АҚ БҰЛТТАР, ҚАРА БҰЛТТАР, АЛА БҰЛТТАР…
20.09.2019
2557
0

 

  АМАНҚОС ЕРШУОВ

* * *

Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,

Байқасақ, аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса да даналық бар

Біреуде қарт та болса шалалық бар.

Атым шығып бір шумақ қара бұлтпен,

Мен осылай қоштастым балалықпен.

Содан бері…Қанша жыл, қанша заман,

Табақтас та болмаппын даналықпен.

Жайлауына жеткен жоқ анық көшім,

Талай таңға ұласты жарық кешім.

Заман- түпсіз дәрия қалай өтем

Даналықтың білмесем әліппесін.

Ойлай берем: жүріп те , жатып ап та,

Еңбегім еш, тұзым сор татымап па?

Ақылдының алдына шықпасам да

Мен өзімді қоспаймын ақымаққа.

Бар азырақ  абырой, атағым да,

Астымда атым, үстімде шапанымда.

Жібі түзу жігітпін жүріп келем

Қарапайым жандардың қатарында.

Қолтығына біреудің тығылмаппын,

Тамыршыдай қара жер сырын бақтым.

Озбырлықтың алдында отқа түсіп

Шындық үшін сәбидей шырылдаппын.

Ашық айттым досымның ұқпағанын,

Кейбіреуді көлгірсіп құптамадым.

Біреулерден ұтылып қалсам-дағы

Қандай жақсы өзгені ұтпағаным.

Мінезім бе, мінезім шақпақ екен,

Сөйлегенде сөздерім тақ-тақ екен.

Қиянатты жердегі көре тұра

Көзді жұмып қалайша аттап өтем?!

Қара жер! Сенде тудым, сенде өлемін,

Несіне арамтер боп сенделемін.

Мен осынау бұлттардағы бұлқыныспен

Буға айналып кеткенді жөн көремін…

 

 

ТҮЙСІК

 

Алтын- ай,

Жұлдыз-жауһар

Қырмызы-күн.

Кигізді саусағыма жыр-жүзігін.

Аспанға алып ұшты періштелер

Демінен жаратылған үр қызының.

Қара бұлт -жабағы жүн түтіп өтем,

Құс жолы- құстың тамған сүті ме екен?!

Елдегі сапарымды қоя тұрып

Ғарышқа қол созамын шүкір етем.

Қараймын кең дүние келбетіне,

Қатар жүр зиялысы, жендеті де.

Бір кезде Алдар Көсе ат қып мінген

Шайтанның тұқымы бар жер бетінде.

Арғы жағым  кетеді  жүген жұлқып,

Бір сәтке жерге түсем , сілем құртып.

Жай таппай жай оғындай түйілемін

Кетердей түйсігімді түлен түртіп…

 

ДАЛА ФИЛОСОФИЯСЫ

 

Аптап ыстық,

Өң-түссіз өлі дала,

Жортатын некен –саяқ бөрі ғана.

Керуен сахарада сандалады

Алар ма алақанға өмір-ана.

Аралап астанасын көп өлкенің,

Тиеген қазынасын,

нелер теңін.

Ал қазір бір құмыра су түгілі

Келеді қат боп өзі көлеңкенің.

Сағым да теңіз болып кеткен алдап,

Жұтады уайым деген дерт те жалмап.

Оңай ма, оппа құмды омыраулап,

Қалт тұрды

Қара нарлар төрт тағандап.

Адамдар омырауын ашты мұңға,

Алжасып ақылынан шаш жұлуда.

-Ей, аспан, бір тамшы су, су,- десіп,

-Аямай алтындарын шашты құмға.

Бәрі де бағынышты,

Жалынышты.

Байлығын қара дауыл алып ұшты.

Тоймаған дүниеге керуеннің

Шөл дала шөпілдетіп қанын ішті.

Айтады осылайша хабар далам,

Бұл сурет сабақ болар

Саған,

Маған.

Тағдырды тарыдай боп шашыларда

Алтын да аман сақтап қала алмаған.

 

 

***

Осылай өз қызығын ала келген,

Жұлдыздай зулағанда қара жермен .

Құндыздай құйрық, жалын жел тарақтап

Құйын да ілесе алмай қала берген.

Қосады оған десе сай құлағын,

Тосады оған десе Ай құлағын.

Жас құлын-бала көңіл қайдан білсін

Өмірде қызық барын, қайғы барын.

Сөз емес оған дауыл-жауының да,

Жүрген соң үйірінде-қауымында.

Ол да бір ойнақтаған нәресте ғой

Жып-жылы енесінің бауырында.

Бір күні шошып кетіп таң алдында,

Жүйткіді тиместен-ақ табан құмға.

Барады қалың жылқы құздан құлап

Айқайы естілмейді адамның да.

Жоғалды бір қарайып, бір ағарып,

Кей-кейде кісінейді тұра қалып.

Мың пәле өшіккендей ырылдасып

Соңынан қуалады шырақ алып.

Жас қанның бұрқыраған дәмі қандай?

Қасқырлар қамаласты бәрі қалмай.

Олар да жандары үшін арпалысты

Құлынның жүйріктігін танығандай.

Белгі етіп қайқандағы нән жыраны,

Қорқаулар іштерінен қан жылады.

«Бұл ертең арғымақ,

Аңшы мініп,

Шірітер терімізбен қанжығаны.»

Тағылар талап жеуді мақұл  көрді,

Мінекей, арланы да жақын келді.

Жануар омырауын жерге төсеп

Садақтың жебесіндей  атылды енді.

Су ішіп кәусар бұлақ бастауында,

Ойнақтап өсер құлын тас, тауына.

Дариға-ай, шын жүйрікте арман бар ма

Өзінің мойындатқан қас жауын да!..

 

                        СОЛАР АЙТСЫН

 

Өзімді-өзім  даттағанда не табам,

Өзімді-өзім мақтағанда не табам?

Мен туралы ұзақ-ұзақ сыр айтар

Оңашада басын қосса екі адам.

Олар менің алдағымды болжайды,

Жұлдыздарға тіке тартар жол жайлы.

Адамдардың алақанында келем ғой

Не десе де солар айтсын мен жайлы.

 

ЖЕРҰЙЫҚ       

 

Ауыр салмақ басқанда ер иығын,

Адастырып кетеді пері-құйын.

Аралап аспан астын,

Жердің жүзін

Асанқайғы таппаған жерұйығын.

Ақкиізтоғай! Жерұйық сенде ғана,

Жын қуып, жыр іздеген мен де бала.

Көңілдің кірі кетті, денем сергек

Шайынып шыққандаймын Жемге жаңа.

Сені таптым!

Жоқ, Өзің таптың мені,

Қатайтты қабырғамды Хақтың белі.

Айтқаным :сенің сөзің, сенің жырың.

Шаш қойып, қамшы ұстап, ат мінгелі,

Ауылым,

Айналайын арда мекен,

Өлгенше өлеңімді арнап өтем.

Қасыңнан қарға адым жер ұзамастай

Кіндігім нық байланып қалған екен…

 

 

               АУРУХАНАДА

 

Мұң қылады бірі-аяқ , бірі-басын,

Ауырсаң ауру жайын ұғынасың.

«Жақсы сөз- жарым ырыс» дегендейін

Тілейді лебіздің шұғыласын…

Жұқарып жүйкесі мен жан сабыры,

Шағылады қайраты , қанша қыры.

Қабағынан қар жауып отырады

Қатардың хабарласпай қалса бірі.

Ондай кезде

Қайрап ап қам көңілді,

Өрге айдайды өзімшіл нар көңілді.

«Жетісті» деп , көзіме бір көрінбей

Жеті атадан жіберер… әлдекімді.

Ыстық пейіл , басқаға , өзіне ме,

Біледі олар  түйсіне, сезіне де.

Ашуланса жаралы жолбарыстай

Тік қарайды дәрігер көзіне де…

Ширығып қалады олар шырай көрсе,

Іштен-дәрі, сырттан-сөз сылай берсе.

Сауығып тез салтанат құратындай

Саулығын сау адамдар сұрай келсе.

Жалғыз-ақ,

Өлгендер хал сұраспайды,

Тірлікте кісі есігін кім ашпайды.

Оған келген кесапат саған келер

Құдай  менің сөзімді растайды.

 

                               ДӘРІГЕР

 

Бұл адам ба,

Бұл адам алып ерек!

Талықсысаң береді тағы көмек.

Асты-үстіне түседі бәйек болып

Сырқаттардан  шықпаған жаны бөлек.

Тумаса да бір туған туысындай,

Дәрі бермес алдымен су ұсынбай.

Аяғының басады ұшыменен

Ауруларға жел түгіл, бу ұшырмай.

Бұл адам ба ,

Бұл адам қарапайым.

Қай қылығын тауысып таратайын.

Аталардан алады «Алла разы»

Сәбилердің сүйеді алақайын.

Сонысымен  ірі де, қарапайым…

 

СҮТПЕН  БІРГЕ

Бақытым ба,

Сорым ба сонау шырақ,

Кетті соған қиялым жолаушылап.

Көбесінен сөгілген көңіліме

Көрген жоқпын күлгеннен жамау сұрап.

Мұңайдым да, сілкініп тыңайдым да,

Кемем жүзіп барады ұлы айдында.

Құлан тектес кірпияз қылығыммен

Су қумаймын қолына жуанның да.

Қорқынышың қалсын деп қосы құрып,

Қаруыңды қайтарам мосы қылып.

Сүтпен еніп, сүйекке сіңіп кеткен

Осы мінез, осы әдет , осы қылық.

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір