ӨЗ ЗАМАНДАСТАРЫМНАН СӘЛ КӨБІРЕК ЕҢБЕКТЕНДІМ
20.09.2019
1063
0

Ақын, жазушы Аюрзана Гун-Аажав 1970 жылы Баянхонгорда дүниеге келген.   Ресейдегі Максим Горький атындағы Әдебиет институтының «Әдебиеттану» факультетін магистр дәрежесін тәмамдаған.  «Балалық шақ өлеңдері» («Infant poems»),  «Медитация» («Meditations») атты жыр жинақтарының, «Иллюзия» («The Illusion»), «Он арманның қарызы» («The Debt of Ten Dreams») және «Жаңғырықтан туған» («Born of Echo»), «Шаман аңызы» («The Legend of the Shaman»)  сияқты романдардың авторы. Оның шығармалары  әлемнің 30-дан астам тілдеріне аударылан. Аюрзана бізге берген бұл сұхбатында әдебиет жайлы өз көзқарасын, Моңғол әдебиетінің бүгінгі жай-күйін, өз танымындағы шынайы өлеңнің өлшемін айтады.

– Елуді еңсермей тұрып бес жыр жинағын, он шақты әңгіме, повестпен, бірнеше романды оқырманға ұсындыңыз. Уақытты қалай табасыз?

–  Жазушыға ғана емес, жалпы қарапайым адамдарға да уақыттан бағалы ешнәрсе болмаса керек. Уақыт өтіп, жас ұлғайған сайын сағат тілі тез жылжып, мезеттер ғарыштық жылдамдықпен өтіп бара жатқандай түйсік туады екен. Мен өз замандастарымнан сәл көбірек еңбектендім. Алайда ең маңызды шығармаларым әлі жазыла қойған жоқ. «Қалайда үлгеруім кере»к деген ойлар жиі мазалайтын болып жүр.

– Сізді Владимир Набоков әлемі ерекше қызықтырған секілді. Швейцарияға барған шығарсыз? 1977 жылы қайтыс боларында Ұлы классиктің «Лаураның сипаты» шығармасын аяқталмай қалған деушілер көп. Сіз де бұл туындыны аяқталмай қалған деп ойлайсыз ба?

Жас кезімде Набоковті көп оқыдым. Бүгінде Фолкнер, Борхес, Филипп, Ротқа жаныммен жақынмын. Еуропаның барлық елдеріне бардым десем де болады. «Лаураның сипаты» аяқталмаған шығарма деуге әсте келмейді. Әр шығарма өз сәтімен аяқталады. Мысалы, «Ағайынды Карамазовтар» – қалай айтсаң да, соңғы нүктесі қойылмаған роман. Оқырмандар  да роман желісінің қалай біткенін түсінбеген күйде қалады. Ендеше сондай кемел яки толыққанды біткен шығарма есіңізде бара ма?

– Моңғол әдебиетінің бүгінгі жай-күйі қандай? Қай жанрдағы шығармалардың оқырманы көп?

Мен өзімді жақсы ақынмын деп ойлаймын. Демек, тек қана поэзиямен айналысудан өзге мардымды ештеңе таба алмадым. Басқа жанрдағы шығармаларым да көп оқылады. Философиялық шағын кітабым 40 мың данаға дейін сатылды. Соңынан 20 мың данаға дейін сатылған бірер романым болды. Бүгін, дәл қазіргі жағдайда Моңғолияда мендей «массовый емес» шығармасын  жазса да, тек кітабын ғана саудалап, оның дәмін татып, тұрмысын оңаған жазушы жоқ. Моңғолдың 3 миллион, Қытайдағы Ішкі Моңғолияның 5 миллион халық санына қарай менің кітаптарым сондай биік деңгейдегі өтімде емес болар. Алайда, жас жазушы ретінде ойламаған деңгейге жеткеніме аздап ыңғайсызданып қалатын сәттерім де бар.

–  Кітаптарыңыз шет тілдеріне көп аударылыпты. Шеттегі оқырмандардың шығармаларыңызды қабылдауы қалай деп ойлайсыз?

 Орыс  және корей тілінде екі романым жарық көрді. Ағылшын, жапон, француз, тілдерінде де прозалық шығармаларым  мен романым жарияланды. Қытай тілінде таңдамалы жинағым басылды. Мен қандай да бір шығарманың таза және сауатты тәржімалануын аса маңызды деп санаймын. Шығармаларыма оқырмандардың бағасы жақсы деп ойлаймын.

–  Әлем поэзиясында қазір қай елдің ақындары алда тұр деп ойлайсыз?

–  Мен өзімнің сүйікті ақындарымның маңдайалды өлеңдерін сұрыптап, 2008 жылы  «Әлемдік таңдамалы поэзия» антологиясын құрастырып шығардым. Сол жинаққа енген барлық ақындардың дені ағылшын және американдықтар еді. Мысалы, Эмили Дикинсон, Элиот, Уоллес Стивенс, Лоуренс, Харт Крейн, Роберт Хаас т.б. Бұлардың бәрі ең озық ақындар деген сөз емес, Жай ғана маған ұнағандары.

– Қазіргі Моңғол поэзиясындағы жаңа ағымдар туралы пікіріңіз қалай?

Біз 1990 жылдан кейін модернизм, постмодернизмге қарай күрт ойысқан едік. Менің замандастарым да солай шырқай жөнелді. Бірақ, қандай да бір абстракцияны әр сәтте  уақытша ғана болады  деуге негіздемелер жетерлік. Таза поэзияда «нақтылық», шынайы сезімнен туады деген қағидат, қана мәңгілік үстемдік құратын болса керек.

– Сіздіңше, шынайы өлеңнің өлшемі не?

–  Ақын өлең жазарда өзін еркін әрі азат сезінуі қажет. Көшпелі тектілік санада осы ұғым мығым қалыптасып қалған. Қандай да бір бос формулашылдық, әсіре қисын, өлмелі идеалмен айналып қалмайтын өміршеңдік өлеңде болса деймін. Көшпелі қауымда тұрақты айтарлықтай дерлік образ болмайды. Бұрнағы әнші, бүгінгі жылқышы, ертеңгі барымташы, келесі сәттегі маскүнем, келешектегі сарбаз т.б… Өмір неге икемдесе, соған бейім болу, шыдамдылық секілді қасиеттер көшпелі жұртта берік қалыптасқан. Шын мығым. Көшпелі қауымның поэзиясы да сол құндылықтарға сәйкес болып келеді. Басқа бөгде ағымдарды жатырқамай қабылдай алатындығымызбен де дарамыз. Бірақ, өзін еш жоғалтпайтын беріктік тек көшпелілердің бойында ғана сақталған. Сондықтан мен бірі  жамау, бірі құрау жасанды өлеңдерді жаратпаймын. Өлең қайнап шығатын тұма секілді ағыл-тегіл дүние. Демек, ол ауызша жыр, көне эпостан сәл жоғары деңгейдегі жазба поэзиясы!

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

Сұхбатты Моңғол тілінен аударған Сұраған РАХМЕТҰЛЫ

           

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір