналуы үшін жаңа жобалар бастамақ ниетінде екенін айтады.
Туризм демекші, әйгілі Қапал-Арасан шипажайы мен Тамшыбұлақ та осы өңірде. Өзектің жарқабағынан бұлақ суы көз жасындай мөлдіреп шығып жатқан бұл маң туралы Ш.Уәлиханов жергілікті халықтан естіген аңызын былай тарқатады: «Күн сәулесіне құбылған Тамшыбұлақтың тамшылары бірін-бірі сүйген сұлтанның қызы мен шопанның ұлының көз жасы екен…».
О, бұл маңда мөлдіреп тамып жатқан жалғыз сұлтан қызы мен шопан ұлының көз жасы ғана ма? Шипажайға кіре-берісте белгісіз бір төмпешік байқалады. Өткен ғасырдың басында «қызылдар» сол маңда дін ұстаған молданы сұраусыз, сотсыз атып кеткен екен. Кейін жергілікті халық оны әлгі маңға жерлеген көрінеді. Бұл – біз білетін сыр. Ал бізге белгісізі қаншама? Осы маңда тұрақтанған қанша жанның көзінен төгілген мөлдір тамшысын сіңіріп алған құнарлы жер ішке бүккен сырын бізге айта ма? Ел көшкеніне, жұрт келгеніне куә Тамшыбұлақ бұл өңір халқының арғы-бергі заманалардағы сырын ішінде қорытып, осы өңір халқының бар асылын өзінде сақтап қалмай, өзгенің дертіне шипа болар бұлағымен бөліскен екен. Әйтеуір, мұнда шипа іздеп келер жан қысы-жазы түгесілмейтіндей. ХІХ ғасыр ортасында шалқыған сән-салтанаты талайларды қызықтырған Қапал шаһарының орны да, түрлі түске боялған Шымбұлақтың әсем орманы да, Баянжүрек тауы да – ісін білсең, талайлардың таңдайын қақтыратын туризмнің бесігіне айналып шыға келмек. Аудан басшылығы жақын маңда туризм үшін де арнайы жобалардың басталатыны туралы әңгімелей жөнелді…
Сөз соңы
Биыл Алматы облысы қант қызылшасын алудан рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Оның ішінде Ақсудың де тигізген үлесі зор. Ақсулықтар Жансүгіров ауылындағы Қант зауытының да болашақта қайта жұмысқа қосылуын асыға күтулі. Сонда жұмыс күші көбейген ауданда тұрғындардың да жағдайы жақсаратынын айтады. Ал жағдай жақсарса, ел шекарадан іргесін алыстатпас еді дейді.
Ал біз шекараны күзетіп жатқан елдің қатары сиремегенін қалаймыз ғой…
Қарагөз СІМӘДІЛ.