Қорғансыздар қоғамы
20.09.2019
2630
0

(Жазушы Сәуле Досжанның жаңа романы хақында)

Сәуле Досжан – қазіргі прозада өзіне ғана тән тақырыбы мен  стилі бар жазушы. Бүгінгі постомодернистік кеңістікте жеңіл оқылатын, мистикалық үрейді  заман шындығын көрсету  үшін қолданатын мәтіндер көбейе түсті. Бұл мәтіндерде  баяндаушы-нарратор мен түрлі пенделік тірлікке ұшырайтын кейіпкерлер бүгінгі тілмен сөйлегендіктен,  әр санаттағы қоғам өкілдерінің сөздері баршылық. Мұндай шығармалардың оқырмандары  бұрынғыдан өзгерек. Кейіпкерлер көбіне қарапайым адамдар болғандықтан, бұларға классикалық әдемі сөздерден гөрі, бүгінгі заман шындығын ашатын күнделікті сөйлеу мәнерлері жақын. 


Айгүл ІСМАҚОВА, әдебиеттанушы

ЕЛЕС ТОРЛАҒАН ҮЙ

Сәуленің «Үлкен үйдегі үрей» романында Қарқаралыдағы ХХ ғасыр басындағы татар көпесі Ахметов салған қос қабатты үйдің үрейлі тарихы және оны мекендеген адамдардың түсініксіз жағдайда қайтыс болу себептері баяндалады.  Бұл тақырып оқырманды бірден қызықтырып, өзіне баурап алған еді. Роман кейіпкерлері ай толған кезде бұл үйде жүретін елестен үрейленеді. Ресейде қазір көп оқылатын Донцова, Толстая сияқты Сәуле Досжан да өз тақырыбын осылай тапқан. Бұл тарихи ғимараттың тұңғыш иесінің жоғалып кетуі, одан кейінгі тұрғындардың да бақытсыздыққа ұшырауы, ғасырлық мезеттегі оқиғалардың үй тарихымен астарласа суреттелуі баршаны тәнті еткен. Қазан төңкерісінен кейін қазақ жерінде өткен оқиғалардың көбі дерлік осы үйдің тарихымен байланысты  қамтылған болатын. Ахметов деген татар саудагері салған үйді мекендеген қазақ әйелдері, совет үкіметінің белсенділері, қарапайым адамдар – бәрі қазақ ауылының шытырман жағдайын бастан кешушілер. Олар сатқындық, опасыздық, тексіздік, нәпсіқұмарлық шеңберінде ширығып, түрлі сынақтан өтеді.

Сәуле Досжанның «Екі күйеулі келіншек» атты хикаятында да заман шындығы бейнеленеді. Атауы оқырманды өзгеше ойларға жетелегенімен,  бұл шығарма мазмұнында еркектерге деген ерегіс емес, қазіргі көп балалы ананың басына түскен тағдыр тәлкегі баяндалады. Анасынан ерте жетім қалған ауыл қызы Гүлжанның жетімдік пен жоқшылықты, өгей шеше алдын көруі, қалаға келген ауыл қызының бүгінгі имансыз  еркектерден көрген қорлығы сөз етілген. Үйдің үлкені Гүлжан тұрмыс қиыншылығына қарсы тұра біліп, бауырларының келешегі үшін қалаға келіп, асханаға даяшы ретінде жұмысқа тұрады. Білімі жоқ қыз адал еңбегімен бауырларына қамқоршы болуды көздеп, түрлі ауыртпалықтарды жеңуге талпынады. Хикаятта көрсетілгендей, жақсы адамдар  Гүлжанның өмірінде көбірек кездеседі. Гүлжан  теледидардан  ғана көруге болатын шығар деп ойлаған  аярлықтарды өз басынан да кешіп, зорлық, алдау, арбау, қоластындағыларды  құл ретінде жұмсау, өз баласымен жасты қызға тек еркектің көзімен қарау сынды сынақтардан өтеді. Бас кейіпкердің тағдырын қорғансыздың күні деуге де болады. Қалай болғанда да, Гүлжан о бастағы жан тазалығын сақтап, өзі сүйген қалалық жігіт Ерікке тұрмысқа шығып, отбасылы ана болады. Бірақ кейін ішімдікке салынып кеткен  Ерік отбасына ие болудан қалады.  Баланы асырау үшін Гүлжан жалғызбасты ананың басына түсетін  қиындықтардың бәрін басынан өткереді. Хикаяттың соңында екінші рет тұрмысқа шыққан Гүлжан өзін іздеп келген, тозып кеткен бірінші күйеуіне жаны ашып, бес баласының әкесі ретінде оны асырауды өзіне жүктеп алады. Жазушы бұл сюжетті кабинетте отырып, ойдан шығармағаны анық. Қазіргі ер азаматтардың заман қиыншылығына төзе алмай, өз бала-шағаларын асырауға қауқарсыз болып жатқандығын жазушы негізгі әлеуметтік мәселе етіп көтерген.

Сәуле Досжанның «Жатқа туған бала» шығармасында құрсағын жалға берген ана мен ұрпақсыз қасірет шеккен отбасы бейнеленген. Мұндай көрініс қазіргі прозада тұңғыш рет сипатталып отыр. Автор өзінің кейпкерлерін тауып, қарапайым ауыл қыздары кезігетін қиындықтар мен нарық заманының адамдарға салған сынағын нақты оқиғалар арқылы алдымызға тартқан. Сондықтан бұл мәтіндердің өз оқырманы бар екені анық.

Сәуле Досжан

ПОЛИГОН ҚҰСАСЫ

Күні кеше қолыма түскен жазушының «Қасірет пен Тағдыр» романында осы мотивтер енді роман жанры деңгейінде өрбіген. Жазушы романында постмодернистік мәтіндерге сай түрлі микстық дискурс жүргізген. Бұл романда – дәстүрлі қазақ отбасы; Алматыда бас қосқан жас отаудың тірлігі; Семей полигоны құрбандарының қыршынынан қиылып жатқан ғұмыры; әкесіз  тірі жетімдер; жап-жас  жесірлер мен отбасын құруға мүмкіндіктері жоқ полигон тұрғындары бастан кешіп жатқан тән мен жан дерті; әлеуметтік зорлық-зомбылықтар; мүгедек жасөспірімнің аяққа тұруды аңсауы мен оның алғашқы махаббаты секілді шиеленісті оқиғаға бай тағдырлар суреттеледі. Қызға 40 үйден тыйым салуды көріп өскен басты кейіпкер Аяулымның тағдыры осы оқиғалар негізінде өрбиді. Бас кейіпкердің жасөспірімдік кезі, қыз ғұмыры, кейін жесір болып ұлымен төркініне қайтып келгендегі Аяулымның әке-анасымен,  аға–жеңгесімен, көрші үйдегі аяғынан сал болып қалған Мэлспен қарым-қатынасы, Әмірге тұрмысқа шығып ана болуы; Абыралыға келін боп түсіп, Семей полигонының қасыретін бастан кешіп, Даун дертіне ұшыраған Шырынынан айырылуы; «Невада-Семей» қозғалысына қатысуы, төркінге масыл болмас үшін ала қап арқалап сауда жасаймын деп рэкеттен қорлық көруі сияқты оқиғалар қат-қабат персонаждар арасында дамып отырады.

Романда Аяулымның көрші үйде тұратын мүгедек замандасына ынтық алғашқы мөлдір махаббаты; отбасылық қысқа ғұмыры мен жастай жесір қалған жалғызбасты ана көретін бүгінгі заман тіршілігі: жұмыссыздық; қорғансыздық; жалғыз ұлы үшін маңайындағыларға еріп пендешілікке ұрынбай өз адал еңбегімен әрекет ету барысы нанымды суреттелген.

МҮГЕДЕК БАЛА – ҚОРҒАНСЫЗ АНА

Семей полигоны туралы біршама шығармалар жазылып жүргені белгілі. Ал бұл романда оқиғалар желісі  зар мен қасыреттің, жоқтау мен біреуге кінә артудың төңірегінде ғана өрбімейді. Семей өңірі тұрғындарының  көрген жан мен тән азабы қарапайым жас отбасы мен оның маңайындағылардың азапты өмірі арқылы жан-жақты ашылып, терең суреттеледі. Даун кемтарлығымен туған нәресте қыздың дүниеге келуіне өздерін кінәлі санаған Әмір мен Аяулымның құсасы оқырманды бейжай қалдырмайды. Алматы малдәрігерлік институтының түлегі ауылымды көркейтем  деп келген Әмір көп ұзамай өзі де ақ қан дертіне ұшырап қайтыс болады. Кемтар қызына көмек бере алмай жанталасып, мүгедек баласының өлімін көрген Аяулым отызға жетпей кішкентай ұлымен жесір қалады. Шығармада жалғызбасты Ананың көретін қасыреті еш бояусыз, бүркемесіз сөз етілген. Қайын жұртынан төркініне қайтқан Аяулым жұмыссыздық пен жесірліктің азабын тартады. Ағайынның берекесіз жұмысына жалдану; ала дорба көтеріп Қытайдан заттар әкеліп сауда жасау; басбұзарлардың қорлығына ұшырау сынды сан түрлі сынаққа тап болады. Аяулым тартқан азап, қорғансыздық – біздің елдегі жалғызбасты ананың бар тіршілігін айқындап бергенімен ерекше.

Роман соңында  Аяулым жас кездегі бала махаббаты Мэлспен табысып, жаңа отбасы құрып, торсықтай екі ұл туып, Ана мен Әйел бақытына кенелгендей болады. Бұл оқиғалар Семей полигонына қарғыс  айтқан басқа кейіпкерлердің де  – Абыралы мен Семей тұрғындарының жанайқайымен қоса өріледі. Басты оқиғалар Семей полигоны құрбандары – жергілікті азаматтардың полигонды жабуға ұмтылған іс-әрекеттері бұл романда тұңғыш рет архив деректер негізінде беріліп отыр. Біз мұнда зерттеушілердің, осы тақырыпты жазып жүрген журналистер мен ғалымдардың еңбегін емес, көркем мәтін аясында архив деректерін пайдалану шеберлігін айтып отырмыз. Онда жоғары билікке жазылған шағым мен хаттар, белгілі ғылыми  зерттеулер мен сол кезде жазылған баяндама, мақала авторлары мен олар туралы келтірілген ақпараттар,  құжаттар қамтылған.

 Романда Ананың қызына беретін дәстүрлі тәрбие сабақтары әдемі келтірілген. Ана мен қыздың диалогтары арасындағы баяндаушының беріп отыратын қосымша пікірлері, баяғы қасиетті аналардың  баланы  қас-қабақпен, ишарамен елге білдірмей тыйым салып отырып тәрбиелеуі – ұтымды және нанымды.

Роман жас отбасының екінші баласын өмірге әкелу үшін перзентханаға келу сәтінен басталады. Іштегі нәрестенің гидроцефалия дертіне ұшырағанын о баста біліп, бірақ күйеуінен жасырып келген Аяулым әліде болса, диагноздың қате болуы мүмкін деп, үмітін үзбейді. Алғашқы ұлы Алматыда аман-есен дүниеге келген. Аяулым дәрігерлер о баста алып тастауды ұйғарған дертті нәрестені тууға шешім қабылдайды. Романда бас кейіпкер түс көріп, оқиғалардан алдын-ала хабардар болады.

Бұл түсін: «Көк майса жазықта келе жатыр екенмін. Алдымнан қызғалдақты алқап көрінді. «Гүл тере кетейікші», – деп жүгіріп жеттім. Қызығып бір қызғалдақты үзіп алғам. Сол-ақ екен, алдымнан шыққан отты жарық көзімді қарып түсті… Кенет табанымның астындағы жер қарс айрылып кетердей солқ-солқ етіп, дірілдеп ала жөнелген. Көз ұшындағы ауылым сілкіністен тербеліп, кенет сағымға айналып, көзден ғайып болып кетіп, енді бір қарағанда, алып «бұлт-саңырауқұлақ» үстінде, аспанға тік көтеріліп барады екен деймін… Ауылға қарай алып-ұшып жүгіргім келеді, бірақ табаным жерге жабысып қалғандай, бір қадам алға бассашы. Сонда да бар күшімді жиып, жанталаса алға ұмтыла түсемін… «Үйдегілер не болып жатыр екен?» – деп ойлап қоямын. Жаңа ғана қызғалдаққа көміліп,тербеліп тұрған кең жазиралы қыр күйген терідей қоңырсып жатыр. Қолымдағы қызғалдағымды бауырыма қысып, қорғап келем. Көзімнен аққан пора-пора жас табан астында қызараңдап,түтіндеген қоламта шоққа тамып жатыр… болмаса, жауын жауып кеткендей ме? Кенет қойныма тығып алған қызғалдағымды  алып шығамын. Қанша аялап, қорғаштап келе жатсам да, басы қап-қара болып күйіп кеткен, сабағынан шарт сынып, салбырап тұр. Жүрегім аузыма тығылып, кенет шыңғырып жібергем. Өз дауысымнан шошып ояныппын», – деп береді.

Аяулымның толғақ арасында көрген бұл түсі келешек оқиғалардың  тізбесі болатын. Аласұрған ана: «Қызғалдақ көргенім – қыз болғаны…  Ядролық  сынақтың құрбаны болғаны ма балапанымның?! Түсімде  қызғалдақ басын қап-қара күйік шалып, сабағынан сынып қалды емес пе?» Кенет сол ойымнан өн-бойым дір ете қалған. «Не деген қатыгез едің, – дейді ішімдегі бір дауыс.Түс – түлкінің боғы. Дәрігер де қателесуі мүмкін ғой? Бала он екі мүшесі сау болып келеді өмірге». «Өлі туады,не ғұмыры ұзақ болмайды», – дейді тағы бір дауыс. Көрген түсімді басқаша қалай жоруға болар? Әмірмен жағаласып жүріп, «өмірін сақтап қаламын» деген өзім емес пе едім?…» – деп зарланады.

Толғақ кезінде  өлім мен өмір арасында жатқан ана елес-түс көріп, қалай болғанда да, нәрестенің аман болуын Жаратқаннан жалынып сұраумен болады. Іштегі шарана кемтар болғандықтан бұ дүние есігін табиғи жолмен аша алмайтынын естігенде де ана бетінен қайтпайды: «Аты не деген жаман еді? Полигон зардабынан мүгедек жаратылған бала асыраған қанша отбасы өзімізбен іргелес тұрып жатқаны рас, бірақ мына зауал тап өз басыма түседі деп ойлаппын ба?Сегіз ай сергелдеңде жүрген еңбегім еш болды-ау! Жанымды жеген жерігіне шыдап, түндерде тоқсан бұрап, құрсағымды қысқанына төзіп, кешелі бері ащы толғағына тырысып отырғанымның бекер кеткені-ай! «Екеуі қатар өскені де жақсы ғой!» – деп үміттенген күйеуіме, «Бөпе келеді!» – деп құлындай құлдыраңдап, қуанып жүрген ұлыма не бетімді айтамын?! Іштен тығылып зар еңіреп жатырмын…»

Отадан есін жиған Аяулым енді баласын көруге асығады: «Апам: «еркектің айтқанын екі етпе. Оларды Жаратушы  әйелден артық жаратқан. Олар – сұңғыла! Не нәрсені де бізден бұрын әрі артық біліп отырады», – дейтін. Мен неге ерімді тыңдамадым? Енді бейшара қызымның күні не болады?»… Өткенде бала дәрігері  осындай диагнозбен туған баланың суретін көрсеткен. Сол сурет көз алдыма келсе, ішіме  қан толғандай шіміркенем. «Балапаным, сені  қандай болсаң да – сүйемін! Себебі, мен сенің – анаңмын. Маған бұйырғаны – сенсің! Қандай қиындық, қорлық көрсем де, шыдаймын, тек аман болшы!» – деп, көзжасым көл болып жатып, тағы бір таңды атырдым»… Бас кейіпкердің реанимациядан палатаға келгендегі көргені дені сау нәрестелерді емізген аналар ғана емес. «Шіркін, жас босанған әйелден ажарлы кім бар мына жалғанда?!» – деп қояды бас кейіпкердің қасында жүріп бәрін байқайтын баяндаушы.  

«Алғашқы үш баламның денсаулығы дұрыс,өзімнің саушылығым да дұрыс болды.Төртінші балам Даун синдромымен келді дүниеге. Бесіншісінде қан көп кетіп, өзім әрең аман қалдым. Содан ғой айтып жүргендері. Мен оларды тыңдаймын ба? Құдай бергенін ала береміз де!» – дейді «бөлменің түпкі жағынан жаны ашып тіл қатқан  манағы ересектеу әйел»…

–Ауру балаңыз қайда? – деп қалып, тілімді  тістей қойдым. Бұлай қойып қалғаным дұрыс болмады-ау деп бір жағынан қысылып калғам, дегенмен әркім өз басының сақинасын сұрайды емес пе.

 – Қайда болушы еді, үйде. Үлкендері қарап қалды.

 – Емдетпедіңіз бе?

 – Жаным-ау, емі жоқ қой ол пәленің… Апармаған жерім жоқ, шын  жазылмайды екен. Ана жарып жатқанның кесірі қазақты сынаққа қалдырды ғой! Біздің ауылда кемтар туған бала көп, ешкімге ешкім таңданбайды. Бұл бір басымызға төнген зобалаң болды, рас… Әйелдің өңі көнбістеп, дауысы күңіреніп шықты».

 Бұл – қазіргі прозадағы жаңа кейіпкерлердің жан сөздері. Абыралыға келін болып түскен Аяулым бұл жердің қасыретті сырымен перзентханада осылай танысады:

«–Әйелдердің көбі қаназдық аурумен алысып, дұрыс  бала көтере алмайды, көтерсе – жатырда өспей қалады. Еркектер де жетісіп тұрған жоқ, шетінен ауру. Өзіне өзі  қол салып жатқан жастарды айтсаңшы, қыршын ғой, қыршын…»

 – Менің де баламдікі соның зардабынан болған деп отыр, басы дәу болып туды, өзім әлі көрмедім, – деп егіліп қоя бердім.

– Қайтесің, қарағым, іштен шыққан шұбар жылан, бағасың енді,–  деді үлкен әйел. – Отырмыз ғой алты жылдан бері ақылы жарым баламен алысып. Өскен сайын қиын болады екен, – деп, ол да ішкі өксігін жасыра алмай қалды».  

Аяулым перзентханада Семей полигонының зардабының қаншалықты ауыр қасірет екенін жан-жүйкесімен сезінеді. Аяулым апасы айтқан «құпиясында» «өз әкесі де сол Семей жақтан еді», – дегенін: «Сонда менің де жетісіп тұрғаным шамалы,  осы топырақтың тұқымымын. Әмір екеуіміз қосылғанда қанымыздағы уымыз екі еселене күшейіп, мына бишара қыз пайда болған ғой сонда?»…– деп тұжырады. Нәрестесін көргендегі ананың көз жасы мен шарасыздығы: «Амандығын көтеріліп-басылып тыныс алып жатқан үлкен қарны ғана білліреді демесең, осы жатысында тіршіліктің нышаны да жоқ секілді. Қарнының терісінің жұқалығы сондай, астындағы іш құрылысы анық көрініп жатыр… Мынау шидей аяқ-қол, дене тұрқынан екі есе үлкен бас.. Бас емес-ау, үрлеп қойған шар, әншейін! Бірдеңе жаныңа бата ма, құлыным?.. Құлыным-ау, бір уыс бетіңнен сенің, құлыным-ау! Қандай жазығың бар еді? Жаным  дыбыссыз ышқынып: Ана нәзік дене мына дәу басты қалай көтереді?! – дегенде, кенет жүрегім лоблып, көзім қарауытқанын білемін...», – деген мәтіндер арқылы беріледі.

Талып қалған ана есін жиғанда да: «Көз алдымда – бір уыс, өзі жарымжан шаранамның бейнесі. Инемен тесіп система қойған кішкентай нәзік қолынан ұстағым келетіндей. Бірақ сүйектерін ет пен тері емес, жұқа шүберекпен  қаптап қойғандай нәрестемді қолға алу мүмкін бе!? Адырайған тамырлары көк сиямен денесіне әдейі жазылған жазудай ғой, Құдай-аууу».  Талықсыған анаға жәрдем беруші дәрігерлердің бірін-бірі кінәлап жатқанына: «Ей,мейірімді жандар! Өз баламнан өзім шошысам, сендердің не жазықтарың бар? Бұл сұмдыққа дәрігер кінәлі ме? Мүмкін әке кінәлі шығар? Әлде ана байғұс па? Жоқ-жоқ! Бұқ сұмдыққа Қазақстан аумағында атом бомбасын сынақтан өткізіп, ауа мен топырақты былғаған, мөлдір сулы қара Ертістің суын улаған, қазақтың тегін бүлдірген коммунистік жүйе, адам тағдырын табан астына салып, атом технологиясына ұмтылған беймаза ғасыр кінәлі. Ендеше аналық лағнетім саған, ей, тасбауыр… таскерең сұм заман!» – дейді опасыз дүниеге қарыса жауап қатып.

АЙКЕЗБЕ АРУДЫҢ АЙҚАЙЫ

Қасиетті Семей жеріндегі полигонның зардабын шеккен бүгінгі кемтар ұрпақты дүниеге әкелген аналардың қарғысымен басталған романның өзге де тараулары бұл қасіреттің қашан, қалай болғаны белгілі адамдардың қандай іс-әрекеттер жасағанымен толықтырылған. Келесі тараушада Аяулымның жасөспірім кезімен танысамыз. Мұнда уылдағы көрші үйдің тұрғындарының қарым-қатынасы да сөз етілген. Қазақ әдебиетінде мүгедек жасөспірімнің  өмір үшін күресінің шынайы суреттелгені алғаш рет болса керек. Көрші зәулім  үй – белгілі ауыл «байбатшасының» дөкейдің үйі екен. Оның жасөспірім жалғыз ұлы көлік апаты салдарынан жас кезінен арбаға таңылған. Аяулым ауылдың бас  дәрігері болған ағасы дәрі апарып беруге жұмсап, дәріні осы үйге әкелген кезде мүгедек құрбысымен танысады. Анасы айтқан «байбатшаның» үйінен  көрген кітаптарға қызыққан Аяулым Мэлспен тіл табысып кетеді. Әуелі кітапқа назар аударған  жасөспірімдерді домбыра табыстырады. Мэлстің домбырада тартқан күйлері мүгедек баланың басына  түскен қиыншылықтарын бөлісетін, жеңілдететін серігі сияқты. Арбаға таңылған досына жанашырлықпен қараған Аяулым Мэлстің көңілін көтеруге тырысады. Домбыра тартатын Мэлсті ата-анасының рұқсатымен үйлеріне шақырып, қолдан келгенше жәрдем береді. Ауладағы көктемнің иісін сездіру үшін Мэлсті арбасымен далаға шығарады. «Көрші  ақысы –Тәңір ақысы» деген ұстанымдағы Аяулымның  анасы дәрігер ұлына мүгедек баланы жұмыстан кейін қарап тұруды тапсырады. Бірақ бойжетіп қалған Аяулымға ол үйге көп баруға тыйым салып, қызын Алматыға оқуға жіберіп, екі жастың ара қатынасын үзеді. Роман соңында Семей полигонының бар қасіретін бастан кешкен, жалғыз ұлымен төркініне қайта оралған Аяулым балдақпен жүруге дәрмені жеткен бала махаббаты Мэлспен табысып, көңіл жарастырып, жаңа сынақтарға жол ашады. Романда отбасындағы әкенің орны, ұрпақ тәрбиесіндегі ана жауапкершілігі; отбасы мүшелері арасындағы дәстүрлі қарым-қатынас ережелері; төркінге қайтып келген қыздың қадірі бола бермейтіні; жалғызбасты полигон жесірлерінің тақсіреті: галлюцинациялық дерттер мен қорғансыздың қиын күндері; отбасылы болуға мүмкіндіктері жоқ полигон құрбандарының сезіну түгіл, ойлаудың өзі қиын болмысы жан-жақтылы ашылған. 

Романның «Айкезбе ару» тараушасында Аяулымның Семейдегі құрбысы –Гүлімайдың жас кезінен айкезбелігі бары, кейін ауыр психиқалық дертке ұшырап, жастай қайтыс болуы полигон оқиғалары шеңберінде өрбіген. «Шайтанның шашы» тараушасында жазушы өзі жақсы көретін  мистикалық мотивты әдемі пайдаланған. Сұлудың ішіне беті түнде жабылмаған кеседегі сумен кіріп алған Бөрі атты кейіпкермен диалогта жүретін Гүлімайдың  психикалық дерті мистикалық тұрғыда бейнеленген; өз-өзіне қол жұмсайтындардың жан дертін автор өте шебер суреттей отырып, оқырманын сендіре білген. Жазушы осының бәрін қайдан, қалай біліп алғанына таңқаласың. «Ғашықтық пен құмарлық – ол екі жол» деген тараушада Гүлімайдың қысқа ғұмырында бастан кешкен қиындықтары мен тағдыры сөз етілген.

 

«ИТТЕРІ МИЯУЛАП, МЫСЫҚТАРЫ ҮРЕТІН»

Семейдің  полигонының жабылуына байланысты  нақты іс-әрекеттердің басында болған белгілі азаматтардың атқарған істері мен есімдері тұңғыш рет осы романда, көркем шығармада аталып отыр десек те болады. Олар –  сонау советтік кезде бастарын қатерге байлаған партия қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, қарапайым мұғалімдер мен кітапханашылар, ақын-жазушылар. 1989 жылы 12-18 ақпанда ешкімге ескертпей өткізген сынаққа қарсы шыққан елді ашық қолдаған сол кездегі Семей облыстық партия  комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев бастаған азаматтардың шағымы Мәскеуден бірақ шыққан. 28 ақпанда  КСРО I сьезіне Семей атынан қатысқан Олжас Сүлейменов өзіне берілген 15 минутты Семей ядролық полигонының қасіретіне арнап, ядролық қаруларды Семейде сынауды тоқтатуын талап еткені айтылған. Бұл ісі «Невада –Семей» антиядролық қозғалыстың құрылуына ұласып, елде нағыз күрес басталғаны да ұмыт қалмаған. Романда Медеу Сәрсекұлы, Марат Мауытқанұлы Оразалин, Дінісләм Арғынбеков, ұлағатты ұстаз Ұлықбек Байырбеков, «Заман-ай» әнімен тарихқа енген Ұлықбек Есдәулетов пен әуенін жазған Төлеген Мұхаммеджанов, өлеңді жанын салып орындап шыққан Роза Рымбаевалар бейнеленген. Роман желісінде  Мұқан Аймақов пен Мүтән Шәмшіұлының Семей полигоны туралы 1949 жылдан басталған естеліктері, Секен Тұрысбектің күйлері,Тыныштықбек Әбдікәкімовтың «Күн кірпігін  ашқанда, Тақыр Дала көрінген. Қалаға да сол Тақыр қорқынышты өлімнен» деген мәтіндері  орынды келтірілген. Академик Сайын Балмұқановтың полигонды әшкерелеген еңбектері мен басқа да адамдардың ел игілігі жолындағы іс-әрекеттері «Сынақта сынбағандар» тарауында жан-жақты қамтылған. Бұл тарауларда Аяулым  өз қайын жұртының елге  қадірлі екеніне көзі жетеді. Жалғыз ұл – Сұңқардың тәрбиесін қайын ата мен әжесіне беріп қойған ана бұл ісінің оң болғанына шүкір айтады.

Романның соңғы «Қоштасқан жерден табысу» тарауында Аяулым үйге кіргеннен Секеннің  «Көңіл толқынын» орындап отырған Мэлсті көреді. Осы сәттен бастап сан батпан қиыншылық көрген екеудің қайта табысуы басталады. 

 «Аспанға қадалған отты, алып саңырауқұлақ көремін. Дүние сілкініп, жер әлем дірілдеп жатады… Шошып оянып балаларыма ұмтыламын… Егіз ұлдарымды елжіреп емізіп отырып түсімді ойлап қорқып кетемін… Содан Мақсат пен Мұратымның  жүздеріне қадалып қараймын. Басынан бәшпайына дейін түгендеп, саусақтарын санаймын. Дауыстап сөйлеп «ести ме» деп  тыңдаймын… «Әй, байқұс балам-ай, жарылыс зардабынан зәрезап болып қалғансың-ау! Қай ғасырда, қай ел өз халқын қырғын соғыс болмай ата-анасын ауру, ұрпағын жарымжан етіп, осындай қасіретке ұрындырған екен. Қорықпа, ол сұмдықтың бәрі Кеңес дәуірімен келмеске кеткен. Енді дені-қарны сау, аяқ-қолы бүтін, ақыл-есі дұрыс балалардың анасысың!Болашақтың, Тәуелсіз елдің, жердің иелері осылар!» – деп, енем жаныма келіп, немересінің біреуін құшағына қысты. Екіншісі мені бауырымды жылытып, ақ мәмесін сорып жатқан. Арғы бөлмеде үлкен ұлым мен жарым жатыр. Мен не көрмедім осы күнге жеткенше. Заманның дауылымен Семейдің сынақтарында сыналып, Ертістен өтіп, Сарыарқаның даласын шарлап, Хан-Тәңірінің бауырына келіп, бақытымды енді таптым. «Әйел –  қырық шырақты» деп бабаларымыз бекер айтпаған екен, шырағым қайта жанды. Енді сол сөнбесін! Әйел мен Ана бақыты осы екен ғой!». 

Бұл – Сәуле Досжанованың «Қасірет пен Тағдыр» романының  соңғы сөйлемдері. Баспадан шығысымен  қолыма тиген романда Семей полигонының зардабы, жергілікті елдің 2-3 ұрпағы  шеккен қасірет Аяулымның басына түскен оқиғалар негізінде бейнеленген. Романның атауындағы Қасірет  –  полигон зардабы кейіпкерлердің  тартқан  тән мен жан азабы арқылы әшкереленгенімен құнды. Көркем дискурстың бұл басты талабы роман жанрына сай жүзеге асқан. Бүгінгі заманның шындығын бейнелеген  жаңа роман өз оқырманына жол ашты. 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір