Алматыда халықаралық инвестициялық форум өтті
29.11.2019
802
0

 

Күні кеше Алматы қаласында 2019 жылғы Халықаралық Инвести­циялық форум өтті. Форум аясындағы пленаралық сессиялардың ықпалды спикерлері қатарында Түркияның бұрынғы вице-премьері Мехмет Шимшек, Ұлыбританиядағы Лорд палатасының мүшесі, бұрнағы жылдары Әлеуметтік қамту министрі қызметін де атқарған, 2013 жылы америкалық «Форин Полиси» («Сыртқы саясат») журналы әлемдегі 500 беделді тұлғаның бірі ретінде таныған Лорд Лили бар. Сондай-ақ іс-шараға Катардың Сауда-Өнеркәсіп палатасының вице-президенті Мохаммед Бин Тауар Аль-Кавари арнайы іссапармен келді.

«АҚЫЛДЫ ҚАЛА»

 Форумды ашқан Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматының инвестициялық мүмкіндігінің сан қырлы екенін айта келе: «Форумның мақсаты – бизнесті дамытуды ынталандыру, Алматыға шетелдік инвесторларды тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Сондай-ақ форум бағдарламасы аясында коммерциялық келісімдерге қол қою рә­сімі жоспарланып отыр. Мәселен, былтырғы шара аясында құны 1 миллиард доллар болатын 40 меморандумға қол қойылыпты. Оның ішінде 12 жоба табысты жұмыс істеп келеді. Алматы бизнес-климаттың, бизнес-климат Алматының мүмкіндігін тағы бір сынайтын кез келді. Сіздермен инвестициялық мүмкіндіктерді талқылауға және іскерлік байланыстарды орнатуға зор мүмкіндік беретін Алматының басты алаңы – бүгінгі инвестициялық форумда қауышқаныма шын жүректен қуаныштымын», – деді.

 Жалпы, форумның басты мақсаты – Алматы шаһарының инвестиция тарту әлеуетін күшейту. Басқосу барысында отандық кәсіпкерлер шет елдердің қалталы азаматтарына тиімді шарттар ұсынып, инвестиция тартуға шақырды. Себебі елімізде жаңа кәсіп бастауға қолайлы жағдай жасалған. Оған «Doing Business Report» («Бизнестің жүргізілу көрсеткіші») көрсеткішіндегі жоғарғы нәтиже айқын дәлел бола алады. Сонымен қатар биыл алғаш рет инновациялық даму мәселесі дөңгелек үстел ауқымында талқыланды. Халықаралық форум бірнеше саланы қам­титындықтан, пікірталас жеті па­нельдік сессияға бөлінген. Сессияларда белгілі саясаткерлер, экономистер, қаржыгерлер, әлемдік стартап жобалардың авторлары өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жақында ғана Алматының 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы әзірленіп, ол қала тұрғындарының кең талқылауына ұсынылған болатын. Негізгі мақсаты – өмір сапасы мен бизнес мүмкіндіктері жоғары әлемнің ең үздік 100 қаласының қатарына ену. Ол үшін күшті экономикалық негіз қажет екені белгілі. Ал қала экономикасы жылына кемінде 5% қарқынмен дамуы тиіс. Айта кетерлігі, форум Алматыда осын­дай тарихи маңызды кезеңде өтті.

 Қала әкімі өз сөзін жалғай келе былай деді: «Неліктен әлемдегі кейбір қалалар қарыштап дамып, табысқа жетеді де, ал енді біреулері, керісінше, кедейленеді? Мені Сан-Франциско мен Калифорнияның тә­жірибелері қызықтырды. Сан-Францисконың халқының жан басына шаққандағы табысы ең кедей америкалық қалалық аймаққа қарағанда үш есе жоғары. Сан-Франциско табысының сыры неде? Мұның сыры мынадай үш түрлі себепке байланысты: өмір сүруге қолайлы тамаша климат жағдайлары – АҚШ-тың қолайлы күн белдеуі, дамыған инфрақұрылым және АҚШ-тағы ең үздік бизнес-климат. Сондай-ақ үшінші және ең басты себебі деп есептейтінім – негізгі драйверлері жаңа индустрия саналатын қала экономикасының алдыңғы қатарлы құрылымы. Сан-Франциско сияқты қалалардың жолы бізге өте қызықты. Қалалық экономиканың құрылымдық маневрінің идеясы осыдан келіп шығады».

Дүниежүзілік банктің ұлтішілік рей­тингінде Алматы бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Қазақстанның барлық өңірлері арасында бірінші орында келеді. Тағы бір ерекше оқиға – осы жылдың қыркүйегінде «Fitch» агенттігі қаламызға «ВВВ» несиелік рейтингін – Қазақстанның дербес рейтинг деңгейін берді. Бұл инвестиция үшін тәуекелдің төменгі деңгейін білдіреді. Қа­зақс­тандағы ең үздік бизнес-климат Алматыда қалыптасқан. Сондай-ақ Орталық Азиядағы өзге бірде-бір ірі қала мұндай халықаралық несиелік рейтингке ие болған емес.

 Қала экономикасының көлемі 12,1 трлн. теңгеге немесе 35 млрд. долларға тең. Бұл – жалпы ішкі өнімнің бесінші және салықтардың төрттен бір бөлігі. Алматы – жалпы өңірлік өнімі жан басына шаққанда 19 мың долларға жуық Орталық Азиядағы ең табысты мегаполис.

 Үшіншіден, өмір сүру және бизнестің қолайлы жағдайларының арқасында Алматы – адам капиталының концентраторы болып отыр. Елдегі және өңірдегі ең креативті, ең батыл әрі білімді адамдар Алматыға шоғырланған.

«Мегаполисте өмір сүру сапасы мен жайлылықты арттыру үшін біз қысқа мерзімді және орта мерзімді даму жоспарларының арнайы пакетін қабылдадық. Олар бірінші кезекте «жаңа Алматыға», яғни мегаполистің шеткі аудандарына, сондай-ақ Алматы агломерациясына қатысты», – деп атап өтті Б.Сағынтаев мырза.

 Алматы «ақылды қала» ұстанымына басымдық бере бастады. Қала әкімі осы ретте жоспарлау және құрылыс, тұрғын үймен және коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, қауіпсіздік, көлікпен тасымалдау, білім беру, қоғамдық денсаулық ісін жүргізуде, қаланы тұрғындармен бірлесіп басқаруда үздік әлемдік смарт-тәжірибелер қолданылатынын тілге тиек етті. Қала экономикасының жаңа индустриясын және цифрландыруды, оның ішінде электронды коммерция мен төлемдер, блок-чейн, интернет-заттар, ауқымды деректер және т.б. сол секілді перспективалы салаларды дамыту үшін платформалар құруға айтарлықтай басымдық беріледі.

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ЕҢ КРЕАТИВТІ ҚАЛАСЫ»

«Ғылымды қажет ететін экономи­каны дамытуға, жаңа ақпараттық техноло­гия­ларға, жоғары технологиялық тауарлар өндірісін дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Алматы айтарлықтай ғылыми-техникалық әлеуетке ие. Мұн­да еліміздегі ғылыми-зерттеу және тәжіри­белік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыратын ұйымдардың 35%-ы орналасқан. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конс­трук­торлық жұмыстарды орындайтын барлық қызметкерлердің 42%-ы жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта жоғары технологиялардың халықаралық нарығына шығу үшін инвесторларды Алматының тиімді инновациялық эко­жүйесін жедел қалыптастыру жұмыс­тарына қатысуға шақырамын.Экожүйеге – жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары жанындағы трансферт және технологияларды коммерцияландыру орталықтары, технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктер, инновациялық және IT-кварталдар енетін болады», – деді Алматы әкімі Б.Сағынтаев.

Креативті индустриялар, болашақ­тағы эко­номиканың (әсіресе үлкен қалалар­дағы) ең перспективті бағыты – форумда талқыланатын басым бағыттардың бірі. Осыдан оншақты жыл бұрын ғана Стив Джобстың «идеялар ең құнды тауарға айналады» дегеніне сену қиын еді.

 «Бүгінде Алматыны Орталық Азияның ең креативті қаласы деп айтуға болады. Еліміздің креативті секторының 45%-ы біздің қаламызда шоғырланған. Алматы – ІТ қалыптастырылған, дамыған ғылымы мен креативті инфрақұрылымы бар, жарқын студенттік, жастар қаласы. Біздің қаламызда жыл сайын ұлттық жоғары оқу орындары дайындайтын ең үздік шығармашыл кадрлар шоғырланған», – деп атап өтті қала әкімі.

Алматы – кино өндірісі үшін қолай­лы қала. Қалада орта есеппен жылдың 220 күнінде ауа райы жылы болады. Бес климаттық аймақ, керемет пейзаж, дамыған инфрақұрылым кез келген жанрдағы фильмдерді түсіруге зор мүмкіндіктер береді.

Қазірдің өзінде Алматы мен Алматы облысына бейнебаяндар, жарнамалық роликтер мен деректі фильмдер түсіру үшін шетелдік студиялардың өкілдері келуде.

 Бақытжан Сағынтаев мырза өз сөзін: «Барлық қажетті жағдайды туғызу үшін қала әкімдігі жанынан арнайы орган – «Almaty Film Commission» құрылады. Бұл құрылым «Бір терезе» қағидаты бойын­ша Алматыда түсірілімдерді ұйым­дастыру үшін шетелдік және отандық кинокомпанияларға қолдау көрсететін болады.

Кинобизнес, білім мен мемлекет өкіл­дерінің тығыз байланысының арқасында біз отандық кинематографты дамытып, Алматыны әлемдік кино түсіру алаңына айналдырамыз. Бұл қаламыздың беделін көтеріп қана қоймайды, сонымен қатар туризм мен шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізеді.

Сондай-ақ біздің аниматорлардың шығармашылық әлеуетінің зор екеніне сенімім мол. Енді осы істі жүзеге асыру қажет. Индустрия, мемлекет, бизнес және білім беру өкілдерінің бірлес­уімен алматылық музыканттарды қол­дау мақсатында арнайы платформалар құрылатын болады. Бұл – әлемдік бизнес үшін игерілмеген мүмкіндік. Сондықтан, кәсіпкер мырзалар, Алматы сіздер үшін бизнес әлеміндегі табыстылық формуласына айналады. Біз сіздердің мүмкіндіктеріңізге және дұрыс таңдау жасайтындарыңызға сенеміз», – деп түйіндеді.

«АЛМАТЫ – ЖАҢА МЕДИА ӨКІЛДЕРІНІҢ ОРТАЛЫҒЫ»

Қала әкімінің айтуынша, Алматыда жаңа медиа өкілдері – блогерлер индустриясы жедел қарқынмен дамып келеді. «Жаңа медиа платформасының дамуына «YouTube» және «Instagram» желілері үлес қосуда. Бұл – қаржы табудың мүмкіндігі. Алматыдағы жас блогерлер азғана уақыт ішінде тамаша жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Олар тек Қазақстанда ғана емес, ТМД-да, Орталық Азияда да танымалдылыққа ие», – дейді Б.Сағынтаев мырза.

Қала басшысы, сондай-ақ, контент нарығы тапсырыс берушілер мен орындаушылар арасындағы келісімшарттардан тұратынын атап өтті. Бұл үрдіс Алматыға да келіп жетті. Қазір блогерлер арасында құны 1 млн. АҚШ долларынан асатын келісімшарттармен жұмыс істеп жатқан жастар жеткілікті.

«Аудиовизуальды контент нарығын дамытуға мүмкіндік туып отыр. Нарықтың бұл сегменті Орталық Азия елдерін қамтып үлгерді. Осылардың ішінде ең креативиті қала ретінде мен Алматыны айтар едім», – дейді қала әкімі.

Алматы әкімі, сондай-ақ, өзін Алматымен мемлекеттік қызмет қана байланыстырып тұрмағанын айтады.

«Алматының әрбір бұрышында жаныма жақын естеліктерді еске салып тұратын тарих тұнып жатыр. Мен Алматыға әкім болып тағайындалған кезде туған қалама қайта оралғандай әсерде болдым».

Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Халықаралық Инвестициялық форум барысында айтты.

Әкімнің айтуынша, Алматыда көлік, коммуналдық қызметтер, қауіпсіздік, халық денсаулығы, қызмет көрсету салаларында «ақылды» технологиялар қолданылатын болады.

«Қаламыздың ғылыми әлеуеті өте жоғары. Бізде ғылыми зерттеу мен тәжірибелік конструкторлық жұмыс­тардың 35%-ы шоғырланған. Алматы мәдени креативті қала ретінде білім экономикасының орталығы болуы тиіс. Біз жақында Креативті индустрия паркін салуды бастаймыз. Бұл паркте жер туралы ғылым, опто және микроэлектроника, биотехнология, жоғары энергиялар физикасы, медицина саласындағы жаңа ғылыми жұмыстар жасалатын болады», – деді әкім.

Сонымен қатар қала басшысы шаһа­рымыз үшін әлеуметтік экономика да үлкен драйвер болатынын тілге тиек ете отырып: «Бірінші кезектегі мәселе білім және денсаулық сақтау салалары болып отыр. Бұл салаларға ауқымды қаражат бөлінетін болады. Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін кем дегенде, 19 мектеп, 400 балабақша, 30 медициналық мекеме ашу керек. Осы салаларға бизнестің қызығушылығы бар деп ойлаймын. Балабақша мен мектептердің салынуына барынша күш салатын боламыз», – деді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір