Назым Байоралова. Күз малдас құрды төбеге…
21.11.2019
1785
2

Назым Байоралова

* * *

Түпсіз жылым түсінбеді,

Тереңдегі күмбірді.

Қауашақтың ішіндегі

Жұтты иірім інжуді.

 

Жүрегімнің елсіздігін,

Жапа-жалғыз кезген үн,

Мөлдірдің тым әлсіздігін

Кір жалғанда сезбедің.

 

Сүріндірді бұралаңың,

Табан бар ма таймаған?

Құланыңның құлағанын,

Құрбақалар тойлаған.

 

Көк тиындық қадірі жоқ,

Көн ортада адалдық.

Жақсылықта тарылып ек,

Арылмады жамандық.

 

Жарты дәнді тең бөліскен,

Жарасымы таусылған.

Бір сәулеге сенгем іштен,

Жаңылдырмас даусымнан.

 

Асау ағыс бұрып басын,

Тымырайып түн үнсіз, –

Жасырғанмен жылытпасын

Көк көбелек – ғұмырсыз.

 

Жылтырайды сынық үміт,

Жылуы жоқ салқын ой.

Бұлт бетінде тұр ілініп,

Жапырақтай алтын ай.

 

Ақ жауынға малшынады,

Қалған көңіл қаталап,

Күміс қанат қаршығаны,

Айналсоқтап жапалақ.

 

Сен де амалсыз өзгерерсің,

Қу тірлікке былғанып,

Үнсіздікке төзбегесін

Теңіз жатыр жынданып?

 

Сүмбіленің суып демі,

Қайтқан жандай меселі,

Бекзат көңіл биіктегі,

Жер шалшығын кешеді…

 

Кеңдік іздеп арпалысып,

Жан аулаққа қашады,

Қалың ойдың қалтарысын

Боп-боз қырау басады.

 

Жал-жал толқын арасында,

Жалт-жұлт етіп кемесі,

Ғайып болып барасың ба

Жүрегімнің егесі?

 

Күнекей қыз күн астында,

Ертегіге шым батып,

Жаз дәуренім қыр астың ба

Қарагермен түн қатып?

                                                              

                       * * *

Қырық күн шілде…

Алдымызда сары тамыз

Күн астында көкбөрідей жортамыз,

Сабылдырып сары жұртта сартап із,

Жолсыздармен жеке-саяқ тартамыз.

 

Шырқ үйіріп иірімдей шеңбері,

Шектеулерге асау жүрек көнбеді,

Айтылмаған мөлдір сезім аяулы

Қоламтадай жылдар бойы сөнбеді…

 

Көк аттыға көңіл мойын бұрмады

Көкпар-тірлік, кім болмаған құрбаны,

Орнын сүртіп қимасыңның қырдағы

Сұр жебедей уақыт дүлдүл зырлады.

 

Көлеңкесі құрық бойы ұзарып,

Жасыл желек қаудырайды қызарып,

Қыркүйектің қысқа күні еңкейсе,

Шалқасынан айы жатыр бозарып.

 

Тосылғанда қызыл-жасыл көшкіннен,

Жалт қарадың бір бейтаныс кескінмен.

Таразыда таң да қапты суынып,

Не іздедік баяны жоқ бес күннен?

 

Қарғадайы бас болуға жараса,

Қуанатын әкем қайда балаша?

Шелектеген мұздай қара жаңбыры,

Бетімізді жаспен жуды қараша.

 

Темір қалпақ болғанынша түймедей,

Темір таяқ қалып тебен инедей,

Бақыт қуып кеткен ұлды бармақтай,

Жіпсіз байлап, бөтен тағдыр, мүлде өгей, –

 

Қырнап-жонып, қолдан қайта жасады,

Бөтен кейіп мысымызды басады.

Бағың жанса – жат құшағын ашады.

Бағың тайса – соңыңнан күл шашады.

 

Шулы шаһар – ұясындай перінің

Алапатың асса, аждаһа –  серігің,

Жан түбінде тауға қарап ұлиды,

Аласұрып бөлтірігі бөрінің?…

 

                      * * *

Қапияда құздан құлжа құлады,

Қызғаныштың шағып қызыл жыланы,

Ақиығы бұлтқа салып ұясын,

Аймүйізді саялаған қияны.

 

Шамырқанып тұтылардай шегір күн,

Тайғанағы опындырып өмірдің,

Заңғарыңды қабыландарға қимаған,

Айыртілге қор қылғаны-ай, Тәңірдің…

 

Орағытып оңымызды, солды да,

Бөрісырғақ бұралаңға салды да,

Күңіреніп Қорқыт баба қобызы,

Қу жалғаннан текке көңілі қалды ма?

 

Бір жол қысқа, бір жол алыс… ұзақ тым,

Жанға түскен жарасы ауыр сызаттың,

Мерт болса да айға шауып арыстан,

Қаптесерлер қыбын бағып тұзақтың,

 

Асау арман құздан-құзға қарғыған,

Асатындай жазылмаған жарғыдан,

Қағып түсті Батыраштың балтасы,

Құлагердей торып жүріп алдынан.

 

Арғымақтың ісінгенде алқымы,

Сәйгүліктің сөгілгенде қолтығы,

Тобыр тыңды құлатты да жалқыны,

Ішін тартып құралайдың салқыны.

Қараңғыны қара нөсер кезеді,

Жан шырқырап құс төсектен безеді.

Тұмшаланған  бетперделі дүние,

Сыңсығансып қуыс қурай өзегі.

 

Жеті қат көк… Арғы жағы – мәңгілік,

Бер жағында бес күн жалған дал қылып,

Төмен жатты төбешікте қырқысып,

Жұлдыз ақты көңілін биік қалдырып…

 

Қара Жердің мен де, сен де – қонағы,

Әлімсақтан бұлжымаған заңы әлі,

Қызыл алма қудырса да жұмақтан,

Жан ғарыштан неге іздейді дауаны?..

 

Қызыл сөзден табатындай тиянақ,

Жыр қашаған пәк жүрегін сиялап…

Арқалысы аспан жаққа асығып,

Жете алмайтын ғайбат пенен қиянат.

                                              

* * *

Жарқ етіп жасын алдаспан,

Қорамсақ толып жебеге.

Жоямергендей жол тосқан,

Күз малдас құрды төбеге.

 

Сүмбілдей сұлу торысы,

Сар желіп қоңыр салқынмен, –

Жортатын көкжал бөрісі,

Сары бел, Салқам алтын жон.

 

Дүбірі таяу үйірдің,

Үйездеп бұлттай қалыңда.

Жетелеп күйі Сүгірдің,

Жолсызбен тарттым ауылға.

 

Жүрегін жаздың жаулаған,

Қамажай қалқа қайда асқақ?

Қияңқы шақтан аумаған,

Шу асау өтті ойқастап.

 

Кездеспей кеткен көп бейне

Көзіме оттай басылған.

Тізіліп тұрған беткейде

Бейіттің құлпы тасынан.

 

Шаң басқан әйнек астында,

Ұстаз тұр төгіп жарығын

Ақ көйлек парталастың да,

Шөп басып қапты қабірін.

 

Аңдаусыз ерте аттаған

Бейопа тағдыр сызығын,

Бұлақтай оқыс тоқтаған,

Көре алмай жаздың қызығын.

 

Жатаған темір шарбаққа,

Ақ еділ арман байланып,

Мінәжат етіп аулақта

Көк кептер отыр ойланып.

 

Жанымды жайпап бір дауыл,

Астаң да кестең сапырды.

Жырым ба, менің бұлдарым,

Жоқтатпай жүрген жақынды.

 

Булығып қалған кеудемде,

Айтұяқ көкке қарғыды.

Сіркіреп қоя берген бе,

Мизамның ақкөз жаңбыры?..

ӘКЕ

Таласып ала көбеңмен,

Шөп шапқан тері моншақтап,

Суарып түлік төменнен

Өргізген қайда малсақ қарт?

 

Тұрса да қарсы дүйім ел,

Жүзінен шынның таймаған.

Шешуі қиын түйін ең,

Батпайтын тісі айналаң.

 

Көрмедің күшке иіліп,

Тағдырға тізгін бермедің.

Тәңірге ғана сыйынып,

Татсаң да талай кермегін.

 

Серігің жанға балаған –

Ақтобық ат пен  жан анам.

Шақ келтірмейтін дәптерін,

Он түтін бүгін он балаң,

Шаңырағыңнан тараған.

 

Жадымда қалған қашалып,

Суреттер жаннан өшер ме?

Туғандай көзге жас алып,

Қоштасқан ауыл көшерде.

 

Кемсеңдей бердің елжіреп,

Аспан да жасын тия алмай,

Кеңдікке құштар өр жүрек,

Шаһарға зәулім сия алмай.

 

Ұмытылсын қайтіп түз оңай,

Баса алмай бауыр қалаға.

Кетті ұшып рухың ұзамай,

Бабалар жатқан далаға.

 

Жамырап орман – алабы,

Ағажай – атамекенім.

Орыны қайдан толады,

Дүние-ай, қайран әкенің?

 

Толмады орны, толмады,

Ақсарай көңіл құлазып.

Демесе де асыл аруағы,

Бізге боп «қырық жыл азық».

 

Қажытып, өмір, тұйығың,

Аласарғанда биігім,

Тамызық әлі табамын

Жұртынан ескі үйіңнің…

 

* * *

Қанаттанып қуатымен батаның,

Қарлығаштай күннің шарлап отауын, –

Кең дүние – көне қамзау шапаны,

Иығына қонақтаушы ек атаның.

 

Еміреніп шекемізден сүйетін,

Әжелерден сарқыт теңдей тиетін.

Бұлың-бұлың бұлтағы көп дүние

Ботасының бұзбасын деп ниетін.

 

Ұзатып сап  жұқсыз ұзынсарыны,

Ақ түйенің жарылғанда қарыны,

Әулиелер Қызыр баба кейіпті,

Ерттеп мініп белдеудегі торыны, –

 

Төрт түлікті өргізетін піріндей,

Адырлармен жүректегі тілімдей,

Қабағынан  ишаратын аспанның

Жазбай ұғып, құдіреттің тіліндей.

 

Төрт көз түгел, төрт құбыла сай еді,

Сарқылмайтын сөздің сүбе мәйегі,

Майтөбеде  кәрі жілік, ескікөз,

Бас қосқаны – кішігірім той еді.

 

Қырда қалған қызыл асық балалық,

Құландардай бір соғамыз оралып,

Жетегінде  алмағайып ғасырдың,

Дала рухы қалмау үшін жоғалып…

 

Мөлдір дәурен – ең аяулы ең ыстық,

Жан түбінде жатқан тұнып кеңістік,

Үйірі бір тай-құлындай тебістік,

Үйелменнің баласындай келістік.

 

Жұрт қалып  туталақай бөлістен,

Беткейге ауыл ойысқан ба еңістен,

Құлазыған қалың қорым үстінде,

Ай аумайды ақжем ескі кебістен.

 

«Сары дала» деп  жүрегіміз соғады,

Тура жолдан таймай өткен табаны,

Құбылаға керуен сіңіп барады,

Құбыл дүние кімге тұрлау болады?

 

Ардасының қайтпасын деп меселі, –

Абыздары бата берген көшелі,

Ұлағаттың шалғайынан кешегі

Азамат пен қазанатың өседі.

 

Тамырсыздық ұлттың ауыр кеселі…

ПІКІРЛЕР2
Аноним 28.11.2019 | 21:51

Керемет жырлар тасқыны..

Аноним 06.01.2020 | 16:21

Бірнеше қайталап оқыдым. Қандай жақсы өлеңдер еді..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір