Қылқалам иелерінің шеберханасы
18.10.2019
1025
0

Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасында Бейнелеу өнері, дизайн және сәулет өнері туралы былай делінген:

«Бейнелеу өнерін, декоративтік-қолданбалы өнерді, дизайнды, сәулетті шығармашылық кластерлер ретінде қарастыра отырып, олардың өнімдерінің ерекшелігі көпшіліктің санасында халықтың, уақыт пен елдің көрнекі бейнесі ретінде орын алатынын ескеру қажет. Бұл ерекшелік ұлттық мәдени брендтерді жасау мен ілгерілетуде негізгі нысандардың бірі болып табылады. Сәулет пен дизайн өнердің әлеуметтік маңызы бар түрлері бола отырып, елдің мәдени-тарихи ландшафты мен адамның тіршілік ету ортасының эстетикасын қалыптастырады, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени кеңістікті ұйымдастырады. Бейнелеу өнері, сәулет және дизайн жөніндегі көркемдік кеңес қызметі арт-кластерлерді ілгерілету шығармашылық арт-индустриялар үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруге, қазіргі заманғы өнер мен халық шығармашылығының жаңа бағыттарын қолдауға бағытталатын болады».

Төмендегі мақаладан біз еліміздегі Бейнелеу өнерінің ғылым мен білімді, мәдениет пен суретті тұтастырған және  әйгілі қылқалам иелерінің шеберханасы болған оқу ордасының жарты ғасырлық шежіресін пайымдаймыз.

Мият Джанаев, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі

Биыл қазақ ұлттық мәдениеті, өнері мен көркем педагогикалық ой-санасының басты бір саласы –  көркем білімі мен тәрбиесінің, өнері мен мәдениетінің тарихи ошағы – Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің өнер, мәдениет және спорт  институтының 50 жылдық төл мерекесі, торқалы тойы. Институт Қазақстанның көркем білімі мен тәрбиесінің, мәдениеті мен рухани әлемінің  бастау көзі, мөлдір бұлағына айналып отыр. Ол мәдениет ошағы ретінде қазақстандық көркем білім, өнер, мәдениет, көркем педагогика, педагогикалық мәдениеттану мен өнертану, бейнелеу өнері тарихы мен теориясы, бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі мен тарихы, өнер шығармашылығы сала­лары бойынша 1969 жылдан бері, жарты ғасыр бойы, туған халқының рухани-эстетикалық тәрбиесіне, мәдени-әлеуметтік сұранысына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Егемен елдің ұлттық мәдениетінің бір бөлігі ретінде, халықтың рухани тәрбиесіне, эстетикалық сұранысына қызмет етумен қатар, өзінің рухани, педагогикалық болмысының жаңарып жандануымен де көзге түсуде. Бүгінгі таңда, мем­лекеттің жаңа даму кезеңінде ел өмірінің рухани, мәдени, әлеуметтік, шығармашылық әлеміне өз үлесін қосу үстінде.

Тәуелсіз Қазақстан көркем білімі мен рухани әлемінде, әсіресе бейнелеу өнері мен көркем білімі саласындағы дәстүр жалғастығы жастарды жаңа қазақстандық рухани мәдениетке, патриотизмге тәрбиелеуде, олардың әсемдік талғамын арттыруда, рухани дүниетанымын қалыптастыруда тәлім-тәр­биелік мәнінің орасан зор екендігін көрсетіп отыр.

Тарихқа жүгінетін болсақ, Кеңестер Одағы және Ресей живопись өнерінің маманы, белгілі педагог, про­фессор, КСРО ПҒА-ның Академигі, РСА-ның академигі, РСФСР-дың халық сурет­шісі Б.М.Неменский өзінің «Распахни окно: мысли художника об эстетическом воспитании» атты еңбегінде айтуынша, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ш.Ғ.Омашев өнерге деген айрықша қызығушылығын білдіріп, Қазақстанда да көркемсурет-графика факультетін ашу ниетімен Ресей суретші-педагог ғалымдарымен қатынас орната отырып, 1963 жылы Абай атындағы ҚазПИ-де «Сурет және сызу пәнінің мұғалімі мамандығын», ал 1964 жылы «Бейнелеу өнері, сызба геометриясы және сызу» кафедрасын ашуға қол жеткізген еді. Сөйтіп, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында, республикада алғаш рет «Сурет және сызу пәнінің мұғалімі мамандарын» дайындау қолға алынды.  1969 жылы бұл мамандық «Сызу және бейнелеу өнері» факультетінде оқытылса, 1971 жылдан бас­тап   «Көркемсурет-графика факультеті» болып қайта құрылды. Сөйтіп еліміздегі бейнелеу өнері мен сызу мұғалімдерін дайындайтын алғашқы факультет болып қалыптасты. Келе-келе ол көркем білім мен бейнелеу өнері ма­мандарын даярлау бойынша  Қазақстан рухани мәдениеті мен көркем педагогикасының дамуына қомақты үлес қосты.

Педагог-ғалым Ш.Ғ.Омашев өзінің осы мамандыққа деген сүйіспеншілігінің, қажырлы еңбегінің нәтижесінде Қазақстанның облыс орталықтарындағы педагогикалық институттарда көркемсурет-графика факультеттерінің ашылуына да мұрындық болды.

Абай атындағы Қазақ педагогикалық инс­титутының Көркемсурет-графика факуль­те­тінің түлектері Ш.Ғ.Омашевтің бастамасы­мен еліміздің басқа да педагогикалық институттарында, атап айтқанда, 1966 жылы Қарағанды педагогикалық институтында «Сурет және сызу» мамандығын, 1968-1969 жылдары Се­мей және Шымкент, 1979 жылы Жамбыл пе­да­гогикалық институтында «Сурет және сызу пәнінің мұғалімі мамандығы» бөлімдері мен көркемсурет-графика факультеттерінің  ашыл­уына атсалысты. Сондықтан Абай атын­да­ғы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін Қазақс­тан­ның көркем білім мен өнер саласы бойынша білім беру жүйесінің «алтын ордасы» деп ай­ту­ға болады.  Абай атындағы ҚазПИ-дің көр­кемсурет-графика факультетінің алғашқы де­каны  –  Шабаз Ғазизұлы Омашев (1969-1975) факультеттің қалыптасып даму тарихында басты тұлға, орны бөлек  жарқын жан еді.

Профессор Байтұрсын Есжанұлы Өмір­беков басқарған (1975-1978) жылдары көр­кем білім мен өнерде ерекше қарқынды шы­ғар­машылық кезең туды. Киелі қара шаңы­рақ, ҚазПИ-дің көркемсурет – графика фа­куль­тетінде аяулы ұстаздар Ш.Ғ.Омашев, Б.Е.Өмірбеков, М.Нұрлыбаев, А.К.Каримов, С.Қасымбекова, Н.С.Журавлев, Е.П.Зальцман, В.Шредер, Ж.Ш.Балкенов, Қ.Ыбыраева, З.Ж. Ашимова сынды аса қадірлі ұстаздар, тамаша маман, суретші, ғалым-педагогтар тәлім-тәрбие, дәріс берді.

Осы кезеңдегі факультет ұжымының өз шәкірттеріне деген ықыласы мен қам­қор­­лығының арқасында, білімгерлер мен оқытушылар арасында, көркем педагогикалық қызметке, өнер мен мәдениетке деген ерекше ұмтылыс байқалды.

Факультетте ерекше шығармашылық ат­мос­фера, айрықша тәлім-тәрбиелік әдеп, мә­дениет пен іскерлік, сүйіспеншілік пен ілтипат қалыптасқан кезең еді. Сол кезеңдерде Абай атындағы ҚазПИ көркемсурет-графика  фа­культеті республикамыздың білім және мә­дениет саласының өркендеуіне, көптеген өнер адамдарының дамып, жетілуіне және ұлттық мәдениет пен өнер саласының ілгері­ле­уіне қолдау көрсетті. Бұл факультеттен Қа­зақстанмен қатар, Ресей, Германия, Гре­ция, Америка, Украина, Литва сияқты ел­дер­дің өнеріне, ғылымына және көркем-пе­дагогикалық біліміне зор үлес қосқан небір атақты мәдениет және өнер қайраткерлері, елге белгілі графика және кескіндеме мамандары, мүсіншілер мен педагог ғалымдар түлеп ұшты.

Бүгінде оның түлектері, Қазақстанның бел­гілі суретшілері мен педагогтары, өнертанушы, философ ғалымдары өз елімізбен қатар жақын және алыс шет елдерге танымал еңбек сіңірген қайраткерлерге айналып отыр.

Олардың қатарында суретші-живопис­ші­лер, графиктер, мүсіншілер, қолөнері ше­берлері –Е.Төлепбаев, М.Нұрлыбаев, Т.Ор­да­беков, М.Аманжолов, Д.Шоқпаров, Б.Е. Өмір­беков, Т.Бейсенбинов, А.Ж.Нақысбеков, В.Шредер, В.Ф.Власюк, В.Кнак, Ж.Тұр­ды­ғұлов, Т.М.Қожағұлов, М.Ә.Нүсіпов, Қ.Ақашев, Н.А.Қилыбаев сияқты өнер тарландары бар.

Педагогика, өнертану және философия ғалымдары Л.Г.Медведев, Б.Е. Өмір­бе­ков, Ә.О.Қамақов, Ж.Ш.Балкенов, Б.А.­Әлмұхамбетов, А.Жақсыбергенов, Л.А.Ивахнова, Н.Л.Стариченко, Н.Г.Назарова, Б.К.Байжігітов, Қ.Болатбаев, Т.К.Мусалимов, М.Б.Жанаев, Б.Е.Оспанов, Т.М.Қожағұлов, Р.Б.Мизанбаев, Қ.С.Оразқұлова, Қ.О.Жеделов, Е.Т.Кисимисов, М.Э.Сұлтанова, Ш.Ә.Ақбаева, Е.Әсембайұлы, З.Ж.Рабилова, К.К.Келденова, А.И.Ибрагимов және т.б. ел мақтанышына айналды.

Факультетте 70-ші жылдардан бастап дәс­түрлі реалистік өнермен қатар,  ұлттық бейнелеу өнерін, сәндік қолданбалы өнерді оқыту, ұлттық өнер арқылы көркем білім беруді дамыту идеясы қалыптаса бастады. 1970 жылдардан бастап республикалық ғылыми-педагогикалық «Қазақстан мектебі», «Бастауыш мектеп» журналдарында бейнелеу өнерін оқыту әдістемесіне байланысты факультет түлектері Б.Е.Өмірбековтің, Ж.Ш.Балкеновтың, Ә.О.Қамақовтың, Б.К.Байжігітовтің, Б.А.Әлмұхамбетовтың, М.Б.Жанаевтың, Р.Б.Мизанбаевтың және т.б. көптеген педагогтардың мақалалары жа­рия­ланды. Бұл еңбектерде бейнелеу өнері сабақтары арқылы оқушыларға эстетикалық тәрбие беру және көркемдік білім беру әдістері мен композиция мәселелері бойынша талдаулар берілді.

2019 жылдан Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры қызметін  педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тоққожа Мұқажанұлы Қожағұлов атқарып келеді.

Бүгінгі таңда институт директоры Тоққожа Мұқажанұлының жетекшілігімен  түрлі жаһандық талаптар мен әлемнің қарқынды өзгеруі жағдайында көркем білім беру сапасын түбегейлі жақсартуға, сыни ойлау мен коммуникативтілікті дамытуға және шығармашылықпен жұмыс істей білуге, білім моделіне басты назар аударылуда. Мұн­да кәсіби диагностика жүргізу арқылы оқытудың жеке бағдарын жасауға, оқытушылар мен білімгерлердің  көркем  және ғылыми шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін жағдайлар қалыптасып отыр.

Ұжымда шығармашылық белсенділік пен педагогикалық әдеп нормаларына сәйкес, білім саласына соны серпін, білімгерлер мен оқытушы профессорлар құрамына ерекше жігер беретін іс-шаралар жүзеге асырылуда. Міне, осы айтылған басымдықтар педагог қауымына, ұстаздар мен білімгерлер көңіліне қуаныш ұялатуда. Себебі, мұнда тәрбие мен білім саласына баса назар аударылып, оның барлық қырларын әлеуметтік, саяси, мәдени, көркем-танымдық және ғылыми тұрғыда үйлесімді зерделеуге, шығармашылық еркіндік пен интеллектуалдық белсенділікке мүмкіндік беріледі.

Университет басшылығы рухани және мәдени құндылықтарды жаңа сапаға көтеруге мән бере отырып,  Түркия, Ресей, Англия, Франция, Германия, Қытай мемлекеттері оқу орын­дарымен қатынас орнатып, көрмелер ұйымдастыруға қамдануда. Бұл шараларды рухани білім-тәрбиемен ұштастыру арқылы жастар санасына сіңіріп, тәжірибеде жан-жақ­ты қолдануға жағдайлар жасалуда. Осы негізде түрлі педагогикалық тәжірибелер мен технологияларды қолдану институт ұжымының педагогикалық, өнертанымдық, рухани, мәдени, адами ресурстық кәсіби жауапкершілігін ширата түсері анық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір