Амангелді Кеңшілікұлы. Румидың «Парсы тіліндегі құраны»
Жуырда белгілі әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлының «Әлем әдебиетінің әңгімелері» атты кітабы баспадан жарық көрді. Танымал әдебиеттанушының төмендегі мақаласы – сол жаңа кітабына енген құнды материалдарының бірі. Әрине, кітаптағы көлемді дүниені газетімізге сол қалпында бере алмайтынымыз белгілі. Сол себепті де оқырман қауымға ықшамдап ұсынып отырмыз. Алдағы уақытта да сыншының аталған кітабындағы құнды дүниелерді рет-ретімен газетімізде жариялайтын боламыз.

Руми – өз ұлтының әдебиетіне шеберлік пен сұлулықтың үлгісі болып қалған, сымбаты бөлек поэтикалық стиль қалыптастырып кеткен парсы поэзиясының пайғамбары. Бір қызығы, жұрттың бәрі де мойындаған кемеңгер бола тұра Руми өзін ақындардың да, философтардың да, даналардың да қатарына жатқызған жоқ. Жүрегінен туған жырлары арқылы ол өмір бойы Құдайға берілген махаббатын дәлелдеуді өмірлік мұратына айналдырды.
Руми жайлы сөз болған соң, ақынның атақты шығармасы «Мәснави» поэмасына тоқталмай кете алмаймыз. Ауқымы жағынан Фирдоусидің «Шах-наме» дастанымен теңесе алмағанымен, Гомердің «Илиада» және «Одиссея» поэмаларын қосқандағы көлеміне пара-пар, Дантенің «Құдайлық комедиясынан» екі есе үлкен туынды ол.
Ақын шығармасының қалай өмірге келгені жайлы бүгінгі күнге жеткен мынандай бір аңыз бар.
Джалаладдиннің шәкірттерінің көңіл-күйлері мен ойларынан жақсы хабардар Хусамаддин бір күні сәтін тауып, ұстазына былай дейді: «Аса құрметті мырзамыз, сіз өз шәкірттеріңізге дәріс пен сұхбат барысындағы әңгімелеріңізде айтылатын ойларыңызды жинақтап, Санаи мен Аттардың поэмаларындай туынды жаза алар ма едіңіз? Сіздің ғазелдеріңізде ол бар, алайда мистикалық жолдың ережелері рет-ретімен бір кітапта баяндалса – «нұр үстіне нұр болар еді». Ақын сол сәтте қоржынынан қағаз алып, өз қолымен «Мәснавидің» 18 бейітін бір демде жазып тастап, оны Хусамаддиннің қолына ұстатыпты. Шығыстың ұлы шайырының атақты туындысындағы «Сыбызғының әні» деп аталатын кіріспесі осылай жазылған екен. Әрине, бұл әңгіме сол дәуірден жеткен аңыз болғанымен, шындыққа бір табан жақын. Өйткені Руми поэмасының жазылу тарихын баяндайтын деректердің бәрінде де осы әңгіме айтылады.
«Мәснави» – ақын шығармашылығының ең ұлы шыңы. Бұл шығармаға «парсы тілінде жазылған Құран» ретінде баға берілгеннен бері «Мавлави» бауырластығының мүшелері мен оның ілімін қолдаушылар оған тамсанып, мадақтаумен келеді. Сопылық ілімге мойынсұнғандардың ішінде талай-талай талантты туындыларды өмірге әкелген ақындар аз емес. Бірақ солардың ешқайсысы да Румидің «Мәснави» поэмасындай кеңінен тарап, жан-жақты зерттеліп, түрлі пікірлер туғыза алған жоқ. Қолжазба күйінде ғана бұл поэманың 500-ге жуық данасы бізге жетті. Мағынасы терең, тағылымы мол поэманың даралық табиғатын егжей-тегжейлі талдаған ғылыми еңбектердің бәріне тоқталатын болсақ, әңгімеміз бүгін бітпейді. Сондықтан да біз Румидің «Мәснави» поэмасын жан-жақты зерттеген еңбектерге шолу жасамай-ақ, белгілі ғалым Олег Феодорович Акумишкиннің ғылыми еңбегіне сүйене отырып, шамамыз жеткенше бұл туындының ерекшелігін оқырманға қысқаша түсіндіріп беруге тырысып көрейік.
«Мәснави» поэмасын оқығанда ақынның табиғи зердесі мен білімінің тереңдігі таң қалдырады. Поэмасындағы әңгімелерге сюжет табу үшін ақын жүзден астам шығармаларға үңілген. Мысалы, асыраушы-шыбын жайлы сюжетті ХІ ғасырда өмір сүрген араб ақыны сатирасынан алған. Ақын бұл шығармасын қолмен жазған жоқ, көңіл-күйі тасып, шабыты қозған уақытта ауызша шығарды. Сондықтан да поэмадан шығармашылық өнердегі суырып-салмалықтың ықпалы айқын байқалады. «Мәснави» поэмасының құрылымы да күрделі. Әдебиеттегі ізашарлары Санаи мен Аттарға еліктеп, Руми өз шығармасын аңыз бен тағылымдық әңгімелер түріндегі дидактикалық формада жазды. Сонымен қатар «Мәснави» поэмасын жазған шайырдың шәкірттерінің мұсылмандық мистицизмге қатысты өтінішін қанағаттандырып, әлеуметтік тапсырысты орындағанын да ұмытпаған абзал. Сол себептен де ол өз шығармасында мұсылмандық эзотеризмнің іргетасы болып саналатын Құран мен Мұхаммед пайғамбар туралы хадистерге жиі жүгінді. Құранды парсы тіліне аудара отырып, одан 760 рет өлең жолын, хадистен 745 мысал келтірген. Құрандағы жыр жолдарын аллегориялық жолмен түсіндіре келіп, өзінің хадистерге байланысты түсініктерін дәлелдей түсу мақсатымен оқырманға арнап Құрандағы жекелеген өлеңдер мен пайғамбарлар туралы аңыздардың құпия мағынасын аша түседі.
«Мәснави» поэмасындағы қандай да бір моральдық-этикалық немесе сопылық ережелерді түсіндірудің жүйесі төмендегідей болып келеді: теза (мистикалық постулат), содан кейін оны дәлелдеу (Құраннан өлең немесе хадис), сосын жарқын мысал (аңыз, әңгіме, миниатюралық новелла), сонан соң тұжырым (сентенция немесе уағыз күйінде).
Соңғы жылдары поэмада баяндалған негізгі идеялар мен сопылық доктриналарының бейберекетсіздігі жайлы да әңгіме айтыла бастады. Еуропа ориенталисі Ю.Баликтің пікіріне сүйенсек, «Мәснави» – өзінің құрылымы жағынан Аттардың «Иллахи-наме» («Құдайлық туралы кітап») поэмасын еске түсіретін туынды. Бұл поэма да шекарасын Румидің өзі белгілеп берген үш дербес бөлімнен тұрады. Ю.Балдиктің осы айтқандарын дәлделдеу үшін келтіретін дәлелдері мынандай: «Мәснавидің» бірінші бөлімі Құдай мен Ақиқатты іздеудің жолына түскен адам арылуға тиіс адамның құмарлық сезімдеріне арналған (бірінші дәптердің мазмұны), өйткені зұлымдық пен жалғандық, Сайтанға елігу – көңіл пәстігінің көрінісі (екінші дәптердің мазмұны). Үшінші және төртінші дәптерлер екінші бөлімді құрайды. Ондағы әңгімелердің мағынасын Руми сертін бұзған ғашық пен Мұса пайғамбар туралы әңгімемен түйіндейді. Сайтанды періште алмастыратын бұл бөлімнің негізгі тақырыбы – абсолютті Сана, адамның ақылы мен білімнің қарым-қатынасы. Үшінші бөлімде (бесінші және алтыншы дәптерлер) бірыңғай мәндік Болмысты дәлелдеп, адамдық болмысты терістейтін тақырып мазмұндалған. Онда абсолюттік Рух пен Ақиқаттың мистикалық тұжырымы түсіндіріледі.
Руми поэмасы халықтың ыстық ықыласына бөленген, даңқы жер жарған бірегей туындыға айналды. Бұл шығарманың зор табысқа қол жеткізуінің басты себебі: ақынның мистикалық теория мен тәжірибені ұштастырғанында ғана емес, күрмеуі күрделі философиялық тұжырымдарды өте қарапайым, ұғынықты тілмен баяндап беріп, оқырман жүрегіне жол таба білуінде.
Ол – поэтикалық ойлау жүйесі ешкімге ұқсамайтын нағыз ақын. Шайыр поэзиясының тілінде әсіре бояулар мен жасанды сұлулық жоқ. Бәрі де қарапайым және бәрі де онда шынайы сезімнің жібімен кестеленген. Ақын жырларының бояуын анық, нәшін айқын етіп жазады. Дегенмен «Мәснави» поэмасының өмірге келуі оңай, жазылуы жеңіл болды деп айта алмаймыз.
Поэманы жазу барысында ақын бірде шаршап-шалдығуды білмей, жүрегінен туған жырлардың тасқынын Хусаммаддинге ауызша айтып, шабыт патшалығында шалқыса, енді бірде терең ойын жеткізетін сөз бен оған лайық ұйқас таба алмай, айлар бойы шығармашылық тозақтың азабын шегіп, жаны ауырып, қатты қиналды. «Сөздер – менің жауым, олар маған бағынбай қойды» деген ақын сөздерін оқығанда, нағыз ұлы дүние туғызудың қандай ауыр қасірет екенін жан-тәніңмен түсінгендей боласың.
«Мәснави» – мұсылмандық мистицизмнің нағыз энциклопедиясы. Таяу және Орта Шығыс елдерінің бәрі де оны жатқа оқып, тағылым алды. Әсіресе, бұл туынды Иранда, Солтүстік Үнді елі, Пәкістан мен Түркияда кеңінен насихатталып, әдебиеттің жаңаша бағытқа бет бұруына себепкер болды. Мысалы, Түркияда ХХ ғасырға дейін Румидің бұл атақты поэмасы сол үшін арнайы салынған аудиторияларда талқыланып, оның мағынасы жалпақ жұртқа насихатталып келгені аян. Ал мұсылман әлемінің бір бөлігі болып саналатын Шығыс Түркістанда «Накшбанди-ходжаган-и-актаглик» дәруіштерінің ағайындығында ақынның осы поэмасының жеті жүздей бәйітін білу міндет болып саналған.
«Мәснави» – сопылардың талай ұрпақтары рухани шөлін қандырған сопылық энциклопедия мен мистикалық идеялардың қайнар бұлағы ғана емес. Өзінің мәнісі терең, тағылымы мол, бояуы құлпырған мысалдарымен ақын өмір сүріп отырған қоғамының бейнесін шебер жеткізген. Шығарманың өзегі болып табылатын көптеген әңгімелерінің кейіпкерлерін ақын нағыз өмірден алынғандай етіп, соншалықты шынайы және нанымды етіп суреттеген.
Сопыларға арналып қана жазылған бұл поэма жылдар өткеннен кейін барлық қоғамның, ғасырлар өткеннен кейін барша адамзаттың рухани игілігіне айналды. Тоғыз ғасырдан бері талай дүние ескіріп, күресінге лақтырылса да, «Мәснави» поэмасының жұлдызы бұрынғыдан да арайлы болып жарқырап, әлемге шуағын шашып тұр.
Шынымды айтсам, мақаланы жазарда Руми туындыларының бағасын бергісі келген мақсатты да көздеген жоқпын. Өйткені оны Уақыт баяғыда беріп қойған. Ол бағаның аты – Мәңгілік.