Алыптар аллеясын аралағанда…
21.10.2019
1113
0

Ішке кірген бетте күлімсірей, қатулана, тұнжырай, шаттана, ойлана, қуақылана қараған, түрлі жас шамасындағы «адамдарды» көріп, аң-таң боп тұрып қалдым. Осынау үлкенді-кішілі бейнелер жансыз һәм тілсіз көрінгенімен, сезе білгенге әрбірінің айтар сыры да аз емес-ау. Өйткені олардың қай-қайсысы да Адамның жасампаз ойының қуатымен және ерен еңбектің адал куәгерлері – моншақтай аққан тер тамшыларымен суарылған. Олардың қай-қайсысына да місекер шебердің мөр тамған алақанының жылуы сіңген. Иә, біз Талант дейтін тасқын күш Шабыт буған алапат шақтарда Уақыт дейтін мықтымен, бәлкім, өз-өзімен бәсекеге түсетін Өнер ұясы – шеберханаға келіп тұрмыз. Жанымдағы серігім – сұңғақ бойлы, тіп-тік, ақбурыл шашы желкесіне түскен. Мүсінші: «Міне, менің байлығым – осылар», – деді, ауаға сіңіп қалған ашқылтым саз иісін құшырлана иіскеп…


БІЗДІҢ КЕЙІПКЕР

Қазақтың кәсіби мүсін өнерінің атасы Хакімжан Наурызбаев көзі тірісінде ізін басып келе жатқан жас мүсіншілердің бірін алғашқы адымынан-ақ танып, «қазақ мәдениетіне жарық сыйлаушы, қазақ мүсін өнерінің жарқын болашағы, үкілі үміті» деп тебіреніпті. Қас таланттан бата алған сол жас талант – біздің бүгінгі кейіпкеріміз – елімізге белгілі өнер қайраткері Өмірзақ Шанов. Қара тасты саз балшықша илеуді өмірінің мәніне айналдырған мүсінші   Ө.Шанов 1950 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің және В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтының түлегі. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Көптеген халықаралық, республикалық көрмелердің қатысушысы. Мүсіншілер арасындағы республикалық байқауларда бірнеше рет жүлдегер атанып, топ жарған. Жұмыстары ҚР Тұңғыш Президентінің мұражай қорында, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында, БҰҰ штаб-пәтерінде (АҚШ) және Германия, Франция, Латвия, Түркия, Ресей елдерінде жеке қорларда сақтаулы.  


АЛЫПТАР ШОҒЫРЫ

Шеберханаға кірген бойда көзіме алғаш түскені – қақ төрден орын алған, кең маңдайы жарқырап, мейірбан жүзіне парасат тұнған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның шағын мүсіні болды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және халқымыздың біртуар перзенті Ә.Бөкейханның 150 жылдығына арнайы жасалған бұл құнды дүние бүгінде Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Таврия сарайында еліміздің айбынын асқақтатып тұр.

Сөзге сараң, қара­пайым да кішіпейіл кейіпкерім: «Не­бә­рі отыз жыл ғұмы­рында соңына сәу­лелі із тастап үлгерген Шоқан Уәлиханов – үлгі тұтар тұлғаларымның бірі», – дейді. Ол ұлы ғалымға деген өлшеусіз құрметін қоладан құйған еңселі ескерткіші арқылы айшықтапты. Ақордадағы Мәжіліс залының төрінен, поэзия алыбы – Абайдың жанынан орын алған Шоқан ғылым тұңғиығына ойша сүңгіп кеткендей әсер қалдырады.

Ал Қазақ ғылыми-зерттеу энергетика институтының тұңғыш басқарушысы, «Халық Қаһарманы», энергетик-ғалым, академик Шафик Чокиннің Алматыдағы көкке бой созған гранит ескерткіші – өнегелі өмір мен биік парасаттың белгісі сынды.

Жалпы, Ө.Шановтың шығармашылығында әдебиет, өнер және мәдениет, саясат қайраткерлерінің портреттік бейнелері жарқырай көрінеді. Мәселен, өн бойына нәзіктік пен қайсарлықты қатар жиған сақ патшайымы Тұмар ханым, Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаев, қазақ поэзиясының қадірі – ақын Қадыр Мырза Әлі, қазақ өнерінің абызы – Асанәлі Әшімов, сан қырлы талант иесі – жазушы, публицист, актер, драматург, қоғам қайраткері Сәтімжан Санбаев, есті әндерді тудырған композитор Темірәлі Бақтыгереев, Қазақстан Елтаңбасының авторы, сәулетші Шота Уәлиханов, қылқаламына құт дарыған суретші Ахмет Ахат…

Өмірзақ Бақиұлы бала күнінде барлық құрдастары секілді батыр болуды армандағанын күле отырып еске алды. Сол балаң арманның әсерімен кейін білікті ұстаздардан мүсін өнерінің қыр-сырын үйреніп жүргенінде тастан Қажымұқан бейнесін қашап жасапты. Ал уақыт өте келе ол көлемді дүниеге – қазақ батырларының жиынтық бейнесіне айналады.

Осы арада сөзге мүсіншінің жұбайы Күләш Қапанқызы араласып, «Ағаң «Батырлардың»  қағаз бетіндегі сұлбасын белгілі жазушы Дулат Исабековке апарып көрсеткен. Ол кісі «мұндай ескерткіш Қазақстанның әр қаласында тұруы керек»–, деп жоғары баға берді», – деді ризалықпен.

Алыптар шоғыры жайындағы әңгімемізді әрі қарай кейіпкерімнің өзі жалғастырып әкетті. Ол өткен күнін сағынышпен еске ала: «Қадыр Мырза Әлімен өмірінің соңғы уақытында таныстым. Алғаш көргенде таңғалдым. Шағын денелі, томашадай ғана адам екен. Жазғандарына қарап мүлдем басқаша ойлайтынмын. Үйіне барып, өзімен жүздесудің де сәті түскен еді. Әттең, жасаған жұмысымды өзіне көрсете алмай қалдым. Дүниеден озып кетті…» – деді өкініш аралас үнмен. Әйтсе де, Халық жазушысының өзіне тән қуақы күлкісі тас мүсінде сол қалпында таңбаланып қалды. Ақынның эскиз түріндегі бейнесі де шеберханадан қадірлі орын алыпты. Арқалығы биік үлкен орындықта отырған ол терең ойға шомып кеткен. Орындық жамылғысының қатар-қатар қатпарлары да бейнебір ақын жанының қатпар-қыртысындай сезіледі…

Мүсінші сөзін сабақтай түсіп: «Асанәлі Әшімовтің шағын мүсінін шеберханамда өзіне қарап отырып жасадым. Актердің жай отырмай, неше сағат бойы шаршамастан өмірі жайлы әңгімелеп беруі шабытымды еселей түсті. Бұл жұмысым өнер тарланының туған жеріндегі мұражайға қойылыпты», – деді. Ө.Шановтың шығармашылығына арналған «Ұлы дала жаңғырығы» жинағындағы қас таланттың міз бақпай қатып қалған бейнесіне үңіле қарадым. Езуіне трубкасын қыстырған актердің ойлы көзқарасы мен қажыңқы жүзі мына дүниенің өткіншілігі жайлы мұңлы сыр шертетіндей…

Бай шеберханада эскиз түрінде жасап қойған алыптар да аз емес. Бәлкім, күндердің күнінде олар да бар сән-салтанатымен жарқырап, лайықты тұғырларына мықтап орнығар. Оған еш шүбәм да жоқ. Олар кім десеңіз, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов, Алаш қайраткері, ақын Міржақып Дулатов, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов, есімі ұлттық мәдениетіміздің тарихына алтын әріппен жазылған біртуар композитор Мұқан Төлебаев, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, қазақ көркемсөзінің қас шебері Әбіш Кекілбаев… Әне, көзілдірік киген Ғабаң алысқа қадала қарап қалыпты. Кездеспей кеткен бір бейнені есіне алып отыр-ау, сірә… Ал жас ақын Мұқағалидың кесек келбеті алуан түрлі сезім күйіне толы. Музасымен тілдесіп, тебіреніп тұруы да ғажап емес…

Жақында мүсіншінің туған жерінен жыл құсындай жанын жадыратқан жақсы жаңалық жетіпті. Алдағы күндердің бірінде Ақтөбе қаласының сәулетті көшелерінің бірінен Жалаңтөс баһадүрдің ескерткіші бой көтермек. Батырдың алып тұлғасы біздің кейіпкеріміздің қолынан қалыпталып шыққанын өзіңіз де сезіп отырған боларсыз, сұңғыла оқырман (идея авторы – мүсінші Бек Ибраев). Ал місекер шебер: «Туған жеріме перзенттік тарту жасау – бір арманым еді», – дейді қуанышын жасыра алмай.

Бұған қоса, Ақтөбе тарихи-өлкетану мұражайында Шығыстың қос жұлдызының бірі – Әлия Молдағұлованың мүсіні «жанарынан от шаша» келушілерге қасқая қарап тұр. Бұл да – Шановтың кезекті кесек туындыларының бірі.

«БАҚА ҰСТАҒАН БАЛА»

1983 жылы Мәскеуде «Мүсін-83» деген атпен мүсіншілер көрмесі өтеді. Сол көрмеде И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтының студенті Өмірзақ Шановтың тастан қашап жасаған «Балалар»-ы көпшілік назарын аударады. Иә, «балалар әлемі» – мүсіншінің жиі оралатын сүйікті тақырыбы. «Демалып жатқан бала», «Бала», «Бақа ұстаған бала», «Бөбек», «Балалар», «Бала және алма», «Велосипед мінген бала»… Қай-қайсысы да адам жанына жылу ұялатады. Осынау тамаша дүниелердің авторының өзі де уақыт шашына қырау салғанымен іштей балалығын сақтап қалғандай. Ол бала секілді бар пейілімен рақаттана күледі, болмашыға риясыз шаттана біледі… Ұлы Ноян осы сөзімді күлімсірей растап: «Балаша тез өкпелеп қалатыны да бар», – деді.

Әрі қарай кейіпкерім балалық шағы мен өнер жолындағы алғашқы бастауы жайлы әңгімелеп берді. Өзінің айтуынша, тынымсыз, шалдуарлау бала  болыпты. Мектепте сурет және география пәндерін ғана сүйіп оқыған. Спортпен, оның ішінде бокспен айналысыпты. Кейін мүсіншілік өнерде соның көп пайдасы тиеді. Өйткені екеуі де темірдей мықты төзімділікті қажет етеді.

«Үлкендерден естуімше, аталарымның бірі зергер болған екен. Бәлкім, өнер сол атамыздан дарыған болар. Әлі есімде, әпкем Рәйлә әдеби кейіпкерлердің суретін салғанды жақсы көретін. Соған қарап мен де қолыма қарындаш алдым. Алайда маған тарих оқулығындағы иллюстрациялық суреттерді көшіріп салу ұнайтын. Мектепте қабырға газетін безендіру маған тапсырылатын. Жоғары оқу орнын бітірген соң, төрт-бес жылдай Т.Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтында оқытушылық етіп, шәкірт тәрбиеледім. Сосын біржола жеке шығармашылығыма ден қойдым».

Ал 1997 жылы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік мұражайда өткен жеке көрмесі Ө.Шановтың талантын бар қырынан танытады.

2008 жылы Өмірзақ Бақиұлы Париж халықаралық өнер орталығына шетелдік әріптестерімен бірігіп жұмыс істеуге аттанады. Жан-жақтан суретшілер, мүсіншілер, ақын-жазушылар жиналады. Талай ақын тебірене жыр арнаған сұлу қала… Мөлдір сулы Сенаның қиялыңды көкке өрлетер әсем жағалауы… Гюгоның өлмес шығармасына арқау болған әйгілі Нотр-Дам ғибадатханасы…. Мүсіншілер тобы таң атқаннан кеш батқанша мұражайларды аралайтын. Өлмес туындыларды өз көздерімен көріп, әсерленетін, шабыттанатын. Мұнда жүргенде Шановтың бірнеше жұмысы дүниеге келеді. Солардың бірі – «Бақа ұстаған бала» болатын. Бүгінде Соқпақбаевтың Қожасы секілді бақа аулағыш «балақай» «қарт» мүсіндерді «жадыратып», айналасына тазалық сәулесін түсіріп, Париждегі өнер орталығында «асыр салып жүр».

«ЖЕР–АНА»

Ө.Шановтың соңғы іргелі жұмыстарының бірі – «Жер–Ана». Әзірге эскиз түріндегі ескерткіштің жасалуына Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» шығармасы ықпал етіпті.

Бұл жөнінде мүсіншінің өзі былайша шабыттана әңгімеледі: «Жер-Ана»-ның басты мәні – қолына сәбиін көтерген Ана жарқын болашаққа сеніммен қадам басып барады. Ал Анаға, Балаға, Отанға, Жерге деген махаббат – бүкіл адам баласына таныс, әлем халықтарын бір-бірімен жақындастыратын ұлы сезім. «Ана» деген бір ауыз сөздің өзі кім-кімнің де бойында жылы, шынайы, шуақты сезімдерді оятады. Жалпы, діни және культтік нысанның көлемінің үлкен болуына ежелден мән берілген. Бұл, бір жағынан, мемлекеттің күш-қуаты мен ұлылығын танытады. Қоладан құйылатын «Жер-Ана»-ның биіктігі – 130 м, шығыстық мәнерде жасалатын Тұғырының биіктігі – 60 м, жалпы монументтің биіктігі – 200 м болмақ. Нысанның жоғарғы қанатында барабан тәріздес ғимарат орнатылады. Ондағы бедерлер тарихымыздың өткенінен бүгініне дейін сыр шертпек. Ал төменгі қанаты 550 бағанадан тұрады. 550 бағана – Қазақ мемлекетінің осынша уақыт жасап келе жатқанын білдіреді. Өзім бұл ескерткіш келер ұрпақ үшін мәдени, архитектуралық мұра, ал туристер үшін киелі орындардың бірі болады деп үміттенемін. Негізі, осы уақытқа дейін замандастарымыздың ешқайсысы Ана бейнесіндегі және осыншама үлкен көлемдегі ескерткіштің жобасын ұсынған емес. Білсеңіз, Мамай қорғанындағы  әйгілі «Отан-Ана» ескерткішінің биіктігі – 85 м ғана».

Қас шебер өз идеясын іске асыруға бар болмысымен шабыттанып дайын отыр. Тек мемлекеттен қолдау ғана керек.

«ЖЕР ЖҮЗІН АРАЛАҢЫЗДАР…»

Өмірзақ Бақиұлының айтуынша, жүзіне мұң аралас мысқыл тұнып қалған «Автопортрет» дейтін туындысы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі ауыр ойлардан соң дүниеге келген. «Бұл шағын мүсін өн бойына менің бүкіл ішкі сезімдерімді сыйдырып тұр. Мұнда өз-өзіме көңілімнің олқы соғып тұрғаны да бар. Жалпы, қай шығармашылық иесі де төл тарихына бей-жай қарамауы керек».

Иә, мүсінші өнер жолына түскелі бері тарих қойнауына үңілумен келеді. Соның дәлеліндей болып, әне, «Салт атты сақ сарбаздары» құйғыта шауып барады, айбарлы «Скиф» жауынгері қолына найзасын алып атқа қонды, ал бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған «Садақшы»-ның садағын шірене тартуын-ай!

«Бір туындыны еш үзіліссіз «өбектеуге» болмайды. Жарым-жартылай біткеннен кейін үстін жауып қойып, бір апта, бір ай бойы жанына жоламау керек. Уақыт өткізіп барып келіп, матаны ашып қалғанда, кемшіліктері жарқ етіп көзіңізге түседі», – дейді мүсінші.

Өз құпиясымен осылайша бөліскен кейіпкерім шеберханаға саяхат түрінде өрбіген әңгімемізді жас ізбасарларына айтар кеңесімен аяқтады: «Шығармашылық иесіне қашанда жаңа әсерлер қажет. Ал, жаңа әсерлер мен тың ойлардың қайнар көзі – өмірдің өзі. Табиғат. Адамдар. Дүниені тану үшін жер жүзін аралаңыздар. Әлемдегі атақты мұражайларға барыңыздар. Ұлы туындыларды өз көздеріңізбен көріңіздер. Тым болмаса, жылына бір рет бір елге барудың өзі сіз үшін мол шығармашылық азық болары сөзсіз. Жалпы, адам үнемі ізденісте болуы керек. Өйткені өмірден үйренер нәрсе көп».

Өмірзақ Шановтың сонау жалынды жастық шағынан бастау алған ең үлкен арманы – Ұлы Даламыздың кеңдігін, ғасырлар даналығын, ата-бабаларымыздың мықты рухын паш ету. Әнеки, ақбоз атының жалына жармасып мінген қас талант ұшы-қиыры жоқ кең далада уақыт желімен жарыса құйындата шауып барады. Қаншама белес артта қалды. Бірақ өнерді құлай сүйген мүсінші осынау жеткен биігін, әсте, місе тұтпақ емес. Өйткені өмір барда  өнер де жасай бермек…

 Мәдина СЕЙІТМАҒАМБЕТОВА

 

 «Мүсінші Өмірзақ Шанов қай тақырыпты қолға алса да, адам мінезінің қалтарыс-қатпарына батыл барлау жасайды. Пішін суретшінің ой-қиялына бағынышты бола отырып, оның қолының икеміне қарай алуан түрге еніп, құбыла түседі. «Салт атты сақ сарбаздарын» бейнелегенде ықшамдығы мен қарапайымдылығы айқындылыққа әсер етіп қана қоймай, экспрессияны өз еркіне бағындыра білген. Оның айбындылығы, батылдығы және мазмұнының салтанаттылығы ерекше көрінеді. «Скиф» мүсінінің басты тақырыбы – адам. Оның сыртқы келбеті арқылы ішкі рухани дүниесіндегі жан сезімін, жігер-қайратын, күрделі психологиялық күйін ашып көрсеткен. Осы орайда адам психологиясының телегей-теңізін тереңінен зерттеп, оның көңіл күйінің алуан түрлілігін мүсін өнерінде сұлбалау өте асқан шеберлікті қажет ететінін де аңғарамыз. Психологиялық тереңдік, бейнелі дүниені ой елегінен өткізіп көрсету тәсілі туралы айтсақ та, Ө.Шанов шығармашылығы – бүгінде өзінше бір әлем. Қазақ өнерінің үлкен бір белесі».

Жанарбек БЕРІСТЕН,

философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мәдениет қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір