Металлургияның ұлы далада өңделуі
06.11.2019
5439
0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында металл өңдеудің біздің даладан бас­­талғаны туралы айтады. Біз бүгінгі мақалада металл өңдеу­дің тарихына үңіле отырып, адамзат өркениетінің қалып­тасуына жасаған ықпалы туралы әңгімелейміз.

Әлем тарихын ақтарып көрсеңіз, адамзат баласы өткерген миллиондаған жылдарға созылған уақыттың бірнеше дәуірлер мен кезеңдерге бөлінгенін байқайсыз. Өткен дәуірлердің алғашқысы өте ұзақ болса, кейінгілері алғашқы кезеңдермен салыстырғанда тым қысқа болғанын да жақсы білеміз.

Ал сол адамзат тарихының кезеңделуі оның пайдаланған еңбек құралдарымен байланысты болатын. Адамның адам болып қалыптасуы еңбек құралдарын пайдаланып үйренгеннен бастап тез қарқынмен жүргені – тарихи ақиқат. Бұл – адамның басқа жануарлардан басты айырмашылығын көрсететін әрі оның әлемнің қожасы болуына жағдай жасаған себептердің алғышарты іспеттес. Сонау ерте палеолит кезеңінде қарапайым тас пен ағашты құрал ретінде пайдалануы – адамзат тарихына төңкеріс жасаған ұлы оқиға еді. Десе де, тас құралдардың орнын металл құралдардың алмастыруы одан да ұлы оқиға болды. Металды өңдеп, одан еңбек құралдары мен қару-жарақ жасап, одан әрі оларды іске жаратуының арқасында адамзат тарихы өзгеше бағытқа бұрылып, жаңаша бетбұрыс жасай білді. Осы бір ұлы өзгерістің бел ортасында болып, әлемге металл өңдеудің құпия сырларын үйреткен біздің ата-бабаларымыз екенін білесіз бе?! Оған титтей де күмәніңіз болмасын. Бұған себеп, біріншіден, қазақ даласының қай түкпірі болсын барлық металдардың кеніне бай болса, екіншіден, осы далада өмір сүрген көшпенділердің ұсталық өнерді жай ғана кәсіп емес, қасиетті де тылсым өнер ретінде ұлықтағаны әсер етсе керек.

Дәуір доңғалағын жылжытқан металдар

Б.з.б. 2,6 миллион жылдан бастап б.з.б. 3000 жылдыққа дейінгі ұзақ тарихи кезеңге зер салсақ, адамдар тастан жасалған қарапайым құралдармен еңбек етіп, тірлік кешті. Тарихшылар адамзат баласының ең алғаш өңдеген металы мыс болғанын айтады. Кіші Азияны мекендеген халықтар б.з.б. 7-6 мыңыншы жылдардың өзінде мыс өндіре бастаған. Металлургияның қарапайым салалары адамзатқа өте ерте заманнан белгілі болғанымен, алғашқы кезде бұйымдар жасау үшін металдарды салқын күйінде өңдеген. Ал металдар салқындай өңдеуге икемсіз болғандықтан, олардан құралдар жасау да ыңғайсыздық тудырды. Сондықтан металл бұйымдар бірден кең тарала алмады. Дегенмен адамдардың мыстан басқа қалайы, алтын, күміс және метеориттік темірмен танысуына жол ашылды.

Кейіндеп металдарды өңдеудің жаңа технологиялық тәсілі пайда болды. Яғни, адамдар металды салқын күйде емес, жоғары температурада өңдеуді үйренді. Ыстықтай өңдеу кезінде металдан бұйымдар оңай әрі сапалы жасалатынына көздері жеткен соң-ақ, мыс бұйымдар жасау кең тарала бастады. Бірақ мыстың тасқа қарағанда жұмсақтығы әрі тез майысқыштығы тас құралдарды қолданыстан бірден ығыстырып шығара алған жоқ. Есесіне мыстың қалайымен қосындысы одан гөрі мықты әрі сапалы болып шықты. Осыдан кейін ғана бұрынғы тас құралдармен мәңгілікке қош айтысудың мүмкіндігі туды. Адамзат тарихы да ең ұзақ тас дәуірін артқа тастап, жаңа қола дәуіріне қадам басты. Осылайша металл адам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналып, тыныс-тіршілігімен біте қайнасып кетті.

Біртіндеп қоланың да кемшіл тұстары белгілі болып, адамдардың оның орнын басатын жаңа металл іздеуіне тура келді. Қоланың басты кемшілігі оның морт сынғыштығында еді. Егер қатты затқа тисе немесе үлкен күш түссе быт-шыты шығып, қолданысқа жарамай қалатын. Ал ендігі еңбек құралдары мен қару-жарақ жасалатын металл берік әрі қатты болуы тиіс болатын. Адам баласы ондай қасиетке ие металды да іздеп тапты әрі күні бүгінге дейін қолданып келеді. Бұл – бір дәуірдің ата­уына ие болып, тарихтың даму доңғалағын жылдамдатқан темір еді. Бажайлап қарасақ, алтын мен күміс қанша бағалы, құнды, қымбат металл болғанымен, тарихи салмағы жағынан олардан бәсі әлдеқайда кемшін түсетінін байқаймыз. Қарапайым ғана мыс, қалайы және темірдің адамзат мәдениетін алға бастырудағы алар орнын ешқандай асыл тастардың алмастыра алмасы хақ.

Сақтар және «Алтын тері» аңызы

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары бұл туралы тереңнен сыр шертеді. Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді», – деп, қазақ жерінің металлургия дамуының алтын кіндігі болғанын атап өткен болатын. Иә, ата-бабаларымыз металл өңдеудің өз дәуіріндегі теңдессіз білгірлері болғаны тарихи ақиқат. Қазақтың белгілі ғалымы Қ.И.Сәтбаевтың есептеуі бойынша, қола дәуірінің өзінде Жезқазғаннан миллион тоннадай кен өндіріліп, одан 100 мың тоннадай мыс қорытылған. Одан бөлек, Шығыс Қазақстанда Нарын мен Қалба кен орнынан да 1100 тонна қалайы өңделгенін дәлелдеген. Бүгінде қазақ жерінде орналасқан Атасу, Талдысай, Суықбұлақ, Қарқаралы-1, Қарқаралы-2, Шортандыбұлақ секілді тағы басқа қоныстардан ежелгі кен орындары табылып отыр.

Қазақ жеріндегі ежелгі металлургияның дамуында тыңнан түрен салып, кейінгілерге өшпес өнеге қалдырған номадтардың арғы бабалары скифтер болатын. Біз тарихтан білетін әлемді жаулаймын деп араны ашылып келген қандышелек Құрыштың (Кир) басын кесіп, тұлыптағы қанға тойдырған, жарты әлемді билігіне қаратып, сонау Эллададан Үндістанға дейін созылған ұлы империяның иегері атанған Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македонский) аптығын басқан, Еуразия құрлығында ерлікке толы іздері сайрап жатқан сақтар еді бұл. Олар тек ержүрек жауынгер ғана емес, алтын қолды үздік ұсталар да болатын. Әсіресе алтын өңдеудің хас шеберлері-тын. Сөзіміз дәлелді болуы үшін алысқа бармай-ақ Есік қорғанынан табылған «Алтын адамды» алға тартсақ та жеткілікті. Бүгінде қазақ даласының әр түкпірінен «Алтын адамдар» көптеп табылуда.

Сақтар жайлы көп мәлімет берген ежелгі грек авторларының шығармаларынан олардың алтын өндіруде өз дәуірінің әлемдік көшбасшысы болғанын түсінеміз. Ертедегі грек географы әрі тарихшысы, «География» еңбегінің авторы Страбонның жазбаларында сақтар туралы: «Олар ұрысқа алтын белдік тағып шығады. Аттарына алтын жүген салады. Оларда күміс жоқ, темір аз, бірақ қола мен алтын өте көп», – деп тамсана жазады. Ең қызығы «тарихтың атасы» атанған Геродот еңбектерінде де «алтын қырыққан құзғындар» туралы аңыз келтірілген. Тарихшылар аңызда аталған жерді Алтай өңірімен байланыстырады. Себебі, Алтай өңірі алтын кенішіне өте бай болуымен қатар, бұл жер сақтардың алтын бесік атамекені екендігі де тарихтан белгілі.

Сақтар алтын өндірудің де оңтайлы технологиясын ойлап тапқан. Олар алтыны мол өзендердің табанына жаздың басында жүні қалың қой терісін төсеп, ауыр тастармен бастырып кететін. Арада біраз уақыт өтіп, судың беті көпірши бастағанда жидіген теріні судан алып шығады. Одан кейін теріні кептіріп, жүнін қырқады. Қырқылған жүнді отқа жағып, күлінен бір тайтұяқ көлемінде алтын алады. Сосын оны зергерлер қоспалардан тазартып, алхимиялық жолмен саф таза алтын жасайды. Мұндай алтындар «скиф алтыны» деп аталған. Бүгінде ондай алтынның ешқандай баламасы жоқ және ешбір жерден кездеспейді. Өйткені мұндай алтын алудың құпиясын тек сақтар ғана білетін болған.

Ал алтын өндірудің бұл технологиясы өзге елдерге аңыз болып тарады. Ясон бастаған аргонавтардың сансыз қауіп­ке қарамай айдаһарлар күзететін алтын теріні іздеп Эллададан Қаратеңіз арқылы Колхидаға, Кавказ жеріне сапар шегетіні туралы атақты аңызды естіген боларсыз. Естісеңіз, сол «алтын тері» сақтар ойлап тапқан алтын өндіру технологиясына орнатылған ескерткіш іспеттес.

Көшпенділер күнелткен сахарада беріге дейін құйма алтыннан көп нәрсе болған жоқ. Кез-келген үйдің сандығының түбінде тайтұяқ, қойтұяқ жамбылар жататын. Оны тойларда бәйгеге тігіп, қыздың жасауына беретін немесе әдемі зергерлік бұйымдар жасататын. Соның арқасында алтынға деген ашқарақтығы болмайтын. Алтын десе, арын сатып, өзгелердей «алтын безгегіне» ұрынбайтын. Алтынға деген сакральды биік көзқарас қалыптастырып, оны сараң­дық пен тойымсыздықтың қақпанына түсір­мейтін. Көне тарихшылардың өздері де көшпенділердің алтынға келгенде тым салғырт, селқос қарайтынын байқап, жазып кеткен.

Көк темір құрсанған көк бөрілер

Сақтардан кейінгі Үйсін, Ғұн, Қаңлы секілді елдерде де металлургия саласы қатты дамып, олар ұсталық өнердің озық үлгісін көрсете білді. Сол кездегі қазақ даласында соғылған қару-жарақтар басқа елдерде өте жоғары бағаланатын. Олардың өз дәуіріндегі ең қуатты әскерлерге ие болуы да осы теңдессіз қару-жарақтарымен байланысты еді. Бұл дәстүр түркі кезеңінде де өз жалғасын тауып, одан әрі дами түсті. Әсіресе түркілер өндірген темірлер үлкен сұранысқа ие болатын. 552 жылы Бумын қаған жужандардан азаттық алу үшін көтерілгенде жужан қағаны Анағұй ең алдымен темір өндірісінің құлдырауына алаңдағаны біраз жайды аңғартса керек.

Бүгінде темір рудаларын өңдеудің де өзіндік әдістері мен жолдары бар. Қысқаша айтқанда, ең алдымен темір рудасын ұсақтап, сұрыптаудан өткізеді. Одан кейін руданы магниттің көмегімен мейлінше артық қоспалардан арылтады. Мұны байыту деп атайды. Сосын байытылған рудаларды саз бен құмнан тазарту үшін сумен жуып, кептіреді. Бірақ ұсатылған руданың арасынан ауа алмасу қиындайтындықтан агломерат жасау арқылы қайтадан ірілетеді әрі руданың құрамында қалып қойған қоспалардан тазартады. Ең соңында окатыш жасап қорытылуға дайын өнім алады. Әрі қарай оларды домна пештерінде қорытып, құрамында 2-5 пайыздық көміртегі бар шойын балқытады. Кейіндеп шойынды химиялық жолмен байытып, құрамындағы көміртектерді компрессорлардың көмегімен арылту арқылы шымыр болат өндіреді. Ал осы аталған технологияны түркілер де өте жақсы білген.

Жалпы түркілер шымыр болатты қылыш, семсер, найза, жебе ұшы, айбалта т.б. секілді қару жасауға пайдаланғаны белгілі. Ол үшін жоғарыдағы технологияға ұқсас өзгеше әдіс қолданған. Бұл туралы Таласбек Әсемқұловтың «Қылыш жеткеру» мақаласында да жан-жақты мәлімет беріледі. Алғашқы кездерде өзге елдің темір өндірушілері темірді өте қарапайым әдіспен от шоғында балқытатын. Мұндай қарадүрсін әдіспен темірдің қорытылуы үшін жеткілікті температураға маңайлай да алмайтын. Ал көшпенділер бұл тығырықтан шығу үшін арнайы пеш пен көрікті пайдаланды. Ең алдымен темір рудаларын арнайы структурамен салынған «қоза там» деп аталатын биік пешке көмірмен бірге қалап, көріктермен ауа үрлеу арқылы балқытады. Көріктердің де бірнеше түрі белгілі. Біріншісі – жай көрік. Бұл көріктің басты кемшілігі – үздіксіз ауа жібере алмайтындығы. Одан кейін – қос көмей көрік. Мұнда екі жай көрік біріктіріліп, аталған кемшілікті жоюға тырысқан. Яғни, бір көрік ауа сорып жатқанда, келесі көрік ауа үрлеп тұрады. Ең жетілген түрі – желбуазда бірнеше көрік біріктіріліп, үздіксіз ауа үрлеуге ыңғайластырылған. Бүгінгі компрессорлардан кем түспейтін желбуаз – далалық металлургияның теңдессіз жетістігі десек артық айтқандық емес.

Қоза там темірді жақсы балқытқанымен, құрамындағы өзге заттардан арылта алмайтын. Сондықтан балқыған лас темірді «қорама» деп аталатын балшықтан арнайы жасалған қалыпқа құйып, одан кейін шынтақтың ұзындығындай білекке ұқсас сом кеспелтектер дайындайды. Осы кеспелтектерді саздау жерге тігінен көміп қояды. Арада кемі 6-7 жыл өткенде темір шіріп, құрамындағы бөгде заттардан тазарады. Осы шіріген кеспелтектерді қазып алып, ұнтақтап ұнға айналдырады. Алынған ұнтақты қазанда бірнеше рет қайнатып, әр қайнаған сайын суын төгіп тастайды. Бұл процестен кейін ұнтақтың құрамындағы тұздар мен басқа да минералдар ағып кететін болған. Енді тазартылған ұнтақты болат қазанда қайта қорытып, таза темір алған. Әрі қарай таза темірді отқа қыздырып, одан қару соғады. Ал қылышты суғару, қасат жасау – өз алдына бөлек әңгіме. Мұнан кейінгі қарудың мықты болуы темірдің сапасына емес, ұстаның өнері мен тәжірибесіне байланысты.

Түркілердің темір өндірудегі осындай озық технологиясының арқасында әлемге аты әйгілі болып, әскери өнерден ешкімге дес бермегені айқын. Көк бөрілі жалауын көтеріп, көк темір құрсанған оғыландар күн астына дейін жортатын. Олардың қолдарында ойнаған қаһарлы алдаспанын көрген дұшпанның тізесі дірілдейтін. Осылайша олар да тарихтың толқынына жармасып, бүгінгі ұланғайыр атырапты кейінгі ұрпаққа аманатқа қалдырды.

Ұсталардың ұлы жолы

Байқағанымыздай, бұрынғы сақтарға да, кейінгі түркілерге де, бүгінгі қазақ халқына да металлургия етене таныс болған. Әрине, металл өңдеу жалпы халықтың емес, жеке ұсталардың еңбегінің арқасында гүлденгені, дамығаны ақиқат. Сондықтан халқымыз ұсталық өнерді барынша қастерлеп, ұсталарды ерекше сыйлаған. Кезінде ұсталардың кәсібімен бақсылар шұғылданған деседі. Бақсы дегенде қазіргі кездегі асай-мүсейін асынып, жын шақырып ойын салатын, ауру емдеп нәпақасын табатын емкөс диуананы елестетсеңіз – қателескеніңіз. Ерте кездегі бақсыларды елдің ұйытқысы, халықтың қамқоршысы, рухани көсемі, ақылман абызы деп түсінгеніңіз дұрыс. Демек ұсталық өнердің ежелден бері сакралдық қыры болғаны, бабаларымыздың оны жай кәсіп деп емес, керісінше, қасиет тұтқаны байқалады. Яғни, ұсталардың қоғамдық ортадағы беделінің тым жоғары болғаны анық.

Ислам діні келгенге дейін ұсталық өнер тәңірлік өнер ретінде ұлықталып, оның бір тылсым күшпен астасып жатқанына барлығы кәміл сенгені рас. Кейіндеп ислам діні келіп, бұрынғы құндылықтар алмасса да, ұсталардың беделі кеміген жоқ. Енді ұсталық өнер ислами түсінікпен астасып, жаңа мазмұнға ие болды. Осылайша бақсы-ұсталар көмескіленіп, «ұстаның пірі – Дәуід пайғамбар» болып шыға келді. Иә, қасиетті Құранда аты аталған, Жаратқаннан илләһи төрт кітаптың бірі – Забур түскен, жындар мен адамдардың, жан-жануарлардың, қысқасы, бар әлемнің падишасы болған Ұлы Сүлейменнің әкесі – Дәуід пайғамбар осы. Аңыздарға сүйенсек, Дәуід пайғамбарға ұсталық өнер қонып, халыққа алғаш темір соғуды үйреткен екен деседі. Дәуідтің бір ерекшелігі – қып-қызыл болып жарқырап тұрған ыстық темірді жалаңаш қолмен ұстай береді екен. Осылайша күніне алпыс адамға сауыт-сайман, қару-жарақ соғатын көрінеді. Еңбегіне артық ақы алмайтын имандылығы да бар екен. Кейін өзіне шәкірт тәрбиелейді. Шәкірті де ұстазынан кем соқпайтын үздік ұста болады. Бұған да темірді жалаңаш қолмен соға беретін қасиет дарыпты. Дәуіт өлерінде шәкіртіне екі өсиет қалдырады. Біріншісі, ешқашан еңбегіне үстеме ақы алмауды, екіншісі, иттен де үйренуді тапсырыпты. Бірақ шәкірті өз нәпсісін тежей алмай, біреуден үстеме ақы алғаны үшін темірді жалаңаш қолмен ұстайтын қасиетінен айырылыпты. Темірді ұстай алмай, ұстай алмаған соң бұйым жасай алмай, тоқырауға ұшырайды. Күндердің күнінде сүйек мүжіп жатқан итке көзі түседі. Сүйекті алдыңғы екі аяғымен қысып алып мүжіп жатқан итті көрген шәкірт ұстазының екінші өсиетінің мәнін сонда ғана түсініп, ыстық темірді ұстайтын қышқашты ойлап тапқан екен. Содан бастап ешкім қызған темірді қолмен ұстай алмаса да, қысқаштың арқасында ұсталық өнер бізге жетіпті дейді көне әпсана.

Бүгінде тізгінді техникаға берсе де, төс пен балғаны серік етіп бабалардың жолына адалдық танытып келе жатқан ұсталар аз емес. Олардың қатарында талай шәкірт тәрбиелеп, есімі ел есінен өшпей келе жатқан Дәркембай Шоқпарұлы, ағайынды Тұрсынжан, Махмұт, Айтберген Құлмановтар бар.

Қазақ металлургиясының бүгінгі күйі

Менделеевтің кестесіндегі элемент­тердің бәрі кездесетін қазақ жері қашанда қазба байлықтан кенде болған емес. Ұсталардың орнын машиналар мен техникалар алмастырған жаңа заманда да ел экономикасының басым бөлігін металлургия саласы құрап отыр.

Қазіргі кезде еліміз түсті металлургия өндірісінен әлем бойынша жоғарғы көрсеткіштен түспей келеді. Оның ішінде жеті саласы алға шығып, осы бағытта 28 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Бізде өндірілген түсті металдар дүниежүзінің отыздан астам еліне экспортталып, мемлекеттің айтарлықтай индустриялық әлеуетін анықтап отыр. Түсті металдардың бірі – хромит қоры бойынша Қазақстан әлемде екінші орында. Оның жалпы қоры 230 миллион тоннаны құрайды. Негізінен Мұғалжар тауында шоғырланған. Одан басқа марганецтің болжамдық қоры – 850-900 миллион тонна болса, мыстың ірі кен орындары Жезқазған, Жамантай кендерінің қоры – 10 миллион тоннадан асады. Қорғасын мен мырыштың да жүзден аса кен орындары бар. Алюминий шикізаты ретінде ең көп тараған боксит болып саналса, елімізде оның да екі жүзден аса кені бар екен. Қазақстан алтын қоры бойынша да әлем елдерінің ондығына кірсе, оны өндіруден үшінші орынды иеленеді. Оның да республика аумағында 196 кен орны орналасқан.

Сирек кездесетін металдардан молибден қоры жөнінен 84 кен орнымен әлемде төртінші орынды иеленсек, Азия елдері арасынан бірінші орында тұрмыз. Вольфрам қоры бойынша, Қазақстан әлемде көшбасшы болып саналады. Оның 53%-ы 16 ірі кен орнынан алынады. Уран өндірісі бойынша да республика көлемінде жүзден астам кен орны бар болса, оның елуі – Солтүстік Қазақстанда орналасқан.

Ал қара металлургияның өкілі болып табылатын темірдің қазақ жеріндегі геологиялық қоры 17 миллиард тоннаны құрап отыр. Оның 93%-ы Қашар, Сарыбай, Соколов, Әйет, Лисаков секілді бес ірі кен орнында шоғырланған.

Байқағанымыздай, Құдай Тағаланың қазақ жеріне қамқорлығы төгіліп, жер астын қазба байлыққа толтыра салғанына шүбә келтіре алмайсыз. Десе де, құр атаққа малданып, масайрап кетпей, бұған да шүкір деуіміз орынды-ақ. Бұл заманда Жаратқанның жіберген нығыметінің қадірін біліп, қажетке жарату да үлкен өнер екені талассыз шындық. Жерінде ешқандай байлығы жоқ Жапонияның өзі ғылым мен білімінің арқасында әлемдегі экономикалық жетіліктің алдыңғы легінде жүргені бізді де бей-жай қалдырмаса керек. Өйткені кешегі ұлы ұсталар тәжірибесі мен шеберлігіне сенсе, бүгінгі олардың ізбасарлары– металлургтер ғылым мен технологияға сенетін дәуірде тұрмыз. Сол себепті жер астында сіресіп жатқан байлығымызды өзіміз өңдеп, бұрынғы бабаларымыздың даңқын қайта жаңғыртуымызға кім кедергі?! Ендеше, еліміздің ертеңі үшін осы жайды ескере жүрсек, бізге де, ұрпақтарымызға да қайырлы болмақ. Ол үшін ежелгі көшпенділердің көрсеткен жүлгесінен айнымай, индустрия мен инновацияны үйлестіре білгеніміз ләзім.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір