Батырхан Сәрсенхан. Рационализм мен иррационализм
30.10.2019
1536
0

Күз мезгілі күңгірт ойларға бас бұрғызады. Ғұламалар айтқандай, табиғаттың төрт мезгілін адамның жай-күйі деп алсақ, әлбетте, күз – қарттықтың бастауы іспеттес. Қалжыраған ағаштар, жапырағы жұлынған бұталар. Олар не білер екен?! Жалпы, адам ұғлы көп нәрседен бейхабар. Ештеңе білмей туады, ештеңе білмей ер жетеді, ештеңе білмей үйленеді, ештеңе білмей өзінен аумайтын ақымақ ұрпақ таратады, ештеңе білмей өледі. Әрине, барлығы емес, көбісі. Қоршаған ортаға, ғаламға қызығушылық неге аз адамда ғана бар? Неге адамдар өзі ішкен судың, өзі жүрген жолдың тарихын білуге, астарына үңілуге соншалық еріншек? Неге адамның тоқсан пайызы бүгінімен алданып, ас ішіп, аяқ босатқанына мәз?


Батырхан СӘРСЕНХАН

Шынында, «адаспай тура іздеген хәкімдер болмаса, дүние ойран болар еді». Жаратқан Иенің жер бетіне жіберген ойшыл, талантты тұлғалары біреуін ғана мінуге жарайтын жүз түйеге ұқсас адамдар ішінен өзін тапқысы келді. Рауандап атқан таңға, қылаулап батқан кешке көз тікті. Будда ілімі, Құңфұдзы парасаты, ежелгі Грек философтары адамзатты ойлануға, тереңге бет қоюға шақырды.

Әңгімемізге тұздық болып отырған «рационализм» сөзі. Бұл термин – Батыс философиялық дәстүрінде суық ақылдың көрсеткіші. Яғни рационалды ойлау, рационалды ғұмыр кешу бұл көбіне қара магиялы, дүниені сұрғылт тұсынан көретін, болмыстың, моральдың негізі ақыл деп санайтын ілім. Рационализм иррационализм мен сенсуализмге қарсы философиялық ағым ретінде ХVІІ- ХІХ ғасырларда қалыптасты. Негізін салушылар қатарында Рене Декарт пен Спиноза болатын. Рационализм орта ғасырдағы діни, теологиялық көзқарастарға қарсы болып, «әлемді жаратушы Құдай жоқ, болмыс, табиғат ақыл-оймен танылады» деп атеистік идеяны насихаттады. Спиноза сияқты кейбір Рационализм өкілдері философия мәселелерін «геометриялық методты» қолдана отырып баяндады. Кез-келген дүниені тек ақылмен қабылдап, ақылмен ғалам жұмбағын ұғуға тырысты. Ал ирроционализм осы бағытқа тікелей қарама-қарсы ілім еді. Мұнда табиғат құбылыстарын, дүниені, болмысты, ақиқатты жүрекпен қабылдап сезіну, табиғатпен үндестікте өмір сүріп, басқа да тіршілік иелеріне залал келтірмей, ізгілік бастауларына ден қойып, дүниені махаббатпен қабылдау принциптерін ұстанды. Блез Паскаль философиясы осы тұрғыдан күңгірт түсініктер толқынына қарсы шептей болатын.

Паскаль – вундеркинд еді. 12 жасынан әкесінің ықпалымен кітапқа ден қойды. Он бес жасында математикалық кітаптарға қызығушылығы оянды. Евклидтің геометриялық еңбектерімен танысты, латын, грек тілдерін жетік меңгерді. 39 жылдық аз ғұмырында математика, физика, механика, әдебиет, философиямен шұғылданды.

Ойшылдың дүние сырларын ұғуға деген құштарлығы ғылым тереңіне сүңгіген сайын арта түсті. Осыншама кеңістікті, ғаламды жаратқан Жаратушы бар екеніне ақылы мойындай отырып, көзі жетті. Мәулана Румимен үндес мына бір ойы қызық: «Егер Құдай жоқ болса, мен оған сенемін және ештеңе жоғалтпаймын, егер Құдай бар болса, мен оған сенбейтін болсам, әлбетте, бәрін жоғалтамын». Ол бірде «Мені бұл кеңістіктердің мәңгілік үнсіздігі үрейлендіреді…», «Шындыққа құмарту – рахат сезімнің ең биігі» десе, енді бірде, «Өзінің кім екенін түсінуге тырыспай өмір сүріп жатқанның соқырлығы қаншалықты сұмдық болса, Құдайға сеніп және сонда да жамандықта өмір сүретіннің соқырлығының сұмдығы одан да бетер» дейді.

Ол әр адам Құдайды таза ақылымен, жанкешті ізденісімен табу керегін түсінді. Бүгінгідей Құранды әлдебір ақынның өлең кітабын оқығандай жылдам оқып шығып, көпке ақыл айтатын ғылымсыз діншіл, ілімсіз христиандардан бойын аулақ ұстады. Паскаль терең ғылым арқылы математикалық, физикалық жаңалықтар ашты. Рене Декарттың атеистік, рационалды ойларына жан-тәнімен қарсы шықты. «Декартты түсіне алмаймын: ол өз философиясын Құдайсыз құрғысы келді, бірақ онысынан түк шықпады, дүниені қозғалысқа келтіру үшін Құдайға дүниенің басынан бір шерткізді, одан кейін Құдай оған керек болмай қалды». Өзін-өзі аямастан үздіксіз ғылым арбасына жегу салдарынан Паскаль ми ісігі ауруына шалдығып, денесі қозғалыссыз қалды. Өмірден өтер алдында күнделігіне атақты сөзін жазып қалдырды:

«Адамдардың үш тобы бар: бірінші топ Жаратушысын іздеді және тапты. Бұлар – ақылды әрі бақытты адамдар. Екінші топ Жаратушысын іздеп жүр, бірақ тапқан жоқ. Бұлар – ақылды, бірақ әлі бақытсыз адамдар. Үшінші топ Жаратушыны іздеп те жүрген жоқ, тапқан да жоқ. Бұлар – бақытсыз әрі ақымақ адамдар»

 Өз кезегінде бұл екі бағыт Француз классизімін тудырып, әдебиет кеңістігіне тікелей әсер етті. Француз үдерісі Гюго, Бальзак, Стендаль, Пьер Жан Беранже, Проспер Мериме, Золя, Диккенс, Элиот, Элюар секілді ірі шоғыр тудырды. Осы тұста француз әдебиеті әлемге жемісті шығармалар сыйлады.Орыс әдебиеті өз кезегінде Француз әдебиетіне еліктеушілікті бастан өткерді. Пушкиннің өмірін оқып қарасаңыз, алғашқы өлең-сықақтарын Француз ақындарына еліктеп жазғанын байқауға болады. Тіпті, французша сөйлеу «модаға» айналған еді. Осы тұста әдебиетте рационалды ойлау жүйесі көптеп таралды. Мағынасыздық пен жүйесіздікке телінген қаламгерлердің жүйкесі арып-ашып, көбі суицидке шалдықты. Атеистік идеялар жан-жақты талқыға түсті. Өмірді түрмеге теңеу, адам жанын азаптайтын отқа теңеу ақындар өлеңдерінде кеңінен көрініс тапты.

Ал қазақ топырағында бұл тұста Абай ілімі өркен жайды. Шығыстық іліммен қаруланған Хәкім үні Жаратқанды ақылмен емес, жүрекпен сезуге үндеді. Нұрлы ойлауға, қараңғыдан жарыққа ұмтылуға, бүкіл адамзатты бауыр деп сүюге, Тәңіріге махаббат қылуға шақырды.

Ақыл мен хауас барлығын

Білмейдүр, жүрек сезедүр.

Мұтәкәллимин, мантикин

Бекер босқа езедүр

Немесе,

Дененің барша қуаты,

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса Тәңірі үшін.

Өзегін Әл-Фарабиден алған «Имани гүл» ілімі Абай идеясын тереңінен айшықтауға жол ашты. Жаратушыны танымақтық әр адамның парызы екенін айтты.

Жиырмасыншы ғасыр – адамзат тарихындағы әртүрлі ілімдер жер бетіне шыққан аумалы-төкпелі кезең еді. «Дарвинизм», «Марксизм», көсемге табыну, «Фрейдизим», сан салалы синдромдар, бәрі адамдар санасына күштеп енгізілді. Тұрпайы көзқарастар мен келеңсіз ғұрыптар қоғам ішіне іріткі салды. Мешіттер мен шіркеулер жаппай жабылып, жеке басқа табыну салтанат құрды. Осы кезде Шәкәрім қажы өзінің «Үш анық» атты кітбын жазды. Ақын мұнда бүкіл «измдер» мен Еуропада туындаған ғылым салаларын жан-жақты зерттеп, қорытқан ойларын қағаз бетіне түсірді. Әр ғылымды өзінше талдап, оған көзқарастарын білдірді. Кей ғалымдарды сынай отырып, өлеңдер жазды.

«Сезiмiмiз заттан жаралды»,–

Деген сөз мүлде арам-ды.

Ақылды жанның мүлкi – әлем,

Тәртiппен өсiп таралды,

Осыны неге бiлмеген!

 

Меңiреуде мақсат бола ма?

Ақылға осы қона ма?

Құбылтып түрлеп бояған

Қу сөзге көңiл тола ма?

Дәлелi миға кiрмеген.

 

Олар шатақ дiннен қашқан‚

Сөйтiп «жан жоқ» деп

Тiптi алысқа кетiп адасқан.

Бар обалы оның шатақ дiншiлде,

Сол дiндi бояп басқан.

Қорыта айтқанда, рационализм мен ирроцианализм терминдері арқылы біз ақыл көкжиегіміздің екі бұрылысын айқындай алмақпыз.

(Оқи отырыңыз)

А. Кеңшілікұлы: «Әдебиет белгілі бір топтың ойынына айналып барады»

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір