ҚЫЛҚАЛАМ МЕН ҚЫЛЫҒЫҢДЫ ҚҰРБЫ ЕТ­ТІМ
10.04.2023
735
0

Әлия ІҢКӘРБЕК:

Менің драмам
..маған оңай деймісің?
Күн батарда түсірем
көңілімнің пердесін,
Қайта келмес сәт­терді
көкжиектен көремін.
Мына жалған сиқырлы
күлкісімен жеңбесін,
Саған ғана мен бүгін шынымды
айтсам деп едім –
Сыздағанын жүрегім,
Мұздағанын жырымның.
Түзу жолмен жүр едім,
Суық сөзден сүріндім.
Құламадым, алайда,
Құлатқан жоқ, Тәңірім.
Күнмен келген арайдан,
Болмысымды таныдым.

Тапаншасын бұл Тағдыр
тақағанда тосыннан,
Ұрланып кеп артымнан
дыбысын еш шығармай…
Мен де сендей тосылғам –
Жылай да алмай, күле алмай!

Жалғасады дүрмек бұл,
Қонар басқа тағы бақ.
Маған өмір сүр деп жүр,
Өлеңдерім жамырап!

Өкінішке жолдаспын,
құрбысымын Үміт­тің,
Сәт­тік көңіл күйіме сеніп қалдың
сен несін?
…Маған оңай деймісің шыққан
кезде күліп күн
Түк болмаған секілді ашу көңіл пердесін?!

Қарашық

«Я нарисую ваши глаза,
когда узнаю вашу душу!»
Модильяни

Қылқалам мен қылығыңды құрбы ет­тім,
Мүсініңнен тап­пай мін.
Көздеріңнен түнді көрдім, Құрмет­тім,
Таңы ешқашан атпайтын.

Болмысыңнан безер болсаң, жүр, қалқам,
Бақытсыздық – бар айып.
Сезімі өлген, жүрегі жоқ жылдардан
Өзімізді табайық!

Сенің жасың – суретшінің бояуы,
Аққан бірге түндермен.
Өмірімнің басталмаған тойы әлі
Аяқталып үлгерген.

Сыңғырындай балбұлақтың біз ән бе ек,
Неткен мөлдір жанарың?!
Тұңғиыққа батып кет­тім бұзам деп –
Қарашықтың қамалын!

Қар

Қарашы, жауып тұрған қар ма мынау,
Көктемім, тағы мені алдадың-ау!
Он тоғыз, қимасым ең қиядағы,
Шынымен, менен кетіп қалғаның ба-ау?!

Сағыныш, мен шықпаған биік пе едің,
Жамадым кеудемдегі күйікке мұң.
Біреуден дәл осылай көңілім қап,
Біреуді дәл осылай сүйіп пе едім?

Ұлпадай көзден көзге ұшады бақ,
Жанардан жас үзілмей құса қылмақ.
Мен кет­тім жиырмамен қол ұстасып,
Ол қалды естелігін құшағына ап.

Көрші өзің, жауып тұрған Жан бөлшегін,
Мазаңды алған екем әбден сенің.
Қош енді, бар кінәңді жуайыншы
Мезгілсіз жауған осы қармен сенің!

Сауал

Мен құс болсам, тоңбас ем,
Жерге мүлде қонбас ем.
Қанатымнан өзің ғана көретін –
Өлеңді оқып тұрар едің сонда сен!
Тек биікке ұшар ем,
Күннің нұрын құшар ем.
Кеудем толы сағыныш пен сезімге,
Қалай бірге ұшар екем құсамен?!

Көк жүзінде – керуен,
Сыр білдірмей келіп ем.
Жалғыз сауал жанға тыным бермеді:
− Сен құс болсаң,
бірге ұшар ма ең менімен??!

Аманат

Жалғыздық жырын жүргендер
қанша хош көріп?
Көнеден.
Мұңайтпасына биылғы көктем кеш келіп,
Сенем мен.

Айтпаған талай сырларға куә күнделік –
Сүйеген.
Жанарың сенің өрт болса-дағы мың келіп,
Күйер ем!

Адасып жиі жолдармен жүріп бұралаң,
Сезбеп­пін.
Жүрегім екен еркіме көнбей жылаған:
«Көз», – деп­пін…

…Көктемді көріп ғажайып
күйге бөлендік,
Тосын шын.
Сағынышымды қалдырғым келді
өлең қып,
Оқырсың!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір