КИІЗ ҮЙДЕН ШЫҒЫП… ОРАЛХАННЫҢ КАБИНЕТІНЕ КІРДІМ
26.11.2019
935
0

Бұл газетке кім келіп, кім кетпеді?..

Отызыншы жылдардан мұң кеппеді.

Қырық бірде ғаламдық соғыс жалмап,

Қайтара алмай боздағын сынды өткелі.

 

Бұл газетке кім келіп, кім кетпеді?..  

Қызыл қанмен жазылды бір беттері.

Қызыл қоғам білгенін міндеттеді.

Қазақ, бірақ, намысын кірлетпеді.

 

Бұл газетке кім келіп, кім кетпеді?.

Сынды бүгін бодандық ілгектері.

Образ боп жұлдыздың түнді өпкені,

Мұң көзінен босанып Күн көктеді.

 

Бұл газетке кім келіп, кім кетпеді?!.

Тарих – нәубет,

тауыссақ тілдеп тегі?

Мың тірілген газетке ғұмыр беріп,

Шежіреге айналсын мың көктемі!!!

Менің «Қазақ әдебиеті» газетіне жұ­мысқа кіруім ойда-жоқта жүзеге асты. Журфакты Желтоқсан көтерілісі сынды басқа да себептермен он жыл дегенде тәмамдап, баспана болмағандықтан мың ша­қырымнан шешем жеткізіп берген киіз үйді тігіп, қала сыртында тұрып жатқанмын. 1993 жылдың наурыз айы басталса да қыстың сызын темір пештің әлсіз жылуы қайтара алмай, үйде бүрісіп отырғанмын. Ойда-жоқта рұқсат сұрап, есіктен кіріп келген жігіт ағасы өз аты-жөнін «Жүсіпбек Қорғас­бек» деп таныстырды. Сырттай танимын. Оны мұнда айдап келген себеп – алыс­тан көзіне түскен менің киіз үйім екен. Қысқасы, жақында Наурыз мерекесін өткізу үшін менің үйімді сұрап келіпті. Беруге келістім. Шай ішіп, әңгімелесе келе, сөз саптауымды, ақындығымды, сондай-ақ жұ­мыс­сыз жүрген шақтағы күйзелісімді байқаған ол «Қа­зақ әдебиеті» газетіне жұмысқа ша­қыр­ды. Ертесінде жуынып, шайынып, баспасөзге жарияланған материалдарымды, құжатымды арқалап, Жүсіпбекпен бірге бас редактор Оралхан Бөкейдің кабинетіне кірдім. Азды-көп әңгімеден соң Орағаң жұмысқа қабылдады. Ол кісі теледидар арқылы  республикалық сазгерлер фестивалінен менің әнімді тыңдаған екен. Келген соң аз уақыттан кейін Жазушылар одағында Шақшақ Жәнібек бабаға арналған респуб­ликалық жыр мүшәйрасына қатысып, бас жүлдегер атандым. Яғни, әдебиетте жарқырап көрінуіме де газетке келуім­нің үлкен пайдасы тиді. Мені­мен бір кабинетте отыратын Әлия Бөпе­жанова: «Құтты болсын! Келе сала жарқырап көріндің!» – деп  қуаны­шын білдірді. Әріптестерім – Тұтқабай Иманбек, Адам Мекебаев, Сайымжан Еркебаев, Қайырбек Асанов, Иран­-Ға­йып, Еркін Жаппасұлы, Коммунар Та­беев, Сайлау Пернебаев, Талаптан Ахметжан, Махамбет, Несіпхан, Елубек, Рыскүл, Бота, т.б. ішіндегі ең жасы мен екенмін. Бір-бірімізге өзара туыстай бауыр бастық. Ойда-жоқта үн-түнсіз Үндіс­тан­ға кеткен Оралхан Бөкейдің қайтыс болуы қабырғамызды қайыстырып, өлең де арнадым. Жүсіпбек бастаған ұжым марқұмға газеттің бір нөмірін тұтас арнап, ол тұратын көп қабатты үйдің ауласына киіз үй тігіп, отын жарып, са­мауыр қайнатып, екі күн қызмет істедік. Ұжымның ұйымшылдығын Халы­қара­лық түркі фестивалі кезінде де редак­цияға дастархан жайып, қонақ күткен жомарт пейілдерінен аңғарып едім. Сол жолы менің домбырамен арнау ай­тып тұрған суретімді түрік жур­нал­да­ры­ның бірі жариялапты. Кейін «Қазақс­тан» ұлттық арнасына ауысып, ток-шоу жүргіздім. Ұлттық арнадан Оралхан Бөкей жайлы және «Қазақ әдебиеті» газетінің мерейтойына арнап хабар дайындадым. Хабар барысында Әбділдә Тәжібаев, Жаппар Өмірбеков­тен бастап, Нұрлан Оразалин, Жұмабек Кенжалиндерге дейінгі бірқатар қалам­гер­лерден сұхбат алдым. Содан бері бұл га­зет менің байланысымды үзбейтін рухани сырласыма айналып келеді.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір