Сен кімсің, Тё мырза?!
22.10.2019
1096
0

Әбді-Жәмил Нұрпейстің қаламгерлігімен қоса, қайраткерлігі де ел жадында. Қашанда ұлт намысын ту еткен қаламгердің  келеңсіздіктерге жаны төзбейтіні жиі айтылады. Қарт қаламгердің өз тұрғыластары ғана білетін ерліктері көп. Ал бүгінгі замандастарының білетіні – жазушы Әбді-Жәмилдің 1990 жылдардағы қаржы алпауыты Тёмен айқасы деуге болады. Ұлт намысы сынға түскенде қарақан басын күйттемеген қаламгердің әрекеті – кейінгі буынға өнеге дерлік зор мәнге ие.

***

Бір заманда Қазақстанда Тё деген  «таусоғар» пайда болған. Қазақстан болғанда, сол кездегі  ел астанасы Алматының жуан ортасында Тёнің талтүсте тайраңдағанын көз көрген. Тёнің  хикаялары туралы газеттер  жарыса жазған. Әсіресе, марқұм Зәкең – Заманбек Нұрқаділов пен Тё арасындағы айқас сол кездегі шетелдік телесериалдардай жүдә әсерлі болып еді. Ақыры Зәкеңнің, басқалардың тепкіні Тёні Қазақстаннан кетуге мәжбүрлеген. Содан жан сауғалап қашқан Тё «батыр» әлі күнге  Ресейдің бір қаласында талтаңдап жүр деп естиміз.

…Сонымен  осыдан бірнеше жыл бұрын «Ана тілінде» (№31-32 тамыздың 3-і, 2006) жарияланған «Шындықтың аты – шындық» атты мақаланың мына бір тұсында Нұрлыхан Бекбосынов деген ұлтжанды азамат былай деген екен:

«…1990 жылдың бас кезінде «КРАМДС» деген ірі   корпорация құрылып, Тё деген корей азаматы басқарған. Сонан, 1993 жылдың көктем айында «Наблюдательный Совет» құрылды. Бұл Совет «КРАМДСТЫҢ» ең жоғары органы болып саналатын. Оған он бір адам мүше болды.  Менің анық есімде қалғаны – мұнай-газ министрінің бірінші орынбасары, қаржы министрінің бірінші орынбасары, өндіріс министрінің  бірінші орынбасары, «КРАМДС-банктің» бастығы, Тёнің бірінші вице-президенті, Совминнің бір басқармасының бастығы, сосын  жоғарғы басшылардың келісімімен қазақ халқының  оң көзі есебінде жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісов мүше болады.

Ол кезде мен мұнай-газ министрінің бірінші орынбасары болатынмын. 1993-тің көктемінде ме, жаз айының басы кезінде ме екен, жаңағы «Наблюдательный Советтің» кезекті отырысы болды. Бұл кезде  «КРАМДС» Қазақстандағы ірі-ірі 43 зауытты қарамағына қабылдап алып жатқан. Тёнің жеті орынбасары бар еді. Оның екеуі ғана қазақ болатын. Міне, осы тұста Тё мырзаның бірінші орынбасары, яғни, бірінші вице-президенті болып Матвеев деген азамат істеп жүрген еді. Жаңағы «Наблюдательный Советтің» отырысында біз Тёнің өзін ың-шыңсыз бірден бекіттік. Келесі әңгіме  оның бірінші вице-президенті Матвеевті бекіту жайлы болды. Біз бір-бірімізге қарап үнсіз отырып қалдық.  Сол арада Нұрпейісов сөз алды. Ол  қасында иықтасып қатар отырған Тёге бұрылып: «Менің Матвеевтің іскерлігіне, жұмыс істеу қабілетіне ешқандай шүбәм жоқ. Оның өз  басын қатты  сыйлаймын. Бұл арада мен тек өз халқымның мүддесін ойлағандықтан, бірінші вице-президенттік орында қазақ жігітінің отырғанын дұрыс көрем. Менің бұл ойымды Тё мырза Сіз де, Матвеев те дұрыс түсінуге тиіссіздер. Бірінші орынбасрыңыз қазақ болсын», – деп ұсыныс жасап еді. Сол арада Тё бірден тікесінен тұра кетті де:

– Мен қол астымдағы адамның алдымен іскерлік қабілетіне қараймын. Матвеевке сенемін. Іскер де қабілетті маман, – деп қойып қалды.

– Тё мырза, – деді  Әбдіжәмил Нұрпейсов. – Сіз мәдениетті адамсыз. Сіз өзіңіздің мына сөзіңізбен осында отырған қазақ жігіттерінің ұлттық намысына тиіп, кемсітіп алармын деп ойламайсыз ба? Әлде, қазақтар тәуелсіз  мемлекет болғаннан кейін де  тек қой бағып, қора тазалап жүре беруі керек деп ойлайсыз ба? Ал, менің түсінуімше, Кеңес үкіметі басқарған жетпіс жылдың ішінде қазақ  жігіттерінен талай-талай  ғылым саласын, инженер-техник мамандығын  меңгерген үлкен бір буын өсіп жетілді. Бұрын бізді бұл салаға   қағажаулап жібермей келген еді. Енді біз тәуелсіз ел болдық.

Ендігі жерде «КРАМДС» корпорациясы сияқты өнеркәсіп орындарындағы инженер-техник мамандықтарына қазақ азаматтарын тартуымыз керек. Басқасын былай  қойғанда,  Тё мырза, көмекшіңізден,    секретарыңыздан, көлік жүргізушіңізден бастап, еден сыпырушыңызға шейін бүкіл аппаратыңызда қазақ мамандар жоқтың қасы.  Мұндай өрескелдік Колбиннің тұсында да болған емес. Сол кездің өзінде біздің ұлтымыз сирек орналасқан солтүстік облыстардағы басшылардың біріншісі орыс болса, екіншісі  міндетте түрде қазақ болатын,  – деді. Сол арада Нұрпейісовтің орынды сөзіне  жауап бере алмаған Тёнің бір айтқаны:

– Мұндай жағдайда менің кетуіме  болады екен ғой, – деді. Осы арада Нұрпейісов: «Неге кетесіз? Жаңа сізге бәріміз қол көтердік емес пе? Әңгіме сіздің бірінші орынбасарыңыз туралы  болып отыр  ғой! – деп еді. Не керек, содан екеуі сағатқа жуық салғыласты. Тё сосын қулыққа басты: «Біз анау 43 зауытты толық қабылдап болған жоқпыз. Соларды қабылдап алғаннан кейін, осы мәселеге қайта ораламыз. Әзірше, осы құрамымызбен жұмыс істей тұрайық», – деді де, үзіліс жариялап  жіберді. Дәлізге шыққан бойда, мен Әбекеңе қатарласып,   оған ризашылығымды білдірдім.

– Келесіде біз де араласамыз ғой. Келесі картаны аша салмайық деп үндемедік, – дедім. «Наблюдательный Советтің» әр айда бір  болатын отырыстарына жаңағыдан кейін мен енді қайтып қатысқан жоқпын. Бірақ қатысқан  жігіттерден кейін естігенім мынадай болатын: Әлгі отырыстан соңғы  келесі жиында, әдетте, Тёнің оң жағында отыратын Нұрпейісовтің аты-жөні жазылған тақтайша бұл жолы дөңгелек үстелдің қарсы бетінен    шығыпты.  Нұрпейісов орнына отырыпты.  Тё сөзін: «Наблюдательный Советке  өзгеріс енгіздік», –  деп бастапты. Советтің құрамына кіретін  он бір адамның алтауы шешуші    дауысқа, ал қалған бесеуі жай ғана қатысушы   дауысқа ие болды. Сіз ендігі жерде сол жай қатысушы бес кісінің бірі боласыз», – деп мәлімдепті. Әбдіжәмил Нұрпейісов: «Мен жазушымын. Намысымды биік ұстайтын адаммын. Сіздің мені кемсітпек болған ойыңызға   мен көне салады деп   ойладыңыз ба? Я отныне вашей игре не участвую. Играйте без меня сами!» – депті де, тұрып жүре беріпті. Содан былай ол кісінің Тё басқаратын, «КРАМДС» корпорациясына аяқ басқанын көрдім дегенді ешкімнен естігенім жоқ…»

Ірілік деген осы. Биіктік деген осы. Қысқасы, мінез деген осы. Суреткердің  мінезі, болмысы. Бұдан кейін Матвеев бірінші орынбасар болды не, болмады не? Тё бастық болды не, болмады не? Әбекеңнің сол сөзі сондағы көп азаматтың көзін ашып кетті.

(Қали Сәрсенбайдың «Мен жазушымын. Намысымды биік ұстайтын адаммын» мақаласынан қысқартылып алынды және түпнұсқадағы тақырып өзгертілді).

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір