Жыл бойы кім не жазды?
27.12.2019
769
0

Иә, уақыттың керуені алға жылжып, тағы бір жыл ескірді. Біз бірнеше қаламгерге хабарласып, осы жылы қандай туындылар жазғанын, шығармашылықтарында қандай жаңалықтар болғанын сұрап көрдік.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын:

Осы жыл менің шығар­машы­лығым үшін жемісті жыл болды деп айтуға болады. Себебі, бірнеше өлең жаздым, Түркі дүниесінен аудармалар жасадым. Осылардың ішінде шоқтығы биігі – «Сұлубайдың әні» атты бір поэмам. Бұл шығарма қазіргі кездегі қытайдағы қазақтар мәселесі қызу талқы болып жатқан тұста жазылды. Мен қытайдағы қандастар қоныстанған жерлерді сан мәрте аралағанмын. Ақыт қажының басына бардым, Зуқаның басы ілінген қара көпірді көрдім. Соның бәрі менің санама әсер етті, өмір бойына есімде қалды.

Үрімжіге барған бір сапарымда сондағы жігіттер «Қытай қазақтары әндерінің жинағын» сыйға тартқан болатын. Ішінде «Сұлубайдың әні» бар екен. Сол әнді ұнаттым. Қайта-қайта тыңдай бердім. «Қайқая шапқан қарагер, қайырылар ма екен қайран ел?» деп келетін өлең жолдары маған қатты әсер етті. Көп өтпей осы поэманы бастадым. Шығарма біткен соң, «Ер Жәнібек» қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия әріптестерімен ақылдасып, бұл туындыны төрт тілде кітап етіп шығардық. Тұсаукесері үлкен деңгейде өтті. Қазір алыс-жуыққа тарап жатыр. Оқырман жақсы бағалауда. «Қытайдағы аз ұлттардың жағдайы ушығып тұрған кезде Қазақ қаламгерлері үн-түнсіз қалды» деген әңгімелер шыға бастады. Мәселе – науқан тудыру емес. Мен аталған поэмам арқылы сол елдегі жаны жақын ағайындарымыздың мұңына ортақ бола алдым деп ойлаймын. Осы кітап биылғы жылдың ең үздік кітабы ретінде жақында Мәдениет және Спорт министрлігі ұйымдастырған «Тәуелсіздік толғауы» атты байқауда бас жүлде алды.

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ, ақын:

Бұл жылда өзімнің жасым қанша­ға келсе, өлеңімнің де өзім секілді толыс­қанын, салмақ тартқанын байқадым. Ал­пыстан асқан шақта жиырма бес жастағы бала сынды өлең жаза алмаймын. Ол жазылмайды да. Соңғы кездегі жазған, өзім ең жақсы көретін дүнием «Қазақ әдебиетіне» өздерің жариялаған – реквиемім. Осы өлеңімді сұмдық жақсы көремін. Мұнда қазақ халқының «Елім-айдан» бастап кешегі Жаңаөзен оқиғасына дейін қамтылған тағдырының шағын панорамасы бар. Мұны өзімнің ең салмақты дүнием деп есептеймін. Өзге де лирикалық өлеңдер жаздым. Кейде ауылдан қалаға келіп, адасып жүрген секілдімін. Қайтадан шыға алмай, қабырғаларға соқтығып айналып жүрген адамдаймын. Және биыл «Құрмет» орденімен марапатталдым, «Журналистиканың академигі» атандым. Бұлардың әрбірі – мен үшін үлкен қуаныш.

Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ, ақын:

Ұлттық жөн-жосығымыз жөнінде ой-тол­ғаулар жаздым. Баспасөз бетін­де жарық көрді. 2018 жылы жа­рық көрген «Жаз-жалбыз» жина­ғым үшін Халықаралық «Алаш» сыйлы­ғын иелендім. Мұқағалидың «поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» дегені бар-тын, қазір «егіз лебіз» аталатын пәлсапалық тұжырымдар түйіп жүрмін.

 

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ, ақын:

«Шешінген судан тайынбас» деп, қалам ұстап, ақ қағазға құлшына жармасқалы бері бар ғұмырымды әдебиетке арнап келемін. Ұзақ жылдарға созылған шығармашылық қызметімде 50-ге тарта ірілі-ұсақты кітабым жарық көрді. Жарияланғаны бар, жарияланбағаны бар – жазған дүниелерімнің бәрін көптомдық етіп жүйелеп келе жатқаныма да талай жылдың жүзі болды. Екі-үш кітап шығарып, сыйлықтың бәрін алып үлгерген, енді халықаралық тілдерге аударылып әлемге танылуы ғана қалған кейбір қаламдастарыма қарағанда, екінің бірінің маңдайына жазылмаған қатепті қара нарға ұқсап біраз шаруа тындырғаныма шүкіршілік етемін.

Қанша кітабым жарық көрсе де, олардың бірде-бірін насихаттап, тұсаукесер өткізуге, әдеби кештерімді ұйымдастырып, мерейтойымды тойлауға да мұршам болған жоқ. Ал жарық көрген кітаптарымның сауда орындарына түскен соң тез арада таралып, өтіп кететінін көзім көрді. Дүкен сөрелерінде жылдап жатып қалған бірде-бір кітабым жоқ екен. Есесіне, кейбір кітаптарымды тіпті өзім де таппай қалатын кезім бар.

2018 жылы мемлекеттік тапсырыспен (таралымы 5000 дана) балаларға арналған «Достық жоралғы» атты аударма өлеңдерімнің жинағы жарық көрген. Ірі қалалардағы кітап дүкендерінде ішінара ұшырасуы мүмкін. Ал биыл тұңғыш рет «Мен жазбаймын өлеңді…» атты ересектерге арналған аударма өлеңдер мен дастандардан тұратын кітабымды зейнетақы қорындағы өз ақшама шығарып отырмын. Сондықтан таралымы өте аз: 300 дана ғана. Ал көлемі өте үлкен: Грегори Дэвид Робертстің «Шантарамымен» шамалас. 42 баспа табақ (672 бет). Кітапты мемлекеттік тапсырыспен шығарып бермекші болған бір бауырым алдап кетті. Содан соң аяқ астынан осындай әрекетке барып отырмын.

Оның үстіне, биыл бұдан екі жыл бұрын жарық көрген мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді дұрыс оқуға үйрететін «Әліппем» «Асыл кітап» баспасының өз қаржысымен қайта басылым көрді.

Жас егде тартып, аманатқа берілген азғантай ғұмырымыз қусырылып келе жатқандықтан қоржынымызда жатқан қолжазбалардың көзіміз тірі кезінде кітап болып жарық көргенін арман етеміз…

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы:

Мен биыл 5 әңгіме және «Күн бетінде секпіл бар» атты бір повесть жаздым. Сонымен бірге 20 жыл бойы жазуға дайындалып жүрген «Қарасай батыр» атты романымды тәмамдадым. Сондай-ақ «Банды атанған батыр» романым да дайын тұр. Көп өтпей оқырманға жол тартады. Сол үшін осы жылды шығармашылығыма дем берген жыл болды деп айта аламын.

 

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Асқар АЛТАЙ, жазушы:

Осы жылы «Селебе» атты жаңа әңгімем­ді жазып, оқыр­мандарға ұсын­дым. Ақпанның 20-сынан нау­рыздың соң­ына дейін қозғалмай отырып «Былғары тау» романын бастап едім, қазір соның жартысына келдім. Мендегі бары осы.

 

Бақыт Беделхан, ақын:

– 2019 жыл қазақ руханияты үшін, қазақ әдебиеті мен өнері үшін жемісті жыл болды деп ауыз толтырып айтуға болады. Қазақ қаламгерлерінің қара шаңырағы – Жазушылар одағының үлкен-үлкен шаруалар атқарғаны жалпы әдебиеттің қуанышы болды. Ал өз шығармашылығым туралы айтсам, осы жылдың басында «Ауадағы жазу» атты жыр жинағым жарық көрді. Одан кейін «Ұлым, саған айтам…» деген драмам осы жылдың басында сахнаға қойылды. Сонымен бірге, «Мұқағалимен сыр­ласу» атты поэмамның желісінде жазылған «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық драмам да сахналанып, 4-5 облыста қойылды. Екі пеьса, бір кітап әрине бір автор үшін үлкен жүк деп ойлаймын. Сондықтан, осы жылға өкпеміз жоқ. Керісінше, бұдан да көп дүниелер жазуға деген үмітіміз оянды. Әріптестерімінің бәріне шығарма­шылық табыс тілеймін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір