Айтыстың алдаспаны
Айтыс өнері қазақ жүрегіне қашан, қалай орныққаны жөнінде кеңінен толғап, жүйе-жүйесін сала-сала бойынша саралап, ұлттық ойдың ерекшелігін тайға таңба басқандай айқындап бере алды ма екен өзі деген күпіршілік сана қылаң ұрып қалатыны бар. Ата-баба сөзінің киесін көкірегіне тұтас қондырып, бұлақ көзіндей атқылатқан ақындық ағысы арынды Сүйінбай Аронұлының туғанына екі жүз жыл толу қарсаңында әңгімені осы ұстаным тұрғысынан төтесінен бастағанды жөн көрдік. Айтыстың халықаралық дәрежесінің туын желбіреткен тұлға турасында жүректен қозғаған филология ғылымдарының докторы, танымал сыншы әрі жазушы Бекен Ыбырайымның ғылыми толғанысы көкейімізде көптен бері жүрген сұрақтарға жауап беретіндей ізденістен құралақан емес.
Бекен ЫБЫРАЙЫМ
Географиялық жағынан бір-біріне жақын, соған орай өмірінде ұқсастықтары көп қазақ және қырғыз елі ақындары әр кезде-ақ айтыс додасына түскені тарихтан аян. Алайда, көпшілігі айтылған жерде ұмыт қала берген. Алатаудың алқабында қапталдас-шегаралас жатқандықтан, екі ұлттың арасында сан алуан байланыстар өрістеуі – табиғи процесс, тарихи қажеттілік. Мұндай жағдайда қай-қайсысы үшін де пайдалы өзара ықпалдастық нығаятыны, әр ұлттың өзіндік тарихи тәжірибесіне белгілі бір дәрежеде қомақты үлес қосатыны айқын.
Алайда, екі ел ақындарының арасындағы көптеген айтыстар сан түрлі себептер салдарынан айтылған қалпында бүгінгі күнге жете алмады. Араға біржарым ғасыр белестері түсіп, автордан немесе авторлардан айтушы насихатшыларға, тыңдаушыларға тарап, әу бастағы қалпынан азды-көпті өзгеріп, бүгіннің де игілігіне айналады. Мәселен, Сүйінбай мен Қатаған айтыстарының әрқилы нұсқалары бар. Сүйінбайдың жыр жинақтарында, сонымен бірге әзірге толық жарияланбаған мұрағат материалдарына қарағанда, Қатаған рудың аты да, Арыстанбек сол рудан шыққан ақын ретінде аталады. Ал Арыстанбек Бұйлашұлының 1994 жылы шыққан алғашқы жыр кітабында Қатаған ру емес, ақын есімі ретінде еске алынады. Сүйінбай Аронұлының 1975 жылы шыққан «Ақиық» атты жинағында Қатағанның бұған дейін де айтысқа түсіп, Қоңырбайдың асында 500 жылқы матағаны (ұтып алғаны) айтылады. Бірақ кіммен айтысқаны белгісіз болып қалды. Жеңіп алған үлесінің көлеміне қарағанда, ауыл арасындағы жеңіл-желпі қағысу емес, кәдімгідей екі елдің іргелі руларының делебесін, намысын қоздыратын үлкен айтыс өткенге ұқсайды.
Ал түрлі нұсқалары бар, қазақ-қырғыз айтыстарының ішіндегі ең атақтысы – Сүйінбай мен Қатағанның, Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысы – бүгінгі күннің көзқарасы тұрғысынан келгенде, екі елдің айтулы өнер иелерінің, шығармашылық тұлғаларының өнер жарысы. Музыкамен – әуенмен және музыкалық аспаппен сүйемелденетінін, әлеуметтік статусы түрлі деңгейдегі, эмотивтік-эстетикалық тәжірибесінің дәрежесі әрқилы, соған сәйкес түйсіну-түсіну-қабылдауында өзіндік ерекшеліктері бар алуан топтардың қолдайтынын әрі бұлардың айтыс процесіне қолма-қол әсер ететінін ескеру қажет. Бұл арада айтысты сөз – мәтін, әдеби жанр деп қараудың өзі белгілі бір дәрежеде шартты екенін назардан тыс қалдыруға болмайды.
Айтыскер немесе авторлық ауыз әдебиетінің шығармасын дүниеге келтіруші кім болса да, қаумалаған тыңдаушы топтың жалпы шоғырын, әрі ерекшелігін елемей тұра алмайды. Олардың көзқарасымен, талап-тілегімен санаспауы мүмкін емес. Айтушының нақ осы сәттегі немесе келешектегі «тағдырына» да әсер етуге мүмкіндігі бар мызғымас күш – тыңдаушылар. Осындай әрі объективті, әрі субъективті ықпалды сезінген субъективті шығармашылық тұлға айту процесінде – өзінің рухани-шығармашылық тәжірибесі мен талғамына, психологиялық күйіне, физиологиялық шамасына, әлеуметтік ахуалына қарай барын ортаға салады.
Уақыт өте келе, ел жадында көп қырлы өнер туындысы – негізінен айтыстың, т.б. сөзі ғана қалады да, көркемдік әлемін түзуге атсалысқан басқа көркемдік компоненттер – әуен, айту – орындау ерекшелігі, дауыс мәнері, ырғағы, екпіні, көңіл күйі, түр-тұлға, кескін-келбеті, сүйемелдеуші музыкалық аспап сипаты, тыңдаушылар қолдауы, т.б. сол шақта көргендердің-тыңдаушылардың ғана көңілінде сақталады. Ал мәтін – сөз куәгер айтушылар-таратушылар арқылы таралғанымен, әр буын, әр ұрпақ ауысқан сайын кішігірім өзгерістерді «бастан» өткереді. Сондықтан азды-көпті айырмашылықтары бар нұсқалардың жаралуы заңды.
«Сүйінбай мен Қатағанның айтысын» алғаш құрастырып, жеке кітап етіп, 1935 жылы жариялаған – І.Жансүгіров пен Ф.Ғабитова. Осы айтысқа байланысты І.Жансүгіров: «Сүйінбайды Жетісудың қазақ, қырғызы біледі. Әсіресе, оның Қатағанмен айтысы – жалпақ елге тым көп тараған өлең. Мұны әр ақын әр түрлі қылып айтады. Қазақ ақыны айтса, Сүйінбайға жеңдіреді, қырғыз ыршысы айтса, Арыстанбайға (Қатағанға) жеңдіреді», – дейді. І.Жансүгіровтің осы сөзінен бері де ұзақ жылдар өтті. Қазақстандағы, Қырғызстандағы мұрағаттарда сақталған нұсқалардың барлығы да аталған кітаптан кейін, айтушылардан жазылып алынған. Тек Ө.Қарғабайұлы Жамбылдан жазып алған ең көлемді нұсқа ғана мерзімі жағынан жақын – 1937 жылы қағазға түскен. Бұл нұсқаны Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті жанындағы Жамбылтану және халық ақындары ғылыми-зерттеу институты қазақтың авторлық ауызша әдебиетінің мұраларын қамтыған «Ақындар аманаты» атты сериямен алғаш рет сәл ықшамдап, 2014 жылы шығарды. Ал толық нұсқасын биыл көлемді жеке кітап етіп жариялады. Қолжазбада Қатаған емес, Арыстанбекпен айтысқаны деп жазылуы себепті Қатаған деп өзгертпедік. Іс жүзінде бұл екеуі екі ақын екенін қырғыз ғалымдары өткен ғасырда-ақ айтқан еді.
Қазіргі қолда бар қазақша нұсқаларды салыстырғанда, барлығында да Сүйінбай Қатағаннан уәжінің дәлелділігімен, молдығымен басым көрінеді, қарсыласының сөзінен осал тұсын бірден тауып, «ұялтады», көптің көзінше тек айтқыштығымен ғана емес, ең бастысы – шындық сөзінің қуаттылығымен бұлтартпас уәжінің молдығымен мерейі үстем көрінеді.
Қазақ пен қырғыз ақындарының айтыстарында дәлелге дәлел, мысалға мысал қосып, «шабуылды» үдетіп, үстемелетіп айту – қарсыласын жеңу үшін қолданатын аса тиімді, пәрменді тәсілдердің бірі. Мәселен, Сүйінбай мен Қатағанның, Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысында қарсыласының үрейін ұшырып, бетін қайтару үшін өзінің, өз жағының (руы, елі, ұлты, т.т.) басқадан басымдығын, айрықша артықшылығын тілге тиек ете отырып, «өз» мерейін асыратын айғақ-айшықтарды біртіндеп, кезегімен «қару» ретінде пайдаланады.
Сүйінбай-Арыстанбек айтысы ма, әлде Сүйінбай-Қатаған айтысы ма деген сауал қазақтың да, қырғыздың да әдебиеттануында әлі күнге толық анықталып, бұлтартпас дәлелдермен тиянақталып болған жоқ. Сүйінбай Аронұлының Қазақстанда шыққан кітаптарында
Қатағанмен-Арыстанбекпен айтысты деп жазылды. Ал мұрағаттардағы Өмірзақ Қарғабайұлы, Әшім Нұрлыбайұлы, Әбдіғали Сариев, т.б. нұсқаларда біресе Қатағанның, біресе Арыстанбектің есімі аталады.
Ал қырғыз әдебиетінде тек «Арыстанбек пен Сүйүмбай айтышы» ғана жарық көрді. Қатағанмен «жарысқан» нұсқасы бүгінге жетпеді деген тоқтам жасалды. Мұның негізгі себебі Қатағанның жеңілуі беделін төмендетіп, ел ішінде өлең сөзінің сақталмауына әсер етті деген пікір басым (Б.Кебекова еңбектерін қараңыз).
Қазақ әдебиеттануында (Е.Естаев, М.Үмбетаев, т.б.) Қатаған деген рудың аты, Арыстанбек Бұйлашұлы сол рудан деген пікірлер кейінірек айтыла бастады.
Мәселен, Сүйінбай Аронұлының «Ақиық» атты кітабында («Жазушы», 1975. Құрастырған және ғылыми редакциясын қараған: Сұлтанғали Садырбаев пен Есберген Естаев.) Е.Естаев жазған түсініктемеде «Қатаған – қырғыз ақыны, шын есімі – Арыстанбек Бұйлашұлы. 1840 жылы Нарында туған. 1882 жылы өлген. Сүйегі Ыстықкөлдің жанындағы Тасқия деген жердегі зиратқа қойылған» (137-бет) деп көрсетілсе, Мүбәрак Үмбетаевтың «Пірім менің Сүйінбай» («Қазақ университеті», 1992) атты зерттеуінде: «Атақты Сүйінбаймен айтысқан қырғыз ақыны Қатағанның шын толық аты – Арыстанбек Бұйлашұлы. Ол ХІХ ғасырдың бірінші жартысында, 1828 жылы Нарында, екі Нарын ортасында дүниеге келген… Замандастары оны ұзын бойлы, шоқша қара сақалды, қара мұртты, сырықтай қатқан қара сұр пішінді кісі етіп сипаттайды…
Ақын 1882 жылы Ыстықкөлдің жағасындағы Чычкан деген жерде дүние салған. Сүйегі Жокунун күншығыс жағындағы Таш-Кыя бейітіне қойылған…
Арыстанбек Бұйлашұлы қырғыз еліндегі Саяқ тайпасының Қатаған деген руына жатады. Сондықтан Арыстанбекпен айтысқан ақындар оны руының атымен Қатаған деп те атай берген. Сол себепті Сүйінбай оны айтыс үстінде Қатаған деп атайды.
Сүйінбай мен Қатаған алғаш рет қырғыздың ең ірі билеуші манабы Орманның шешесіне берген асында кездескен. Ас 1852 жылы Ыстықкөл жағасындағы табиғаты көркем жайлауда өткен» (88-89 беттер). Айтыс қашан, қай жерде өткені туралы қайшылықты пікірлер – бөлек зерттеудің жүгі…
Бұл пікірлерге қарағанда, Арыстанбек Бұйлашұлы – Қатаған руынан шыққан ақын, Сүйінбай тек сонымен ғана айтысқан. Кезінде мәліметтер толық қолға түспегендіктен болса керек, Арыстанбектің туған жылы алғашқы түсініктемеде қате көрсетілген. Ас 1852 жылы өтсе, 12 жастағы баланың аты белгілі азулы ақынмен айтысуы, әрине, мүмкін емес. Ал Қырғыз Ұлттық Ғылым академиясының мұрағатындағы мәліметтер мен «Арыстанбек. Ырлар» (1994) атты кітапта Арыстанбектің туған және қайтқан жылдары 1824-1878 деп көрсетілген. Біздіңше, осы соңғы мәлімет қисындырақ.
Ал қазақ-қырғыз ақындарының шығармашылық байланыстарын арнайы зерттеген, белгілі қырғыз ғалымы, Қырғызстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, марқұм Батма Кебекованың зерттеулерінде Қатаған басқа да, Арыстанбек басқа ақын, Сүйінбай ең алдымен Қатағанмен, одан кейін Арыстанбекпен айтысқан деген тұжырым айқын. Қатағанның есімі қазақтарға аталған айтыс арқылы ғана таныс. Одан басқа мардымды мәлімет жоқ. Ал Бақтыбаймен, Сарбаспен айтысқан Қатаған басқа ақын ба, жоқ па, айқын айғақ, нақты дәлел әзірге жетпейді. Қырғыз ақындарының шығармашылығын арнайы зерттеген белгілі ғалым Б.Кебекова «Қатаған ырчы жөнүндө маалымат аз. Айтыштын өзүндөгү фактыларрменен далилдөө да кыйын», – деп жазады (Б.Кебекова «Кыргыз, казак акындарынын чығармачылық байланышы» (Ф., 1985, 37-бет).
Арыстанбек Бұйлашұлының 1994 жылы шыққан жыр кітабын жинап, құрастырған Б.Кебекованың жариялауы бойынша Қатағанның жеңілгеніне намыстанған Арыстанбек арқасы қозып, есе қайтару үшін айтысқа белсеніп шығады. Аталған ақындар айтысының бүгінге жеткен әртүрлі нұсқаларының арасында ұқсастықтар да, айырмашылықтар да баршылық. Қырғызшаны айтпағанда, көрнекті сүйінбайтанушы ғалым Сұлтанғали Садырбаев дайындап, баспадан әр жылдары шығарған нұсқаларында мәтіндік тұрғыдан өзгешеліктер бар. Бұлардың барлығын салыстырып, текстологиялық зерттеулер жүргізіп, дұрысталған, ғылыми сүзгіден өтіп сұрыпталған үлгісін жасау, С.Аронұлы айтыстарының академиялық басылымын жариялау – күн тәртібіндегі кезекті шаруа.
Аталған айтыс нұсқаларын салыстырып қарағанда, қазақ ішінде айтылған үлгілерге көңіл қойсақ, Сүйінбай уәжін үстемелетіп, дәлелдерін үсті-үстіне төгіп, дамытып барып, жеңіске жетеді. Ал қырғыз үлгісі бойынша көркемдік деңгейі аса жоғары сөз сайысында екі ақын тең түседі. Екеуінің де тайсалмайтын батыл, тұтқиылда тосылмайтын тапқыр, толғаса, тоқтамайтын жүйрік, айтқан сайын арынын асыра беретін арқалы ақындар екеніне әбден көзі жеткен көпшіліктің ұйғарымы солай болады.
Қалай дегенде де, айтыстың ағайын халықтар арасына таралған үлгілері – авторлық ауызша әдебиеттің ең үлкен арнасы – ауызша поэзияның көркемдік деңгейінің биіктігіне, өз кезінде кешенді мүмкіндігі – көркемдік әлеуетіне қарай, замана сипаты, сұранысына сай қажетті рухани-тарихи қызмет атқарғанына айғақ. Бұл арада біздің назар аударатынымыз – қай ақынның жеңіске жетуі емес, қай нұсқа бойынша автордың – ақынның шеберлігін көрсетуіне молырақ мүмкіндік берген, суырыпсалма ақындар қолданатын тәсілдің ұтымды, шебер қолданылуы. Сондықтан қазақша нұсқада бірден көзге түсетін айшықты айғақтарға, адуын арынға көңіл қойған жөн болар.
Әрине, көп кілтипан сол айтысты кейінгі күнге кімдердің қалай жеткізгеніне де байланысты. Мұндай жеткізушілер жазу-сызуға қолайлы жағдай жасалмаған көшпелі елдердің рухани қажеттілігін қанағаттандыруда тарихи, маңызды қызмет атқарғаны белгілі. Бұл – әдебиет тарихының жүйелі зерттеуді тілейтін өзіндік, бөлек мәселесі. Сол жеткізушілер – әдеби байланысшылар арқылы бүгінге жеткен қазақ арасындағы аталған айтыстың барлық нұсқаларында пайдаланылған уәжді молайту, екпінді үдету тәсілі – ақындардың оңтайлы «қаруы». Автор ақындар, жаттап алып айтушы ақындар, ұғып алған тыңдаушы айтушылар – жинақтап айтқанда, таратушылардың, кейінгі күнге жеткізушілердің түрлі себептерге байланысты жекелеген сөздер, тіркестер немесе шумақтарға дейін өз тарапынан өзгерістер енгізуі немесе тыңнан қосқан «үлестері» болуы әбден ықтимал екені қашанда қаперден шықпауы тиіс. Әйтсе де, айтыстың композициясына тікелей әсер ете алатын, айтыскердің көздеген нысанасынан мүлт кетпеуі үшін айрықша қажет көркемдік тәсіл – бейнелеу амалының жеткізушілер-насихатшылар тарапынан түгелдей жоққа шығарылуы, мүлде қолданылмай, басқа амалмен алмастырылуы айтыс тарихында жоққа тән дерлік.
Сүйінбай мен Қатаған айтысының қазақ арасындағы барлық нұсқаларында айтушы-жеткізушінің қабілеті мен басқадан естуі арқылы қабылдауына қарай айырмашылықтар болғанымен, барлығында да (Жамбыл Жабаев, Өмірзақ Қарғабайұлы, Әшім Нұрлыбайұлы,
Әбдіғали Сариев айтуы бойынша) қарсыласының осал тұсынан – ортаға салған ой-пікірінен, қисынынан, сөзінен, т.б. мін тауып, сол мінді ұлғайта, көбейте көрсетуге деген белсенділік анық аңғарылады. Мәселен, Сүйінбай қырғыз еліндегі асқа келгенде:
Ассалаумағалейкүм, сәлем бердік,
Мүбәрак жүздеріңді жаңа көрдік.
Атақты ас-жиынды құттықтауға,
Бауырлас, қырғыз елі, саған келдік, –
/Сүйінбай Аронұлы. Шығармалары. Құрастырушылар – Сұлтанғали Садырбаев, Есберген Естаев. «Жазушы», 1990,110-бет»/ деп, амандасып, сөз бастап, сол кездегі қырғыз елінің тізгініне ие болып отырған Жантай, Орман, Қара Бәйтіктің аттарын атап:
Арғы атаң – ер Әтеке, батыр Жантай,
Басыңа кидің бөрік қызыл алтай.
Қанаттас қырғыз елін көрмек үшін,
Боларын осы астың күттік алты ай, –
/сонда,111-бет/ деп, жөнімен, әдеппен мадақ араластыра өлеңмен сәлемдеседі.
Айтыстың басталуында да әртүрлі өзгешеліктер бар: бірінде Тезек төре, екіншісінде Бөлтірік шешен, т.б. Сүйінбайға «намысты» жібермеу керектігін ескертіп, тілек-нұсқау айтады.
Әлгіндей амандасудан кейін Қатаған «іске» кіріседі – төкпелетіп, дуылдатып, бірден шырқау биік «нотадан» бастап, дүрсе қоя береді. Кей нұсқаларда Қатағанды шақыртады. Біздің назар аударатынымыз – айтыстың қалай басталуы, өмірлік-тарихи жай-жапсары емес, айтыста ақындық тәсілдің шебер пайдаланылуы. Тарихи мәліметтер мұрағаттардан толық жеткілікті табылмауы салдарынан айтыстың өмірлік тиянағы туралы нақты, нықтап айтуға мүмкіндік шектеулі…
Қатағанның сөз ләмінен адуын, арынды ақын екені бірден сезіледі. Күлбілтелеп, «әдеп» сақтап, майысып немесе мәймөңкелеп жатпайды. Қарсыласына сес көрсетіп, сескендіру, бірден бетін қайтару үшін асқақ сөйлейді:
Сүйінбай, тоқтат сөзіңді,
Ояйын ба көзіңді!
Ақынмын деп ойлайсың,
Мен тұрғанда өзіңді…
/сонда,111-бет/.
Е, Сүйінбай, Сүйінбай,
Сүйінбай, сені жеңемін
Құдайға да сыйынбай!
Тас төбеңнен ұрайын,
Тал түсте соққан құйындай.
Жағыңды жаппай келгеннен,
Қоздырдың менің жынымды-ай!
/сонда, 112-бет/.
Осылайша тоқталмай, толассыз толғап кеткен Қатаған «патшадан барып, шен алған» Қара Бәйтікті, «Қай жақсың бар қазақта, хан Орманға балаған», «аузына қырғыз қараған» батыр Жантайды арқасүйер асқар тауындай көріп, мақтанышпен айтқанда, құр лепірме, қызыл сөз емес, аралас-құралас жатқан бауырлас елге есімдері кеңінен мәлім, жау келгенде пана болатын, сырттан келген жосықсыз қиянаттан құтқаратын, әділдігі әспеттерліктей әйгілі бедел иелері ретінде сипаттайды. Шын мәніндегі тарихи шындық солай ма, ол – басқа әңгіме… Аталған атақтыларды сүйеніш көргендіктен, өзіне деген сенімі зор. Сол сенім Қатағанға сертке бергісіз сөздерді үсті-үстіне айтқызады:
Сүйінбай, сенен жеңілсем,
Қатаған болмай қатайын,
Көк шешектен жатайын…
/сонда, 113-бет/.
Бұлайша «буырқанып бұрсанып, мұздай темір құрсанып» сес көрсету барысында Қатағанның «ояйын ба көзіңді!» деп, тұтқиылдан тап беруі, аңысын аңдып, амал іздеп, аялдап тұрмай, қолма-қол «шабуылдауы» – суырыпсалма ақындар арасында, көшпелі өмір салтын ұстанған, ауызша әдебиеті айрықша дамыған қазақ пен қырғыз арасында жиі қолданылатын тәсіл. Мұндай асау арынмен бетпе-бет алғаш ұшырасқан немесе бұлайша тау өзеніндей сарқыраған шабыттың үдеуін бұрын-соңды көрмеген тәжірибесіз немесе әуселесі белгілі ақындар қарсыласының қаймықпайтын, қайтпайтын қарқынынан тайсалып, жүрегі шайлығып, күтпеген жеңілістің ащы дәмін тататын сәттер аз емес. Ауызша поэзия тарихында бұған деректер баршылық. Мәселен, Қаңтарбай ақын Сүйінбайдың үдей соққан шабуылынан бірден беті қайтып жеңілсе, Арыстанбекпен айтысқанда, сол Қаңтарбай қарсыласып жатпай-ақ, ұтылғанын бірден мойындайды.
Осындай шындықты қапысыз білетін Қатаған жөпшенділікпен жеңіле салатын оңай-оспақ ақын емес, заманында талайдан мойны озған, оза шауып, бәйгі алған, талас-тартыста тайпалған су төгілмес нағыз жорға екенін бұршақтай боратқан сөзімен бірден дәлелдейді. Өз мерейін үстем ету үшін, әрі әлдеқалай болуы мүмкін келешек күнін ескеріп, шынжыр балақ, шұбар төс шонжарларды майын тамызып мақтайды. Оларды әспеттеп атап, өз «жағына» шығарып алу амалын пайдаланумен бірге барлық дерлік айтыстарда кездесетін «мен – отпын, жасынмын, дауылмын» деген сыңайдағы жойқындықты білдіретін метафора, теңеу, т.б. бейнелеу, көріктеу тәсілдерін аса шебер пайдалану барысында үдету тәсілін де шабытпен кәдеге жаратады. Өзін қисық ағашты түзететін тезге, құс мойынды, қоян жақ тұлпарға, қырғыздан шыққан жүйрікке, қияқты сұңқарға, алмас болат қылышқа, жарап жүрген бураға, т.б. балағандағы мақсаты – қарсыласын қаймықтыру, аталған тәсілдің мүмкіндігін жетер жеріне жеткізе пайдалану арқылы ықтыру.
Әдетте, сөз сайысы кезінде айтысты бірінші болып бастау ақынға қолайсыздау. Олай болатыны – мейлінше сақтанып, бейтарап сөйлемесе, оның әр сөзін аңдып, қылық-қимылын, қас-қабағын бағып отырған, оның өзі түгіл өткені мен өлкесінің, руы мен ұлтының «осалдықтарын», кілтипандарын естіп алған немесе «бәле» іздеп, күнбұрын зерттеп біліп алған бәсекелесі қырандай қырағы, «қылт еткенді» қалт жібермейді. Оның үстіне алғашқы кезек алған айтушының – «сөз – мүліктің» иесі – автордың «ұсынғанын» қарсыласы бірден «талдау» таразысына тартады. Басқаша айтқанда, кезек бойынша тізгін алған екінші ақын «біткен іске сыншы» секілді. Айтыс құрылымына, композициясына, жалпы көркемдік әлеміне талдау жасағанда, айрықша маңызы бар осы сәт келешекте жазылуы тиіс авторлық ауызша әдебиет теориясында ғылыми мәселе ретінде ұғым-терминмен аталуы қажет.
Ауызша поэзия авторының – ақынның туабітті табиғи дарынына қоса сөз қағыстарда, айтыстарда ысылып шынығуы, тәжірибесі де зор қызмет атқарады. Сондықтан аймаққа атағы шыққан, тәжірибесі мол, тартыну-тайсалуды білмейтін, ертеден шапса, кешке озған, еңістен салса, төсте озған тарландардың айтыстарына қызығатындар, құмарта тыңдайтындар аудиториясы аса кең. Өнер жарысы, әрі белгілі бір дәрежеде шоу дерліктей айтысты тамашалайтындардың молшылық екені – өткен тарихи дәуірлердің де, бүгінгі өмірдің де шындығы. Сүйінбай мен Қатаған немесе Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысқандарына жүз алпыс жылдан аса уақыт өтсе де, әртүрлі нұсқаларының бүгінгі күнге жетуі – айтыстың қызулылығына, көркемдік деңгейінің биіктігіне, айтыскерлер өмір сүрген өлкеде ауызша әдебиет дәстүрінің, ақындық мектептің белгілі бір дәрежеде сақталуына байланысты. Сөздерінің өткірлігі, көркемдік-образдылық әлемінің байлығы, ақындық-көркемдік тәсілдердің молдығы мен асқан шеберлікпен пайдаланылуы, психологиялық темпераменттің қызулылығы, ақындардың тарихи-әлеуметтік тұрғысы (сәті түсіп, екі халықтың атынан сөйлеу мәртебесіне ие болуы), ақындық дарыны мен шын мәніндегі шеберлігі тұрғысынан келгенде, бұл айтыстар – бүгінге дейінгі бізге белгілі екі ел, ұлт арасындағы айтыстардың ең үздік үлгісі. Қазіргі қолда бар деректерге сүйене отырып, осындай қорытынды жасауға болады.
Өз халқының атынан шыққан екі ақын да қаумалаған қалың елдің басы қосылған ұлы дүбір-жиында өздеріне түсер салмақты, жауапкершілікті терең сезінеді. Қадағалап отырған қалың жұртшылық та, ақындардың бақ-талайын ашатын, қамқорлық жасай алатын, қатуланса, сау басын сарсаңға салып, тағдырын тәлкекке ұшырата алатын, айласы мен озбырлығы қисапсыз билік иелері де – әрі тыңдаушы, әрі таразы, әрі көптің көз алдында әділетсіздікке жол бере алмайтын төреші. Бұл да – авторлық ауызша әдебиет тарихы мен теориясын жасауда ескерілуге тиісті ерекшелік.
Осындай жағдайда автор – ақындар барын салатыны, айтыстың арты қалай болар деп алаңдай алмайтыны, не жеңіп, мерейі үстем болатынын, не жеңіліп, көптің көз алдында абыройына аяусыз нұқсан келетінін анық біліп, айға шапқан арыстандай жанкешті айтыстан бас тартпайтыны талассыз. Күмілжіді-ақ, бітті, қарсыласы бірден байқайды.
Қатағанның да, өзінің де осындай ахуалдың – өткір сынның үстінде тұрғанын Сүйінбай да терең біліп, өрттей өршіген қарсыласына өршелене өрлеп, жалтақсыз жауаппен жапырады:
Қашырма, төрем, қаныңды,
Кіргізейін жаныңды.
Қатағаннан жеңілсем,
Талап алғын малымды!
Өз-өзінен қағынып,
Қатаған сөзден жаңылды.
Қызып тұрған темірге,
Өзі келіп қарылды, –
/сонда,114-бет/ деп, шапшыған, шабытты Қатағанның аптығын басатындай, қобалжуды білмей аттандаған асау қарқынын қабақ шытпай-ақ, қабаржымай-ақ, бірден тәубесіне келтірердей салмақты қарсылық уәжін басынан бұлт аса алмас алып шың секілді көлденең тартады. Сөз арасында айта кетсек артық болмас, осы айтысты бала кезімде кәріқұлақ ақсақалдың Сүйінбайға деген зор құрметпен құшырланып айтқанын естіген едім. «Қатағаннан жеңілсем, талауға салшы малымды…» деген тұсын жалындаған жігермен, өршелене шоқтанып сілтегенде, 150 жылдан аса уақыт бұрын болып кеткен айтысты көрмей-ақ, тыңдағанның өзінде делебеміз қозғандай болатын. Тыңдаушылардың дуылдаған қошеметі айтушының да арқасын қоздыратын.
Бүгінде еске алғанда, «талап алғын» деп тыз еткізгеннен гөрі «талауға салшы малымды» деген сөздің қобалжуы жоқ, оқыс зобалаң мен қорқыныштан айылын жимайтын қайсарлығын қолдаған қайраты әлдеқайда басымырақ, зардабы алмағайып, алда болуы мүмкін сұмдық процесті терең сезіну секілді. Олардың қайдан жаттағанын сұрау ол кезде ойыма да келген жоқ…
Қарсыласының әпігін басатын өзгеше тегеурінді уәжбен шектелмей, қажырлы Сүйінбай енді өзі ойқастап суырылып шығып, жекпе-жекте жарқылдап атой салады.
Алмас құрыш қылышпын,
Алтыннан соққан сабымды.
Наркескенге жолықтың,
Шашармын судай қаныңды, –
деп, шамырқана шығандап, сұсқа сұс, сеске сес көрсеткенде, әулекілік те, «әулиелік» те емес, өз қадірі мен қайратын әбден білген, өз күшіне өзі кәміл сенген сертті ақынның басын бәйгіге тігуден тайынбайтын батылдығы, батылдыққа бастайтын мызғымас әлеуеті айқын.
Қабағын шытса Сүйінбай,
Тарту қылып тартарсың,
Қойныңдағы жарыңды.
Айдап келіп берерсің,
Алдыңдағы малыңды,
Малың түгіл барыңды!
Ұяты жоқ, Қатаған,
Жүрегің неғып қабынды?!
/сонда,114-бет/.
Осы жолдарда әсірелеудің, үдетудің келесі кезегі жарыса кимелеп, арындап алға шығады. Шабуыл жасап, қантөгіске бармай-ақ, салғыласып, жаға жыртыспай-ақ, «қабақ шытқанның» өзінде үрейің ұшып, барыңнан айырыларсың дегенді бірден ұқтырып, еселеп екпіндегенде, түйсіксіз, түлей әңгілік емес, дәл сол сәтте өз сезінуіндегі – психологиялық күйіндегі, рухани әлеміндегі ілгері лықсыған сайын күш алып, үдеп келе жатқан дүлей күшті тежеп, жосықсыз озбырлықтан, залым жауыздықтан бой тартып, ақылдың ықпалымен әрекет жасауға құлықтылық, әзілмен астамсу да, асқақтау да аңғарылады.
Беделіңді түсіріп,
Төгейін сенің әріңді.
Қазір тартып аламын,
Кеудеңдегі жаныңды.
Алжыған тазы секілді,
Аңламай шаптың аңыңды!
Бәйге атындай жосылсам,
Көре алмассың шаңымды.
Көп ішінде қағынып,
Қатаған сөзден жаңылды.
Еліме неге келдің деп,
Далбасалап тарынды.
/сонда, 114-бет/.
Қатаған бір сөзінде өзін алмас болат қылышқа баласа, Сүйінбай өзін жай алмас құрыш қылыш емес, сабы алтыннан соққанын айтып, деңгейін биіктете, айбынын асыра түседі. Қарсыласының жайына тұрмай, қарап отырып, өз-өзінен қағынғанын ескертіп, сөзден жаңылғанын дүйім көпшіліктің алдында әшкере еткен Сүйінбайдың да екпіні ерен. Сол ерендігі айтқан сайын еселене түседі. Екпіні – жалпақ елге ұнау, «жақсыларға» жағыну үшін жандалбасалап қармануы немесе жандәрмен күшенуі емес, қарсыласының намысты оятқан асау арынды асқақ сөзі мұның да бойында тұнып жатқан алапатты бірден шайқап, қоздырудан туған жігерлі рухтың бойға сыймай, шарқ ұрып аласұруы.
Басқаша айтқанда, айтушының субъективті серпінді эмоциясынан туған сөз энергиясының әрі тыңдаушы, әрі айтушы бәсекелесіне бағытталған, дүмеген дүмпуі. Бірінші дүмпудің әсерінен екінші дүмпу туындайды. Айтыс – импровизациялық жанды процесс екенін еске алғанда, осындай эмоциялар шарпысуы өзара әрі сабақтас, әрі бір-біріне тікелей пәрменді әсер ететін эмоциялық күш-қуат екенін ескермеу мүмкін емес.
Ақынның ақындық қуаты оның шабуылының немесе сол шабуылға қарсылық дүмпуінің – психологиялық ширығысының, шиыршық атуымен әлденген эмоциялық шабуылының пәрменділігі сол зор қызумен балқыған эмоцияны «басқаратын», «тиісті» нысанаға бағыттап, эмоциялық әлеуетті мөлшерлеп, тиімді жұмсай алатын парасатына байланысты. Автордың ойлауы – логикасы эмоцияны қару-құрал есебінде пайдаланып, нысанаға бағытталған үздіксіз шабуылдың үдей түскен, борандай қаусырып қамалаған ауқым – амалына айналады. Соның бір куәсі – Қатағанның «Еліме неге келдің деп, далбасалап тарынғанына» Сүйінбайдың әрі таңданып, әрі шамдануы қарсыласының орынсыз сөзінен туған ырықсыз эмоция секілді көрінгенімен, түптеп келгенде, әр ақын – өз қарсыласының қақпаны. Жазатайым мүлт кеткені сол-ақ екен, «сазайын» тартқызады. Эмоция арқылы ойды қамшылау, айтысушының осалдығын табу, қолма-қол пайдалану – майданға шыққанда, жеңіске жетуге мүмкіндік беретін амал-айлалар кешені, ал қорғаныс процесінде қажеттілік. Қатағанның арындап, өз өзін шырқау биікке көтергеніне қарсы Сүйінбай қолма-қол ілік іздейді.
Ұрыншақ ақын аңғарып,
Өзін-өзі мақтайды.
Шайырмын деп Қатаған,
Ұялмай топқа келгенше,
Үйінде неге жатпайды?! –
/сонда,115-бет/ деп, мақтанғанына да, «тарынғанына» да сын айтады, оңдырмай мінейді. Сол сынды ұлғайта келіп:
Әліңді білмей, Қатаған,
Елдің бәрін даттайсың –
Алжығанның белгісі,
Жайыңа неге жатпайсың? –
/сонда,115-бет/ деп, біржола тұқыртуға бет алғанда, қынаптан суырып алған қылыштай Қатаған жарқ етеді. Осы сәтте ышқынған Қатағанның сөзінен қырғыз халық жырларынан да, төкпе және жазба ақындарының шығармаларынан да жиі байқалатын айтуға жеңіл, құлаққа жағымды естілетін әдемі, әсерлі әуезділік анық көзге түседі. Дауысты, дауыссыз дыбыстардың, сөздердің әр тармақтың жоғарыдан төмен қарай немесе келесі тармақта кезектескен бунақтарына қарай ұяшық көздері секілді сыңғырлап үйлесетін, айтуға да, тыңдауға да жеңіл, түбірлері ортақ, жалғаулармен жарасқан дыбыс үндестігі бірден елең еткізеді.
…Белгілі кептен алалық,
Белгісіз кепті қайтелік?
Үлгілі кептен алалық,
Үлгісіз кепті қайтелік?
Атақты кептен айталық,
Атақсыз кепті қайтелік?
Орынды кепті айталық,
Орынсыз кепті қайтелік?..
/сонда,116-бет/.
Айтылым арқылы алды-артыңнан орап, ес жиғызбай борап ұшқан өлең жолдарындағы ассонанс, аллитерациялар, рефрендер, барлық тармақтар мен бунақтардағы қайталау сөздер жарыса, қанаттаса қауымдасып, әуезділік гармониясын тудырады. Ал «белгіліге» «белгісізді», «үлгіліге» «үлгісізді…» қарсы қоюы мағыналық кереғар алшақтығымен айтылар сөздің мағынасына – философиясына назар аударуға мәжбүр етсе, ортақ түбірлердегі дыбыстық қайталау жолымен жасалған дыбыстар жарасымы қуанта құйқылжып, көңіл көзіне көркем көрінеді. Қырғыз фольклорлық шығармаларында, төкпе ақындар поэзиясында өзіндік көркемдік өзгешелікке айналған осындай әуезділік гармониясы, әрине, тыңдаушының да құлағына жылы естіледі, жалықпай тыңдауына, әсемдігімен, әуезділігімен баурап алуына үлес қосады.
Дауысты немесе дауыссыз дыбыстар, қайталама сөздер арқылы жасалатын әуезділік (мелодичность, музыкальность текста) айтылған сөз – мәтіннің эмоциялық-эстетикалық қуатына үлес қосады. Мәтін – сөзде мұндай тәсілді қолдану ақынның сөздік қорының байлығын, қиял, интуиция ұшқырлығын, эстетикалық сезімталдықты, тәжірибені талап етеді. Тілі жұтаң жыршының айтуға жеңіл, бір-біріне сыңғырлап жараса кететін қажетті «құрал» – сөзді, тыңдаушыны қызықтыратын «қазына» – сөзді қолма-қол тауып, ұтымды, әсерлі қолдануға мүмкіндігі шамалы.
Сол сияқты реакциясы, қиялы ұшқыр болмаса, тап болған сын – ситуацияға, қарсыласының – әріптесінің бойындағы немесе көңіл күйіне орай құбылатын алуан ерекшеліктеріне сәйкес лайықты, «мықты» ең «керекті» сөздерді бірден жарқылдатуы да қиын.
Эстетикалық түйсігі жетпей жатса, жеңу үшін қандай жол іздеу, қандай тәсіл табу, қандай уәж айту – қолдану керектігін білуі, ал тәжірибесі кемшін соқса, ең болмаса, «қолына іліккенін», «қолы жеткенін» орайымен оңтайластыруы оңай емес. Сәтті жасалған дыбыс әуезділігі эстетикалық мазмұнды байытуға, эмотивтік қабылдау әлеміне зор ықпал жасай алатынына мысал ретінде қырғыз Есенаманның немесе қазақ Асанқайғы өлеңінен мысал келтірейік. Есенаманның Жеңіжоққа айтқаны:
Эсенби, балам, Жеңижок,
Эсеңдин элден кеми жок.
Эки жаакту пендеден
Эрегишер теңи жок.
Элимде ырчы көп жүрөт,
Балам, эки ооз кепке эби жок…
(Эсенаман, аталған кітап, 55-бет)
Немесе Асанқайғының:
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген…
Еділ деген қиянға,
Еңкейіп келдің тар жерге…
(Сыпыра Сұрғалтайұлы, Асанқайғы Сәбитұлы, т.б. «Нұрлы пресс», 2014, 15-бет) деген тәрізді толғаныстарында дыбыс әуезділігі бірден тыңдауға – құаққа әсер етеді. Әр тармақтың «э» және «е» дыбысымен басталуы – музыкалылығы ырғақтың жеңілдігіне, айтылымның жатықтығына, мәтіннің көркемдік айшығына айтарлықтай «үлес» қосқан. Егер жапон поэзиясында мұндай дыбыс үндестіктері мәтінде әріппен таңбаланып, көрнекілігімен де көзге елеулі көрінсе, айтылым арқылы жаралған авторлық ауызша поэзия туындысында тыңдаушының бірден назарын аударуға қажетті, пәрменді құралдың қызметін атқарады. Мұндай әуезділік автордың әйтеуір екпіндетіп, ырғақтатып ұйқастыра беруінен емес, сансыз сөз арсеналының мол қорынан тез сараптап үлгеруінен, әрі саналы, әрі интуитивті шығармашылық ұмтылысынан туындайды. Әуезділікке құлшыну мысалдары, әдемі, әсерлі үндестік түрік халықтарының барлығында да кездескенімен, әсіресе қырғыздың фольклоры мен төкпе ақындарының шығармаларында айрықша ырғын.
Әуезділік ассонанс арқылы, әлде аллитерация арқылы жасала ма, автор да, тыңдаушы да «қысылтаяң» сәтте айрықша көңіл бөліп, біріне басымдық беріп әуреленбейді. Автор – айтушы айтылмақ ой, діттеген нысанаға дөп «тигізу» үшін мағыналық салмағы зор, нақ осы сәтте әсіресе қажет алғашқы сөзді қолданғанда – айтқанда, «көш бастаған» көркем сөздер, «жауынгер, шабуылдаушы» сөздер кезегімен төгіле береді, тұтқиылдан сауылдап құйыла береді. Тыңдаушы үшін өзінен-өзі, оп-оңай төгіліп жататындай табиғи сезілетін әуезділікке бір қарағанда, ырықсыз күш салынған секілді көрінгенімен, түптеп келгенде, бұлайша сөз саптау тәсілі белгілі бір көркемдік тәжірибе қазынасын біршама таныта алатын ақындық дәстүр ерекшелігін көрсетеді. Сонымен бірге, суырыпсалма ақындық өнер әлеміндегі тыңдау психологиясымен, процесімен таныстыра алатын немесе сол процестен мағлұмат беретін нақты материал, тиянақты дәлелге айналады. Мұндай көркемдік дәстүр сонымен қатар ұлттық-көркемдік ойдың құрылымдық айрықшалығын, болмысты көру, сезіну мен қабылдау сипатын, автордың субъективті әлемін, өзіне дейінгі және өз заманындағы, өскен-өнген өңірі мен айналасындағы ақындық мектептермен сабақтастығын да белгілі бір дәрежеде аңғарта алады. Осы орайда түзілген ерекшеліктер екшеліп, өзіндік поэтикалық айшық ретінде авторлық ауызша әдебиеттің теориялық мәселелері ретінде арнайы зерттелгені игі.
Тарихи кезең қалыптастырған эмотивтік-коммуникативтік процесте әр ұлт әдебиетінде қалыптасқан көркемдік дәстүрдің ықпалы бар. Сонымен бірге, айтушы автордың да тыңдаушы аудитория ықыласын өзіне ыңғайлау әрекеті, белгілі бір дәрежеде тәжірибесі мен шеберлігі де бар екені айқын.
Екі ақынның жарияланған нұсқалары бойынша толық, дәлелді талдау жасаудың қиындығы – әр жылдардағы басылымдардағы мәтіндерде – өлең жолдарында, қара сөзбен айтылатын сәттерінде айырмашылықтар бар. Соның салдарынан үдету, үстемелету тәсілін пайдаланған сәттер – мысалдарды талдап жатудың өзі шартты. Алайда, Сүйінбай мен Қатаған айтысының барлық нұсқаларында кездесетін Сүйінбайдың уәжі талассыз дарынды ақынның шеберлігіне толық дәлел бола алатыны сөзсіз.
Айталық, әлгіндей арындап алғаннан кейін, өзінің «хандарға соққан қылыш» екенін ерекше ескерткен Қатаған енді одан әрмен қанаттанып, шырқай түседі. Сөз арасында қырғыздың сол кездегі әйгілі адамдарын атаумен бірге руларын да тізіп, үдете, үстемелете айту арқылы әрі тыңдап отырған қырғыз елінің өкілдерінің көзіне жылы ұшырап көрінуге, солардан қолдау тауып, қошемет көруге құлықты, әрі Сүйінбайдың бірден бетін қайтарып, еңсесін тіктеуге мұршасын келтірмей, оқыстан тұқыртуға ынталы.
Қатаған атап-атап шыққан ағайын қырғыз елінде қандай рулар барын Сүйінбай, әрине, білмейді емес. Алайда, Қатаған да өз заманының жүйрігі болғандықтан, қазақ ақынынан асып түсер амал, дәйек іздейді. Қырғыздардың хал-жағдайын бір кісідей білетін, ауылы аралас, қойы қоралас бауырлас елдің ақынынан озық шығу үшін қырғыздың әр руын айрықшалап атап, мадақ сөзбен қай-қайсысының да мықтылығын айтып дәлелдеп шықса, сондай кілең дүрдің ортасынан шыққан ақынына не істей аласың деген сыңайда сөз саптауы, жеке румен шектелмей, рулардың көпшілігін өзінің дүмділігін, мызғымас әлеуетін қаласа да, қаламаса да, мойындату үшін тізіп, тұтас халықты өзіне тұғыр, сөзіне тиянақ етіп қолдану тәжірибесі басқа ақындарда, бұған дейінгі көп айтыстарда кездесе қоймаған. Әдетте, әр ақын өз ру, ауыл, өлке атынан өршеленіп шығатын. Ал Сүйінбай мен Қатағанның айтысы екеуінің шыққан руларын ғана емес, Алатаудың екі жағын – қос қапталын жайлаған қалың елді мол қамтиды:
Шоңдық кімде, Сүйінжан,
Байлық кімде, Сүйінжан?!
Көптік кімде, Сүйінжан,
Беглік кімде, Сүйінжан?!
Зорлығымды айтайын…
/сонда,116-бет/.
ШОҢДЫҚ, БАЙЛЫҚ, КӨПТІК, БИЛІК деген өз заманының құнды-лықтарына, дәлірек айтқанда, көктен иығы көтеріңкі тұруына, басқадан басым болуға мүмкіндік беретін фактор-ларға арнайы атап сұрақ қою арқылы назар аударады. Сүйінбайға да, көпке де сауал тастайды да, жауап күтіп жатпай, бірден өз байламын ойланып-толғанып, қиналмай-ақ сақылдатып жауап беруінен айтушы үшін бұл – айдай анық ақиқат, сондықтан көкірегінде көптен орнығып қалған, әрі бір өзі ғана емес, бүкіл ел білетін шындық болғандықтан, кідірістеудің өзі ерсі секілді сезіледі. Ендеше Қатағанның қайтпай, қадағалап айтуында ішкі есеп, нағыз ақындық екпінге қоса жалпыға мәлім шындықтан асып түсу мүмкін бе деген мегзеу талабы жатқанын шамалауға болады.
Байлығымды айтайын,
Көптігімді айтайын,
Беглігімді айтайын!.. –
/сонда,117-бет/.
деп, сөз бастап, сұрақ қою арқылы бірден тыңдаушылардың назарын өзіне аударғанда, кідіріп қалмай, мүдіріссіз төге жөнеледі. Әр рудың айрықша артықшылығын айқындап нақыштайды:
Былай барсаң Тынайым,
Қиырға көңіл бұрайын.
Тауға ұя сап, тасқа ұшқан,
Қанаты күміс құмайым.
…Бұғы мен Саяқты
Артық қылып нәсілін,
Жаратқан жоқ па Құдайым?!
…Алатаудан төте алып,
Тау ешкідей тік басып,
Саяғыма шығайын!..
Қатағанның қарқыны айтқан сайын күшеюі – үдету тәсілін ұтымды, орайымен қолдануы. Анықтауыш, айрықшалауыш айшықтар тәсіл арқылы құйыла береді, алғашқы әсерге кейінгі мысалдар күш беріп, қызуландыра түседі. Қатаған өз елінің жоғарғы шеті Маралды мен Сантаста, төменгі шеті бетегелі Қойтаста екенін айбынданып, айтып алған соң, «Көптігім менің сонша бар, ақылменен байқаста» деп, руларын тізіп, тереңдегі мақсатына – көптік пен байлық арқылы сүйенгенінің мызғымас мықтылығын мойындатуға ойысады. Сол үшін руларды атап-атап айтуға шабытпен, жалындап кірісуі – айтушы-автор-ақын үшін қолайлы да қажетті тәсіл. Ал тамашалап, екі ақынның аузынан шыққан әр сөзді – тұтас мәтінді дәл сол сәтте дереу таразылайтын тыңдаушылар үшін айтылған мәтін – баяндалған мазмұн. Бұл ұғымдар да ауызша әдебиет теориясында мәселелер байыпталуы қажет.
Мұндай мазмұнның айтушы арқылы дүниеге келуі – сөздік (словесный) мәтінге қоса басқа да факторларды қамтиды. Қатағанға қатыстыра айтсақ, қырғыз авторының ауыз әдебиетінде қазақша жыр өлшемі деп айтылатын жеті-сегіз буынды өлшем арқылы төгіп айтуға ыңғайлы ырғағының үзілмей, үсті-үстіне мінбелеп келуі, қырғыздардың айтыс мақамдарында ырғақ ерекшелігіне байланысты толассыз тоғытылатын екпіні сөздік мәтінге – ақын сөзіне тіпті ерекше энергия дарытып, айтысушы ақынның зәре-құтын алып, берекесін қашыруға бағытталады.
Сонымен бірге, мұндай айтыстардың қай жерде өтетінін де ескеру қажет. Аталған айтыс қырғыз жерінде өткендіктен, қырғыз бауырларымыздың мол болуы – табиғи. Тыңдаушының қызығуы – қолдауы. Мұндай қолдау эмотивті-коммуникативтік әрекет – айтыс процесінде күшейе келе, құштарлыққа – эмоциялық, әрі эстетикалық актіге ұласады.
Әрине, қандай да болсын көркемдік тәсіл айтушы ақынға жеңуге жеңілдік жасап, кепілдік бере алмайды. Гәп – орайлы сәтті қолма-қол пайдалана білуде, ұтымдылық пен ақындық шеберлікте. Ақындар айтысында айтысушының атқылаған сөзін түгелдей қамтып, өзіндік мәтін ретінде бөліп алып қарағанда, қаншама көркем болғанымен, авторды жеңіс биігіне шығара алмай қалуы әбден мүмкін. Автор-айтыскердің логикалық қисыны, ауқымы, тапқырлығы, уәжінің молдығы, осының баршасын жөнімен, жүйесімен жеткізу шеберлігі айтысты өз пайдасына шешуге мүмкіндік береді.
Қазақ әдебиетінің бүгінге дейінгі тарихында аты белгілі, барлық ақындарының барша айтыстарын салыстырып қарағанда, ақындық темперамент жағынан Сүйінбайға, әсіресе, ұқсайтын дарындар деп Балқы Базар мен Қашаған Күржіманұлын айтар едік. Сөзін шым жібектен ескендей кербездеп созып, бипаздап ширатып жатуға ішкі аттанмен ширыққан асау арын мұрша бермейтін ақын кезегін алғанда, үдере жарысқан уәжі мен дуылдаған дәлелінен, қидаламай тынбайтын қисынынан күш алатын, тайсалмай ұмтылып, борандай азынататын ересен екпін – ақындық темпераменттің айғағы.
Ал Сүйекеңнің өзінен бата алған, тікелей шәкірті әйгілі Жамбылдың көркемдік стихиясы өзгешелеу. Айталық, Сүйінбай бір бастап кетсе, қайтпай қасарысып қатулана беретін, алдыңғы арынынан келесі еселенген екпін асып түсіп, күйретпейінше тыным-тоқтау таба алмайтын ересендігі сілтей-сілтей келе, шырқау шегіне асқақтағанда, қарлығып-барлығып, бәсеңдемейді. Бас айналар зәулім биіктен үсті-үстіне зырқыратқан сөз жебелері қарсыласының қалқан табуға мұршасын келтірмейді. Осы қарқын ақынның басқа ақындармен айтыстарынан да анық байқалады.
Ұстазының дәстүрін жалғастырған Жамбылдың айтыстарының сипаты басқаша. Абыржымай, аспай-саспай, қарсыласының жай-жапсарын біліп алғанша сабыр сақтап, осал тұсы, жанды жерлерін іштей жұптап, іркілмей таразылап, талдауға көбірек бейім. «Айта түссін» деп алып, дүдәмалы мен барар, шабар қашықтығын барлап мөлшерлеп алғаннан кейін қобалжымай құлшынып, «іске» кіріседі. Қарсыласы қалай бұрылса да, қалай бұлтарса да сы-тылуға, құтылуға мүмкіндік бермейтін ақ жайқын арналы ұлы ағыстай ыңыранып, қаншама жанталасса да, ақыры алып тынады.
Бұл сәтке назар аударған себебіміз: ақындық темперамент төкпе ақындар шығармашылығында, авторлық ауызша әдебиетте аса зор роль атқарады. Әдебиетіміздің бұл саласындағы туындыларға жазба әдебиетке – жазба мәтінге қойылатын талаптар, айқындайтын алғышарттар тұрғысынан қарау тарихи шындық сипатын, авторлық ауызша әдебиет поэтикасын объективті, дұрыс аша алмайды. Бұл әдебиеттің мәселе-леріне әлемдік әдебиеттанудың әлі күнге жан-жақты талдау мен жинақтау жасауға белсене атсалыспау себебі – қазақ пен қырғыздың суырыпсалма ақындарының шығармашылығындағы осындай қазына – ерекшелік бейтаныс. Авторлық ауызша әдебиет теориясын зерттеуде осындай зәру мәселелердің ескерілгені игі.
Айналып келгенде, анығы – Сүйінбай – Қатаған, Сүйінбай – Арыстанбек айтыстары – әлемдік ауызша әдебиеттің айшығы айрықша шығармалары екенін ашық айту – ақиқатты айқындау, әділетке жүгіну, ұлттық көркемдік ойға өзіндік серпін берген, бір өзі жүздеген, бәлкім, мыңдаған кейінгі буын ақындар үшін асқаралы асу, шынайы ақындық мектепке айналғанын байыппен, құрметпен бағалау болса керек.
ПІКІРЛЕР3