Қара түнді серпіген білтелі шам
10.12.2019
862
0

…Есімде, бәрі есімде. Қоңыр ауыл біткеннің барша көгенкөздері білтелі шаммен ойнауға, ебін тауып соны айналшықтауға құмар еді. Еңбектегенінен бастап, етек жиып, естияр тартқанына шейін. Осы күні ғой, бестік, жетілік, ондық шам дегендерді еміс-еміс еске алып жүргеніміз, әйтпесе, бала күнде білтесінің жалпақтығына, мөлдір шынысының көлеміне қарап-ақ айнытпай айыратын сияқты едік.

Әрине, бала біткенді ынтық қылатыны – құтысы май-май шамның өзі емес, көгенкөздер әлгі мөлдір шыныны қисайта жанарына көлегейлеп тұтып, айналаға, барша әлемге сығалауға әбден әуес. Әлгі жұқа шишаны жанарыңа тақасаң болғаны, сәл бұлыңғырланғанмен бар маңай ерекше сиқырға шомып, дүние құлпырып сала берген сияқтанады. Баланың дөп-дөңгелек қара көздері түссіз шынының тасасынан бақырая жыпылықтап, кетік-кетік тістері ақсия ыржиғанда кісінің еріксіз күлкісін шақырар. Бірақ… күлкі емес, сол сәтте шешесінің: «Әй, жүгермек, «Емініп тапқан байымды, ешкі теуіп өлтірді» деуші еді. Өлігі таптырмайтын шамның пиаласын сындырсаң, жаныңды шығарамын!» – деген ашулы үні естіліп, қылқи мойын, көк желкеден нұқып қалғаны аңғарылушы еді. Әсіресе, үй ішіндегілерге аңдатпай шамды ақырын үрлеп қалып, бала демімен серпіле шалқыған білтенің лүп-лүп еткен жалынына үнсіз көз салу қандай ғажап! Бір пәсте қарақошқыл түтін бұрқ етіп, мөлдір шишаның томпиған бүйірі лезде саржағалданып, әлдеқандай қара­күйелеш сиқырлы сурет ойнап шыға келгенін бақылау бір қызық. Қара түтіннің көңірсігі, шам майының қолаңсасы осы сәттен балақан үшін әлемдегі ең таңдаулы, қайталанбас жұпардай болып сезілетіні тағы бар.

Беу, қыстың қақаған аязында тісі-тісіне тимей тоңып, алыс жолдан әбден қалжы­раған жолаушы жырақтан сығырайып қана көрі­нер білте шамның жарығын дәтке қуат қылып, алға қарай өршелене тырбанарын, «жетсем» деп жанұшыратынын; білтелі шамның түбінде бастары түйісіп, етпетінен жатып сабақ оқитын балаларына қоңыр үйдің иесі іштей шүкіршілік қыларын онша пайымдай алмаған екенбіз. Әсілі, білтелі шамның жарығымен білім алған ең соңғы ұрпақ біздің буын шығар. Солай болсын деп тілейік.

Жылдар жылжыды. Жариялылық, қайта құру, жаңғырудың самалы Желтоқсанның желіне ұласып, арада небары бес-алты жыл өткенде Тәуелсіздіктің тулаған толқынына айналып сала берген.

Қоғам қайда бағыт аларын білмей абдыраған бейуақ. Ескі рублің қапшық-қапшық болғанмен, оған алар тауарың там-тұм. Сол уақта Қалағаңның (Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов) «Базардан бір келі алмаға бір келі ақша сұрап тұрған кемпірді көрдім» деген қалжыңы ауыздан-ауызға тарап кеткен. Ол ол ма, астана – Алматының өзінде электр жарығы күнде сөніп, қала қараңғылық құрсауында жиі қалатын кез. Тосын апаттың салдары емес, электр қуатын үнемдеу үшін аудан-аудан бойынша әдейілеп сөндірілетін уақыт. Қала дүкендері мен ала-құла дүңгіршектерде ең өтімді тауар – қара нан мен қарапайым шырақ. Парафин мен шошқа майынан жасалатын кәдуілгі шырақ. Шынтуайтына келгенде, адам үшін ең қорқынышты нәрсе аштық пен қараңғылық көрінеді. Сол кездері талай адам өздері баяғыда ұмыттық деген білтелі шамды жоқтаған.

Ол жылдарда біз де жаспыз. Отыздан енді ғана асып, бұзарға орда таппай жүрген кезіміз. «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімін бас­қа­рамын. Осы орынға тағайындарда Орағаң («Қазақ әдебиетінің» Бас редакторы Оралхан Бөкей мені көбіне «Шырмауық бас» деп атаушы еді. Шашымның бұйралығын меңзегені):

– Шырмауық бас, өзге газет-журналды айта алмаймын, ал біздің «Қазақ әдебиетінде» Жазушылар одағының мүшесі еместер сын бөлімін басқарып көрмеген екен. Сен – алғашқысың. Енді ұятқа қалып жүрме, – деп өзімсіне арқамнан қақсын.

Өлімнен ұят күшті. Қала жиі-жиі қараң­ғылық құрсауында қалған қиын кезде «Қазақ әдебиеті» ешқашан кестеден кешігіп шыққан жоқ немесе шықпай қалған емес. Алмағайып кезеңде газеттің дәл уақытында шығып тұруы газет қызметкерлерінің жансебіл еңбегінің нәтижесі болатын. Әрине, қиын жыл­дарда қазақ газет-журналдарының таралымы біршама төмендеген. Бүкіл редакция болып тиражды көтеру үшін тер төктік: өзге газет­тер жаза қоймаған тың тақырыптарды табуға тырыстық; жазғанымыз төгіліп, таңғы шықтай мөлдіреп тұруы үшін талпындық, жүректерге жетуі үшін жанталастық.

Әр аптаның жұмасы күні редакцияда лездеме өткізілуі – бұзылмайтын, бұлжымайтын заң. Лездемеге барлық журналистер қатысуға міндетті. «Қазақ әдебиетінің» жаңа шыққан нөміріне талдау жасалады, жазылған тақырыптар туралы кең әңгіме болады, алдағы нөмірге не беру керектігі кеңесіледі. Кезекті лездемеде таралым мәселесі тағы да сөз болған. Әлдекім:

– Тираж да сөз болып па!? Оны көтеру түк қиын емес қой, – деп қалсын ойда жоқта. – Қазақ жазушыларының сталиндік режимге, тоталитарлық жүйеге қарсы жазған шығармаларынан үзінділер жариялайық. Сонда тираж өзінен өзі-ақ көбейеді.

Орағаң үстелге қарай сәл еңкейіңкіреп, ізінше кілт серпілді де:

– Ондай жоқ бізде! Құлдық сана  бойымызды әбден меңдеп алған екен, – деді, жаны шын ауырған кісінің кейпімен қабағын шытып. – Алаш арыстары болмаса, көзі тірі жазушылардың қарсы болып жазған бір де-бір шығармасы жоқ. Мен арнайы құрылған комиссияның мүшесімін, көзім әбден жеткен соң айтып отырмын, – деді тағы жылдам сөйлейтін әдетінше. Бидай өңі қуқыл тартып, табан асты сұрғылттанып сала берсін. – Жүрегіміздегі жарық шам әлдеқашан сөніп қалған жұрт екенбіз.

Бұл күндері Орағаң – Оралхан Бөкейдің сол сөздерін жиі еске аламын. Адал ұлттың, қазақ деген халықтың жүрегіндегі жарық шам енді қайта өшпеуін тілеймін. Мен «Қазақ әдебиетін» қоңыр ауылдағы қазақтардың үйіндегі білтелі шамға ұқсатамын ылғи. Ол 85 жылдан бері Алты Алаштың жүрегіндегі жарқын сәуле, жарық нұр өшпеуі үшін талмай, аянбай еңбек етіп келеді. Талай ауыртпалықты арқалады, сансыз қиындық­тармен бетпе-бет келді. Жеңді, жеңілді. Сүрінді, қайта тұрды. Күл астынан қайта түлей­тін Феникс құстай самғау үшін жарал­ғанын сан мәрте дәлелдеді.

Қараңғы түнді серпитін білтелі шамдай рухани жарымжандық, бейсаналылық, әдеби кембағалдықты әлі де аулаққа ысырып, сәулесін жомарттықпен шашуын қалаймын. Әлі де айыға қоймаған рухани қапас, қараңғы түнек солай ғана сейілер.

Жаңабек ШАҒАТАЙ,

жазушы, М. Мақатаев атындағы
сыйлықтың иегері

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір